• Әдебиет
  • 19 Шілде, 2012

Ғабеңнің оқулықтары

Асқар таудың алыстаған сайын биіктей түсетіні секілді, ұлы тұлғалардың асыл бейнелері, бүкіл рухани әлемі өмірден озған соң күннен-күнге, жылдан-жылға асқақтай көрінетіні заңды құбылыс. Ал оның артында қалған мұралары жер шарының географиялық картасының әсем суреттеріндей көзге шалынады. Кемеңгер қаламгер, классик жазушымыз Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповтің жазушылық ғұмыры мен шығармашылық еңбектері туралы ой қозғағанда әрбір көзі қарақты оқырман осындай әсер-сезімде болса керек-ті.

Рас, мәшһүр жазушының әр жылдары аталып өтілетін кезекті мерейтойларында біршама игілікті іс-шаралар атқарылып, оның өмірі мен рухани мұраларына қатысты бірқатар орнықты ой-пікірлер жинақталып, қорытылып жатқандығында дау жоқ. Алайда бұл ретте жазушының шығармашылығында әлі де болса жете назар аударылмай келе жатқан аса маңызды жайттар, тың тақырыптар бар екені жасырын емес. Айталық, әйгілі қаламгердің ұлан-ғайыр ой-пікірлері, оқулық және оқу құралдарын, әдістемелік еңбектері жазу жұмысындағы баға жетпес мұралары, дидакт-әдіскер ретіндегі таным-тұжырымдары талай-талай зерделі зерттеулердің, іргелі ізденістердің, байыпты басқосулар мен келелі кеңестердің әңгіме өзегі болуға сұранып тұрғаны айдан анық. Осы мәселенің бір қырын ұлы суреткердің туғанына 110 жыл толуына байланысты арнайы сөз еткеніміз, айрықша атап айтқанымыз орынды болар дейміз. Ол – оның оқулық жазу жұмысына қатысудағы ерен еңбегі. Бүгінде белгілі бір пән бойынша жасал­ған тұжырымдаманы ғылым негіздерінен бе­рі­летін білім мазмұнының алатын арқауы деп айтар болсақ, оқу бағдарламасы – сол бі­лім мазмұнына тартылған көген, яки тұтас желі іспетті саналады. Ал оқулық (осы атал­­ған нормативтік құжаттарға бағындырылған) – білім беру мекемесінде оқитын шәкірттердің басты оқу кітабы, әрі жалпы көпшіліктің, оқырман қауымның таным­дық-тәр­биелік қажетін өтейтін рухани қымбат қазына. Өйт­кені оқулық арқылы сан мыңдаған жас жеткіншектер, бірнеше ұрпақ өкілдері сауатын ашады, білім нәрімен сусындайды, өнегелі тәрбие үлгілерін бойына сіңіреді. Осы тұрғыдан алғанда біз бәріміз де ұлы Ғабеңнің шәкіртіміз деп айта аламыз. Сол ғазиз жанның тәрбиесін көрдік, өнегесін алдық, сол кісінің ықпалымен өстік. Олай дейтініміз, ең алдымен Ғ.Мүсіреповтің өзі жазған немесе басқа авторлармен бірлесе жазған оннан астам оқулықтары бойынша алдыңғы толқын бірнеше ұрпақ өкілдері сауаттанып, білім алды. Одан соң бертінгі буын, біздің замандастарымыз бен бізден кейінгі өскелең өркен тіл-әдебиет оқулықтарындағы жазушы шығармаларының мән-мазмұнынан тәлім-тәрбие көрді. Күні бүгінде де мектеп қабырғасындағы сан миллиондаған жас жеткіншек бастауыш сыныптардан бастап сынып дәрежесі жоғарылаған сайын кемел суреткердің ұшқыр қаламынан туған көркемдік қасиеті биік туындыларын оқып, өсіп келеді. Мұны – Ғабит Мүсіреповтің ал­ғаш­қы қазақ оқулықтарының тұңғыш авторларының бірі, дарынды дидакт, тамаша педагог екендігін оның шығармашылығы­ның алғашқы жылдарында жазған тамаша оқулықтары, оқу құралдары, оқу-әдістемелік еңбектері дәлелдейді. Айталық, Ә.Байділдинмен екеуі бірігіп жазған «Қызыл әскер әліппесі» (Қызылорда, «Қазақстан» баспасы, 1929 жыл), одан соң жеке өзі жазған «Қызыл әскер әліппесі» оқулығы (Қызылорда, «Қазақстан» баспасы, 1930 жыл), «Жаңа күш: сауатсыздықты жоюға арналған әліппе» оқулығы (Алматы, «Қазақстан» бас­пасы, 1931 жыл), І.Жансүгіровпен бірігіп құ­растырған «Көркем әдебиет жинағы: орта мек­тептің 6-шы оқу жылы үшін» оқу құралы (Қызылорда, «Қазақстан» баспасы, 1933 жыл), Б.Майлинмен бірігіп жазған «Сауат үшін: сауаттандыру мектептеріне арналған әліппе құралы» оқулығы (Алматы, «Қазақстан» бас­пасы, 1933 жыл), тағы да Б.Майлинмен бірге жазған «Сауатсыздар әліппесі» оқулығы, (Алматы, «Қазақстан» баспасы, 1934 жыл), Б.Майлин, Ә.Сыдықовтармен үшеуі бірігіп жазған «Сауаттандырғыш: сауатсыздар әліппесі» оқулығы (Алматы, «Қазақстан» баспасы, 1934 жыл), Ә.Сыдықовпен екеуі бірге жазған «Әліппе: үлкендер мектептеріне арналған» оқулығы (Алматы, «Қазақстан» баспасы, 1936 жыл), Қ.Бекхожин, Қ.Жармағамбетовпен үшеуі бірге жазған «Қазақ совет әдебиеті», 10 класс оқулығы (Алматы, ОҚБ, 1948 жыл), Қ.Бекхожин, Қ.Жармағамбетов, С.Сейітовтермен бірігіп жазған орта мектептерге арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығы (Алматы, ОҚБ, 1949 жыл), т.с.с. оқу-әдістемелік еңбектері жазушының халық ағарту майданында елдің сауатын ашуға, ана тіліміздегі төл оқулықтарды жазу жұмысына шынайы жанашырлықпен белсене атсалысқанын айғақтайды. Аталған оқулықтар мен оқу құралдарын жазу үстінде Ғабит Махмұтұлының ағартушылық қарым-қабілеті, ұстаздық ұлағаты барынша жарқырап танылғаны белгілі. Мұны оқулықтардың дидактикалық құрылымынан, әдістемелік нәрлілігінен, оқу мәтіндерін берудегі автордың жай адам емес, кәсіби жазушы екендігін аңғартатын суреткерлік қолтаңбасынан анық байқауға болар еді. Жасыратыны жоқ, жазушы шығарма­шылығын зерделеуде зерттеуші ғалымдар көбіне-көп Ғабеңнің оқулықтарына мән бермейтін секілді. Бұларға жай ғана мектеп оқулығы ретінде немкетті қарайтындай көрінеді. Біздіңше, бұл дұрыс емес. Өйткені мұндағы ұлы суреткердің дарабоз дидакт, үлкен әдіскер екендігін танытатын ғаламат мысалдарды былай қойғанда, оның әдеби- шығармашылығының мөлдір бастауы – алғашқы жылдардағы поэзиялық, прозалық, тіпті драмалық шығармаларының жылт етіп көрінген ілкі тұстары, тырнақалды туындыларының тұңғыш іздері осы оқулықтарында сайрап жатқаны байқалады. Ұлы Ғабең жазған немесе жазуға қатысқан әрбір оқулық, әрбір оқу құралы қайта басылған сайын өңделіп, жаңа оқу материалдарымен, сәтті мәтіндермен, тың туындылармен толықтырылып отырғаны мәлім. Бұл әрі жазушының оқулық авторы ретіндегі шеберлігінің өсу динамикасын, оқулық жасау технологиясын жете меңгеріп, оны жетілдіріп отырғанын да көрсетеді. Мұны ол оқулықты қалай пайдалану жөніндегі ұстаздар қауымына арналған әдістемелік нұсқауларында нақтылы мысалдармен орынды ескертіп отырады. Мәселен, 1930 жылы жарық көрген «Қызыл әскер әліппесі» оқулығының «Жазушыдан» атты кіріспе сөзінде одан бір жыл бұрын Ә.Байділдинмен бірге жазған әліппеден айырмашылығы жөнінде автор былай дейді (Біз мұнда Ғ.Мүсіреповтің әдістемелік ой иірімдерін, оның оқулық жазу өнеріндегі өзіндік өрнегін таныту, айырмашылығын байқату мақсатында кіріспе сөзді тұтас келтіріп отырмыз): «Өткен жылғы мәдениет аттанысымен, жастарды соғыс іліміне үйрететін қарсаңда «Қызыл әскер» әліппесінің тығыз керектігі болғандықтан, аз күннің ішінде бір әліппе соғып шығара қойғамыз. Ол әліппеде үлкен кемшіліктер бар еді. Ешкім көрсетпесе де жазушылардың өздеріне бадырайып-ақ тұрды. Бірақ уақыт тығыздығы, жаңа ғана алынған жаңа әліппені тез кітап басып шығарудың керектігімен есептесіп, кемшілігі бар күйінде басылып кете барған. Ондағы ірі кемшілік әліппе жағының дұрыс делініп жүрген әдістердің біреуіне де толық жанастырылмағандығы, ұзын әңгімелер тіркеліп «Оқу құралын» да әліппемен бірге шығарғандығымыз еді, емле қатесі де аяқ алғысызға жақын еді. Сол кемшіліктердің біразын жою үшін, бұрынғы қызыл әскер әліппесін мүлде тас­тап, оның орнына жаңадан жазылған осы әліппені ұсынып отырмыз. Мұны жекелеп алған «әліппе» деуге болады. Оқу құралын жеке шығармақпыз. Онда да өңкей саяси мәселелермен толтырмай, әскер өміріне, әскер тәрбиесіне байланысты, оқуға жеңіл, ұсақ әңгімелер қоспақпыз. Бұл әліппеде де кемшілік бар. Жеке сөздерді, буындарды мүлде тастап, қысқа сөйлемдерден бастау керек еді. Бірақ оқушылардың көбіне ауыр соғар деген оймен кеспе әліппенің қызметін де мойынға алуға тура келді. Оқушылар да, оқытушылар да мұны ескерсін. Әдіс жағындағы кемшіліктерін көрсеткен жолдастарға алдын ала алғыс айтам. Ғабит». Міне, ұлы ұстаз ұлағаты, тарлан талант тағылымы осы болар. Бұл орамды ойлар, мұндай әдістемелік шешімдер халқымыздың рухани көсемі атанған Ахмет Байтұрсынұлының, дарқан дала дауылпаздары Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы сынды алты Алаштың ардақты арыстарының мектеп оқулығын жаппай жұмыла жазудағы өрелі өнегесін тағы да еріксіз еске алдырады. Тегінде Ғабит Мүсіреповтің 1929 жылы Ә.Байділдинмен бірігіп жазған «Қызыл әскер әліппесі» атты оқулығы да дер кезінде, өз уақытының тиісті міндетін атқарды. Оқулықта халық ауыз әдебиеті үлгі­лері­­нен әртүрлі жұмбақтар беріледі. Олар оқушының логикалық ойлау дәрежесінің қалыптасуына, оқу жұмысына зеректігін арттыруға зор ықпал ететіні сөзсіз. Енді осыған назар аударамыз: «Жұмбақтар» 1. Ти десем тимейді, тиме десем тиеді. 2. Қара сиырым қарап тұр, қызыл сиырым жалап тұр. 3. Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау. 4. Жетпіс кемпір жер тістеп жатыр. 5. Үй үстінде уақ тас. 6. Жайсам жамшыдай, жинасам қамшыдай. 7. Мың қойымды бір шыбықпен айдадым. 8. Аттан биік, иттен аласа. 9. Ала күшігім жүгіре-жүгіре буаз болды. 10. Менің бір жолдасым бар. Қайда барсам қасымнан қалмайды. Менсіз ешқайда бармайды. Бірақ қараңғы болса, ғайып болады. Сендерде ондай жолдас бар ма?». «Ақылдың көзі – халықтың сөзі» дейді атамыз қазақ. Халық даналығының інжу-маржандары – мақал-мәтелдер екені баршаға белгілі. Әліппе оқулығында бұған да ерекше мән берілген: «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», «Ер мойнында қыл арқан шірімейді», «Құс қанатымен ұшады, құйрығымен қонады», «Еңбек етсең емерсің», «Бай – байға құяды, сай – сайға құяды», «Еңбексіз ит жер, бейнетсіз бит жер», «Атымның сыры өзіме мәлім», «Айбар керек, әл керек, әлсізге айбар не керек», «Жау аяған жаралы болады», «Ердің жолдасы қолындағы қаруы, қайда барсаң да қаруыңнан айырылма», «Мұзға сүйенбе, жауға сыйынба», т.б. Әліппеде халық ауыз әдебиетінің ендігі бір түрі – жаңылтпаштарға да тиісті орын берілген. Жаңылтпаш – жеке адамның, әсіресе, жас жеткіншектердің ауызекі сөйлеу тілінің дамуында маңызды рөл атқарады. Мұнда автор жаңылтпаш мәтіндері алдында шәкірттерге: «Бірнеше рет шапшаң айтыңдар» деген әдістемелік-нұсқау тапсырма ұсынады: «Жаңылтпаштар» 1. Қосет атам ет асатар, ет асатса бес асатар. 2. Баздан келген ала боқшама, ол боқшаманы мен боқшамаламай кім боқшамалайды. 3. Әй Тайқарбай, қойыңды ана қырға жай Тайқарбай. Әліппеде сонымен қатар араб цифрлары мен рим цифрлары, әртүрлі тақырыптағы тәрбиелік мәні бар мәтіндер берілген; оқушыларды білімді болуға, елді сүюге, бейбітшілікті сүюге үйрететін шығармалар қызыл әскер тұрмысына байланыстырыла іріктелген. Мысалы, «Кітапты жөндеп ұстай алмаған адам, мылтықты да жөндеп ұстай алмайды» деген сияқты білім алу мәселесі кез келген өмірлік жағдайлар секілді қызыл әскер өміріне байланысты жайттармен, оқиғалармен ұштастырылады. Ә.Байділдинмен бірге жазған 1929 жылы шыққан «Қызыл әскер әліппесі» оқулығына қарағанда Ғ.Мүсіреповтің жеке өзінің авторлығымен 1930 жылғы шыққан әліппе оқулығы анағұрлым жетілдірілген, көп өзгерістер енгізіліп-толықтырылған, білім мазмұны біршама жаңартылған оқулық. Ондағы оқу материалдары оқушы ойын дамыту мақсатында жеңілден ауырға, оңайдан қиынға, қарапайымнан күрделіге қарай сабақтаса дами түседі. Автордың қызыл әскер өмірін жетік зерттегені, әрі соған сай оның тыныс-тіршілігін орамды ой, бедерлі суреттермен дәл жеткізетіні аңғарылады. Оқулықта кеңестік құрылыс, әскери өмір, оның еңбекші бұқара халықпен байланысы, әскер тұрмысына қатысты сипат-белгілер, оның ішкі құрылымы, ереже-қағидалары шебер беріледі. Айталық, әліппенің алғашқы беттерінде 24 әріппен жеке-жеке таныстырылып, олардың баспа түрі мен жазба түрі, одан жекелеген сөздердің жазылуы үйретіледі де оқу үшін екі-үш сөзден құралған сөйлем мәтіні оларды буынға бөлу, жазбаша таңбалау, күн, ай, жыл аттары, рим, араб цифрлары, метр өлшемдері, ұзындық көлемі, сұйық, салмақ өлшеуіштері көрсетіледі. Содан әліппенің 8-бетіне келгенде ұ, ү, ң, һ секілді ерекше әріптер ұсынылып, әрі қарай аталған әріптерге байланысты шағын әңгіме мәтіндері, өлеңдер, карта-лото ойындары, сондай-ақ оларды ойнау тәртібі келтіріледі. Оқулықтағы «Әскер жиналысы», «Ме­нің көргендерім» атты топтамамен – «Барыс», «Жолбарыс», «Ақ аю», «Аждаһа», «Піл», «Арыстан», «Белесепет», «Мотосекіл», «Аптамабіл», «Аптобус», «Тырамбай», «Ыстанса», «Парабоз», «Пойыз», «Тырактыр» (Біз бұл сөздерді әдейі сол кезгі жазу тәртібіне сай, өзгертпей беріп отырмыз – Б.С.) секілді шағын әңгімелер «Жинақ бол!», «Қызыл әскер төсек орныңды таза ұста», «Қызыл әскер атыңды күт!», «Кітапты ұстай білмеген мылтықты да ұстай білмейді», «Камсамол қызыл кеменің қамқоры», «Жалпыға міндетті соғыс қызметі», «Соғыс қызметіне шақырылудан бұрынғы әзірлік», «Қызыл ант», «Қызыл ту белгісі», «Кеңестер одағының таңбасы (геріп)», «Пурлетариат төңкерісінің көсемдері», «Төңкеріс күндері» секілді әскери-саяси өмірдің сан-салалы жақтарын қамтитын әңгіме-мәтіндер беріледі. Бұл оқу материалдары танымдық-тәрбиелік тереңдігімен де, көркемдік қуатымен де ерекше көзге түседі. Мұнда, сөз жоқ, ұлы суреткердің қаламгерлік қарым-қайраты айқын байқалады. Қысқасы, Ғ.Мүсіреповтің «Қызыл әскер әліппесі» оқулығы өз заманында қызыл әскер жауынгерлеріне арналған сауат ашу мектептерінің негізгі оқу құралы болып есептелінген. Аталған оқулық оның авторы Ғ.Мүсіреповтің әрі әдіскер-әдебиетші, әрі тамаша педагог екендігін танытатын ағартушылық бағыттағы ерен еңбегінің нәрлі жемісі іспетті. Әліппе жай оқу құралы ғана емес, сонымен қатар жаңа социалистік құрылысқа аяқ басқан қазақ халқының қоғамдық өміріндегі саяси өзгерістерді, әлеуметтік қопарылыс-құбылыстарды бейнелейтін көрнекті қаламгердің сол кезеңге өзіндік көзқарасын, ұстанған азаматтық позициясын, рухани-адамгершілік ұстанымдарын анық аңғартатын зерделі зерттеу нысаны да. Өйткені, өкінішке орай, осы күнге дейін ұлы жазушының жазған бұл оқулығы педагог-ғалымдар тарапынан да, әдебиетті зерттеуші ғалымдар тарапынан да тиісті назар аударылып, өз бағасын ала алмай келеді. Тіпті, кемел суреткердің қаламынан туған осынау мол мұра егеменді елдігіміз тұсындағы жаңа буын төл оқулықтарымызды жасау жұмысымен айналысып жүрген авторлар қауымының да көңілін аудармауы ойландырарлық. Қалай дегенде де, «Әліппе» – Ғ.Мүсіреповтің елжандылық сезімінің ерекше ашыла түскен кезеңін көрсететін, қара орман халықтың қалың бұқарасының сауатын ашу, білімін көтеру, сапалы тәрбие беру ісіне белсене үлес қосқанын аңғартатын, педагогтық-ағартушылық қызметіндегі тынымсыз ізденіс іздерін байқататын оқулық. Ғабит Мүсіреповтің екінші бір тартымды жазылған оқулығы – 1931 жылы жарық көрген «Жаңа күш: сауатсыздықты жоюға арналған әліппесі». Бұл оқу құралы халық ағарту комиссариаты жанындағы Ғылыми-әдістемелік кеңес тарапынан мақұлданып, «Қазақстан» баспасынан 800000 дана таралыммен жарыққа шыққан. Әліппе латын әрпімен терілген. Онда латын әріптерінен жасалған алфавит бойынша әр бетке жеке-жеке әріптер ұсынылып, жанына сол әріптер қатыстырылған сөздер беріледі. Оқулықтың аты айтып тұрғандай сонау өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы елдегі жаппай сауатсыздықты жоюға бағытталған әліппе. Ол 55 беттен тұрады. Мұнда 33 әріп оқытылады. Әліппеде қандай оқу тапсырмасы болсын осылайша жеңілден ауырға қарай ауысып отырады. Мұнда автор ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының: «Сауаттану жас балалардың жүруге үйренгені мысалды: бастапқы кезде балалар аяғын бір басып, бір тұрады; одан соң апыл-тапыл басып жүруге жарайды. Одан кейін ақырын да болса кәдімгідей жүретін болады. Онан әрі жүгіруге жарайды; жүгіруге жарағаннан әрі жарысқа түсіп, жүрісті өнер есебінде қолдану даражаға жетеді» деген әдістемелік тұжырымын мықтап ескергені байқалады. Ғ.Мүсірепов оқулығында осы мәселені үнемі басшылыққа алып отырған. Мысал үшін әліппеде барлық әріптер өтілгеннен кейін әр түрлі сұрау-тапсырмалар мен оқу мәтіндері берілген. «Мына сөздердің қалай жазылуын байқаңдар» «Күрең ат жүрдек, жаздыгүні бөрік ауыр болады. Күндіз қой бағып, түнде жылқы күзететін батырақ едің. Күндіз-түні дамыл болған ба? Үздік-үздік дем аламыз да жүре береміз. Күзді күні күндіз-түні дамыл көрмейміз. Қара түнек соғып тұрғанда да қолдан күрек түспейтін еді. Дүрс-дүрс етіп, өтті де жатты». Жазушы кез келген мәтінді ел өмірінен, қарапайым халық тұрмысынан оқушының ой-қиялына, дүниетанымына лайықтап алып отырған. Сондай-ақ дидактикалық амалдар – сұрау-тапсырмалар жүйесі, оқу-әдістемелік талап-тілектер әліппе мазмұнында орайлы орналастырылған. Жоғарыда мысалға келтірілген мәтіннің алдындағы «Мына сөздердің қалай жазылуын байқаңдар» деген ескерту мен мәтіннен кейін берілген «Осы секілді дүдәмал естілетін сөздерді өздерің тауып жазыңдар. Осы сөздердің ішіндегі дүдәмал буындарды айырыңдар» деген сияқты тапсырмалардан автордың оқулық жазуға қойылатын дидактикалық талаптарға ерекше мән бергеніне куә боламыз.Ұлы жазушы оқулықтың негізгі мақсаты – 1930 жылдардағы ел ішін жайлаған сауатсыздықты жоюға арналғандын, әсіре­се, шәкірттерге қара танытып, сөздерді дұрыс жазуға, дұрыс оқуға, грамматикалық және орфоэпиялық қателерді жібермеуге үйрету қажет екенін мықтап ұғынған. «Жаңа күш: сауатсыздықты жоюға арналған әліппе» оқулығы Қазан төңкерісінен кейінгі қазақ халқының өміріндегі әлеуметтік-экономикалық, саяси-идеялық өзгерістерді айқын бейнелеп көрсеткен тарихи мұра десе де болғандай. Оған енген оқу материалдары социалистік қоғамға, жаңа өмірге бет бұрған, оның қалыптасып дамуына белсене араласқан халқымыздың тыныс-тіршілігін, көңіл-күй ауанын, ұлттың түйсік-сезімін, сол дәуірдің рухын көрсетеді. Оқулықтағы әңгімелер, өлең-жырлар, суреттеме-мақалалар идеялық бағытының айқындығымен, ұлт­тық ерекшеліктерді дәлме-дәл суреттеуімен көңілге қуаныш ұялатады. Мұның өзі әліппе авторының ағартушылық-педагогтық ойларымен, әдіскерлік-ұстаздық шеберлігімен үндесіп, әсем келісім тауып жатады. Оқулық материалдарының барлығы дерлік бір мақсатқа жұмылдырылған, ол – жас жеткіншектерді, жалпы оқырман қауымды, жаңа қоғам құрылысына адалдыққа, отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, еңбек­сүйгіштікке, коммунизм құрылысы ісіне берілгендікке, адамгершілікке тәрбиелейді, жаңа өмірге үндейді. Әліппеде әдебиетіміздің әйгілі қайраткерлері С.Сейфуллиннің «Сәбетістан – екіспрес», «Отарба», «Радио», «Тоқу пабригінде», І.Жансүгіровтің «Тірәктір», А.Тоқмағамбетовтың «Ауылда», «Төраға», С.Мұқановтың «Еңбекші әйел еңбектен», «Қыран құс» секілді шығармалары берілген. «Радио деген шынында сымсыз телгірам, – дейді «Радио» атты көркем мәтінде. – Бұл өтірік-өсек тасымайды. Күнбе-күнгі шын хабарларды сол мүйнетінде бүкіл жер жүзіне таратып болады. Радиосы бар ауыл күнбе-күн жер жүзінде не жаңалық болғанын біліп отырады. Әртелдер, құлыптар (клубтар – Б.С.) радио орнатулары керек». Мұндай күнделікті өмірдегі өзгерістер, маңызды жаңалықтар әліппеде молынан келтіріледі. Тағы да бір айрықша атап өтетін нәрсе – оқулықтағы оқу материалдарының денін автордың жеке өзінің жазып шыққандығы қуантарлық жайт. Оқулықтағы ұсынылған көркем әңгімелер, өлең-жырлар, әдеби-мәтіндер оқушыларды халықтың күнделікті тұрмыс жайынан, қоғамдық өмірдегі болып жатқан әртүрлі өзгерістерден, тәлім-тәрбие жұмысының сан-салалы түрлерінен хабардар етіп, білім-нәрін береді. Айталық, Ілияс Жансүгіровтің «Тірәктір» өлеңі оқушысын ел өміріндегі өзгеріспен, ауыл тұрмысындағы жаңалық­пен таныстырады: Тау күңірентіп тасбақа, Теміртонды тасбақа, Келді ауылға, тірәктір, Шөккен нардай шоқтығы, Майлы жарғақ шопыры, Бинттерін бұрап тұр. Оқулықта келтірілген Сәбең Мұқанов өлеңі де замана шындығын көрсеткендей: Түбіне жеткен қалың мал, Жасырын түрде әлі бар. Әмеңгерлік, қос қатын, Жасты «сүйген» кәрі шал. Еңбекші қазақ әйелі Осыларды есіңе ал, Есіңе алып құр қойма, Кедергі бол, тию сал, – дейді «Еңбекші әйел еңбектен» атты өлеңінде. Оқулықтың құрылымына зер сала отырған адам оның негізгі үш бөлімнен – әліппе бөлімі, оқу материалдары бөлімі және арифметика бөлімінен тұратынын байқайды. Бұл бөлімдер мазмұндық идеясы жағынан да, құрылымдық түрі жағынан іштей үндесіп сабақтасып жатқаны аңғарылады. Кейінгі екі бөлімнің өзі бірнеше тарауларға бөлінген. Осы секілді танымдық-тәрбиелік мәні бар, әртүрлі ғылым негіздері молынан қамтылған оқулықтарды орыстың ұлы педагогы К.Д.Ушинский кезінде өте жоғары бағалағаны белгілі. Белгілі орыс ағартушысының «Педагогические поездки по Швейцарии» деп аталатын еңбегінде Берн мектептерінде болғанын, онда тарих, география және жаратылыстану пәндерінен жасалған бірегей оқулықтарды кездестіргенін, оған үлкен қызығушылық танытқанын баяндайды: «Мен мұндай пән туралы көптен армандаймын. Сондықтан мұны осында кездестіріп қатты қуандым. Бірақ бұл тапқаным мені толығымен қанағаттандырмады. Жақсы бастама әлі де жетілдіре түсуді қажет етеді. Дүниенің тұтастығын таныту үшін барлық үш пәнге байланысты көптеген педагогикалық жұмыстар жүргізілуі керек». Бұл ретте Ғ.Мүсіреповтің талданылып отырған оқулығы да осындай түрлі ғылым салаларының оқу материалдары молынан қамтылған оқулық дей аламыз. Оқулық жазу жұмысы оңай шаруа, же­ңіл-желпі қарайтын іс емес. Ол автордан бі­лім-білікпен қатар қыруар мехнатты еңбекті, тынбас ыждағаттылық пен төзімділікті, үлкен ізденімпаздықты талап етеді. Мұны сол жылдардағы осынау алғашқы буын оқулықтардың дүниеге келуін дәлелдейтін мына төмендегі деректер айғақтайды. Бұл – Бейімбет Майлиннің Ілияс Жансүгіровке 1929 жылдың 22 мамырында жазған хатынан үзінді: «Ілияс! Аман шығарсың. Мен де сондай. Қостанайдан келгелі жұмыс басты болып кеттім. Наркомпростың бір кітабы бар еді, қысып бітіріп алды. Енді бір дем алам ба деп ем, календарьды сұрап Казиздат шыға келді. Бір қиын жері – жаңа әліппені жазуға тура келді, жазу өнбейді. Адамның зығыры қайнайды. Ана сенің әзірлеп кеткен материалдарыңды бүгін қарастырып едім, тым ұзақ екен. Ішінен бірнеше рес­публикаларды ғана алып, КИНО-ның бір баласына көшіруге бердім. Бәрінен қиыны отпускадан қалғаным болды. Июньнің басында Ғабит кетеді… Биекеңнің отпускасы сентябрьден я әрі, я бері болады ғой деймін». Биағаңның осы жоғарыда айтқандарының өзі оқулық, оқу құралдарын әзірлеу қиындықпен, машақатты еңбекпен келетінін сезіндіреді. Осы ретте «Жаңа күш: сауатсыздықты жоюға арналған әліппе» оқулығы елін сүйген жазушының нағыз патриоттық жанкешті еңбегі екенін қадап айтқан жөн. Кейінгі ұрпаққа соншалықты мол әдеби-мәдени мұра сыйлаған ұлы қаламгердің педагогтық-ағартушылық саладағы көркем кестемен қалдырған соншама құнды оқулықтары мен оқу құралдарына қарап оты­рып қызығасың, таңдай қағып қуанасың. Бұл болашақ классик жазушының оқулық авторы ретіндегі ешкімге ұқсамайтын өзіндік құпия қырларын, қайталанбас қолтаңбасын паш етеді. Бұдан кемел суреткердің шынайы адамгершілік парасатын, ағартушылық биік рухын бағамдауға болатындай. Ғабит Мүсіреповтің келесі бір шоқтығы биік еңбегі – Бейімбет Майлинмен қосарлы авторлықта жазған «Сауат үшін: сауаттандыру мектептеріне арналған әліппе құралы» (1933) кітабы нақты әліппе оқулығы болмаса да әліппе орнына пайдалана алатын көмекші құрал есебінде жарық көрді. Олар кітаптың алғысөзінде мұның себебін, егер «әріптің жазба түрін беретін болсақ әліппе тез арада жазылатын болмады, ал оқытуды оңайлататын суреттерді берсек басылу кешігетін болды, сол себепті әріптің жазба түрін оқытушының өзі көрсетіп, қосалқы материалдарды өзі толықтыруы керек» деп түсіндіреді. Қос жазушының да бір кездегі оқытушы болған ұстаздық, әдіскерлік тәжірибесін осы көмекші құрал мазмұнынан да байқауға болады. Мұнда әр бет бойынша латын қарпінің әліпбиі ретімен әріптер тізіліп, соған сәйкес келетін сөздер берілген. Бұдан кейін жаңа әріптер ұсынылып, осыған дейінгі үйренген әріптердің тізбесінен сөздер құралған. Сөйтіп, сауат ашуға бет бұрған адам жай сөзден сөйлем құрауға, жай сөйлемнен күрделі сөйлем жасауға көшеді. Бір назар аударатын жайт: Бейімбет пен Ғабиттің осы «Сауат үшін» еңбегінің 1935 жылы «Букварь для ликбезников» деп орысшаға аударылып шығуы да оның осындай тиімді оқыту құралы бола білгендігімен байланыста болса керек. Бұл сонымен бірге алдағы уақытта жетілдіріліп, толықтырылып жазылуға тиісті жаңа оқулықтың негізін қалады. Ол әліппе «Сауаттандырғыш: сауатсыздар әліппесі» деген атпен, 1934 жылы 150 мың дана таралыммен Алматыда «Қазақстан» баспасында жарық көрді. Авторлары – Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов және Әміржан Сыдықов. Осынау үш автордың үш мәрте басылым көрген бұл әліппесі қазақ халқының тұтастай бір ұрпағының жаңа әріппен сауат ашуының бастауында тұрды. Бұл «Әліппе» оқулығының да мақсаты – алғашқы оқулықтар секілді алдымен әріптермен таныстырып, сауат ашу, одан соң шәкірттер әріп таныған соң оқу материалдарымен, көркем мәтіндермен оқытып таныстыру, соңынан арифметикадан хабардар етуден тұрады. Бірақ бұл әліппенің құрылымы бұ­рынғылар секілді болғанымен, алғашқы­лардан ерекшелігі оқу материалдарының мән-мазмұны жаңа, мәтіндері оқуға жеңіл, ойы жинақы, көркемдік қуаты анағұрлым жоғары еді. Онда ұсынылған әрбір әдеби мәтін оқушысына жақсы әсер қалдырып, әдебиеттік оқу жұмысына шәкірттің ынта-ықыласын арттырары анық болатын. Мысалы, әліппенің «Оқу материалдары» атты тарауындағы «Ескі өмір» тақырыбымен Ұмсындық дейтін қалқозшы әйелдің сөзінен берілген шағын әңгіме оқушы назарын өзіне аударары сөзсіз: «…Біз не көрмедік! Байдың есігінде басыбайлы күң едік. Күндіз-түні тынымсыз жұмыс істеумен болдық. Сонда да тойынбаймыз, аш-жалаңаш жүргеніміз. Өлетін болған соң байдан іргемізді аулақ салдық. Керек дүниенің бірі жетсе, бірі жетпейді. Байдан қарыз сұрасақ ол бізді сықақ қып: – Құдайдан сұра, құдай береді, – дейтін еді. Сол күймен жүріп өктәбір төңкерісіне жеттік-ау». «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген секілді бұл оқулық үш автордың, бар қазақтың рухани өміріндегі үш бірдей ұлы қайраткердің ақылдаса отырып жасаған игілікті дүниесі екенін көрсетеді. Аталмыш құрал өзінен алдыңғы ізашарларына қарағанда авторлар ұжымының әліппе оқулығын жазуда анағұрлым мол тәжірибе жинақтағанын, олардың өзара шығармашылық байланыстарының нығая түскенін танытады. Әліппедегі «Қоңыр сиыр», «Әйімкүл тергеуші», «Мұқатай», «Айтсам ба екен?», «Бай-құлақтың тұқымы!», «Тап жауын есіңнен шығарма», «Астық сапқозы», «Жеңіс», «Мәшине-тірәктір ыстансалары (МТС)», «Жиылыс», «Егіс жаулары», «Еңбегіміз жанды (қалқозшының әңгімесі)», «Мәгнитагөр», «Қарағанды алыбы», «Қарсақбай», «Кеңес», «Кеңес Одағы – еңбекшілердің Отаны», «Бес жылдықтың күзетінде», «Ұшырасу», «Кәпитал елінде», «Басы артық ақшаны сақтық кәссесіне сақтатыңдар» секілді тағы басқа мәтіндер тыңнан жазылған әдеби оқу материалдары екенін байқатады. Өйткені аталған шығармалар өзінің көркемдік қасиеті жағынан да, шәкірттерге берер идеялық-саяси, адамгершілік-эстетикалық тәрбие өнегелері жөнінен де басқа әліппелердегі оқу материалдарын еш қайталамайды. Қайта керісінше, бұл оқулықтың дидактикалық құрылымы, әдістемелік негіздері, сұрау-тапсырмалар жүйесі анағұрлым ұтымды ұштастырылған. Ұлы Ғабеңнің келесі бір қастерлі рухани мұраларының бірі – Ілияс Жансүгіровпен бірге құрастырып, орта мектептің 6-шы оқу жылы үшін шығарған «Көркем әдебиет жинағы» атты оқу құралы. Бұл еңбек Қазақстан халық ағарту комиссариатының ұсынуымен 1933 жылы «Қазақстан» баспасынан шығарылған. Жинақтың «Сөз басы» атты кіріспесі оқушысын қазақ әдебиетінің сол кездегі кеңестік жаңа дәуірінің тынысынан, оның қалыптасу кезеңдерінен хабардар етеді: «Бұл жинақ жаңа әдебиет жинағы, – дейді онда құрастырушылар. – Бұл жинаққа кірген әдебиет жұрнақтары төңкерістің алдындағы жылдардан бастап (1914-1916 ж.) бірінші бесжылдықтың аяғына шейінгі (1932 ж.) мезгілді алады. Әрине, бұл жинаққа жаңа әдебиетіміздің барлығы да, жазушымыздың бәрі де кірген жоқ. Олай ету керексіз де. Мұнда мүмкін қадар жаңа әдебиетіміздің өркендеуі жолындағы өзінің кезіне лайықты, өз бойына қарай, өз тұсына сәйкес нұсқа боларлық әдебиет үлгілері берілді. Әрине, әдебиет сабағын оқытқанда, тексергенде мұндағы берілген нұсқаларға ғана қамалып қалуға болмайтыны анық. Мұндағы үлгілер тек сол тексеруге тұтқа есебінде. Осы үлгілер айналасында өзге материалды молайтып, кейбір кесіп алынған осы материалдардың өзін де кеңітіп тексеруге тиіс болады». Оқу құралы халық ағарту комисса­риатының бекіткен оқу бағдарламасына, ондағы көрсетілген талаптарға сай құрастырылған. Онда бағдарламаның оқу мазмұнынан тыс материал, құрылымдық өзгеріс, мәтіндердегі қарама-қайшылық жоқ. Құрастырушылардың: «Осы кітапты құрау туралы тапсырылған тығыл-таяң уақыттың ішінде бытыранды материалдан теріп жинақты осы жобаға келтірудің өзі де өте қиындықпен істелді. Бұл жинақты бұдан соңғы жылдардағы болатын тұрақты кітаптың дерегіне жататын, керегіне жарайтын жинақ деп санау керек» дегеніндей «Көркем әдебиет жинағы» атты оқу құралы шәкірттердің қажетіне жарап, бірнеше мыңдаған жастардың білімін толықтырды, ой-санасын қалыптастырды. Біз бұл мақалада ұлы суреткердің қаламынан туған оқулық, оқу құралдарының бәріне тоқталуды мұрат етпедік. Оның да өзіндік мәні бар еді. Өйткені ғылым негіздерін, әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін әлемдік оқыту кеңістігіндегі дидактикалық талаптарға сай оқыту елімізде отызыншы жылдардан басталғанын ескерсек, бұл оқулықтар халқымыздың жаңа заманға, жаңа қоғамға қадам басу кезеңіндегі шешуші рөл атқарған алғашқы қарлығаштар, рухани құны жоғары қадау-қадау оқу құралдары еді. Екіншіден, осы арқылы бүгінгі күнгі оқулық жазудағы олқылықтардың жиі сыналып жатқан шағында ана тілі мен әдебиет оқулықтарын жазу жұмысына белсене қатысқан ұлы қайраткер-суреткерлердің үлгісін өнеге ете отырып, қа­зіргі қаламгерлеріміздің осынау маңыз­ды іске назарын аудару болатын. Қорыта айтқанда, Ғ.Мүсіреповтің оқу­лықтары – ұлы жазушының шығармашы­лық әлемінің әлі сыры ашылмаған, жалпы жұртшылыққа беймәлім нұр сәулелі тұстары. Кемеңгер қаламгер халқының сауа­тын ашуда қыруар жауапты істер атқарып, еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігін, перзенттік борышын орындаудағы адалдығын, биік парасаттылығын танытқан. Бұл – мәңгі таусылмас тақырып, ұшан-теңіз мол мұра, байтақ байлық. Бақтияр СМАНОВ, халықаралық Айтматов академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор

5196 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6265

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5738

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3478

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2860

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2822

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2801

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2531

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2516

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы