• Әдебиет
  • 19 Шілде, 2012

Жазушы жолы

Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, ұзақ жылдар ауылда мұғалім болған, төрт роман, бес повесть жазып, он бес кітаптың авторы атанған, қарымды жазушы Мұхаметжан Абдрахманов жетпіске толды. Мұхаметжан Абдрахманов қазақ әдебиетінің қасиетті табалдырығын аттаған кезі 70 жылдардың басы болатын. 1971 жылы Алматы мен Талдықорған және басқа облыстардағы жас ақын, жазушылардың Алматы қаласындағы семинар-кеңесі өтті. Осында тырнақалды алғашқы әңгімелері талқыланып, қазақтың белгілі жазушылары Сафуан Шаймерденов, Сәуірбек Бақбергенов, Бердібек Соқпақбаев, Сәкен Жүнісовтерден, ақындар Мұқағали Мақатаев, Сағи Жиенбаев, Ізтай Мәмбетовтерден жүрек жылытар жылы сөздер естіп, баға алған еді. Сол жиынға қатысқан өрімдей жас жігіттердің көбі бұл күнде қаламы төселген қарымды қаламгерлер болды. Алыс сапар алғашқы қадамнан басталады демекші тырнақалды туындыларының өзі оқырмандарын елең еткізген оның шығармалары облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жарық көре бас­тады. Мәселен, 1970 жылы «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде «Он сегіз деген жасымда» атты әңгімесі басылды. Ол кезде талғамы биік жазушы Оралхан Бөкеев сол газеттің әдебиет бөлімінің меңгерушісі, Сағат Әшімбаев бас редактордың орынбасары болатын. Екеуі де ұсынған балаң шығарманы бірден ұнатып, Мұхаметжанға сәт сапар тілеп, газетке жариялады. Бұл әңгіме болашақ жазушының тұсаукесері іспетті еді. Осыдан кейін ол шабыттанып, үлкен шығармашылық жолға бет бұрды. Бірте-бірте ол повестерге қанат жая бастады. 1969 жылы қазақтың жас ақын-жазушыларын шабыттандыру мақсатында «Жалын» журналы өмірге келген-ді. Бұл басылым ұлтымыздың жас қаламгерлер шығармашылығына шырайлы кең жол ашқаны мәлім. Мұнымен қоса, жыл сайын Қазақ КСР баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитет, Қазақстан ЛКСМ Орталық комитеті мен «Жалын» баспасы ұйымдастырған әдеби жабық байқау деген болды. Дара да, жаңа да жас таланттарды табуда бұл конкурстың маңызы ерекше еді. Өйткені ол кездегі қазылар алқасының бүкпесіз, әділ төрелік жасағаны бүгінге үлгі, болашаққа ұлағатты боларлықтай еді. Ешқандай жауырды жаба тоқымады. Міне, осы кәделі бәйгеге Мұхаметжан да қатысып, бағын сынап көрді. 1974 жылы «Аманат» атты повесін осы конкурсқа жолдады. Алыс ауылда жатқан қарапайым ауыл мұғалімінің қаламынан шыққан шығарма сол жолы көзге түсті. Сонда бәйгеге түскен жүзге жуық шығармадан іріктеліп жеті қолжазба үздік деп бағаланды. Сөйтіп, сол жылғы бәйгеде «Аманат» повесі екінші орынды иеленді. Әлі тұңғыш кітабын шығарып үлгермеген жас автор алыс ауылда жатып-ақ жабық конкурстың лауреаты атанады. Осыдан бастап-ақ, оны әдеби орта тани бастайды. Қалихан Ысқақов, Әнес Сараев, Рамазан Тоқтаров, Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков, Жәнібек Кәрменов, Бек Тоғысбаев, Шәрбану Құмарова, Бексұлтан Нұржекеев сынды қарымды қаламдастармен араласып, пікірлес болады. 1977 жылы «Жалын» баспасынан «Ағайша» атты алғашқы кітабы жарыққа шығады. Повестер мен әңгімелерден тұратын бұл кітапқа Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, драматург Дулат Исабеков редактор болды. 1979 жылы екінші кітабы өмірге келді. Оның аты – «Адасқан қаз» еді. Мұның редакторы марқұм Жәнібек Кәрменов еді. «Бұл қолжазбаның авторы мүмкіндігі мол прозаик екен. Қазақы әлемді тақырыпқа арқау еткенде ол жорғаға мінгендей жосылта жөнеледі. Автордың тілдік потенциалына тақырып мол мүмкіндік берген. Елдің мінезі, жердің сұлу суреті, туған халықтың тұрмыс-салты, тіршілігі, сөз саптау бәрі-бәрі дұрыс шешілгендіктен қиықтары өз орынын тапқан. Инеден жаңа шыққан киім секілді болып тұр. Қой сүтіндей қою да дәмді, жұғымтал да қуатты тіркестер жеткілікті. Оқып отырып: «Е, бәсе, қазақ осылай сөйлемеуші ме еді?» деп айызың қанады. «Нөсердегі» мына сөйлем қандай әдемі. «Ауы­лына бүгін түнде сойдақтаған ізім келді, сорғалаған қаным келді» дейді. Мұндай өзінен-өзі құйылып тұрған сөйлемдерді оқығанда ең алдымен ұлы жазушы М.Әуезов еске түседі» дейді талантты жазушы Эрнест Төреханов. Жазушының еңбегі кітап болып шыққаннан кейін оқырмандардың ыстық ықыласын білдіретін пікірлер баспасөз бетінде жарық көрді. Мысалы, «Ана ерлігіне» байланысты С.Өтеғалиеваның жазған «Шығарма арқауы ауыл өмірі» атты мақаласында былай делінеді: «Жазушы халықтық тілді жете меңгерген. Ұлттық болмыс, салт-сана бұл кітапта молынан көрініс табады...» десе, «Адасқан қаз» кітабына пікір жазған Тұрсынбек Ешенқұлов «Кітаптың табиғаты соншалық өмірдің өзінен ойып алғандай. Автордың өрнекті тілі оқырманын еріксіз баурап алады. Шығарманың өн бойынан ешқандай жасандылық байқалмайды» деп пікір білдіреді. Жазушының «Сағым жылдар» атты романы туралы «Жетісу» газетінде жарық көрген «Қайсарлыққа баулитын шығарма» атты мақаласында ақын Гүлнәр Өмірзақова ойын былай түйіндейді: «Кітапты оқи бастасаң болды ары қарай епсектетіп, жетектеп әкетеді. Тіл шұрайлылығы, ой иірімділігі, сөз саптауы жазушының қазақ тілінің мәйегін қанып ішкенін көрсетеді. Кітапты оқып отырып, өз-өзіңнің сол оқиғаның ішіне бүтіндей сүңгіп, еніп кеткеніңді байқамай қаласың, қайсы бір жерінде өзіңнен-өзің ішек-сілең қатып күлесің, кейде күйзеле отырып нәумездене отырып, уайымға беріліп, әлдиленесің, көңіліңді босатасың, көзіңе жас алатын сәттер де болады. Тіпті сол оқиғаның ортасында өзің бірге болып жүргендей сезімге бөленесің. Қорыта айтқанда, бұл кітап жас ұрпақты қайсарлыққа баулитын, тәрбиелік мән-мағынасы өте құнды шығарма деп айта аласыз». Аталмыш романды мен де оқып шыққанмын. Шығарма шұрайлы тілмен жазылған. Ақын қарындасым Гүлнәр айтса, айтқандай. Сөз қолданысы, қонымды кейіпкер тұлғасы келісті, оқиға өрісі қызық. Жасандылық атымен жоқ. Әсіресе, Құлат пен оның иесі Толымбек тағ­дырдың тақсіретін аз тартпаған. Зейнолла аға (Қабдолов) ұлы Ғабит Мүсіреповті оқығанда «Өзіңнен-өзің отырып, рахаттанып күлесің де, нәзік жібек сезімге байланасың» деп әсерін айтушы еді. Жазушы Абдрахмановтың романын оқығанда сондай әсерге бөлендім. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері Шәрипа Жамықаеваның талантты жазушының қолынан шыққан «Қақтығыс» және «Сағым жылдар» кітаптарын оқығандағы әсері жөнінде «Қазақ әдебиеті» газетінде «Шығарма шырайы» атты мақаласы жарық көрді. Сол мақалада былай делінген: «Аталған екі кітапты оқу барысында қаламгердің тіл байлығына, сөз қолданысы ерекшелігіне тәнті болдым. Шығармаларынан бүгінгі әдеби тілімізде кездесе бермейтін әдемі сөздер мен сөз тіркестерін байқайсың. Жазушының тілі бай, көркем екеніне көз жеткіздік. Кітаптағы мына бір сөйлемдерге көңіл аударайықшы: «Мұзсүңгідей шаншылған Тянь-Шаньнің мұзарт таулары жарқырап көз шағады. Сол таулардың бергі бөктеріндегі мидай жазық далада жер емшегі секілденіп, екі төбешік елшен көрінеді. Ноғалай-Толағай деп аталатын қос төбеңіз осы». Осындағы мұзсүңгідей, елшен сөздері көркем әдебиетімізде сирек кездесетіні анық. Сондай-ақ шығармадағы «Бейқұт» (бейжай», қарсыруды (қайғыруда), ымбауына көнбеді (еркіне көнбеді), бөрімаңыс (желе жорту), мисыз жүйрік (өте жүйрік), қамал қасын жасады (қамын жасады), ымқырулы (жылдам), шенбектеп ұстады (мықтап ұстады), елшен (оқшау), сербегі (жылқының жамбас сүйегі), шәпеті (арық адам), қаздиып, т.б. сөздер шығарма арқылы сөздік нормамызға енсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сөздік қорымызды байыта түсер еді». Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде жазушының «Қақтығыс» атты жаңа кітабының талқылауы болған еді. Сонда «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары, көрнекті жазушы Тұрысбек Сәукетаев, Эрнест Төреханов, Жанат Ахмадиев, талантты жас ақын Саят Қамшыгер сияқты белгілі қаламгерлер қатысып, ойларын ортаға салған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Т.Сәукетаев: «Мұхаметжан сияқты жазушының шығармаларымен шынымды айтайын, бұрын таныспаған едім. Мен алғаш көп кітаптардың бірі шығар деген оймен қолға алған болатынмын. Бірақ оқу барысында пікірім түбегейлі өзгерді. Ортамызда қазақтың талантты бір жазушысы жүргендігін, әлі күнге дейін өзінің дұрыс бағасын алмаған қаламгердің бар екендігін білдім. Дабырасыз-ақ әдебиет үшін тер төгіп, жанкештікпен қызмет атқарып жүрген жазушы екен. Бұл кісі біреуге жағынайын, атақ-даңққа ие болайын дегендердің санасында емес екен» деп бүкпесіз жүрекжарды пікірін білдірсе, ал Э.Төреханов: «Мен Мұхаметжанның шығармашылығымен жиырма жылдан бері таныспын. Автордың тілі жатық, әрі бай, шұрайлы, әсіресе, ауыл өмірін суреттегенде тіпті су төгілмес жорғадай жосылып кетеді. Сөзбен сурет салуға да шебер» десе, Жанат Ахмадиев: «Мұхаң бұрыннан бері ауылда тұрып келеді. Қазақ «жақын отырған құрметтім, алыс отырған нем кеттім» дейді. Араласпағанды айтқаны. Бұл кісі ауылда жүргендіктен үлесінен кем қалып келеді, болмаса әдеби ортаның бел ортасында жүретін қаламгер екен. «Көрмеген көлден естімеген қаздың дауысын естисің» дегендей, Мұхаңның кітаптарын оқыған адам сөз жоқ тәнті болары анық. Мен кітаптағы әңгімелерді зейін қойып оқып шықтым. Бірінен бірі өтеді. Қалай тез оқып қойғаныңды өзің де байқай алмайсың. Сондай тартымды, қызғылықты оқылады. Оның шығармаларынан қазақтың сұлу сөзінің сиқырлы сұлу сырын ұғасың. Сөз қадірін біле түсесің» дейді. Нағыз жазушы үшін қала мен ауыл­дың айыр­­­­­­м­а­­­­шылығы жоқ. Мысалы, Лев Толстой «Соғыс жә­­­не бейбітшілік» пен «Анна Каренинаны» қаладан алыс­та тұрып-ақ жазғаны көпшілікке белгілі ғой. Ал Шолохов «Тынық Дон­ды» Мәскеудің маңындағы шағын теміржол беке­тін­­де тұрып-ақ жазды. Абайды, Шәкәрімді алайық... Демек, ауылда тұрып та ғажайып шығармаларды өмір­­ге әкелу­ге болады. Мұхаметжан төрт түліктің иісі сіңген ауылда, қалың кейіпкерлерінің ортасында жүрді. Сөйтіп, сүбелі шығармалар берді. Ондай дүниелер жазу үшін талант иесіне білім мен парасат аса қажет. Осы тұрғыдан келгенде жазушының көргені көп, ойына түйгені мол. Ол тағдыр тауқыметін арқалап, Қызыл империяның қыспағына шыдамай Шығыс Түркістанға қоныс аударды. Арғы бетте, қарапайым кең қолтық қазақтың алыс ауылында жүріп қытай тілін меңгерді. 1958 жылы қазақ жастарын жер-жерден жинап, қытайша оқытты. Таза қытай әрпін оқытудың алғашқы кезеңі еді. Ол кездегі Қытайдың әрпі 500 мың болатын. Одан қысқарып 50 мыңға түсті. Соның 10 мыңға жуығын игерді. Осы жылдарда мен де Үрімжіде Шыңжаң Али курсына түстім. Таза қытай тілінде 3 жыл оқыдым. 8 мың әрпін игердім. Сонымен Қытайдың ұлы ақыны Либай мен Дуфудың өлеңдерін аудардым. Сол кезде жиырмада едім. Қытайдың журналдары мен газеттерін еркін оқи беретінмін. Ол жақта туған жеріне жете алмай зар жұтып, запыран құсқан қарттардың азалы дауысын естідік. Осының барлығын жазбауға оның қақысы да жоқ еді. Шығармаларына көзің түссе, сол оқиғамен араласасың. Олай болса жазушының ішкі әлемінде буырқанып жатқан күшті толқындардың бары анық. Ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқара жүріп, 15 кітап шығарып, 4 роман, 5 повесть жазған еңбеккер, та­лантты жазушыға бірде-бір атақ берілмегені қынжылтады. Поэзия алыбының жұтқан ауасын жұтып, Қарасайдай бабамыздың аруағына сиынып жетпіске жеткен сабақтасым, атағы жоқ болса да абыройы үлкен, майда тілді, мақпал мінезді, құшағы ыстық, қазақтың талантты жазушысы Мұхаметжан Абдрахмановтың 70 жасын құттықтаймын. Деніне саулық, шығармашылығына шыңдай биіктік, үш ұл, екі қызының анасы, сүйікті жары Хадишаға амандық тілеймін. Жетпіске келдің, Ақсақалдықтың басы бұл, Ақсақал деген үлкендіктегі Бас ұғым. Ал жетпіс деген бастауышқа баратын, Он-ақ бүлдіршіннің жасы бұл. Бәйтерек өсті, Келеді әйбат тез гүлдеп, Гүлдері қандай билеген лепке желкілдеп. Қымызыңды іш, қымыраныңды шайқап бір, Ащы су алма, жетпіске міне келдім деп. Мәйекті тіл бар, бар тағы ғажап дарының, Тыңдап жүрмін Халық жазушысы атанғандардың бар үнін. Олардан кемің ауылда тұрасың. Жалғасын бітір, Жібек жолымен жалғасқан романдарыңның. Бойыңда қуат, ойыңда шуақ барда қармап қал, Рухың да сенің қаламгерліктен салмақ бар. Біреудің мекер сөзіне еріп пәңгі боп, Су-суан ішіп, атанып жүрме шардақ шал. Атағың сенің қуантатұғын әлі ал да, Тәтті деп барып құмшекер қосқан бал алма. Атағың сенің әріптестерің сыйлайтын, Талғамы биік таулардай сұлу қалам да. Кеңесжан Шалқар, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

4470 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5796

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5470

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3208

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2594

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2555

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2533

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2267

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2249

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы