• Әдебиет
  • 19 Шілде, 2012

«Ай сауалына» жеткен жедел жауаптар:

1. «Ономастика туралы» Заң қабылдана ма? 2. «Шығыс» неліктен «оңтүстікті» басып озды? 3. Тіл шаруасын қолға алатын құзырлы комиссия керек пе? *** 1. ҰБТ-мен үрейлендіргеннен не ұтамыз? 2. Биылғы ҰБТ қорытындысы білім саласының шынайы деңгейін көрсетіп отыр ма? 3. Бірінші сыныпқа барған балаға ағылшын тілін оқытқан дұрыс па? 

Журналист: – Мен де өздерің сияқты ел қамын жеген қазақ газетінде жұмыс істеймін. Айтудан, жазудан кенде емеспіз. Өкінішке қарай, «баяғы жартас – бір жартас»: жазамыз, даурығамыз, уақыт өте бәрі ұмытылады. Сіздер көтерген «автонөмір мәселесін» алайықшы. Егер тамыздан бастап жаңа нөмірлер беріле бастаса, оның бәрі көбейтіліп, жасалып қойған немесе жасалып жатыр деген сөз ғой. Сонда облыс атауларының өзін қазақша атай алмағанымыз ба? Болашақта оны қайта өзгертіп жатсақ, жаңа буын «Ағаларымыз кезінде ай қарап отырған ба» деп айтпай ма? Ең болмаса бір мәселенің түбіне жетіп, осыны қалпына келтірейікші. Мен өз тарапымнан үн қосып, материал дайындасам, бас редакторымыз: «Біреу жазған нәрседе нелерің бар? Тың тақырыпты көтеріңдер!» дейді. Қазақ газеттерінің таралымы тым аз екенін өздеріңіз білесіздер, сол себепті ешкімге сөзіміз өтпей, жерге қарап қаламыз... Әбубәкір, мұғалім (ОҚО,Сарыағаш ауданы): – Биылғы ҰБТ-да оңбадық. Соңғы 2-3 жылда ылғи жоғары балл алатынбыз. Өйткені бізде соңғы сыныпта 2-3 тоқсан сабақ оқылмайды. Бәрін жинап қойып, тек ҰБТ сұрақтарына дайын­даламыз. Әр мұғалім шамасына қарай 20-30 баланы дайындайды. «Балам оқуға түсіп кетсе екен» деген ата-аналар да ақшасын аямайды. Биыл «логикалық сұрақ» деген шықты. Біз оған дайын болмай қалдық. Құдай қаласа, келесі жолы оны да бірдеңе қылармыз... Жанұзақ, биология ғылымдарының кандидаты (Алматы): – ҰБТ біз ойлап тапқан жаңалық емес, біраз ел осы жүйеге көшкелі көп болды. Оған қарсы шығып, өзгертуге тырысушылардың көбеюі заңды. Өйткені олар қыруар арам ақшадан қағылады. Біз министрімізді қолдап, қайта ҰБТ-ны жетілдіре түсудің жолдарын іздеуіміз шарт. Биылғы ҰБТ өткен соң Астанада Білім және ғылым министрінің орынбасары қорытынды баспасөз-конференциясын өткізді. Сонда айтылған басты жаңалық: қазақ мектептеріндегі білім сапасы орыстілді мектептерден көш ілгері. Биылғы жоғары оқу орнына түсушілердің арасындағы бәсекеде орыстілділердің балы көп төмен. Өкінішке қарай, бұл деректерді, нақты цифрларды жалаулатып көтеріп жатқан қазақтілді БАҚ-ты көрмедім. Орыстілді ағайындардың бұл мәселені айналып өтетіні онсыз да белгілі ғой. Жасталап (Алматы): – Министрдің «бірінші сыныптан бастап ағылшын тілі оқытылады» деген мәлімдемесін теледидардан мен де тыңдап едім. Жалпы алғанда Елбасының өзі қолдап отырған үш тұғырлы тіл мәселесіне мен қарсы емеспін. Ұрпағымыз өз тілімен қоса орыс және ағылшын тілін жетік меңгеріп шықса несі айып? Алайда мені ойландыратыны мынау: үш түғырлы тіл дейміз де, соның бірі – орыс тіліне мемлекеттік тілмен қатар қолданылатындай құзырет береміз. Бұл қалай? Конституцияның 7-бабындағы орыс тілінің статусы туралы сөйлем қайта қаралсын. Орыс тілі одан еш кемістік көрмесі анық. Меніңше, тіл саясатында осындай әділдік керек! Байқаушы: – Маусым айының жағымды жаңалығының бірі – Қазақ теледидары тағы бір тәулік бойы жаңалық тарататын телеарнамен толықпақ. Осыған дейін «Балапан» және «Мәдениет» атты телеарналардың да іске қосылғанынан құлағдармыз. Ауыл-ауылдағы қалың көрермен олар туралы естігені болмаса, көрген емеспіз. Ол хабарлар спутниктік және кабельдік жүйелер арқылы таралса керек. Әйтеуір Орталық теледидардан көрсетілмейтіні анық. Ал біздің шекаралық аймақ тұрғындары көршілес елдердің ондаған телеарналарына телміріп, орысша «говориттап», өзбекше «гәпіріп» жүр. Облыс орталықтарындағы қонақүйлерден, «Алакөл» сынды шипажайлардан «Қазақстан» мен «Хабардың» өзін таппай қор боласың. Бізді таңғалдырғаны – еліміздің төрт бұрышында да туысқан түрікмендердің бірнеше телеарнасы көрсетіп тұр. Сірә, оның бағасы сутегін болса керек. «Асыл арна» телеарнасы: – Құрметті редакция! «Апта сауалын» көріп, елмен тікелей байланыс орнатып жатқан тірліктеріңізге ризамыз. «Асыл арна» телеарнасынан соңғы кезде көз жазып қалған жамағат бізді іздеуде. Мүмкіндік болса сіздің газет арқылы аз-кем жауап бере кетпекпіз. «Асыл арна» 2007 жылы қыркүйек айында Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының тікелей қолдауымен жеке студия болып құрылды. Ал 2009 жылы тамыз айынан бастап кабельдік жүйе арқылы Алматы қаласы мен Алматы облысына хабар тарата бастады. Бір жылдың ішінде көрермендерге ақпараттық-сараптамалық, тарихи-танымдық, рухани-өмірбаяндық, оқу-ағартушылық және әлеуметтік-экономикалық бағыттағы «Жұма мүбарак», «Біздің мешіт», «Құбыла», «Ел ішінен», «Жұмадан жұмаға дейін», «Мінбер», «Бабалар – асыл даналар», «Ислам және мәдениет», «Иман нұры», «Дария-дәстүр» атаулы 40-тан астам жоба ұсынылды. Әрине, арнаның негізгі мақсаты – Алла тағаланың Хақ діні Исламды ел ішінде насихаттау арқылы мұсылмандар арасындағы өзара түсіністік пен келісімді нығайту және Қазақстан халықтарының ынтымақтастығын арттыру екендігі белгілі. Бұл тұрғыда арнаның Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасымен және Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігімен тығыз байланыста жұмыс істеуі өз нәтижесін беріп келеді. Қазір арнада Рамазан айына байланысты «Қасиетті Рамазан» атты арнайы жоба тікелей эфирден өтуде. Бағдарлама отыз күн бойы жалғасады. Студияда білімді имамдар мен дінтанушылар, белгілі қоғам қайраткерлері өз ойларын ортаға салады. Кабельдік желі арқылы таралатын арнамыз қазір сандық желі арқылы ғана көрсетіледі. Онда да арнайы «Діни пакетті» сұрауыңыз керек. Сонымен бірге арнаны интернет арқылы Онлайн-режимде көре аласыз. Біздің мекенжай: NSS-6, 95°, Frequency-11136, VSR – 2960 FEC – 5/6 RANGE - Ku n_аskarov@mаil.ru: – «Ана тілі» газетінің 2012 жылғы 5-11 шілдедегі «Ай сауалы» айдары аясында жарық көрген Ғарифолла Әнестің «Мемлекеттік тіл түйткілдері» атты жарияланымы көтерген мәселелерінің өзектілігімен ой салып отыр. Әсіресе, қазақ тілінде дайындалатын құжаттардың орыс тілінің ықпалынан арыла алмай отырғаны орынды айтылған. Бүгінде Қазақстанның мемлекеттік мекемелерінде бүкіл ресми құжаттардың барлығы алдымен орыс тілінде дайындалып, содан кейін аудармашылардың көмегімен аударылатыны белгілі. Соның салдарынан көптеген келеңсіздіктерге душар болып отырмыз. Материалда айтылғандай қазақ тілінің әліпбилік реті бір бұзылса, екіншіден, ана тілінің заңдылықтары белден басылуда. Басқаны былай қойғанда, ел атауы – «Қазақстанның» өзі орыс тілінде дұрыс жазылмайды. Оның ағылшын тіліндегі транскрипциясы да орыс тіліндегі нұсқасына негізделіп, өрескел бұрмалаушылыққа ұрынған. Айталық, орыс тілінде «Казахстан» деп таңбаланған. «Қ» әрпіміздің бастапқысында «к» деп, екіншісін «х» деп белгіленуінде қандай заңдылық бар? Қисындысы «Казакстан» немесе «Хазахстан» емес пе?! Ал ағылшын тілінде осы орыс тіліндегі қателікті негіз етіп «Каzahkstan» түрінде жазылады. Ел атауын бұрмаламай «Qazaqstan» деп жазуға не кедергі? Оған кім қарсы? Сондықтан ендігі кезде ел боламыз десек, ел атауынан бастауымыз қажет.

Хат жазыңыз, хабар күтеміз. Біздің электронды мекенжайымыз: anes_gk@mail.ru, anatili_gazeti@mail.ru, aiser-1987@mail.ru

2754 рет

көрсетілді

38

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6359

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5792

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3533

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2915

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2876

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2855

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2585

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2570

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы