• Қоғам
  • 19 Шілде, 2012

Болғанды болмады дегеннен не ұтамыз?

«Ана тілі» газетінің №17 (1118) (26 сәуір – 2 мамыр) санында шығысқазақстандық Мейрам Оралов деген азаматтың «Ақиқаттан аттау – адасқандық. Болмағанды болды деуден не ұтамыз?!» атты мақаласы жарық көрді. Осыған орай ойларымызды ортаға салғанды жөн көрдік. Ең алдымен «Құнанбай шақшасы» туралы кішкентай анықтама. Құнанбай насыбай атқан ба, жоқ па, оны біз білмейміз. Білетініміз – жаңылыспасақ осыдан он-он бес жыл бұрын «Парасат» журналында Құнанбайдың келелі жиынның бірінде қалтасынан күмістелген керемет шақшасын шығарғаны, сол кезде Құнанбайға қарсы батып сөз айта алатын ел ақсақалдарының біреуі Өскенбай бидің насыбай ататындарды жазаға бұйырғанын, «ал оның баласының өзі сол жаман әдетке үйір болғаны қалай?» дегені, Құнанбайдың үндемей отырып-отырып, бір уақытта қасындағы кісіге «мен қойдым!» деп шақшасын ұстата салғаны жайлы жазылған болатын.

Аға сұлтандық қызметті қалай қолқалап алуға  болады?.. Аталмыш мақалада мынандай жолдар бар: «...Айдарбекке әкесінің құны үшін «Степной правитель» куәлігі мен мойынға тағатын алтын шынжыр белгісі қоса беріледі. Елге келген соң Қисық Айдарбекке мол тарту-таралғы апарып, берілген атақ пен алтын белгіні қолқалайды. Тоқабайдың білікті адамдары оның қолқасын «орынды» деп табады. Осылайша Қисықты «хан» деп атап кетеді. Шындығында хан емес, Көкпекті округінің аға сұлтаны болады. Бұл атақ арғы тегі Шыңғыс хан нәсілінен тарайтын төрелерге ғана беріліп келген ғой». Осы жерде түсініксіз біраз мәселе бар. Алдымен орысшаға жүйріктігінің арқасында ақ патша сарайында Айдарбекке көрсеткен ағайындық, туыстық көмегін елге кел­ген соң пұлдаған Қисықтың бұл тірлігі түзу тірлік қатарына жатпаса керек. Мұсылмандық жолға да, одан да бұрын қазақы ұстаным­ға қо­нымсыз нәрсе. Екіншіден жә­не ең бастысы – ақ патша жарлығымен 1822 жылы қазақ жерінде хандық жүйе жойылып, бір хан басқарған ау­маққа бірнеше аға сұлтан би­­лік құратын тәртіп енгізілген бола­тын. Аға сұлтан тағайындалмай, сайлау арқылы анықталып отырған. Шоқан Уәлиханов жеңіп тұрған сай­­­лау қорытындысын мол па­ра­ның күшімен бұздырған – «қалай дауыс беру емес, қалай санау маңыз­ды» – Ерден Сандыбайұлы да, Қаз дауыс­ты Қазыбектің ұрпағы Алшын­­­бай бимен құда болу арқылы ұлықтар­ға шығып, Құсбек төреден ба­­сым түскен Құнанбай да сайлау ар­қы­лы билікке келген. Және ол Оралов мырза жазғанындай атақ емес, сол замандағы қазақ даласындағы ең жоғары лауазымды қызмет. Тек Құнанбайға дейін бұрынғы сарынмен, қожа мен төрені қате де болса «ақсүйек» деп сыйлап төбесіне көтеретін. Басқа ұлттарда ондай әдет жоқ, – қазақтың дарқан пейілінің арқасында тек қана төрелер жеңіске жетіп отырған. Құнанбайдың «ең алғаш қарадан шығып хан болған» аталуының себебі сонда. Ал Айдарбекті патша үкіметі сайламай, тағайындаған болса, оны ашып айту керек еді. Тіпті тағайындалған күнде да аға сұлтандық қызмет біреу «мен қаладым!» деп сұрап барса қолына ұстатып жібере салатын қыран құс немесе жүйрік жылқы емес қой. Айдарбектің жеке заты емес! Мейрам бауырымыз ақыры әңгімені бастаған екен, күлкіге ұшырамай, мәселенің анық-қанығына жеткені жөн. Әріпті дәріптеудің жөні осы ма? Мейрам мырзаның ең қатты жаңылысқан жері бұл да емес. Ол мақаласында «Атақты Әріп ақын өзінің айтыс түрінде жазған «Біржан-Сара» атты шығармасында Сараның аузымен былай дейді» деп жазыпты. «Әріп ақын өзі өңдеген Біржан мен Сараның айтысында» десе де бір жөн еді. Себебі бұл айтыс жайлы кітап кешегі соғысқа дейінгі Кеңес заманында да Біржан қалай алдымен Сараның анасымен, сосын сіңлісімен айтысқанынан басталатын. Оның ішінде айтыс жас қыздың: «Дүлей ғой мынау өзі ақын десем, Сөздерің қисық екен мақұл десем, Сазаңды ертең сенің Сара берер, Мені жас, ал шешемді қатын десең» дейтін сөзімен аяқталатын. Сол кітапты оқып өскен әкелеріміз бүгінгі кітаптарда неге соны жазбайды деп түсінбей отыратын. Және сол кітапта «Жиылды ел Ешкіөлместің баурайына» деген жолдар болатын. Осы кіріспені айтысты кітап етіп шығарған Әріп Тәңірбергенұлы қосқан деген пікір ғалымдар арасында бұрыннан бар. Ал бірақ «Біржан мен Сараның айтысы болмады, оны жазған Әріп» деу – нағыз ақиқаттан аттау осы болады! Өйткені 60-жылдардың аяғында дәл осы тақырыпқа дүрілдеген дау өткені елдің есінде шығар. Ақырында, Сәбит, Ғабит аталарымыз араласып барып, «өнбейтін дауды өспейтін бала қуады» деп тоқтатқан еді. Одан кейін де әр жерде шаң беріп қалады. Ендеше, айтыстың болғанына дәлел ретінде «Айтыстың» 2-томындағы Төребай мен Сараның айтысын айтсақ та жетеді. Өмірзақ АҚЖІГІТ

4112 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5755

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5445

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3183

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2571

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2531

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2509

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2242

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2226

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы