• Мәдениет
  • 25 Шілде, 2012

Иә, сәт! Қажымұқан бабамыздың аруағы қолдасын!

Ертең Ұлыбритания астанасы Лондонда ХХХ Жазғы олимпиада ойындары басталады

Міне, Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында төрткүл әлем құлақ түргелі отырған ХХХ Жазғы олимпиада алауы тұтанатын сәт туды. Төрт жылда бір келетін бұл дүбірлі додаға әлемнің 205 елінен 12500 спортшы қатысады деп күтілуде. Спорттың 39 түрінен 302 алтын сарапқа салынбақ. Дүбірлі додаға біздің де спортшыларымыз аттанып кетті. Оларға артылар жүк ауыр. Бұл жөнінде олимпиадашыларды қабылдаған Елбасымыз да атап өтті. Өйткені спортшылар айтулы жарысқа ел атынан қатысады. Осының өзі зор жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Ел намысы бәрінен қымбат. Намыс дегенде аты аңызға айналған Қажымұқан бабамыз еске түседі. Дүниежүзінің талай елдерін аралаған ол әйгілі дейтін балуандардың өздерімен белдесіп, талай мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Қажымұқан бабамыздың рухы біздің спортшыларымыздың бойына дарып, туған елге жеңіспен оралып жатса, кәнекей. Тілегіміз қабыл болғай!

 Қалиәкпар Көшкімбайұлы Әміржанов 1927 жылы туған. Көп жылдар мәдениет саласында еңбек етті. Мәдениет қызметкерлері республикалық комитетінің төрағасы, Республика мәдениет қызметкерлерінің кәсіби мамандығын жетілдіру институтының директоры қызметтерін атқарды. Қазақстан Республикасына ерекше еңбек сіңірген дербес зейнеткер. «Күш атасы – Қажымұқан» жайлы мақалалары кітаптарда, баспасөз бетінде жарық көріп жүр.

– Біздің білуімізше, Сіз Қажымұқанды көрген адамсыз. Соны тағы бір еске түсірсеңіз... – Мен тоғыз жасымда тұңғыш рет Қажымұқанды көрдім. Ол кезде біз Ом­бы облысындағы Шарлақ ауданына қарас­ты Қаратомар ауылында тұратын­быз. Қажекең ауылдық кеңес мәжілісіне қатысу үшін бір топ белсенділермен бір­ге келіп жүретін. Жолшыбай түсетін жері – әкемнің үлкен ағасы Аманжолдың үйі. Қасында Құдайберген ақын (Иса ақынның ұстазы), Төлеш әнші, тағы басқалар болатын. Бір келгенімде ба­луан суық тиіп, сыздауық шығып қиналып отыр екен. – Әй, Аманжол! Бір әлді жігіт бар ма ауылда? Мына сыздауықтың іріңін шы­ғаратын, – дейді Қажекең. Әлді жігіт деп Сейсенбайдың Шайқысы шақырылды. Шайқы Алматыдағы атты әскерлер эскадронында әскери борышын өтеп келген-ді. Балуан шалқасынан жатып, Шайқы күректей алақанымен сыздауықтың маңайын сыздықтатып басып отырса керек. Мұны ұнатпаған Қажекең басын көтеріп: – Мен саған қатты бас дедім ғой, – деп ақырғанда Шайқы жалаң аяқ, жалаң бас үйден зыта жөнеледі. Кейіннен жеңгелері Шайқыны көрсе: – Оу, Шайқы, неменеге гүжілдеп отырсың? Одан да әнеукүнгі балуанның сыздауығына шамаң келмей, қалай қаш­қаныңды айтшы, – деп әжуа қылатын. Бала кезіңде көргенің әсте ұмытыл­майды ғой. Бірде жаздыгүні Қажымұқан атарбамен келді. Оған жегілген есік пен төрдей қара айғыр әлі көз алдымда. Балуан арбаның ортасына отыра кеткенде ағаштары майысып тұратын. 1935 жылы Құлан ауылында сабантой өтті. Сол тойда Қажекең өнер көрсетті. Үстінен «полуторка» машина жүргізді. Сол сабантойдағы тағы бір көрініс көз алдымда. Самсаған жұрт жолдың екі жағында ат бәйгесін кү­тіп отыр. Орталарында таудай Қажекең, ақ көйлек, ақ панамка, әйелі, балалары бәрі ақтан киінген. Сол көрініс маған ерекше әсер берді. Ол да көпшілікке көрсеткен үлгісі ме екен деп ойға қаламын қазір. 1937 жылдың қысында балуанды ақырғы рет көрдім. «Шарлақ» ауылының орталығы. Кеңсенің алдында тыпырлап, буы бұрқырап тұрған үш пар ат шанаға мінген Қажымұқанды ауыл басшысы Д.Гутовский қарсы алып, кеңсеге ертіп әкетті. Осы көрініс қана көз алдымда. – Сіз бір әңгімеңізде атамыздың бәйбішесі Бәтима апайды да жақсы білетініңізді айтып едіңіз... – Алдымен Қажекеңнің әйелдері жөнінде естіген-білгенімді айта кетейін. 1909 жылы Қажекең Надежда Николаевна Чепковскаяға үйленеді, 1925 жылы Тыныбай қызы Ырыстыға, 1938 жылы Мінәйімге, 1946 жылы Бибіжанға үйленген. Менің жақсы білетінім, бірінші неке қиып алған Н.Н.Чепковская – аттың құлағында ойнап жүрген 16 жастағы цирк өнерпазы. Өзінің айтуы бойынша Омбыға келгеннен соң ұзамай мешітке апарып, Хасен деген молдаға некесін қидырыпты. Сол күннен бастап Қажымұқанның зайыбы Бәтима атанған. Осы Бәтима апайдан 1910 жылы Халиолла туады. Халиолла 16 жасқа толар-толмаста Шәпен атты қызды алып беріп, жеке отау етіп шығарады. Біз сол ауылда тұрған жылдары (1939-1941) Халиолла үйлі-баранды, «Жаңа жол» колхозының төрағасы еді. Халиолланың жеті баласы болды. Ең үлкені – Шәбден 1927 жылғы, менімен құрдас. «Екіағаш» орта мектебінде онымен бірге оқыдым. Ұзын бойлы, балуан атасына тартқан. Ол әскерге барып, сол жақтан елге қайтпады. Бәтима апай ақ жарқын, кездескен адаммен шүйіркелесе кететін. Мінезі бай­салды. Ислам дініне кіріп, Бәтима ата­луының өзі бір ғажайып көрініс. Әрине, мұны істеткен Қажекеңнің абыройы, қазақ халқының әйгілі азаматының ісі. Біраз жасқа келдік, бірнеше белгілі қазақ жігіттерінің діні, ұлты басқалардан алған әйелдерін көрдік. Бірақ бәрі Надежда Николаевна секілді қазақы болған жоқ. Гәп адамның өзіне байланысты болса керек. Бәтима апайдың айтқан әңгімелерінің ішінде есімде қалғаны: қазақ жұртының бұрынғы дәстүрі, қыз беріп, келін түсіру, қалыңдық ойнауы әдеттерін әңгімелеп, түсіндіріп отыратын. Тілінде аздаған «акценті» болса да қазақша жақсы сөйлейтін. Бұл кісінің тағы бір қасиеті – Қажекең 1925 жылы Ырыстыға үйленгенде, күйеуіне қарсы шықпаған. Бұрынғы өздері балалар үйінен асырап алған баласы Ғабдолланың қолына барып, Халиолланың қызы – өзінің немересі Рәзияны бауырына басып тұрып жатты. Қанша өмірдің тауқыметін көрсе де, Бәтима апай Қажекеңді қасиеттеумен өтті. Немересі Рәзияны оқытып, тәрбиелеп, Хамза Сәрсенов деген қазақ жігітіне қосып, солардың қолында тұрып, 1966 жылы дүние салды. – Қажымұқан атамыз шетелдерге шығып, әлемдік бәсекелерде зор атақ-даңққа ие болған тұңғыш қазақ екені белгілі. Ол Парижде, Лондонда, Варшавада, Берлинде, Будапеште және басқа да көптеген қалаларда болып, күресіп, жүлдегер атанды. Таяу және Орта Шығыс елдерін аралағаннан хабардармыз. Мұхиттың арғы жағындағы Америкада да болған ғой... – 1914 жылы қыркүйекте Қажекең Америкаға барып, Нью-Йоркте бір айдан астам болады. Сол қалада Американың ең күшті балуандары Джек Кариктің, Пом Дженикстің, Джо Роджерстің, Джон Пинингтің және тағы басқалардың тізесін бүктіреді. Содан кейін Сан-Франциско қаласын­да Френк Гочты, даниялық Иес Педерсон­ның жаурынын жерге тигізеді. Бұл мә­лімет­тер А.Абергтің «Орыс спорты» газе­тінде басылған. Орыс балуандарының Солтүс­тік Америкадан Оңтүстік Аме­ри­каға бара­тындары, одан олардың «Оң­түстік Америкаға жүреміз» деген хабарлары сол «Орыс спортында» көрініс тапқан. Өкінішке қарай, 1914 жылы бірінші империалистік соғыс басталды. Сондықтан бұл сапарлар жайында нақты мәлімет жоқ. Әлі де болса іздену керек болар. – Қажымұқанның «чемпиондардың чемпионы» дейтін үлкен құрметке ие орыс балуаны Иван Поддубныймен күресі жөнінде әртүрлі әңгімелер бар. Біреулер оны «жеңген» десе, енді біреулер «жеңілген» дегенді айтады. Осы арада бір кілтипан бар сияқты. – Өз уағында Ресейде Иван Поддубный, Иван Шемякин, Иван Зайкин есімдері қатар аталатын. Бірақ Ресей халқының ұғымында – Иван Поддубный ең жоғарғы сатыда. Ол солай да еді. «Чемпиондардың чемпионы» деген атақ тектен-текке берілмеген. 1907 жылы Санкт-Петербург қала­­сындағы «Форс» паркінде И.Поддуб­ныймен бірінші рет күрескен Қажымұқан екі күн күресте тең түскен. 1913 жылдың басында екінші рет күреседі. Ресей баспасөзінде «Осы жолы Қажымұқан ұтылды» деп жарияланған. Сол жылы біріншіліктің жалғасы Оралда жалғасқан. Қажымұқан бұл айқасты асыға күтеді. «Чемпиондардың чемпионымен» күресу әр балуанның арманы ғой. Шарт-шұрт белдесу басталып кетеді. И.Поддубный бір сәт күшке салып Қажымұқанды умаждап қыса салмақшы да болған. Оған қайраты жетпейді. Содан қарсыласын шаршатып барып жығуды көздейді. Оның бұл айласын сол мезетте түсінген Қажымұқан бірте-бірте күшіне күш қосып, айбаттана береді. Ақыры бір сағаттан астам уақытқа созылған бұл күрес тең аяқталады. 1913 жылы осы күресті өз көзімен көрген Феофан Лаврентьев Қажекеңнің өмірбаянын зерттеуші Ә.Бүркітбаевпен кездескенде: «Ол күні Қажымұқан Иван Максимовичпен ширақ күресті. Оның тасқын күші алуан айлаларымен пара-пар түсіп, бір-бірін жыға алмады» деген. Арада бір жұма өткен соң балуандар Тблисиде қайта кез­деседі. Мұнда да бір-бірін жыға алмайды. Сонымен Қажымұқан И.Поддубный­мен төрт рет кездескен. Сол кездегі Ресей басылымдары­ның жазғанына қарасаң бұлардың үшеуі тепе-тең аяқталады да, біреуінде И.Поддубный жеңген болып шығады. Орыс балуанының осы жеңісі­не күмәндімін. Ресей империясының ұлттық идеологиясы Кеңес идеологиясынан әккі болмаса кем болмаған. И.Поддубный Қажымұқан­ды ұпаймен жеңді ме, құлатып жеңді ме – бұл басылымдарда айтылмай­ды. Жергілікті жарысты ұйымдастырушы­лар өздерінің «патриоттық» борыштарын жақсы білген. Менің өз пікірім – Қажекең И.Поддубныйды жеңген және бір рет қана емес. – Қажекеңнің туған жылы жөнінде де әртүрлі болжамдар бар... – Қажекеңнің туған жылы дауға айналды. Біреулер 1871 жылғы десе, енді біреулер 1883 жылы туды деп жүр. Осы дауды қойып бір мәмілеге келетін уақыт жетті. Қажекең өзінің тірі кезінде «Айқап» журналының 1913 жылғы 21-ші санында берген сұхбатында «Мен биыл 30-ға келдім. Өзімнен туған балам 4-ке келді» дейді. Ол айтып отырған баласы – Халиолла. 1909 жылы туған. Халиолланың менімен жасты Шәбден атты ұлы болатын. Осы «Айқапта» тағы да былай дейді: «Осы уақытқа дейін туған жылымды өзім білгеніммен, өкімет білмейді. Соған бір қағаз (анықтама) алып беруге көмектесіңдер. Қолымда қағазым (төлқұжат) жоқ, соны байқастырып маған көмектесіп алып берсеңдер». Қажымұқан қазақша жыл санау бойынша «мешін» жылы туған. Сонда санасаңыз, 1913 жылы 30-ға келгені дәлелденіп тұр. Келесі жылы Қажымұқанның туғаны­­на 130 жыл толады. Осыны жоғары дең­гей­де атап өтсек, ұрпағымыз үшін үлкен өне­ге болар еді. – Дұрыс айтасыз. Көзінің тірісінде «Қазақ даласының батыры» атағына ие болған тау тұлғалы алыбымызды қалай көтермелесек те әбден жарасары хақ. Қажымұқанның есімін тарихта қалдыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да бар. Дегенмен, олар әлі де болса көңіл көншітпейтіндей. Мәселен, Елордамыз Астана қаласында Қажы­мұқан ескерткішін орнатсақ қазақ үшін үлкен мерей емес пе? – Бұл ойыңа толық қосыламын. Оның үстіне Астанаға шетелдіктер көп келе­тіні белгілі. Олар да Қажымұқанның кім екенін біліп жатса ұлтымыз үшін асқан абырой ғой. «Мына қазағың жай болмады ғой» демей ме?! Демек, «шаңыраққа қарайды». Таяуда газеттердің бірінен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Қажымұқан жайлы көркем фильм түсіруді қолға алып жатқанын естідім. Аталған фильмнің сәтті шығуына тілектеспіз. – Әңгімеміз дәл ертең шымылдығын ашатын дүбірлі дода – Лондондағы Жазғы олимпиада қарсаңында өтіп отыр. Спортшыларымызға қандай тілек айтар едіңіз? – Бағанадан Қажекең жөнінде айтып жатырмыз ғой. Біздің спортшыларымыз осы бабасындай елге атақ-даңқ алып келсе, кәнекей. Шынайы бір тілек бар: «Иә, сәт! Қажымұқан аруағы жар болғай!» дегім келеді ел намысын қорғайтын спортшы балаларыма. Әңгімелескен  Нұрперзент Домбай

Байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын қазақ спортшылары сақадай сай десек те болады. Сайдың тасындай іріктелген спортшыларымызға Үкімет тарапынан барлық жағдай жасалды. Ұл-қыздарымыз алаңсыз дайындық жүргізді. Енді спортшылар ел сенімін ақтауға барынша тырысады деген ойдамыз. Ел мерейін көтерер, Алаштың рухын аспандатар, саңлақ спортшыларымыздың бағы мен бабын сынайтын жарыста Алаш жұртының аманатын 115 спортшы ақтайтын болады. Араға 4 жыл салып келетін бұл спорт додасын күллі әлем жанкүйерлері тағатсыздана тосып отырғаны белгілі. Қазақстан тәуелсіздік алғалы жазғы ойындардан шет қалған емес. Қоржынымыз да бос қайтып жүрген жоқ. Олимпиада ойындарында әр елдің спортқа қалай мән беретіні, көзқарасы, жастардың салауатты өмір салтын қалай ұстанатындығы байқалатыны ақиқат. Еліміз Тәуелсіздік алғалы бұған дейін 4 рет Жазғы олимпиада ойындарына қатысқан болатын. Мәселен, 1992 жылы Барселонада 1 алтын, 2 күміс, 2 қола, 1996 жылы Атлантада 3 алтын, 4 күміс, 4 қола еншілесе, ал 2000 жылы Сиднейде 3 алтын, 4 күміс жүлдені олжалады. 2004 жылы Афинада 1 алтын, 4 күміс, 3 қола алды. Ал 2008 жылы Бейжің олимпиадасында 2 алтын, 4 күміс, 7 қола жүлдені спортшыларымыз жинағаны есімізде. Сонда 9 алтын, 16 күміс, 14 қола, барлығы 44 жүлдеміз бар. Қалай айтсақ та, бұл дүние құлақ түрген спорт сайысы болайын деп тұр. Қазақстандық спортшылар Лондон­ның Олимпиада ауылындағы қалашықта тұратын болады. Мамандардың айтуына қарағанда, бұл спорт тарихындағы ең үлкен қалашық болғалы тұр. Оның аумағы 36 гектарды құрайды. Ал мұнда әлемнің 200 елінен келген 12 мыңнан астам спортшы тұратын болады. 11 тұрғын үйден тұратын көпқабатты Олимпиада паркінде шамамен 3 мыңнан астам пәтер бар.

Үш алтыннан үміттіміз Таяуда Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев Қазақстан спортшыларының Олимпия ойындарына дайындығы жөнінде кездесу өткізіп, ойларымен бөлісті. Кездесуде Т.Ермегияев спортшыла­ры­мыздың Олимпиадаға дайындығына тоқталып, дәл қазір 105 жолдаманы 115 отандасымыздың жеңіп алғанын, осы спортшыларға үміт артылып отырғанын айтты. Осы орайда, ол зілтеміршілер мен боксшыларға көп сенім артылып отырғанын жасырмады. Одан кейін агенттік төрағасы биылғы Олимпиада Қасиетті Ораза айына тұспа-тұс келіп отырғандықтан, оған Қазақстаннан баратын мұсылман спортшылардың ораза ұстауына болатынын атап өтті. Сонымен қатар, Т.Ермегияев Олимпиада кезінде спортшыларымызды тамақтандыру мәселесінің маңыздылығына тоқталды. Ойындарда отандастарымызға елден арнайы тамақтардың да апарылатынын, соның ішінде, қазы-қарта сияқты калориялық астың тек спортшыларымызға ғана арналатынын жеткізді. Ең бастысы, Т.Ермегияев Лондон олимпиадасында ел спортшылары кем дегенде 3 алтын алып, алғашқы 25 елдің қатарынан қосылу керек деп бағамдады. Шілденің 27-сі күні Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында ХХХ Жазғы олимпиада ойындары басталады. Төрт жылда бір рет келетін дүбірлі додаға әлемнің 205 елінен барлығы 12 500 спортшы қатыспақ. Спорттың 39 түрінен 302 алтын сарапқа салынатын айтулы дода тамыздың 12-сіне дейін жалғасады. Қазақ елінен спорттың 25 түрінен 115 спортшы барады. Олардың 69-ы ерлер болса, 46-сы нәзік жандылар. Олимпиадаға баратын спортшылардың көбісі Алматы қаласының тұрғындары. Чемпиондар қанша ақша алады? ХХХ олимпиада қарсаңында әр ел жеңімпаз спортшыларына қанша сыйақы беретінін жариялай бастады. Қазақстан Олимпиадада алтын медаль алған спортшыға 250 мың доллар, күміс алғанға 150 мың доллар, қола медаль алған спортшыға 75 мың доллар сыйақы берілетінін мәлімдеді. Ресейде алтын медаль алған спортшы­ның сыйақы көлемі Бейжің олимпиадасымен салыстырғанда 30 мың долларға өскен (128 мың доллар немесе 100 мың еуро). Күміс және қола жүлдеге ие болғандар тиісінше 82 мың және 56 мың доллар (яғни 60 мың және 40 мың еуро) алады. Беларусь үкіметінің тағайындаған сыйақысы да дәл осы көлемде. Моjazarplata.com.uа экономикалық порталының мәліметіне қарағанда, Украинада сыйақы мөлшері Бейжің ойындары кезіндегімен бірдей: алтынға — 85 мың доллар, күміске — 62 мың доллар, қолаға — 41 мың доллар. Тәжікстан чемпиондарға 62 мың доллар тағайындап отыр. Күміс (52 мың доллар) пен қола (42 мың доллар) алғандар да олжасыз қалмайтын көрінеді. «Мир» телеарнасының хабарлауынша, Қырғызстан үкіметі алтын алған спортшыға 150 мың доллар бермек. Reuters ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Хорватия елі алтын медаль әкелген атлетке 27 мың 500 еуро (35 мың долларға тең), күміске — 17 мың 500 еуро (22 мың доллар), қола алған спортшыға 12 мың еуро (15 мың доллар) ұстатады. Болгарияда сыйақы мөлшері Хорва­тияға қарағанда көп: алтын — 102 мың 500 еуро (130 мың доллар), күміс — 82 мың 100 еуро (104 мың доллар), қола — 71 мың 800 еуроға (91 мың долларға тең) «бағаланған». Литва жеңіске жеткен спортшыға 116 мың еуро (147 мың доллар) бермек. Екінші орын алғандар 72 мың 500 еуро (92 мың доллар), ал қола жүлдегер атанғандар 43 мың 500 еуро (55 мың долар) алады. Чехияның сыйақы мөлшері Литвадан аз. Чех елі Олимпиададан алтын әкелген атлетке 75 мың еуро (95 мың доллар) дайын­дап отыр. Ал күміс пен қола жүлдені иеленгендердің сыйы екі есе аз — 37 мың 500 (48 мың доллар) және 22 мың 500 еуро (28 мың долларға тең). Италия алтын әкелген спортшыға 140 мың еуро (178 мың доллар), күміс жүлдегерге 75 мың еуро (95 мың доллар), қола алған адамға 40 мың еуро (51 мың долларға тең) бермек. Ал «The Telegraph» басылымының хабарлауынша, Франция чемпионға — 66 мың, Қытай — 55 мың, Жапония — 36 мың, Оңтүстік Корея — 35 мың, Австралия мен Германия — 19 мың АҚШ долларына тең сыйақы тағайындапты. АҚШ-та Олимпиада чемпиондарына берілер сыйақы көлемі 18 жылдан бері 25 мың доллар күйінде өзгермей келеді. Швеция мен Норвегияда Олимпиададан жүлде алған спортшыларға ақша берілмейді. Ал Солтүстік Кореяда жеңімпаздарды арнайы мемлекеттік наградамен марапаттайды. Ұлыбритания да жүлдегерлерге сыйақы тағайындамайды. Қорыта айтқанда, Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта біздің спортшыларымыз Олимпиада ойындарында (Қысқы және Жазғы) 45 медаль иемденген, оның ішінде 10 алтын, 19 күміс және 16 қола жүлдеге қол жеткізіпті. Олимпиадада Қазақстан қоржынына бұйырған он алтынның бесеуі — боксшыларымыздың еншісінде. Тағы бір дерек – осы он Олимпиада чемпионының төртеуі қазақ және олардың төртеуі де бокс­шылар. Винокуров пен Базаев Олимпиадаға барады Олимпиада ойындарына әлемнің 74 елінен 199 велоспортшы барады. Австралия­дан – 29, Ұлыбритания мен Голландияның әрбірінен – 27, Германиядан – 25, АҚШ пен Францияның әрқайсысынан – 24, Жаңа Зеландиядан – 22, Бельгия, Канада, Колумбиядан – 17 спортшы қатысады. Өзбекстан, Әзірбайжанның әрбірі Лондонға екі-екі спортшыдан жібереді. Лондон олимпиадасындағы велоспорттан жалпы 18 жүлде сарапқа салынады. Велоспортшылар тас жолда, тректе, таулы жолда жарысады. Сондай-ақ ВМХ стилі (мотокросс) бойынша да жүлде беріледі. Велотрек жарыстары 12 мың көрермен сиятын Лондон велопаркінде өтсе, тас жолдағы бәйге Риджентс бағында болады. Ал маунтинбайк бәсекесін Хадли таулы шатқалында өткізу жоспарланған. Атланта олимпиадасына жеті, Сидней ойындарына бес, Афина олимпиадасына сегіз, Бейжің олимпиадасына үш велоспортшысы қатысқан Қазақстан Лондонға екі велоспортшысын – Александр Винокуров пен Асан Базаевты жібереді. Екі спортшы тас жолдағы жарысқа қатысады. Топтық жарыс (велоспортшылар сөреден топпен шығып, жалпы жарысқа түседі) пен жекелей жарыста (спортшылар сөреден жеке-жеке шығып, уақыт бойынша жарысады) жүлдеге таласады. Александр Винокуров – Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері, 2004 және 2006 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2006 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері, Әлемдегі 20 кезеңнен тұратын «Вуэльта» көпкүндігінің жеңімпазы (2006 жыл), «Тур де Франс» көпкүндігінің үшінші орын иегері (2007 жыл). Атланта, Сидней, Афина олимпиадаларына да қатысқан Винокуров «Лондон олимпиадасы спорттық карьерамдағы соңғы жарысым болады» деп мәлімдеді. Винокуров спорттағы жетістіктерінің арқасында Қазақстанның ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған. Ал Асан Базаев – Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Азия чемпионатының жеңімпазы, «Президент туры» (Түркия мен «Грекия турында») жеңіске жеткен. Әлем чемпионатына және «Джиро д‘Италия», «Тур де Франс» сынды ірі жарыстарға қатысқан. Александр Винокуров қазір «Тур де Франс» көпкүндігіне, ал Асан Базаев «Польша турына» қатысып жатыр. Көпкүндік жарыстарын аяқтаған соң қос спортшы Лондонға аттанады. Лондон олимпиадасына баратын Қазақстан велоспортшылары 28-29 шілде күні жарыс жолына шығады. Нұрлан ҚҰМАР

Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ:

Рамазан айының рақымы түсер...

– Жақсылық аға, бір күннен кейін бүкіл әлем назарын өзіне қарататын Лондон олимпиадасы басталғалы отыр. Спортшыларымыздың дайындығы жөнінде не айтар едіңіз? – Олимпиадаға Қазақ елінен 115 спортшы баратыны белгілі. Спортшы­лардың дайындығы жақсы. Қай түрінен алып қарасаңыз да, тынбай жаттығу жұмыстары жүрді. Оған қоса «Самұрық әл-Ауқат» қоры Лондон олимпиадасына баратын спортшыларға 8 миллиард теңге ақша бөлді. Сондықтан дүбірлі додада спортшыларымыз бірнеше рет еліміздің жалауын көкке көтереді деген сенімдемін. – Сіздіңше, биылғы Жазғы олимпиадада еліміздің атынан қай спортшы чемпион атанады деп ойлайсыз? – Елімізде ауыр атлетика мен бокс спорты басқа спорт түрлеріне қарағанда әлдеқайда жақсы дамыған. Сондықтан да осы екі спорт түрінің спортшыларына үлкен үміт артамын. Атап айтсам, Майя Манеза, Илья Ильин, Зульфия Чиншанло, Серік Сәпиев алтын алуы ықтимал, сонымен қоса дзюдошы Максим Раков, еркін күресте Таймураз Тигиев, ал грек-рим күресінде Нұрмұхан Тінәлиев топ жаруы мүмкін. Жалпы алғанда спортшыларымыз дүбірлі додада кем дегенде 3 алтын алады деп ойлаймын. – Не себептен балуандарымыз Олим­­пиаданың ашылу салтанатына қатыс­пайды? – Балуандарымыз Лондонға 27 шілдеде, яғни ашылу салтанаты күні келеді. Алайда ашылу салтанатына қатыспай балуандарымыз бірден дайындыққа кірісіп кетеді. Өзім де Ұлыбритания астанасына барып, спортшылардың дайындалуын қадағалайтын боламын. Балуандарымыздың сәтті өнер көрсетуі үшін осындай әрекетке барып отырмыз. Екіншіден, Алматы мен Лондонның уақыт жағына келгенде айырмашылық көп. Бұл кез келген адам тұрмақ, спортшы үшін де үлкен күш. Осыны ескеріп, балуандарымыздың жергілікті климатқа бейімделу керектігін ескердік. Мәселен, 5-7 тамыз күндері грек-рим күресінен жарыстар өтеді. 5 тамыз күні салмақ өлшеніп, жеребе тартылатын болады. Сол кезде балуандарымыздың қарсыластары анықталатын болады. Жалпы грек-рим күресінде Ресей, Иран, Әзірбайжан, Оңтүстік Корея, Түркия, Грузия, АҚШ балуандарының шеберлігі жоғары. Әйтсе де, біздің спортшылар намысты қолдан бермей, жүлделі орынға ілігеді деп үміттенемін. Олимпиадада балуандарымыз 6 жүлде алады деген жоспар бар. Сол жүлделердің ішінде кем дегенде 1 алтын болса жақсы болар еді. Биыл Лондон олимпиадасына аттанып жатқан Қазақстанның құрамасы күшейді. Мәселен, әйелдер арасындағы күресте – Елена Шалыгина мен Гузель Манюрова, еркін күресте – Дәурен Жұмағазиев, ал грек-рим күресінде Алмат Кебісбаев, Дархан Баяхметов, Даниял Гаджиевтер бар. Соларға Алла тағала күш-қуат бергей! – Күрес қазақтың оң жамбасына келетін спорт түрі. Соңғы 15 жылдың ішінде не себептен балуандарымыз әлемдік деңгейде алтын ала алмай келеді? – Грек-рим күресі бойынша Юрий Мельниченко 1996 жылы Атланта олимпиадасында топжарғаны белгілі. Ал балуандарымыз 1998 жылғы әлем біріншілігінен бері биік белесті бағындыра алмай келе жатқаны ақиқат. Рас, соңғы чемпионаттарда спортшыларымыз жүлде алды, алайда ол алтын емес. Кейбір журналистер балуандарымыздың қатарынан Дағыстан, Шешенстан, Ресей елінен спортшыларды алып жатыр, сонда өзімізде жергілікті мықты балуан жоқ па деп сынап жатқаны жасырын емес. Алайда бұл уақытша нәрсе екенін ұмытпау керек. Тіпті Ресей өзінің футболын дамыту үшін, аямай қаржы бөліп, Бразилия, Сербия, Португалия сынды көптеген мемлекеттерден футболшыларды тартып жатқаны жасырын емес. Менің айтарым, мықты спортшылардың көбі алтын бесік – ауылдан шығады. Ауылдық жерде күрес түрлері бойынша секциялар болғанымен, спортшыларды жарысқа қатыстыруға қаражат жоқ. Сондықтан алдағы уақытта ең бірінші ауыл спортына барынша көңіл бөлуіміз керек. Егер, осы талап орындалса, онда шетелден шеберлерді де тартудың қажеті болмай қалады. Тағы бір айта кетерлігі, жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру қажет. – Биыл Олимпиада Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған байланысты төрт жылда бір рет келетін дүбірлі дода кезінде күллі әлем мұсылмандары елдері сәтті өнер көрсететін шығар... – Иә, расымен де биылғы Олимпиада өзге дүбірлі додаларға қарағанда өзгешелігімен ерекшеленеді. Кейбір мамандар Лондон олимпиадасы аяқталған соң, әлемде оқыс оқиғалар орнайды деп болжам жасауда. Әрине, болжамның көбісі орындалмай жататыны ақиқат. Ең бастысы, Ораза кезінде Алла Тағала сүйген құлдарына күш беріп, әлемдегі мұсылман елдері жақсы өнер көрсетсе ғой, шіркін! Ораза ұстап жүрген спортшыға қарсылығым жоқ. Ол адамның өз еркіндегі нәрсе. Алайда Құранда егер сапарда немесе қиын жағдайда жүрсе оразаны сол кезде ұстамай, кейін қаза болғанды өтеуіне болады деген ғой. Әрі егер мұсылман баласы өз Отанынан 90 шақырым қашықтықта жүрсе уақытша ұстамауына рұқсат берілген. Осыдан-ақ біздің дініміз демократияға негізделгенін байқауға болады. Қалай дегенде де мейірім, рақым толы айлардың сұлтаны – Рамазан айы қандастарымызға айтарлықтай қажыр-қайрат, сабыр мен сергектік сыйлайтынына күмәнім жоқ. Әңгімелескен  Рүстем ӨНЕРБАЕВ

Ермахан Ибрайымов, Сидней олимпиадасының чемпионы: Серік Сәпиевке сенім артамын – Сіздің бағамдауыңызша, биылғы Лондон олимпиадасы несімен ерекше болмақ? – Биыл Олимпиада ойыны қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келуіне байланысты ерекше болады деп ойлаймын. Екіншіден, биыл күтпеген жерден Олимпиада чемпионы атанатын елеусіз спортшылар да шығып қалуы ғажап емес. Міне, биылғы Олимпиада осындай жағдайларымен ерекшеленер. – Даңқты боксшы Лондон олимпиадасында кімдерден үміт күтеді екен? – Боксшыларымыз ішінде Серік Сәпиев, Әділбек Ниязымбетов пен Ғани Жайлауов алтын алады деп топшылаймын. Әсіресе Серік Сәпиевтен мол үміт күтемін. Екі дүркін әлем чемпионы Серікке өткен Бейжің олимпиадасында төрешілер әділеттілік танытпады. Егер төреші Серіктің жойқын соққыларын санағанда, ол Олимпиада жеңімпазы атанар еді. Сонымен қатар былғары қолғап шеберлерінің арасында Данияр Елеусінов пен Иван Дычко жүлдегерлер қатарына ілігуі мүмкін. Бокстан басқа ауыр атлетикада Илья Ильин топ жарып, 2 дүркін олимпиада чемпионы болуын қалар едім. – Соңғы жылдары бокс төрешілерінің қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің өнерін бағалауы көңілден шықпай жүр. Кейде айқын жасалған соққылардың өзі есепке алынбай жатады. Ал қарсы жақтың жай қол сермеп қалғанының өзіне ұпай жазылып жатады. Бұл қазақ боксшыларының тегеурінін осылай тоқтатудың әдісі ме, әлде біздің боксшыларымыз шынымен де ұтылып жүр ме? – Спортта бәрі де болады. Рас, соңғы жылдары боксшыларымыздың деңгейі аз да болса түсіп кетті. Бұған қарап ұнжырғамыз түспеу керек. Боксшыларымыз шынымен ұтылып жүрген жоқ, көбіне төрешілердің қателігі көзге ұрып тұр. Әйтпесе, былғары қолғап шеберлері әлемдік аренада шеберлігін көрсетіп-ақ келеді. Оған дәлел, әуесқойдан басқа, кәсіпқой бокста спортшыларымыздың табысты өнер көрсетуі. – Бокстан біздің басты қарсылас елдеріміз әдеттегідей Куба мен Ресей бола ма? Әлде кез келген елдің боксшысынан лайықты қарсылас күтеміз бе, қалай? – Қазақта «сақтықта қорлық жоқ» деген сөз бар. Сондықтан кез келген елдің боксшылары біздің басты қарсыласымыз болып табылады. Тіпті өткен Бейжің олимпиадасында күтпеген жерден Моңғолия мен Қытайдың былғары қолғап шеберлері біздің алдымызды орады. Ал бұдан он жыл бұрын Моңғолия, Қытай елдерінде тәжірибелі боксшы бар деп ешкім айтпайтын-ды. Биыл Олимпиадаға алғаш рет әйелдер боксы бағдарламаға енді. Осыған қарап-ақ Лондонда бокс қызықты да шиеленісті өтетіні ақиқат. – Қазақ боксшылары  арасында Олимпиада чемпионы деген атақ пен әлем чемпионы деген атақты қатар алып жүрген боксшы неге жоқ? – Мен де осыған түсінбеймін. Мысалы, біздегі ең алғашқы әлем чемпионы болған Болат Жұмаділов Олимпиадада ұта алмады. Геннадий Головкин де Болаттың кебін киді. Менің ойымша, әлем чемпионатына барғанда боксшылар қай жақтан, қандай боксшы шығатынын білмей барады. Сол себептен мықтап дайындалады. Ал енді Олимпиадаға барғанда сен қарсыласың кім болатынын алдын ала біліп отырасың. Сосын әлем чемпионы болғаннан кейін, сені қарсыластарың мықтап зерттейді. Сенің қалай жұдырықтасатынынды олар бес саусақтай біліп алады да, саған қарсы мұқият дайындалады. Кей кездері мен өзімнің әлем чемпионы болмағаныма да қуанамын. Мен егер әлем чемпионы болғанымда, Олимпиада чемпионы болмаған да болар ма едім, кім білсін! Өйткені Олимпиадаға көптеген боксшылар үшін жұмбақ болып бардым ғой. Мықтап дайындалып бардым да, жарқ ете түстім, ешкім ештеңе түсінбей қалды. Менің ойымша, алдағы уақытта біздің қазақтың жігіттері арасынан екі атақты қатар алып жүретін боксшылар міндетті түрде шығады. Әлем чемпионатына қарағанда, Олимпиаданың шоқтығы биік қой. Менің арманым – алдағы уақытта қазақ спортшылары арасынан Олимпиада және әлем чемпионы атағына қатар ие болған боксшы шықса, сосын екі дүркін Олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығару. Оған лайықты үміткерлер қазірдің өзінде бар. – Осы жолы Вел Баркер кубогы кімге бұйырады? – Бұл жағынан айту қиын. Барлық боксшы да жақсы қырынан көрініп алтын алып қана қоймай, кубокты алуды аңсайтыны жасырын емес. Мәселен, 1996 жылы жерлесіміз Василий Жиров, 2000 жылы Олег Саитов, 2004 жылы Бақтияр Артаев Вел Баркер кубогын алғанын білеміз. Ал өткен Олимпиадада кубок украин боксшысының қанжығасына кетті. Ендігі кезек қазақстандықтарға ма деген орынды сұрақ туындайды. Алла тағала, сәтін салып боксшыларымыз сәтті өнер көрсетіп, кубокты олжаласа деген тілегім бар. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Салтанат ҚАЖЫКЕН

Туды Тінәлиев ұстайды

Ертең Ұлыбританияның астанасы Лондонда барша әлем жұртшылығы асыға күткен ХХХ Жазғы олимпиаданың алауы жағылады. Қазақстан Ұлттық құрамасын бұл байрақты бәсекеге грек-рим күресінің шебері Нұрмахан Тінәлиев бастап барады, яғни ол мемлекетіміздің Туын ұстайды. Бұл орайда Нұрмахан Тінәлиев туралы бірер мағлұмат бере кеткенді жөн көріп отырмыз. Н.Тінәлиев 1988 жылы Жамбыл облысы, Шу ауданы, Далақайнар ауылында туған. Күреске келуіне себепкер болған әкесі Анарбек Нұрмаханды Алматы қаласындағы «Дәулет» спорт мектебіне беріпті. Спортшының алғашқы ірі жеңіс жолы 16 жасында Қазақстан чемпионы болудан басталды. Содан кейін ол Жапонияда жас­тар арасында өткен Азия чемпионатының жеңімпазы, 2007 жылы Филиппинде өткен Азия чемпионатының жүлдегері атанды. 2010 жылы Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында сәтті өнер көрсетті. 2011 жылғы әлем чемпионатында әйгілі ба­луан, ресейлік шебер Хасан Бароевтан айласын асырды. Жалпы Нұрмахан үшін бұл Олимпиаданың орны бөлек болғалы тұр. Өйткені ол бұған дейінгі ірілі-ұсақты жарыстардың барлығында ел қоржынына олжа салып келді. Ал Олимпиада ойындарында топ жару – оның қазіргі таңдағы ең басты арманы екені даусыз. Өйткені бұл дүбірлі дода кез келген спортшы үшін үлкен сын болмақ. Қазақ мұндайда «нар тәуекел» демейтін бе еді? Қажымұқан, Балуан Шолақ бабаларымыздың рухы біздің Нұрмаханды да желеп-жебесін деп тілейік. Естуімізше, Нұрмахан Балуан Шолақтың тікелей ұрпағы екен. Ең бастысы – бабы мен бағы келісіп тұрса, ол намысты қолдан беретін жігіт емес. Елінің асқақ абыройы үшін Нұрмахан осы жолы барын салуы тиіс. Ендеше, қабырғалы қазақ елі үміт артқан балуанымызға сәттілік пен жеңіс тілейік. Олимпиадаға баратын Ұлттық құрама коман­дамыздың барлық мүшелерінен біз, әрине, тек қуантарлық нәтиже күтеміз. Атлеттеріміз «алтынмен апталып, күміспен қапталып» қайтса, одан артық қуаныш жоқ. Ел спортының дәрежесі сынға түсетін бұл уақыт әрбір спортшы мен бапкерге ерекше міндет жүктейді. Себебі Елбасының қолынан алған Тудың жауапкершілігі қашанда жоғары. Ту тапсырылған соң, Туды ұстап жеңіспен оралу – біздің ұлттық құрама үшін асқақ арман, биік мақсат болып отыр. Дәуіржан Төлебаев

Сұлтанғали Қаратаев, Қазақстан спортының құрметті қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының С.Бердіқұлов атындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның тұңғыш спорт комментаторы: Құралақан қайта қоймас – Бүгінде Лондон олимпиадасына аттанған Қазақстан құрама командасына қатысты түрлі болжамдар айтылуда. Сіз маман ретінде бұған не дейсіз? – Англия астанасы Лондонда өтетін Жазғы олимпиадаға «Қазақстан қалай қатысады, нешінші орын, қанша жүлде алады?» дегендей сауалға жауап беру, болжам жасау қиын емес. Бұған көріпкелдік жасаудың қажеті шамалы. Қазіргі Қазақстан спортшыларының әлемдік жарысқа дайындығынан хабардар болып жүргендердің қай-қайсысы болсын мұндай сұраққа жауап бере алады деп ойлаймын. Қазақстан нешінші орынды иеленеді деген сауалдың жауабын айтсам, әрине, алдыңғы орында бола қоймайтыны әркімге белгілі. Бұл Олимпиадаға екі жүзге жуық ел қатысады. Алдыңғы орындарды Қытай, АҚШ, Ресей, немістер мен ағылшындар иеленетіні анық. Мұнан өзге де спорты мықты дамыған елдер баршылық. Мұндай елдерде Олимпиада бағдарламасына енген спорт түрлерінен дайындық жарыстарын сатылы, жүйелі өткізу дәстүрлеріне берік сің­ген. Спортшыларды дайындаудың өзін­дік дәстүрі қалыптасқан, өзіндік жолдары бар, өзіндік мектебі бар. Сондықтан спорттағы сәл шалыс басқан қадам байқалса, соны айтарлықтай олқылық санап, жоюға тырысады. Сондықтан Қазақстан алдыңғы орындарды иеленуден дәметпейтіні де баршаға белгілі жайт. – Ал спортшыларымыз қанша жүлде алады? – Тәуелсіздік алғаннан бері спортшыларымыз мұндай Олимпиададан медальсіз оралған жоқ. Тіпті алтын, күміске де қолымыз жете бастады. Соған тәубе деп, шүкірлік етсек те болады. 4-5 алтын алады деп болжам жасалып жүр. Жалпы Қазақстан күрес, бокс, ауыр атлетика түрлерінен жүлде алатыны әбден мүмкін. Соңғы кездері тек күрес пен бокс қана емес, ауыр атлетика да жолға қойыла бастады. Пекин олимпиадасында қызылордалық Илья Ильин алтын медаль алып әлем чемпионы болса, мұны кездейсоқ деуге болмайды. Ильин Лондон олимпиадасына дайындықты кеш бастаса да спорттық бабына тез оралды. Жуықта ғана әлемнің 2 дүркін чемпионы атанып үлгерді. Демек, Лондоннан да алтынға қол жеткізуі мүмкін. Жалпы елімізде ауыр атлетика мектебі қалыптасып келеді. Тек қазақ жігіттері ғана емес, қазақ қыздары арасында да ауыр атлеттен топ жара бастады. Спорттың бұл түрінен Лондон олимпиадасынан атлеттеріміз 2-3 медаль алып оралуы әбден мүмкін. Көршілес елдерде, әсіресе, Орталық Азия елдерінде біздің ауыр атлеттерімізбен тең келетіндері жоқ. Бір сүйсінерлігі – бұл салада қазақ жігіттері мен қыздары да аз емес. – Спорттың басқа қандай түрлерінен олжа салуымыз мүмкін? – Күрестен 2 алтын, бірнеше қола, күміс медаль алуымыз мүмкін. Күрестен де, бокстан да спортшыларымыз құралақан қайта қоймайды. Жалпы командалық есепте спорттың бұл түрлерінен сарапқа салатын медальдар көп бола қоймайды. Ал жеңіл атлетикадан 40-тан астам, су спортынан 30-дан астам медаль сарапқа түседі. Қайсы ел спорттың осы түрлерінен жақсы әзірленсе, алдыңғы орын солардікі. Осындайда қазақтың көрнекті ақыны Тайыр Жароковтың «Көкте кім күшті болса, жерде сол күшті» деген жыры ойға оралады. Демек, спорттың осы түрлерінен медальдарды қасықтап емес, ожаулап күреп алуға болады. Өкінішке қарай, бұл салада спортшыларымызға «Олимпиадаға барып қайт, алтын, күміс алып қайт!» деп айта алмаймын. Жалпы Олимпиадаға жолдама алу нормаларын орындағандар ғана баратыны белгілі. Қазіргі нәтижелерге қарағанда жеңіл атлетика мен су спортынан медаль алады дейтіндей 5-6 спортшыны да көре алмай отырмын. Әңгімелескен  Қуанбек Боқаев

Ольга Шишигина, Сидней олимпиадасының чемпионы: Мықты жастарымыз бар – Лондон қаласында жалауын көтергелі отырған Олимпиада ойындарына қатысатын қазақстандық жеңіл атлетика командасы біраз жолдамаға иелік етті. Сіз олардың жеңіске деген мүмкіндіктерін қалай бағалаған болар едіңіз? Өз болжамыңызбен бөліссеңіз? – Жалпы менің айтарым, спортқа болжам жүрмейді. Сонысымен де ол спорт. Десек те, біздің жеңіл атлет­ші­леріміздің арасында үміт күтетін спорт­шыларымыз жоқ емес, бар. Ерек­ше атайтыным – Ольга Рыпакова мен Дмитрий Карпов. Бұлардың жүл­делі орындарға таласу мүмкіндігі жоғары. Осы жолғы Лондон олимпиадасына жеңіл атлетикадан жастарымыз кетіп барады. Олардың арасында үміт күттіретіндері аз емес. Жастар бұл Олимпиадада өз шеберліктерін көрсетуге керемет мүмкіндік алса, екіншіден, келесі Олимпиадаға қажетті тәжірибе жинақтап қайтады. – Әлемде жеңіл атлетикадан әлеуеті өте күшті командалардың бар екенін жақсы білеміз. Қалай ойлайсыз, бұл орайда спортшыға спорттық даярлық маңызды ма, әлде психологиялық дайындық маңызды ма? – Әрине, спорттық дайындық­сыз еш­­қандай жарысқа қатысу мүмкін емес. Бірақ сонымен бірге психология­лық дайындықтың да маңыздылы­ғын жоққа шығармас едім. Екі жағ­дай да рөл ойнайды. Халықаралық жарыстарда өз білгенінен жаңылып жататын спортшылар болса, демек, олар психологиялық тұрғыдан әлі шыңдалмаған. – Жеңіл атлетика әртүрлі қашық­тыққа жүгіруден, спорттық жүрістен, көпсайыстық жарыстан, биіктікке секіру тәрізді спорт түрлерінен құралатыны белгілі. Сіздің ойыңызша, біз жеңіл атлетиканың осы айтылған қай түрлерінен озып шыға аламыз? – Менің ойымша, үш қарғып секіру мен көпсайыс түрлерінен жүлделі орындарды сарапқа салатын жағдайымыз бар. Бірақ жеңіл атлетиканың өзге түрлерін тізімнен сызып тастай алмаймын. Одан да бағымыз үстем болуы мүмкін. Бәрін жарыс көрсетеді. – Спорттың өзге түрлеріндей емес, жеңіл атлетикада төрешілерге қатысты сынды аз естиміз. Бұл шын мәнінде солай ма, әлде төрешілер жарыс нәтижесіне ықпал ете ала ма? – Жоқ, ешқандайда ықпал ете алмайды. Өйткені жеңіл атлетикада «фотофиниш» қолданылады. Ол жерде спортшының нәтижеге жеткендегі бейнесі фото арқылы көзге айқын көрініп тұрады. – Жеңіл атлетшілердің жарыстары көбінесе ашық аспан астында өтеді ғой. Бұл орайда ауа райының қолайлылығы да рөл атқаратын шығар? – Міндетті түрде. Жеңіл атлети­кадағы ең басты кедергі бұл – қарсы беттен соққан жел, одан кейін жауын-шашын. Қарсы желдің екпіні қатты болса жылдамдыққа кәдімгідей әсер етеді. Жауын-шашынның өзі айтарлықтай қиындықтар тудырады. – Сіз Лондон олимпиадасында қазақстандық спортшылар қатысатын спорттың өзге қандай түрлеріне жанкүйер боласыз? – Күрес пен боксқа, одан кейін ватерполға жанкүйер боламын. Негізінен еліміздің ұлттық құрамасы мүшелерінің қатысатын барлық спорт түрлерін назардан тыс қалдырмауға тырысамын. – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Дәуіржан Төлебаев

6540 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы