• Әдебиет
  • 28 Маусым, 2012

Жанымның жайып салдым керегесін

 Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ

ТӨРТ ӨРМЕ ҚАМШЫ Төрт өрме қамшы... Тобылғы күрең сабы бар, Әкемнің көзі, қолының ыстық табы бар. Үйірсе қамшы шұрқырап жөңки беретін, Жабағы, құнан, Жалтаңдап жүрген жабылар. Тайпалып басып, Төрт аяғы түгел тең жорға, Қоңыраулы желді қыдыртар еді қырларға. Күншуақ-дала құбылаға мойын бұрғанда, Көкектің даусы құйқылжыр еді бұл маңда. Өткен шақ ол кез... Келер шақ тездеп келгелі, Жылынды тағы жыл құсыменен жер демі. Шаңын сүрт, апа, Танитын басқа кімі бар, Төрт өрме қамшы жабырқап тұр ғой төрдегі. Арқамнан қаққан Арнасам деп ем елге жыр, Қарыздар болып қалмасам деп ем жерге бұл. Шаң басып қалған төрт өрме қамшы, Сен де бір, Шабыты келіп, Шаба алмай жүрген мен де бір... ҚЫЗЫЛ ҚАЙЫҢ Иманғали Нұрғалиұлына Армысың, алаң көңіл, қызыл қайың, Қырдағы құрдастарың ізім-қайым. Нарынның нардай шөккен құм даусымен, Жел жақтан, шамам келсе, ызыңдайын. Діңіне балта батпас, қызыл қайың, Көргенде сені қалай бұзылмайын? Тамыры туған жерге терең кеткен, Ала алмас аптап, боран, сызың дәйім. Қыр қайда тамылжыған таңғы арайы, Жайықтың құламалы жар маңайы. Жапанда жалғыз тұрған қызыл қайың, Жанында бүркіт емес, қалбағайы. Шанаққа тиек болған қызыл қайың, Қабаққа иек болған қызыл қайың. Табаққа жиек болған қызыл қайың, Дараққа сүйек болған қызыл қайың. Садаққа жебе болған қызыл қайың, Мадаққа өре болған қызыл қайың. Қадаққа шеге болған қызыл қайың, Адаққа еге болған қызыл қайың. Шоқпардың сабы болған қызыл қайың, Сотқардың жағы болған қызыл қайың. Шоқтардың жаны болған қызыл қайың, Жоқтардың малы болған қызыл қайың. Жырлайтын жел тұрғанда қызыл қайың, Тынбайтын ел тұрғанда қызыл қайың. Қыңбайтын қара дауыл, борандардан, Сынбайтын иілгенмен қызыл қайың. Армысың, алаң көңіл, қызыл қайың, Қырдағы қызықтарың ізім-қайым. Қызыл қайың – қызарған қызық заман, Бір тал болып қасыңда ызыңдайын. * * * Сөзiмнiң бар ма сәулесi, Көзiңдi салшы, оқырман. Жаураған ойдың әуресi Тамызық тапсын отымнан. Үңiлдiм үркек тағдырға, Үзiле көрме үмiтiм. Адасқақ ала жаңбырға, Көзiмдi саттым күнi-түн. Жел қайдан соғар? Тымырсық. Желдеген ойым үзiлдi. Күдiгiм – iңген ыңырсып, Исiнiп, сауын бұзылды. Жазсам деп жарау – бура жыр, Жұтпадым ойды жаттанды. Жендетiм-уақыт, құрымағыр, Жанымда содан дақ қалды. Ағарған шашта айып жоқ, Асығу керек. Жүгiрдiм. Айдынға түссем, қайық жоқ, Тал қармап, әзер iлiндiм. Ақын ғып тағдыр жаратса, Айтпауға бәрiн дәт бар ма. Өмiрдi санар сағатша Хақым жоқ менiң тоқтарға. Сөзiмнiң бар ма сәулесi, Санаңды салшы, жаңа күн. Бошалақ ойдың әуресi Ботаңды қайдан табамын. *** Сен де пенде, Ол да пенде, Пендесiз, Амалың жоқ бұл өмiрге келгесiз, Ақын болып жаралғасын, амал не, Ақылымды қоям кейде делбесiз. Жолдан шығып, шаң қабады шашадан, Тас атады тұрып бiреу тасадан. Көршiм кейде көгередi, не себеп, Көрсетпегiң көп екен-ау, жасаған. Аллам куә, ар алдында сөйлейiн, Кей адамның көп естiдiм гөй-гөйiн. Қызғаныштың дерт екенiн бiлем ғой, Қалай ғана оған бiрақ қой дейiн. Атқа мiнген заман осы – өтiрiк, Асыңды iшкен табақ тебер кекiрiп. Көрсеқызар қылған оны құдайым Құдайыма қалай айтам жекiрiп? Ол да пенде, Мен де пенде, пендемiз, Екеуiмiз де Көктөбедей жердемiз. Қатын аузы қара суды қайнатар, Қабағынан қар жауғанда жеңгемiз. Пенде болып, ғұмыр кешкен жаман ба, Ынсап керек ындыны өшкен адамға. Ей, ақыным, алаңдасаң алаңда, Бетi қалың бедiрейген заманға. * * * Қандай жақсы отбасының жылуы, Жаным – шалқар, көңілім шат, шуақты. Сенім екен – бір өмірдің сұлуы, Өн бойымнан табам талмас қуатты. Жаным күліп ораламын үйіме, Күн күледі менің мынау кеудемде. Домбырам да келіп құлақ күйіне, Жел қанатты болып кетер желгенде. Күн күледі, Қоштағандай барлығын, Жар қабағы – жарасымды, жарқылдақ. Бүгін мен де жарыстардың алдымын, Сыйлығымды алғандаймын алтындап. Айға тағзым, Ол да мені қоштайды, Жұлдыздар да қарайды кеп жымыңдап. Жыр жазамын елім жайлы егемен, Табам енді жаңа тіркес, тың ырғақ. Өмір қандай, Шаңырағымда күлді күн, Жан-жағымда жадырайды ұрпағым. Жүрегімде жүгіреді нұрлы ұғым, Нұрлы ұғыммен нұрлы әнді шырқадым. Өмір мені талай-талай сынады, Сынбадым мен, Жағаласты сенімім. Біз қуанар алда деймін күн әлі, Осы еді ғой мен тілеген өмірім. ҚЫЗ ҚҰЙҒАН ШАЙ Жаңа жылдың болатұғын қарсаңы, Жас жүректің бақыт еді аңсары. Сен отырдың шырша түстес көйлекпен, Мен отырдым жасыл жырды қарсы алып. Шырша-көйлек, шырайлым, Есіміңді сұраймын. Бір көргеннен ұнаттым, Мүмкін, мен де ұнаймын, Шырша-көйлек, шырайлым. Жыр оқыдым, жұрт қолқалап сұрады, Сол бір шағың көз алдымда тұр әлі. Шай құйған қыз шырша-көйлек үстінде, Бір жалт етіп қарағаннан ұнады. Жырмен айтып жайымды, Іше бердім шайыңды. Таптым-ау деп ойладым, Іздеп жүрген айымды. Іше бердім шайыңды. Қандай жақсы қарапайым түсінік, Сәл жымиды шайды маған ұсынып. Шырша түстес көйлек киген ерке қыз, Жұмбағымды қалды ма екен түсініп? Ұқтың сен де жайымды, Қойдым мен де уайымды. Шын көңілден құятын, Ішіп келем шайыңды, Іше берем шайыңды! Құлбекке Араласып арғы бір ағыстармен, Саусақ сынап бергі бір қағыстармен. Келе жатыр бір адам – Жаны – Жайық, Тіл қатысып тарихи арыстармен... Жаны – жайнақ, Жел соқса аспандаған, Жанарынан қуанса жас парлаған. Білмейтіні жоқ оның бұл өмірде, Әрбір күні бір өлең басталмаған. Жаны – аспан, Бұлты жоқ, бұлдыры жоқ, Әзілі бар әжімсіз, қулығы жоқ. Түркістанның түтінін тікейтеді, Сыршылдық пен сезімнің булығы боп. Бірге жүрген күндерге бір барамын, Түркістанға телміріп мың қарадым. Ашаң жүзің ашылып, Арыстай боп, Аман-есен әрқашан жүр, қарағым. Әңгімеміз жарасқан, сырымыз да, Әзіліміз жарасқан, мұңымыз да. Сөз-сұлуға біз бірге ұрын бардық, Шаң түспеді көңілдес жырымызға. Құлбек дос, Құлекем, Құлагерім, Жанымды көр жайнаған мына менің. Арыстардан кеп жеткен адал елшім, Түркістанды тіреген құба белім! * * * Армысың, арман-күнім, айгөлегім, Алысқа алып қашқан жайна, өлеңім. Мен ұзап бара жаттым сенен, ауылым, Алыстап қалдың сен де, айберенім. Шақырып шұғылалы мінажат-күн, Арманның құлагерін тағалаттым. Қолыма ап қоңырау қаққан жүрегімді, Жолын ап жақсылардың бара жаттым. Үмітім кеудемдегі балақ түрді, Қалдырдым шағылды айдын, абат қырды. Арманның асқарына ұмтылғанда, Ауылым ата-анамдай қарап тұрды. Артыма жаутаң-жаутаң сан қарадым, Тоғытып алып кетті арман-ағын. Інгеннің жетім қалған ботасындай, Анамның ізін іздеп, сандаламын. Ауылым, айтарым көп, іркейінші, Жанымның ақша бұлтын бүркейінші. Алдымнан әжем болып шықтың ғой сен, Жаулығымен жасымды сүртейінші. * * * Шағылтақ төбе. Шытыр күн, Сусыма құмға жұтылдым. Сағымнан естім сары жіп, Желге де байлап құтылдым. Шағылтақ төбе. Шытыр күн, Қандай бір тірлік бітірдім? Саусақты бүгіп санап ем, Шамасы, оңбай ұтылдым. Шағылтақ төбе. Шытыр күн, Бебеулеп неге құтырдың? Сыңсыма құмдар, сыр айтып, Ық жаққа қарай сытылдың. Шағырмақ төбе. Шытыр күн, Уақытқа сен де тұтылдың. Жыр жазып едім сол құмға, Жеміргіш жылға жұтылдың. Шағырмақ төбе, шулы аспан, Бұл жерде өмір дуласқан. Жан әкем терме толғаған, Жатыр ғой енді тұрмастан. Өтті ғой талай бұл бастан... Қайран, күндер-ай! Жоқ пен барға қарамаған, күндер-ай. Арман – бағын аралаған, күндер-ай. Салтанатты саралаған, күндер-ай, Кәрілікті табалаған, күндер-ай. Дұнғанада дүрілдеген, күндер-ай, Қос кірпігің ілінбеген, күндер-ай. Күншуақ боп күлімдеген, күндер-ай, Өтетіні білінбеген, күндер-ай. Кемелбекке сақал болған, күндер-ай, Иманғали «нақал» болған, күндер-ай. Жақсылыққа жұмбақ болған, күндер-ай, Абайбекке «тапал» болған, күндер-ай. Ақмұратқа Майра болған, күндер-ай, Ағыл-тегіл жайра болған, күндер-ай. Анарбайлар айда болған, күндер-ай, Сарымұраттар сайда болған, күндер-ай. Балтабайлар балта болған, күндер-ай, Берікбайлар қалта болған, күндер-ай. Зейноллалар күні бойы доп қуып, Асқазандар орта болған, күндер-ай. Серік – ұстаз тәлім болған, күндер-ай, Әбен ағам әлім болған, күндер-ай. Әбдіғали Жұпар жұтқан, күндер-ай, Сәндібектер мәлім болған, күндер-ай. Желге желіп, желпең қаққан, күндер-ай, Семинарда селтең қаққан, күндер-ай. Қарма жасап қаязынан Аралдың, Елмағамбет елпең қаққан, күндер-ай. Алатаудай күшің болған, күндер-ай, Сынақтармен ісің болған, күндер-ай. Сұлтан достың «қазылығын» қызықтап, Құрбыларда ішің болған, күндер-ай. Әрбір күнің сайран болған, күндер-ай, Ашып кеткен айран болған, күндер-ай. Үйленгенін құпияда ұстаған, Сейфеденге қайран болған, күндер-ай. Көңіл, шіркін қыран атқан, күндер-ай, Ұйқы, шіркін, тұралатқан, күндер-ай, Бисен доспен мүсін соғып түнімен, Айғалимен сыралатқан, күндер-ай. Нұрғалиев ерік берген, күндер-ай, Әзиза апам көрік берген, күндер-ай. Жолдасбеков көзін жұмған, күндер-ай, Төлегенов төніп келген, күндер-ай. Кенжебаев күмбірлеген, күндер-ай, Семинарда міңгірлеген, күндер-ай. «Военкада» дым білмеген, күндер-ай, Мошкиналар шүлдірлеген, күндер-ай. Шалабаев шалқып кірген, күндер-ай, Карбанова балқып кірген, күндер-ай. Кураторлар артық кірген, күндер-ай, Деканаттар тартып кірген, күндер-ай. Сүйіншәлиев сұрамайтын, күндер-ай, Сынақтарда құламайтын, күндер-ай. Каримовпен кофе жұтқан, күндер-ай, Кузьминдер ұнамайтын, күндер-ай. Қабдолов боп сырға батқан, күндер-ай, Нұртазин боп мұңға батқан, күндер-ай. Садырбаев саңқылдаған, күндер-ай, Мақал-мәтел жарқылдаған, күндер-ай. Мамановтар мақтанатын, күндер-ай, Шәріповтер шақталатын, күндер-ай. Сайранбаев сайран салған, күндер-ай, Сәрсенбаев ақталатын, күндер-ай. Бәрі есімде. Бәрі есіңде, жан досым, Осы бір сыр өлең болсын, ән болсын. Тізім үшін жазған жоқпын бұл жырды, Тарихымыз ұмытылмас мән болсын. Бәрі есімде. Барлығын да білемін, Жырға салып, нұрға салып жүремін. Құныпия құпияға айналды, Мен арқамды Тұрсынбекке тіредім. * * * Отан қандай, Отан деген от қандай, Осы сөзде мың құдірет жатқандай. Осы бір сөз санаңдағы сәулені, Жарқыратып, жалындатып жатқандай. «Соны айтқанда кеңиді кеп тынысым, Бойға күш кеп, шынығады құрышым. Ең негізгі айтсам сөздің дұрысын, Отансыздың көрген күні құрысын!» Деп кемсеңдеп сырын айтты бір ағам, Түркияда, жағдайын мен сұрағам. «Ақшам да бар, бақшам да бар, бәрі бар, Тек Отанды аңсайды екен бұл адам». Сырын айтты, шынын айтты іштегі, «Отан деген оттан ыстық күш» деді. Құстар бұлар ұшып кеткен жан-жаққа, Қайтарар ем болсам егер құсбегі. Қайтарар ем, жоқ қолымда томағам, Томағамды сұм заман ба тонаған. Заман десем, адам соның иесі, Алтын алған қара темір, қоладан. Айта алмадым оған жауап миятты, Қапқа салдым қанымдағы ұятты. Ұшақ көрсем жасып қалам, сол бауыр, Менен жауап күтіп жүрген сияқты. * * * Сынап – күндер сырғиды, Сұр қояндай ырғиды. Сұңқар – жылдар осылай Сағым болып жылжиды. Кеше жаз-ды, бүгін қыс, Көңіл – қасқа түңілгіш. Кеудедегі көп үміт, Көрінбеске үңілгіш. Көктем жетер жамырап, Көңіл – қозы маңырақ, Көкшіл аспан күледі, Көркін жөнге салып ап. Өткен күнге бұрылсақ, Өкпе деген ұрыншақ. Өрге шауып барады, Өрісі бар құлыншақ. Боз даланың боз үні, Байыпты әннің созымы. Бауырына алады, Бозша саулық қозыны. Сол қозыға мен ұқсап, Сыңар болдым толықша-ақ. Сусып кеткен, бала күн, Сағынып бір жолықсақ. Арман деген нұр қандай, Алыс мойнын бұрғандай. «Аман жүрші, ботам» деп, Анам қарап тұрғандай. * * * Шегіртке ән салады... Шілде деймін, Алатау сазарып тұр. Үндемеймін. Ымыртта ыңырсып бір саз келеді, Түнеріп тіл қатады түн де кейін. Қапырық. Дала сұлық, қала сұлық, Беймаза жел соғады аласұрып. Имиіп ирелең ай зорға туды, Көңілдің көк дөненін таң асырып. Осы ғой оспадар күн, Шырыш шілде, Білмеймін бұл қапырық дұрыс кімге? Таң суыр таразыға қарайлаймын, Ақбоз-Көкбоз келер деп нұр үстінде. Пендем-ай, Пейілден-ақ танылармыз, Бірде көл, Бір шөл боп тарылармыз. Қаңтарда қара бура шабынғанда, Бота боп боздап жазды сағынармыз. * * * Тыныштық. Судың жағасы, Тереңге қарап, мән ұғам. Теңгедей күнге қарашы, Табадан шыққан сары нан. Мың бояу кеттi астасып, Манаурап жатыр iңiрiм. Мекенiн тапты қос ғашық, Махаббат өрдi бұрымын. Қырқаға қарай құлдилап, Қызарып барып, батты күн. Құлагер үйiр ылдилап, Құлады суға ат, құлын. Жусанның басын жел тербеп, Жүгiрдi судан нұр-самал. Жүзiп бiр iштi желкемдеп, Жерiншек жабы – тұмса мал. Шегiртке басты шырылға, Ши басы әнтек тербелдi. Шопаным сенгiш ырымға, Шылбырын қарға өңгердi. Iңiрдiң даусын созып бiр, Iңгендер тапты ботасын. Iлескен сазға қозып бiр, Iздедiм ойдың жотасын. Iргеден құлап жол жатыр, Iзгiлiк болар сәлемi. Iңкәрлi күйдi толға бiр, Iңiрдiң жұмсақ әуенi. * * * Құмда тудым. Теңіз кештім. Тау көрдім, Жазирасы шалқып жатқан бау көрдім. Дала көрдім, дала менің – ұлы анам, Сол далаға сұқ қадаған жау көрдім. Құмда тудым, Ұлан-ғайыр Қарақұм, Қарақұмды білмейсің ғой, қарағым. Құм теңізі – тазалықтың таулары, Теріс ойды талақ еткін, жараным. Шалқар дала, Шаңқай дала, Сар дала, Самалыңды сазбен білем, сарнама. Сенде тудым, Сені сүйдім, туған жер, Сен екенсің берген маған жарнама. Есім бердің, Арман бердің адалдан, Менің шашым – сенің шашың ағарған. Атқа мінсем қолтығымнан демедің, Сенің көзің шапқан кезде қадалған. Мен өзіңнен алыс кетпен бір адым, Қайда жүрсем саған бақыт сұрадым. Төрге шықсам өзің болдың үзеңгім, Ал, құласам мен өзіңе құладым. Туған далам, Мен де сенің бір құсың, Өзің бердің өмірімнің үлгісін. Қараңғыда жарық болған – айымсың, Мені күтіп, келер-ау деп жүрмісің?!

3392 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7077

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6142

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3881

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3273

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3226

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3202

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2929

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2917

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы