• Әдебиет
  • 14 Маусым, 2012

Фәнилік драма

Арғынбай БЕКБОСЫН Адамның көрсем де көп піратқанын, Жоқ, тәубе, әлі ешкімді жылатқаным. Жыласа ол қайда қашып құтыларсың, Құлақты кессең кетпес құлақтағы үн! *** Біреуді қанша ұлыға баласаң да, Алдында аңқау баспен аласарма. Құдайдың ол да құлы, сен де құлы, Құлшылық құлдан құлға жарасар ма?! *** – Күйіп тұрып бір жолы былай деп ем: «Естімесе бұл зарды Құдай – керең!..» Кеш түсіндім, кеш, Алла? Жарылқадың!.. Енді өртеніп кетсем де шыдай берем! *** – Сиқыршы жалған! Мен саған құлшынып не етем? Сайқалдай еліктірсең де түршігіп кетем… Әлде көз жұмып салсам ба екен сайранды, Қойныңнан сенің бәрібір бір шығып кетем?! *** Бұл мәңгі есеп кез келген көнер пенде: Өмірден алғаның мен төлем тең бе?.. Қарғыс атсын демесең қарызды бер, Қазір қайтар! Ертең жоқ көлеңкең де! *** – Болсаң да тұлға емес, бірі көптің, Өмірдің балын жұттың, гүлін өптің. Тек ертең не болады? Ит біле ме... Ал мен өз тозағымды жүріп өттім… *** – Кім осы махаббатты тықпалаған?! Ол берген азаптан не ұқпақ адам? – Ұқпасын! Сезсін!.. Азап мың есе артсын! Сүюсіз қалай жетпек құтқа Ғалам?! *** Іңір туса тіршілік сап басыла, Өткен күннің парағын жаппа асыға. Көкке көз сал… көктегі қызыл арай, Кім біледі… О дүние қақпасы ма?.. *** Білер ме ек жиылғанда кейде есіміз: Жан жайлы мидағы не дейді есіл із? «Адам» деп өзімізді күпінгенмен, Мүмкін, тек Жанның сыртқы бейнесіміз? *** Тоқтамай Ғарыш толы құйындарға, Тәңірдің Күнінен нұр құйылғанда, Өзіңді патша тұт та нұрға малын!.. Пендеге басқа теңдік бұйырған ба. *** Әділеттің анық боп қашығы шын, Қиянатқа қан қайнап, ашып ішің тұру-тамұқ! Әлде… бұл – Алла амалы? Адамдығын Адамның ашу үшін… *** – Айтсам, қалқам, тым тосын тілегімді, Үркітер ме деп қорқам жүрегіңді… Айтшы: үрку айналса аянышқа, Періште боп жасар ма ең бір еміңді?.. *** Бықсық сөзге Шындық сөз қол жайды ма?.. Онда жатқыз жағдайды оңбайдыға! Мың желдеткіш мұндайда орнатсаң да, Ауа таза болмаған. Болмайды да. *** Өміріңнің әр күнін, әр аптасын, Мәнді етсең – жатпайды қарап қасың. Несін алдың?! Қорғар кім?.. Әй, бірақ та, Күніңді Алла ешкімге қаратпасын… *** – Тартқанда тағдырыңның қыл қобызын, Қайтер ең қиқу салса кіл долы ызың? – О, онда ол қиқуға қиқу қосам, Бақиға бастағанша бір жол ұзын! *** – Азабы ақылыңа сыймаса да, Пірәдар, әр күніңді сыйға сана. Бұл жаққа кейін қайтып келе алмаспыз, Тозған тән асқақ жанды қимаса да. *** – Қасым жоқ! Ойлап қайтем босқа мұңды ой… Бәрі жай сенің әзіл-оспағың ғой! – Өзіңді қаралаған қараулар ше? – О, олар – менің байғұс достарым ғой!.. *** – Тыңда, достым, ес-дертің ауып тыңда: есің барда сұлуды жауықтырма. Бір жалт қарап жүрекке жүз оқ атса, Пайдасы жоқ сан қабат сауыттың да! *** – Қарамай телісе де кімді кімге, Сүйіп қал шын асылды тірлігінде. Қызғанба кейінгі оған ғашық болса, Уақыттың «жүз жыл», «мың жыл» бірлігінде! *** – Масайрап кемді күнгі салтанатқа, Күншілдің көзін, байқа, қанталатпа. Қызыл ит – қызғаныш та, амалың не, Сыйса егер «Өмір» дейтін жалпақ атқа? *** Құрғатса да көз жасын жел есілген, Шығара алмас қу Жалған сені есімнен! Ал кездесу үміті тек Бақида, Күн кешермін әзірге… елесіңмен… *** Жастықта бұлбұл ұшып бұлдыраған, Армансыз әнге қостық гүлді ұнаған. Ал бүгін қағып қалсаң мұң шығар ғып, Құлағын домбыраның кім бұраған? *** – Ей, ұлық! Зәрің шашпа кемнесіпке, Онсыз да ол азапты кем кешіп пе?! Бетіне қай бетпенен қарауды ойла, Екеуің тербелгенде жербесікте… *** Толқынынан тудым да Таласымның, Олқы-толқы күн кештім. Аласұрдым. Аласұрып асыл тас іздемедім, Іздегенім: Жалғанда жаны асыл кім?.. *** – Ақыл тек еншісі ме ақылманның? …Дегенмен, сен шындыққа жақын қалдың. Ал, жүрек… әр кеудеде тұрғанымен, Меншігі ол Батырлар мен Ақындардың! *** – Бір туар дүниеге ажалды Адам, Өз атын, затын немен ажарлаған? – Әуелі сөзбен!.. Және сөз болғанда, Сөзбенен бедері ешбір қажалмаған. *** Түсімде әлгі, Тәңір-ау, не деді, не?.. Бар айтқаны – Бақидың дерегі ме? «Ертеңің…» деп бірдеңе мыңқылдады… Ертеңі жоқ Өмірдің керегі не?! *** – Дерт болып асыл әрі күйікті арман, Жан ем ғой өзі өзімен тұйықталған! Неге сен кенет кез боп, өшің бар ма, Жүректі жұлқып кеттің ұйып қалған?.. *** – Қазірде де аулақпын немкетті ойдан. Қинамашы?! Қинама. «Сен» деп тойғам… Мүмкін дұрыс емес те шығар мұным: көп ауырған көңілді жерлеп қойғам… *** Күтсем де ақ ниетпен әр ақ таңды, Қу тағдыр талай итке талатқан-ды. Мың тәубе, қайсар жаным жасыр емес, Медеу ғып жалғыз ғана Жаратқанды! *** – Қабағыңнан, жас пері, қар түсірме! Сөзіме бақ мағынасын сәл түсін де: Батқан Күнді, әнеки, көрмеймісің, Ешкім тұрып қалмайды талтүсінде!.. *** – Ал мына тост… сендей «достан» құтылғаным үшін, Сенің өткен шағымызға жұтылғаның үшін, Жаннан артық көрген жаннан опа таппай менің, Сұм Жалғаннан тағы да бір ұтылғаным үшін!.. *** – Ей, досым, ажалды ойлап алаңдама, Алаңда алмасам деп жаман баға. Адамның Алла үшін өлгені жоқ, Санайды өлдіге оны адам ғана! *** Әдемі ойдан бір Әлем құрсам деген, Сөйтіп соны мекен ғып тұрсам деген, қайран Арман!.. Қайтейін, қажыдың-ау, Күнде алысып күн бермес мұршамменен! *** Ұшты деп құдай берген бастан бағым, Басылып асқақтаған аспанға арын, Алыстап өз-өзіңнен бара жатсаң – Басқаның емес пе Ажал баспалдағын? *** – Жеріміз жоқ, о, Тағдыр, өкпелескен, Айтшы, бірақ: өмірде өкпек ескен, Бар көргенім бір ұзақ қыс секілді, Ұлы көктем кете ме көктеместен?.. *** – Тарих қана анықтар дананы шын. Келістің ғой?.. Берсе атақ аламысың? – Ойыншық та керек қой ойын үшін, Өмір-ойын… ұқпайтын баламысың… *** Мақтама ешкімді де тым асырып, Даттама бәрін оның күнәсі ғып. Өйткені өзін толық білмейді ешкім. Ал сенің білем деуің?.. Бұл – асылық! *** – О, Мұқа, Мұқағали, ұлағаттым! Сөзіңді «бауырым» деген мұраға аппын. Жасаудың тар заманда кең әлемді тәсілін, әттең, сонда сұрамаппын!.. *** – Ізетсіз деп мені сен тасырлама: ақ жүрекпен тұта алам асылды аға. Аяқ-табақ айлаға айналмайды!.. Пейіл берем. Сөйткенмен басында да. *** – Қазір де арын қорғап өз басымның, Тұрса да келмей бастан сөзді асырғым. Мен кештім!.. Кешпеуге енді амалым не, Дәмі өртеп кетті, жаным, көз жасыңның. *** Арсыз алса Өмірден жұлып, кесіп, Арлы алдында әрқашан – құлыпты есік. – Олжасы оның сол болсын, қорға, Құдай, Тым болмаса жүрегін шұрық тесік?! *** – Жалға алғандай Жалғанның айтақырын, Күндіз-түні қу дүние – айтатының. Сәл демалшы… әлде, дос, шықты ма естен, Жалаңаш кеп, жалаңаш қайтатының? *** Жас балаша жақсыңа қуанбаса, Қайғыңды естіп құп-қу боп қуармаса, Дос дегенің дос па өзі? Әлде… әлде… Әй, дегенмен мән берме бұған да аса… *** Туыс болса-ау жол жүрсең – жолға алаңдар, Дос болса ғой сырыңды сол ғана аңдар!.. Болмаса да жақынды жамандама, Одан да өткен, өйткені оңбаған бар! *** – Қадірлім, бір сыр айтам – алсаң аңдап: тек Рух қана Ертеңді қарсы ала алмақ. Күйретсе күйкіні Өмір, өршіл Жанның алдынан шығар иттей арсалаңдап! *** – Қарағым, қайғы кепті!.. Тым жасыма, Қайрат қып, күт жақсылық күнді асыға… Ал, жалпы, қайғы-уайым пақыр түгіл, Жетеді патшаның да бір басына. *** – Тарылды ғой жанымның кемері шын! Жалынайын – кешіріп, келемісің?.. Баяғыдай бақытты ете гөрші, Сен – бақытты етудің шеберісің!.. *** – Бүгінде әр нәрсеге тым күдікті ел, Өмірді мәңгілік не бір күндік дер. Жарты күн боп кетсе де, ей, Уақыт, Айтайын айтарымды – мүмкіндік бер! *** – Дүние бас иеді бұл дарынға! Қарашы ойындағы нұрлы ағынға!.. – Саған да Алла разы – дәл танысаң, Аңыз боп кетпей әлі ол тұрғанында. *** – Ақсақалға тағдырдың тоңын көрген, Кебіс тұрар орыннан орын берген, Тойға «рахмет» айттағы қайт үйіңе!.. Адаспайсың. Жатыр ғой жолың келген… *** Жалауы боп жалтылдап таңдағы арай, Атойлайды Уақыт алға қарай. Сол шіркінің бір мезет кері айналса-ау, Бір жарқ ету үшін-ақ ардақ Абай!.. *** Немене өзі Өмірді кешу деген?.. Өткізу ме қызықпен не шуменен? Әлде өлгенше түйінді түйдек-түйдек, Жүруі ме пенденің шешуменен? *** Білгендей Тарих өртеп, жоймасын да, Мың жылдар жатыр оның қоймасында. Безбендеп әрбіреуін көрер ме еді: Тағылық әлде Адамдық ой басым ба? *** Сезілгені болмаса көңілменен, Ешуақытта ешкімге көрінбеген – Ол не?.. Әлде мезеті жеткен кезде, Қоштасу ма өзіңмен – Өлім деген? *** Мейлі, Жер мен жарылсын оттан Аспан, Келген Уақыт кетеді тоқтамастан. Қайдан келді Ол? Кетеді және қайда?.. Әлде оның мекені жоқ па бастан?.. *** – Ол жігіт, ей, ағасы, ақтар үміт! Ат-шапан үшін жүрме сақтап ілік. Ал, жалпы, атта тұрған не бар, тәйір, Бақиға аттанбайсың атқа мініп. *** Тоқталса ақырындап бір күні дем, Сағынып мені еске алар кімді білем?.. Тып-тыныш қиса ұйқыны – сол да жетер, Тірілер жүре берсін тірлігімен… *** – Ау, бұл қалай, көңліңнің жасығаны? – Бір көкірек мені ылғи басынады… – Тастан Тәңір көкірек жасамаған, Аз шыдасаң өзі ит боп басылады! *** Адамдық – әлмисақтан тұрақты ұғым, Тұратын жанның, тәннің құрап түрін. Неге онда ит қыласың бір байғұсты, Сен оның білесің ғой бір-ақ қырын?! *** Бұл не өзі кісіге кіріптарлық? Тағдыр тіккен шоқай ма бүріп, тар ғып?.. Шоқай болса, шоқаймен жүріп келем, өзге түгіл өзімді… күліп таң ғып… *** «Құдайлардың» деймісің бәрі ақылды, Бәрі әділ ме жаратын қара қылды?.. Үйлесімсіз үрдісті үлгі еткен – біз! Ал Үйлесім Ғалам боп жаратылды. *** Тұр ма өмірім алдында екіндінің? Жеп тынардай желкілдеп жетілді мұң! Ынтығу жоқ, елту жоқ ештемеге, Бәрін көріп, баз кешкен секілдімін… *** Ата болса арсыздық, өсек-ене, Көгеретін, Құдай-ау, көсеге ме?! Адам қылып жаратқан талайларың, Неге ит болып кетеді өсе келе? *** – Билікке келген байды өркөкірек, Ешқашан, ей, пірәдар, көрме тірек! Жансебіл іздеп одан бірде мен де, Шыққамын шыққандай боп көрде түнеп. *** Тарихтың мұхитында буырқанған, Ғарық боп қанша ұрпақ, буын қалған… Ал із-түзсіз кеткен заманының, Ап шығар желбіретіп туын Тарлан! *** – Тасыма біреу сені «Ерсің!» десе, Жасыма біреу сені менсінбесе. Бәрі де өтер-кетер, ұмыт болар… Бұ жалған оңайлықпен берсін бе есе. *** О да пенде. Жіберді бір әбестік. Ұят ісін көз көрді, құлақ естіп. Кешіре сал. Сен де ертең, кім біледі… Өмір деген осы ғой, тұрады өстіп… *** Жаһанды жатқан жырмен жайлап алып, Ұлы Омар өтіпті бір жайға налып: «Дүние-ай, сырыңды ашып үлгірмедім!..» Ешкім де үлгірмейді. Айдан анық. *** – Неге сонша бүліндің шатқаяқтап, Саудайыны сабардай ақ таяқты ап?! Ақ таяқтан ешкімге ес кірген емес, Ал шатқаяқ шатақпен жатты аяқтап. *** – Ей, өркен! Біз осы азат бола алдық па? Азатпыз! Енді елге обалды ұқ та, Ардақта Ана тілді!.. Жетті, шырақ, Болуың жанды ескерткіш бодандыққа! *** – О, Сұлулық тұнған түр, қылыққа да! Өтінемін: тұтқын ғып құлыптама? Махаббатпен өртеме…өртелгенмін… Мен отызда емеспін, қырықта да… *** Заманның тар ма сонша көші, легі? Даналар неге өзара өшігеді?.. Ал Тарих оқып Заман шежіресін, Қалдырса бірді, мыңды өшіреді… *** Танығышпыз жақын мен алыстарды, Айырғышпыз сүйем мен қарыстарды. «Бөрібасар» деп қойып шәулімізді, «Майлыаяқ» деп атаймыз арыстанды!.. *** Қош айтып жастық-құсқа ұшқан алдай, Сондағы көрген қызық-түс таралмай, Жүргенде сен жолықтың!.. Мен хал кештім, Шұғланы уысымда ұстағандай… *** Бұрын сөз жан күйдірсе шоқтай жанып, Ар-намыс атысатын тоқтай қалып. Ал қазір әз жүрекке еш қалқан жоқ, Қарау сөз жарып жатыр оққа айналып!.. *** – Ей, жарқыным, барасың не деп тегі?!.. Жақсы болсаң кім сені елетпеді? Бар міндеті әлде елдің: сені өмірі, Алақанға салуы керек пе еді?! *** Болмаса болашақсыз, соқыр жандар, Сананың самаладай отын қамдар… Ал, ертең қайтер екен қарабет боп, Қыранын қуырып жеп отырғандар? *** Алла өмірді сыйлық қып ұстатарда, Кең болғанмен бұ Жалған қысса – тар да. Тойлаған көп сонда да тайраң қағып, Ал мен кеппін бір қиын іссапарға… *** Тәубе Аллаға! Берді өмір – ең керекті, Абыройдың – мың алғыс! – ел теңі етті. Ал алақол фәни сәл еркелетсе, Тек ата-анам арқылы еркелетті! *** Ердана сөз қатса Өмір әр қырынан, Үркіп кетпе кетер деп шарпып ылаң. Сөз емес ол – сәуле ұшқан Болашаққа, Санадағы жарылыс жарқылынан! *** – Тағдыр тағы не деп тұр жарқылдарың? Көп көрдің бе сәл ғана жан тынғанын?!.. Жебе ұстатқан жоқ ең ғой, неге керек Адырнадай тағы да тартылғаным?.. *** – Ей, шырақ! Мен де жастық желікпенен, «Болсам, – деп, – пәленшедей!» еліктегем. Болғам жоқ! Қырық түрлі қылығымның жемісін ащы-тұщы теріп келем… *** – Сөзім емес, сеніңіз, уытты өктем: жүрек гүлін ашқанда туып көктем – көрмедіңіз!.. Жасанды гүл ұсынбан… Кешіріңіз, мен сізден суып кеткем… *** – Ассаң да асу сүрең сап, сен барлықпа, Қоспа өзіңді аспасаң ең қалдыққа. Бар кілтипан Бақта ғой…Ол қонбаса, Ешек базар да алмайды делдалдыққа! *** – Күнім ең ғой, қарағым, күлімдеген!.. Өзің барда еш тамұқ білінбеген. Ендігі сый – қиямет қиқуы ма?.. Біртүрлімін, әйтеуір, бүгінде мен. *** Әне, «өсті» бір қуың бұлтыңдаған, Өмір бойы берген тек құлқынға мән! Осындайды неліктен жаратады?.. Әлде бұзу үшін бе сұрқын ғалам? *** Жарлыға бір бай былай деп күліпті: – О, байғұс, менде бәрі жеткілікті!.. Оттапты! Жетсе осыны айтар ма еді, Қай ақыл отыменен кеп кіріпті?! *** Сені еш көрмесем де сен деп теңім, Іздеумен бітті әлім, селдеп терім. Жер-көкті сан жыл кезіп, таппадым-ау!.. Әлде әлі…дүниеге келмеп пе едің? *** Дәрігер өлшеп әлек қан қысымын… Кім өлшер қанды қысқан жан қысымын? Ал жанды кім қысады? Мына жұрт па?.. Ғалам ба бүккен ішке мәңгі сырын?.. *** – Беттің бәрі кеткен жоқ ауыз болып, Жұрттың бәрі кеткен жоқ жауыз болып! – Болмаса осы Шындықтың титтей дәні, Мына Өмірде қалар ма ек қауыз қорып?! *** – О, Жалған! Жарылқадың елеп кімді? Кім сенің жәрмеңкеңе не деп кірді?.. Мен байғұс білмей тұрмын түс ауса да: таптым ба, таппадым ба керектімді?.. Тараз

3489 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6822

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6023

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3762

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3150

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3108

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3084

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2812

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2797

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы