• Әдебиет
  • 12 Шілде, 2012

«Әзірет Сұлтан» Астананы асқақтатты

Имандылыққа бет бұрып, рухани кемелденуге ұмтылған пенденің күпті көңілін орнықтырып, иманын бекітетін, жүрегіне нұр құйып, ақиқатқа бастайтын бірден-бір қасиетті орын ол Алланың жердегі үйі – мешіт екені даусыз. Мешіт Алланы танудың, ізгілік пен мейірімділіктің және құлшылық қылудың ордасы. Ендеше, Астана қаласында халқымыздың рухани және діни орталығына айналатын Алланың үйін салу мәселесінің күн тәртібіне қойылуы осындай жақсы ойлардан туындаған. Осыдан бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасымен болашақ мешіттің үлгісі жасалып, құрылыс орны белгіленген еді. Ал 2009 жылы Елбасы Н.Назарбаев «Әзірет Сұлтан» мешітінің іргетасына капсула салғаннан кейін, 2010 жылы қазан айында мешіт құрылысы басталды. 2011 жылы 7 желтоқсанда Елбасы мешітті салу үдерісімен танысып, барлық құрылыс жұмыстарын аяқтауға және мешіттің ашылу рәсімін 2012 жылдың 6 шілдесінде Астана күні мерекесінің аясында өткізуге тапсырма берген болатын. Өткен жұмада исі мұсылман баласы үшін ақ түйенің қарны жарылды десек артық айтқандық болмас. Астана күніне орай Елордада бес мың адамдық «Әзірет Сұлтан» мешіті ашылып, жамағатты қуанышқа бөледі. Мешіттің салтанатты ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Осы жарқын жаңалықпен және Астана күнімен барша Елорда халқын құттықтай отырып, Президент қасиетті жұмаға орайлас Елордада тағы бір еңселі мешіттің ашылғанын атады. Жаңа мешіттің «Әзірет Сұлтан» аталуының да бекер еместігін сөз етті. «Төрт мұнаралы мынау сәнді және сәулетті зәулім мешіттің «Әзірет Сұлтан» деп аталуы бекер емес. Бұл кезінде күллі қазаққа рухани орталық болған Түркістанның рухы Елордамызға жаңғырды деп айтуға болады. Ғұлама бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы кесенесі осылай аталатынын баршаңыз білесіздер. Енді Астананың да өз «Әзірет Сұлтаны» бар деп санаймыз. Мешіттің Тәуелсіздік даңғылындағы Тәуелсіздік пен Бей­бітшілік және келісім сарайларының ортасында орналасуының мәні бар. Бүгінгі оқиға еліміздің имандылыққа бет бұрып, жамағаттың көбеюінің айғағы. Адамгершілікке шақырып, ізгілікке үндейтін мешіт санының артуы дінмен бірге қоғамның да деңгейін нығайтады деген сөз. Сондықтан асыл дінімізге қолдау көрсету біздің елдік парызымыз. Еліміздегі бұл ең үлкен мешіт болып саналады. Айт намазын он мың адамға дейін оқи алатын орасан зор мешіт енді екі апта қалған ораза айы қарсаңында тамаша тарту болды деп ойлаймыз. Қуаныш ұзағынан сүйіндірсін ағайын!» деді Мемлекет басшысы. Расында, Тәуелсіздік даңғылы мен мен Ш.Қалдаяқов көшесінің қиылысында, Бейбітшілік және Келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, «Қазақ елі» монументінің жанында орналасқан мешіт халқымыздың рухани байлығы мен ұлылығын айшықтайтын Елорданың ең әдемі сәулет құрылымдарының бірі. Мешітте бір мезгілде бес мың адамға дейін, ал мұсылман мерекелерінде он мың адамға дейін намаз оқи алады. «Мешіт қашаннан да ілім, білім, тәрбие мен тағылым, иман ордасы болып саналады. Қасиетті хадисте әр мұсылман тал бесіктен жер бесікке жеткенше білім ізденсін делінген. Ислам ешқашан ғылымға қарсы болмай, қайта талай жаңалықтың ашылуына ықпал еткені мәлім. Қазіргі уақыт діннің сауатты түрде өркениетке ұштасуын талап етеді. Біз соны қолдаймыз. Әзірет Сұлтан тек қана құлшылық орны емес, бұл мешітте кітапхана, білім алуға арналған дәрісханалар бар. Яғни жаңа мешіт ірі рухани және ағарту орталығы болады деген сөз. Менің ойымша, дін қызметкері тек қана дін ілімімен шектелмей жан-жақты білім-ғылымға жетік болғаны жөн. Сонымен бірге біз ата-бабалардан жеткен төл салт-дәстүріміз, өнегелі өз жолымыздың бар екенін ұмытпайық. Ғасырлар бойғы әдет-ғұрпымызбен үндескен исламда адам болмысына ешқандай қайшылық жоқ. Хақ дініміз барша адамзатқа жіберілген бірліктің діні!» деп мығымдады сосын Елбасы.

Одан ары Елбасы Елордада әлемдік дін басшыларының төрт съезін өткізген ел екендігімізді, осындай ізгі іспен Құран сөзіне адалдық танытып келе жатқандығымызды сөзіне арқау етті. Ислам Ынтымақтастық Ұйымының төрағасы ретінде еліміз күллі Үммет мүддесіне лайықты жол іздестіріп жүргенін де Президент назардан тыс қалдырмады. «Қазақта ұлы Абайдың «қазақтың досы бауырың» деген сөзіне сай біз толерантты халықпыз. Пайғамбарымызда дінде шектен шықпау абзал деп үгіттеген. Ендеше біз әрдайым сол үлгілі үрдістерден айнымайық! Әдейі ойланып Есілдің оң жағынан да бір үлкен мешіт болсын деп ойладық. Біз тәуелсіздікті жариялағаннан кейін біздің құлап бара жатқан дінімізді қайтадан тік тұрғыздық. Үш мыңға жақын мешіт жұмыс істейді. Мешітке көп халық, әсіресе, жастар көп барады. Осының бәрі шын жүрегімен барса екен деп ойлаймын. Имандылыққа бет бұрып, еліміздің бірлігін, халқымыздың болашағын бірге тілесек, тілегіміз орындалады. «Әзірет Сұлтан» мешіті халқымыздың рухани құндылығын нығайтуға қызмет етеді деп сенемін» деді Н.Назарбаев. Тамаша сәулет кешені мешіттің негізгі ғимаратынан және оған жалғасқан вестибюльді бөлмелерден тұрады. Жалпы ауданы 11,0476 га аумақты құрайды. Мешіт ғимаратын классика­лық Ислам үлгісі мен дәстүрлі қазақ орнаменті және декоративті элементтер үйлесімі ретінде бағалауға болады. Үш қабаттан тұратын имандылық үйінің қасбет қабырғаларының негізгі әрлері табиғи таспен қапталған. Оның бірінші қабатында неке залы, мейрамхана, ас бөлмесі орналасса, екінші қабатына ерлерге арналған 4000 адамдық намаз залы, киінетін жері бар вестибюль, үшінші қабатқа әйелдерге арналған 1000 кісілік намаз залы, имам бөлмелері, азаншы және наиб имам бөлмелері орын тепкен. Мешіттің сыртқы келбеті де көрген адамды қызықтырмай қоймайды. Өйткені оның бас порталында халқымыздың ою-өрнектері және Құран сүрелеріндегі жазулар бедерленіпті. Бас күмбездің нөлдік белгіден санағандағы биіктігі – 51метр, диаметрі – 28,1 метр. Оны жиектеуші күмбездер саны 8 болса, олардың диаметрлері 10,45 және 7,6 метр, ал биіктіктері сәйкесінше 33, 46 және 25,25 метр. Ал вестибюль күмбезінің диаметрі – 15,2 метр. Мешітті 4 мұнара айшықтай түседі. Олардың әрқайсысының биіктігі – 77 метр. Тағы бір айта кетерлік ерекшелігі, айналасы көгалдандырылып, абаттандырылған мешітке қасындағы бес субұрқақ та өзінше сән береді. Иә, шынын айту керек, Алланың шексіз рахымымен Ислам дінін ұстанып, мұсылман атанған қазақ халқының бүгінгі таңда ғибадат қылар мешіттер саны жылдан-жылға артып келеді. Ал «Әзірет Сұлтан» мешіті болса солардың арасындағы ең үлкен әрі сәулеті өзгеше ғимарат болып саналады. «Ақылы бар кісіге иман парыз, иманы бар кісіге ғибадат парыз» деп данышпан Абай атамыз айтып кеткендей, адам баласы Раббысы ұсынған тура жолмен жүрсе ғана адамдық болмысын кемелдікке жеткізе алады екен. Ендеше, Алланың жердегі үйі халықты имандылыққа ұйытсын! Жаңа жол торабы ашылды

Таяуда Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов қаланың орталық магистрал­дарының бірі – Орынбор көшесіндегі жол қозғалысын салтанатты жағдайда ашты. Орынбор көшесі сол жағалаудағы әкімшілік орталықты Астана Халықаралық әуежайына жалғап отыр. Жаңа жол торабы Елордаға келетін қонақтар мен шетелдік үкіметтік делегациялар өтетін негізгі жолға айналмақ. 5 шілде күні Астана қаласының жол-көлік инфрақұрылымының жаңа нысандарын аралау кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жол сапасын көргеннен кейін көлік қатынасын іске қосу жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Қала әкімі И.Тасмағамбетов өз сөзінде Елба­сы бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бірқа­тар жобаларды атап өтті. Мәселен, Шағын көлік айналымы мен Батыс жартылай сақинасының жобасының құрылысы келесі жылдары толық аяқталатынын қала әкімі тілге тиек етті. Заман талабына сай салынған Орынбор көшесінің жалпы ұзындығы 4 шақырым 195 метр­ді құрайды. Алты қатарлы жолдың ортасы арнайы жолақпен бөлінген. «АИС Астана» бас директоры Юрий Пактың айтуынша, бетон жамылғының үстіне құрамында полимер материал бар асфальт төселгендіктен жол сапалы екен. Түбі бір түркілер ән шырқады Астанадағы «Қазақ елі» монументі жанында қала күніне байланысты «Астана – жастардың жыр мекені!» атты гала-концерт болып өтті. Бұл шара Астананың түркі әлемінің астанасы жылының аясында өткізілді. Түркі әлемінің әуендік өркениетінің бірлігін дәріптеу мақсатында өткен фестивальге түбі бір, түркітілдес он елдің өнерпаздары қатысты. Фестивальге Башқұртстаннан келген Ишморат Ильбақов «Ишқурай» деп аталатын авторлық аспабында күй орындады. Мерекелік кеште халықаралық деңгейде бағасын алған якут шамандарының әндері, Батысты таңғалдырған алтай, хакас, тувалықтардың көмей әндері, Оңтүстік Сібір және Орта Азия халықтарының эпикалық жырлары, түрлі аспаптарға арналған музыка және лирикалық әндер шалқыды. Қазақстанның Халық артисі Роза Рымбаева, кеңестік және ресейлік әнші, Ресейдің халық артисі Ринат Ибрагимов, Өзбекстанның Халық артисі Мансұр Ташматов және «Еуробайқау – 2011» жеңімпазы Эльдар Қасымов кештің арнайы қонақтары болды. Өздерінің репертуарындағы әндерден басқа артистер Астанаға арналған әндерді де орындады. Астанаға музыкалық сәлемдеме ретінде шетелдік әншілер қазақ халық аспаптарында өнер көрсетті. Концертің негізгі ерекшелігі – жас буынға ерекше назар аударылды. Өнер көрсеткендер негізінен жастар болды. Жаңа жас жұлдыздар танылды. Салтанатты кеш мерекелік отшашумен аяқталды. Бейбітгүл ИСАЕВА, Нұрлан ҚҰМАР

4114 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5800

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5472

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3210

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2596

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2557

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2535

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2269

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2251

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы