• Қоғам
  • 05 Шілде, 2012

Нұрсұлтан Назарбаев: Индустрияландыру мен әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асыру – әрбір министр, әрбір әкім үшін сынақ

Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен еліміздің Үдемелі индустриалды-инновациялық дамуына бағытталған мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуына байланысты Индустрияландыру форумы өтті. Осы кеңес алдында Елбасы кәсіпорындардың индустриялық көрмесімен танысты. Мұнан соң «Казмедиа» орталығындағы жиынды ашып, бүгінгі басқосудың мән-жайына тоқталды.

Заманауи кәсіпорындар  ашылып жатыр

– Біз бүгін еліміздің Үдемелі ин­дустриялық-инновациялық дамуы жөніндегі бағдарламаның орындалу барысы туралы дәстүрлі есеп беру оты­рысын өткізудеміз. Біздің кездесуіміз жоғары технология қолданыла отырып, соңғы техника бойынша жабдықталған, мүлде жаңа инновациялық ғимаратта өтуде. Бүгінгі Қазақстан инновацияны сенімді түрде енгізіп, заманауи кәсіпорындарды ашуда. Қазіргі уақытта біз автомобильдер мен ұшақтарды шығаруды қолға ала бастадық. Мысалы, мен жақында инновациялық өндіріс болып табылатын тікұшақтар шығаратын зауытта болдым. Біз сондай-ақ, «Фермер» ұшағын шығара бастадық, келесі кезекте азаматтық авиация ұшақтарын шығармақпыз, – деді Мемлекет басшысы. ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Б.Сағынтаев пен ҚР Индус­трия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев есеп берді. ҚР Көлік және коммуникация министрі А.Жұмағалиев телерадио хабар тарататын жаңа сандық желі жөнінде баяндады. ҚР Экономикалық даму және сауда, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар, ҚР Көлік және коммуникация министрлерінің сөздерінен кейін, кезек жалпыұлттық телекөпірге берілді. Телекөпір арқылы тікелей бай­ланысқа шыққан «24.kz» телеарна­сының директоры Александр Аксютик елімізде тұңғыш рет тәулік бойы жаңалықтар тарататын «24.kz» санды телеарнасының ерекшеліктері жөнінде айтты. Телеарна қызметкерлерінің саны – 350 адам. Орталық кеңсесі Астанада. Республика бойынша өкілдіктері ашылған. Еліміздің батыс өңірінен байланысқа шыққан «Ақсай индустриялы паркі» ЖШС бас директоры Марко Кастанини өзі жетекшілік жасайтын кәсіпорын жөнінде қысқаша мәлім етті. Бұл өндіріс­тің жобалық құны 1,5 миллиард теңге, жаңадан 125 жұмыс орны ашылған. Мұнда электр жабдықтары, бақылау ас­паптары, дәнекерлеу жабдықтары, құрылыс-монтаждау өнімдері шығарылады. Еліміздің оңтүстік өңірінде химия саласы­ның орны бөлек. Онда да «Қазфосфат» ЖШС-ін ерекше атауға болады. Байланысқа шыққан кәсіпорынның бас директоры Мұқаш Ескенді­ров кәсіпорынға құрылтайшы «Қазфосфат» серіктестігі мен Чехияның «Фосфа» компаниясы екендігін айта келіп, Еуроодақ пен ТМД нарығына шығуға мүмкіндік барын жеткізді. Байланысқа «Фосфа» чех компаниясының бас директоры Иван Катько да шығып, шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасағаны үшін Президентке алғыс білдірді. Қостанай облысынан байланысқа шыққан «Лудэ-Каз» ЖШС басшысы Амантай Сағат кә­сіпорында өндірілетін өнімдермен таныстырды. Кәсіпорын өнімі елімізбен қатар Кеден одағы елдеріне, жақын шетелдерге де экспортталады. Шығыс Қазақстан және Павлодар облыс­тарындағы өнеркәсіп өндірісі де қарқынды дамуда. Өңірдегі ірі жобалардың бірі – Екібастұз – 1МАЭС-ын қайта жабдықтау. Байланысқа шыққан Екібастұз – 1МАЭС-тің бас директоры Ырысхан Сабанбаев бұл жобаны іске асыруға 500 адам қатысқанын айтты. Энергоблок жаңа жабдықтармен жа­рықтандырылған. Озық үлгідегі электросүзгіш қоршаған ортаға зиянды заттар шығаруды 99.6 пайызға төмендетеді. Өңірде биыл қосылған ірі нысандардың бірі – «Проммашкомплект». Серіктестік директоры Александр Леонец кәсіпорын теміржол доңғалақтарын қайта өңдейтінін айта келіп, зауыттың қуаты қазақстандық теміржолдың ғана емес, Орталық Азия республикаларының да қажеттілігін қамтамасыз етуге жететіндігін мақтанышпен айтты. Телекөпір барысында Астанадағы Қа­зақ­стан­да жасалған тауарлар көрмесі жөнінде де айтылды. Елордадағы жәрмеңкеде 300 кәсіпорынның 700-ге жуық өнімі қойылған. Байланысқа шыққан «Қазақмыс» корпорациясы басқармасының төрағасы Эдуард Огай таяу жылдары жұмысын бастайтын «Бозшакөл» тау-кен комбинаты жөнінде айтты. Бұл кен орнында жылына 100 мың тонна мыс концентраты өндіріледі. Мұнда 1,5 мың жұмыс орны ашылады. Жобаның жалпы құны – 259,7 миллиард теңге. Индустрияландыру бағдарламасы Астана қаласында да ойдағыдай жүзеге асып жатқанын атап өткен жөн. Соның жарқын мысалы – қалада афаринаж зауытын салу қолға алынды. Сөз сөйлеген «Тау-кен – Самұрық» АҚ басқарма төрағасы Мәжит Тұрмағанбетов зауыт құрылысына тоқталды. Кәсіпорын келер жылдың төртінші тоқсанында іске қосылмақ. Оның қуаттылығы жылына 25 тонна алтын, 50 тонна күміс өндіруге жетеді. Болашақта еліміздің орталық аймағында өндірілген тауарларды Еуропа мен Парсы шығанағына шығаратын Жезқазған-Бейнеу теміржолына байланысты Жезқазған қаласы­ның Құрметті азаматы Батырбек Мырзабеков сөз алып, жергілікті халықтың ризашылығын жеткізді. Жаңа жол іске қосылғанда шалғайдағы Ұлытау, Ырғыз, Арал, Шалқар, Байғанин және Бейнеу аудандарын жалғайды. Құрылысқа 11 мың адам тартылатын болады. Бұл жол арқылы жылына 213 миллион тонна жүк тасымалданады. Жолдың ұзындығы ­– 988 шақырым. Бір байқалғаны – жоғарыда тізбектеліп өткен жаңалықтар, іске қосылған, қосылатын нысандар жөнінде Елбасы жан-жақты қанық екен. Бұған телекөпір барысында анық көз жеткіздік. Мәселен, Екібастұз – 1МАЭС жөнінде «Бұл Қазақстанда биыл іске қосылатын ірі жобалардың бірі болып табылады. Қазақстанның тынысы кеңіп бара жатқанын көріп отырсыздар. Осының барлығын электр қуатымен қамтамасыз етпесек, болашақта өсіп-өркендеу болмайды. 500 мегаваттық Екібастұз – 1 МАЭС-іне жөндеуден өтіп, іске қосылып жатқан блокты көптен бері күткен едік. Баршаңызды энергоблоктың іске қосылуымен құттықтаймын, табыстар тілеймін! Іске сәт!» десе, ал Жезқазған-Бейнеу теміржолы жөніндегі ойын былайша өрбітті: «Мұны Қазақстан үшін ғасырлық жоба деп атауға болады. Бұлай дейтініміз, бір мың шақырымнан асатын теміржолды қазіргі заманда әлемнің ешбір мемлекеті салып жатқан жоқ. Біз тәуелсіздіктің арқасында осы жылдары 1,3 мың шақырым болатын теміржол салдық. Қостанай мен Ақтөбені қостық. Өскеменге өз еліміздің аумағы арқылы баратын болдық. Жуырда 300 шақырымдық Қытай шекарасы мен Алматы арасын қостық. Ал мына жобаның маңызы ерекше зор. Себебі ол Жезқазған мен Арқалықты экономикалық жағынан дамытатын болады. Осы арқылы орталық пен шығыстан Каспий өңіріне батысқа тасымалданатын біздің тауарлардың бағасы арзандайды әрі оны жеткізудің уақыты қысқарады. Бұл аса үлкен күрделі жұмыс. Оған 700 миллиард теңге жұмсалады». Ең бастысы – жақсы өмір сүру, ертеңге деген сенім Телекөпір соңында Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Елбасы Үкіметтің алдында тұрған басты үш міндетке тоқталып өтті. Олар – индус­трияландыру, өңірлердің теңгерімді дамуы, әлеуметтік жаңғырту мәселелері. Елімізде индустрияландыру ісі қарқынды жүзеге асырылуда. Алайда Елбасы осы жолы қол жеткен жетістіктерден гөрі кемшіліктер жайында, назар аударуға тиіс мәселелер жөнінде айтты. Үкімет пен әкімдер мына мәселелерге көңіл салу керектігіне тоқталды. Бірінші. Индустрияландыру картасының мәртебесін көтеру қажет. Осы ретте министрлер мен әкімдер тарапынан индустрияландыру түсінігін оңтайландыру, қарапайымдандыруға жол берілмеуі тиіс. Олардың бірқатарлары бас­ты нәрсе есеп беру деп біледі. Әдемілеп есеп беріп, лентаны қиса болғаны. Сонан кейін ол істің арты не болғанына мән бере бермейді. Екінші. Үкімет инвестициялық белсенділік резервін пайдалануы тиіс. Әрине, бұл жерде басты көз – қаржы мәселесі. Осыған орай, Елбасы өзіне кәсіпкерлер тарапынан ұзақ мерзімді қаражаттар жағы жетіспей жатқандығы туралы шағымдар жететіндігін, соған байланысты Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесе отырып, екінші деңгейдегі банктердің басы артық қаржыларын нақты экономикаға көмек ретінде ұсынудың жолдарын қарастыру жөнінде тапсырма берілгендігін жеткізді. Біз жақсы білеміз, Елбасы шетелдерге ресми сапарлары кезінде сол елдердің басшыларымен ынтымақтастық туралы, инвестициялар туралы келіссөздер жүргізіп, маңызды құжаттарға қол қояды. Тек соңғы уақыттары ғана мұндай келісімдер Франция, Германия, Корея, Индонезия, Малайзия, Түркия елдерімен жүргізілді. Үкімет, міне, осындай жаңа мүмкіндіктерді толығымен пайдалана білуі тиіс. Инвестициялар тартуда тарифтік саясаттың да үлкен мүмкіндіктері бар. Бүгінгі күні электр қуатын өндірушілер үшін шекті тарифтер жүйесі енгізілген. Осы арқылы энергетиктерге модер­низациялау проб­лемаларын шешіп, шығындарды тарифтер арқылы өтеу мүмкіндіктері беріліп отыр. Демек, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі тарифтерді көтеру есебінен алынған қаржыларға бақылауды күшейтуі керек. Бұл қаржылар тек негізгі қорларды жаңарту үшін жұмсалуы тиіс. Елбасы өңірлік саясат мәселесіне кеңінен тоқталды. Өткен жылдың қаңтар айында Үкіметке орталықтың өңірлермен үйлесімділігін едәуір арттыра отырып, өңірлік саясатты екпінді етуге тапсырма бергендігін атап көрсетті. Мемлекет басшысы, ең алдымен, Әлеуметтік дамудың 2030 жылға дейінгі жалпыұлттық тұжырымдамасын әзірлеу қажеттігін айтты. Бұл тұжырымдама «Қазақстан – 2030» стратегиясына, басқа да стратегиялық құжаттарға сүйенуі керек. «Тұжырымдама негізінде біз әлеуметтік жаңғыртудың 2013-2015 жылдарға арналған жалпыұлттық жоспарын әзірлейтін боламыз. Қазір мен «Әлеуметтік жаңғырту жөніндегі 20 тапсырма» нақты бағдарламасы жөнінде жұмыс істеу үстіндемін. Оларда қарапайым адамдардың барлық өзекжарды сауалдарына жауаптар берілетін болады» деген Елбасы мына мәселелерге ерекше назар аударды: – Бірінші. Әлеуметтік жаңғыртудың кезек күттірмес мәселесі болып әлеуметтік-еңбектік қатынастардың тиімді моделін құру болып табылатындығы күмәнсіз. Бүгінгі күні Қазақстанда еңбек дауларының алдын алу мен оларды сейілтудің тетіктері жеткілікті дәрежеде дамымай отыр. Екінші. Әлеуметтік-еңбектік кикілжің­дер­ді туындату үшін құқықтық жауапкершілік жағы жеткіліксіз. Еңбек жағдайы төмен­деген, жалақылары кешіктіріліп берілетін еңбек ұжымдары кейде осы тараптан көрініс беріп жатады. Бірақ, сонымен қатар, біздің кодекс­терімізде жұмыс берушілер, жауапты және басқа да тұлғалар тарапынан еңбек кикілжіңдерін туындатқаны үшін жауапкершілік арқалау баптары қарастырылмаған. Үшінші. Кәсіптік одақтар туралы тиімсіз заңдылықтар да елеулі проблемалар туындатады. Оларда ұжымдық шарттар, тараптардың оларды орындаудағы жауапкершілігі туралы ережелер түсініксіз баяндалған. Тіпті әлеуметтік әріптестік туралы түсінік те жоқ. Осыған байланысты кәсіптік одақтар қозғалысын қайта жаңғырту жөнінде батыл қадамдар қажет. Төртінші. Бүгінгі күні индустриялық-инновациялық бағдарлама – біздің еліміздің болашағы үшін №1 мәселе. Жаңа жұмыс орындары құрылып жатыр. Бірақ «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» саналатындардың барлығы жұмыс істеуге ұмтылып отырған жоқ. Өкінішке қарай, бізде жаңа кәсіпті меңгеруден гөрі базарларда «такси» қызметін атқаруға үйреніп қалушылар психологиясы басымырақ болып отыр. Егер біз бәсекеге қабілетті ұлт болғымыз келетіндігі рас болса, бұл психологиядан бас тартуымыз қажет. Жаңа біліктіліктер мен кәсіптерді игеру, ашылып жатқан зауыттар мен өндірістерге бару қажет. Жас та, ересек те қазақстандық үйінде бос отырып, барлығын сынай бермей, жұмыс бар жерлерге баруы, өз қабілеті мен еңбегіне сай жұмысқа ие болып, отбасыларына жағдай туғызғандықтары жөн. Басқа елдерде адамдар жұмыс үшін шетелдерге де барып, ешбір кепілдіксіз еңбек етуде. Бұл тәжірибе Еуропада, Америкада, Азияда кең қанат жайған. Ал біз жұмыс орындарын құрып жатырмыз. Өз елімізде басқалардың қолынан келмей отырған жаңа өндірістерді ашу үстіндеміз. Бірақ, өкінішке қарай, жұмыс пен жалақысы бар жерге ауысқымыз келмейді. Үкіметке өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық саны неғұрлым басым орналасқан елде индустрия­лық және инновациялық экономиканың жаңа нысандарын құру туралы мәселені шешуі керек. Бесінші. Баспана, үй, пәтер – бұлар әрбір қазақстандық үшін бірінші кезектегі мәселе. Бұл жеке өмірдің негізгі тірегі және отбасындағы көңіл-күй ахуалдың дұрыс болуының жолы. Мұнсыз отбасында береке мен еңбекте өнімділік бола бермейді. Арендалық тұрғын үй рыногын дамыту мақсатында заңдылықтарды жетілдірудің маңызы зор. Алтыншы. Әлеуметтік аз қамтылған халық санатына жататын азаматтарды әлеуметтендіру тетіктерін дамыту қажет. Бұлар, бірінші кезекте, мүгедектер мен мүмкіндіктері шектеулі адамдар, көп балалы отбасылардың мүшелері, зейнетақы жасының алдындағы адамдар. Бізде кейбір «пысық» жұмыс берушілер әйелдерді жұмысқа қабылдаған кезде бірден екі өтінішке – жұмысқа қабылдау және екіқабат болған жағдайда жұмыстан босату жөніндегі өтінішке қол қойдырып алуды әдетке айналдырған. Бұл – масқара! Мұндағы басты тәсіл мемлекеттің қам­қоршылдығы емес, оның орнына бұл азаматтар өзіне деген сенімге ие болу, әлеуметтік тиімді еңбекке өз мүмкіндігінің бар екендігін сезінуін қамтамасыз ететіндей шарттарды құру болып табылады. Осыған байланысты арнаулы заң, мәселен, әлеуметтік жұмыс орны туралы заң қажет. Жетінші. Ерекше бағыт – жас қазақ­стан­дықтарды дербес өмірге, белсенді еңбекке бейімдеудің тиімді жүйесін құру. Мемлекет әрбір жас адам өз елінде міндетті түрде қажет болуының барлық шараларын қарастыру үстінде. Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңды жетілдіру, жаңғырту қажет. Сонымен қатар біздің жастарымыз елеспен өмір сүруге тиісті емес. Еңбексіз ырыс жоқ. Қазақстаннан тысқары жерде оларды жұмақ өмір күтіп тұрған жоқ. Бәрін де бірден алудың жолы жоқ. Өзіңнің туған Қазақстаныңда еңбек етіп, өз әлеуетіңді жүзеге асыра біл. Осы үшін мемлекет барлық жағдайларды жасайды және жасай да беретін болады. Жастарды техникалық және кәсіптік білім алуға, индустрияландыру бағдар­ламасына қатысуға тартудың шараларын әзірлеу маңызды. Біздің ата-бабаларымыз еңбекке, еңбек етуге ерекше мән берген. «Еңбек етсең емерсің», «Еңбек етпеген ішіп-жемейді» деген сөздердің астарында зор мағына бар. Мемлекет басшысы да бұл жолы еңбектің қоғамдағы орнына айрықша тоқталып өтті. – Қазіргі уақытта жаһандық әлем және оның құндылықтары өзгеріс үстінде. Бүгін бүкіл әлем дамыған елдердегі қоғамды жайлаған тұтынушылық идеологиясы бұқаралық әлеуметтік масылшылдықты туындатқандығын, бұл жаһандық дағдарыстың басты себептерінің біріне айналғандығын айқын көріп, күмәнсіз көз жеткізіп отыр. Тіпті дамыған елдердің өзінде жүзеге асыруға келмейтін бұл масылшылдық идеясына балама боларлықтай және оны еңсерерліктей саналы ой бар. Ол – Жалпыға тән Еңбек Қоғамын қалыптастыру идеясы. Ақыр аяғында, барлық экономикалық және мәдени байлықтар мен игіліктерді виртуал­дық қаржы институттары емес, адам еңбегі жасайтындығы айқын. Сондықтан нақ осы өнімді еңбекті біз өзіміздің әлеуметтік жаңғырту саясатымыздың негізіне алуға тиістіміз. Либералдық та, социалистік те бағыт­тар­дағы утопиялық идеялар өткен ғасырда қалып қойды. Қазіргі қатал әлемде өмір сүру үшін біздің экономикалық және әлеуметтік саясатымыз бәсекеге қабілетті және қуатты Жалпыға тән Еңбек Қоғамын қалыптастыруға бағытталуы керек. Егер реалистік көзқараспен қарасақ, ХХІ ғасыр перспективасында тек ЕҢБЕК қана барлық қазақстандықтарға БЕРЕКЕ мен САПАЛЫ ӨМІРДІ қамтамасыз ететіндігіне көз жеткіземіз.

Елбасы сөз соңында екі мәселеге айрықша көңіл бөлді. Олар – индустрияландыру және әлеуметтік жаңғырту. – Индустрияландыру мен әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асыру – әрбір министр, әрбір әкім үшін сынақ. Нақ осы екі басты міндетті жүзеге асыру менің командамда кімнің кім екендігін айқындайды. Мен үшін ең бастысы – әрбір қазақстандық отбасының жеткілікті жағдайда өмір сүруі, қарапайым адамдардың өздерінің ертеңгі күндеріне сенімді болуы. Біздің барлық бағдарламаларымыз осы мақсатқа бағытталған, – деп сөзін қоры­тындылаған Елбасы алға қойған осы мақсатқа жету жолында жиналғандарға табыс тіледі.

Бейбітгүл Исаева Нұрперзент Домбай

3583 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9286

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7362

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5105

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4487

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4451

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4409

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4147

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4139

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы