• Мәдениет
  • 02 Тамыз, 2012

Олимпиада көрігі қызған сәт

Лондонда өтіп жатқан ХХХ Жазғы олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар сәтті өнер көрсетіп жатыр. Қоржынымызда үш жүлде бар. Бір қуанарлығы – сол жүлделердің барлығы алтын. Қазақстан құрамасының спортшылары осы 3 алтынмен шектелмей, одан әрі де қоржынымызды толықтыра түседі деген үмітіміз бар. Ауыр атлетшілеріміздің аяқалысы жаман емес. Әлі бұл спорт түрінен алтын алуға дәмелі спортшыларымыз бар. Мәселен, 3 тамызда Светлана Подобедова (75 келі), 4 тамызда Алмас Өтешов пен Илья Ильин (94 келі) және 6 тамызда Александр Зайщиков (105 келі) жарыс жолына шығады. Солардың ішінде Илья Ильин мен Светлана Подобедованың шоқтығы биік екендігін ұмытпауымыз керек. Дегенмен, еліміздің ауыр атлеттері үшін сайыс басталмай жатып, құрама сапында екі өзгеріс орын алғанын ескере кеткен жөн болар. Халықаралық Олимпиадалық комитет таяу уақыттардан бері Қазақстан азаматтығын алған бұрынғы қытайлық атлеттер Фархад Харки мен Арли Чонтейдің еліміздің басты командасы қатарында өнер көрсетуіне рұқсат етпеді. ХОК бұл жерде өзінің хартиясындағы бір елден екінші елге өткеннен кейінгі үш жылдық мерзімді толтыру жөніндегі ережесін алға тартты. Сөйтіп, бұл екі атлет осыдан төрт жыл бұрынғы Светлана Подобедованың басынан кешкен жағдайына тап болды. Соған қарамастан, Олимпиадалық комитет алған бетінен қайтпады. Соның салдарынан олардың орнына қосалқы құрамдағы екі зілтеміршіні қосуға тура келді. Сөйтіп, 94 келіде Алексей Зайчиков, 105 келіде Кирилл Павлов қатарға ілікті. Олардың екеуі де басты жүлделерден үмітсіз «В» тобында шайқасады. Лондон олимпиадасында су добы шеберлері сәтсіз өнер көрсетуде. Алғашқы ойында Қазақстан құрамасы Испанияға 6:14 есебімен ұтылды. Ел құрамасы сапында қарсыластар қақпасына Владимир Ушаков пен Сергей Губарев – екі, ал Евгений Жиляев пен Рүстам Үкіманов бір-бір доптан соқты. Бірінші ойында Испания құрамасына 6:14 есебімен жол берген Сергей Дроздов шәкірттері кеткен есені Авс­тралия құрамасынан қайтармақ болған. Алайда әлеуеттері шамалас болғанымен, жерлестеріміз алғашқы минуттарда-ақ қақпаларына екі гол жіберіп алды. Рас, Сергей Губарев есепті қысқартқан. Бірақ артынша көп ұзамай, қарсыластар қақпамызға тағы екі гол соқты. Келесі сегіз минуттықта екі команда да екі-екі голдан соқты. Ал соңғы кезеңнің басында бір гол салып есепті теңестірген сияқты едік, бар күшін шабуылға салған австралиялықтар қақпамызға тағы үш голды салды. Қорытынды есеп – 4:7. Енді біздің жігіттер келесі ойынын тамыздың 2-сі күні Грекия құрамасына қарсы өткізеді. Кездесу Астана уақытымен сағат 16:20-да басталады. Дзюдошы Сергей Лим 66 келі салмақта алғашқы жекпе-жегінде болгариялық Мартин Ивановты белдесу аяқталмай жатып таза жеңген болатын. Алайда екінші белдесуінде жапондық Масаши Ебинумаға ұтылды. Белдесудің екінші минутында-ақ жапон балуаны дзюдошымыздың екі жауы­рынын татамиге тигізіп, иппон әдісімен таза жеңді. Қазақстандық жүзгіш Александр Тарабрин біліктілік сайысынан аса алмай, 100 метрге шалқалай жүзуде жартылай финалға шыға алмады. Бұл қашықтықты 55,55 секундта жүзіп өткен спортшымыз 38-ші орынға тұрақтады. Ал жартылай финалға үздік 16 спортшы шықты. Олардың арасында америкалық Мэтью Греверс 52,92 секундтық нәтижемен үздік танылды. Боксшыларымыз да алғашқы жекпе-жегін өткізіп үлгерді. 56 келі салмақ санатында шаршы алаңға көтерілген Қанат Әбутәліпов бірінші айналымда сириялық Виссам Саламанмен жұдырық түйістірді. Ширақ қимылдап белсендік таныта білген Қанат үш раундта қарсыласына еш мүмкіндік бермеді. Қорытынды есеп – 15:7. Енді келесі айналымда біздің спортшымыз даниялық Джейлан Деннисті 21:6 есебімен жеңген ирландық Джон Джо Невинмен жұдырық түйістіреді. Ал Данабек Сужанов (75 кг) үндістандық Вижендер Сингхтен байқаусызда 10:14 есебімен ұтылып қалды. Жеңіл салмақта, яғни 49 келі салмақта сынға түскен Біржан Жақыповтың жолы француздық Джереми Беккумен түйісті. Шиеленісті тартысты өткен белдесудің бірінші раундында есеп 6:6 есебімен тең аяқталды. Ал екінші таймда Біржан бірнеше қателікке бой алдырды. Осыны пайдаланған Бекку ұрымтал сәтте мүмкіндігін пайдаланды. Сөйтіп, екінші раундтың қорытындысында Біржан уақытша 10:11 есебімен ұтылып тұрған еді. Әйтсе де, намысты қолға бермеуге тырысқан қазақстандық боксшы шешуші раундта бар күшін салды. Француздық былғары қолғап шебері қорғаныс тактикасын таңдады. Қорытынды есепте төрешілер 18:17 есебімен жеңісті жерлесімізге берді. 64 келі салмақпен сынға түскен астаналық Данияр Елеусінов америкалық Джемаль Хэрингпен қолғап түйістірді. Шеберлігімен көзге түскен Данияр бірнеше мәрте комбинациялық шабуыл жасаумен көзге түсті. Тіпті шабуылдап қана қоймай, сауат­ты қорғана да білді. Сөйтіп, Данияр Джемальдан айласын асырып 19:9 есебімен жеңіске жетті. Боксшымыздың 1/16 финалдағы қарсыласы белгілі болды. Ол испандық былғары қолғап шебері Джонатан Алонсо Флетені 16:12 есебімен жеңген ирандық Мехди Толоутибандпен жұдырық түйістіреді. Әйелдер арасында стенд атудан 18 спортшы қатысты. Қазақстандық Ангелина Мищук сәтсіз өнер көрсетті. Ол 9-орынды иеленгендіктен, екінші айналымға өте алмады. Ангелинаның жаттықтырушысы ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сергей Колос шәкіртінің үздік алтылықтың қатарына іліге алмай, ақтық сайысқа қа­тысу құқығынан айрылғанына қынжылыс білдірді. Спорттық гимнастикадан алғашқы отыздықтың қатарына енген Степан Горбачев келесі айналымға өтті. Енді ол финалдық ойындарда бақ сынайды. Әйтсе де, тәжірибесінің аздығынан Горбачев жүлде алуы неғайбіл. Ал әйелдер арасында қазақстандық Мөлдір Әзімбай бірқатар қателікке бой алдырып, жарыстың келесі кезеңіне өте алмай қалды. Олимпиада ойындарының алғашқы күні садақ тартудан алдын ала сыннан сүрінбей өткен Денис Генкин 1/32 финалында малайзиялық Хaзиг Камаруддинмен сайысқа түседі. Олимпиаданың алғашқы күні Алматы облысының 23 жасар спортшысы Генкин 70 метрден садақ тартуда 64 спортшының арасынан 17-орын алды. Ал оның қарсыласы 48-орыннан көрінген болатын. Егер бұл сыннан сүрінбей өтсе 1/16 финалда Голландия-Дания жұбының жеңімпазымен кездеседі. Алдын ала сында голландиялық 16-шы орын алса, даниялық одан айтарлықтай төмен нәтиже көрсеткен болатын. Бұл Денистің алғашқы олимпиадасы. Ал Қазақстан құрамасының екінші мүшесі оралдық Анастасия Баннованың бұл екінші олимпиадасы. Анастасия 1/32 финалда мексикалық Аида Романмен күш сынаспақ. Алғашқы сайыста А.Баннова 54-ші, А. Роман 24-орын алған еді. Егер Анастасия бұл бәсекеде жеңіске жетсе 1/16 финалда грекиялық Евангелия Псарра мен үндістандық Импхал Еастпен жұбы арасындағы жеңімпазбен кездеседі. Бұған дейін Евангелия 38-ші, Импхал 27-орын алған алған болатын. Жүзгіштеріміз Олимпиадада сәтсіз өнер көрсетті. Солтүстік Қазақстан облысынан келген Владислав Поляков 100 метрлік брасс әдісімен жүзуде 1 минут 2,15 секунд уақыт көрсеткішімен 34-ші орын алды. Осылайша ол жартылай финалға шығу құқығынан айрылды. Ал ақтөбелік Александр Тарабрин 100 метрге шалқалап жүзуде бар білгенінен жаңылысты. Сөйтіп, ол да жарысты ерте аяқтауына тура келді. Теннисшілеріміздің де жолдары болмады. Әйелдер арасында жұптық разрядта Ярослава Шведова мен Галина Воскобоева канадалық Дюбуа мен Возняки жұбымен кездесті. Бір жарым сағатқа созылған бәсекеде жерлестеріміз 2:0 есебімен ұтып, келесі айналымға жолдама алды. Ерлер арасында жеке разряд бойынша Михаил Кукушкин бірінші айналымда француз спортшысы Желе Сейманға 2:4 есебімен жол беріп қойды. Сөйтіп, жеңілістің ащы дәмін татқан Кукушкин жарыс жолынан шығып қалды. Ал жеке разрядта Ярослава Шведова бірінші айналымда Румыния теннисшісі Симона Халепті тізе бүктірді. Алайда Ярославаның жеңісі көпке ұзамады. Екінші айналымда ол неміс спортшысы Сабина Лесицкиден 4:6, 6:3, 7:5 есебімен жеңіліс тапты. Ал академиялық ескек есуден Лондон олимпиадасында ширек финалға өте алмай қалған жерлесіміз В.Яковлев ынталандыру сайысының ақтық сынында өнер көрсететін болады. Яковлев 7:33.29 уақыт көрсетіп, өз тобында екінші орынға ие болды. Алайда бұл көрсеткіштің деңгейі басқа топтардағылардан қарағанда тым төмен болғандықтан, енді жерлесіміз жүлделі орындарға таласпайтын болады. Нысана көздеуде Ольга Довгун 10 метрлік тапаншамен ату бағдар­ламасында 394 ұпайменен 22-ші орын алды. Ал ерлер сайысында бұл Вячеслав Подлесныйда 10 метрлік ату сынында аса жақсы нәтиже көрсете алмай, 565 ұпаймен 40-шы орынға місе тұтты. Иә, биылғы қазақстандық спорт­шылардың Олимпиадада көрсетіп жатқан көрсеткіші көңіл көншітеді. Бұл тарихта бұрын-соңды болмаған жағдай. Бұрын көз талдырып, алтынды сарғайып күтуші едік. Бұл жолы сары түсті қымбат металл ә дегеннен қанжығамызға байланып, мерейімізді бірден тасытып жіберді. Алғашқы төрт күнде 3 алтын жинаған Қазақстан құрамасы жалпы есепте әзірге 8-ші орынға жайғасты. Жалпы командалық есепте ТМД елдері арасында бірінші, ал Азия құрлығы бойынша Қытай, Оңтүстік Корея және Солтүстік Кореядан кейін төртінші орынға көтерілдік. Тіпті құрлықтағы азулы мемлекет Жапонияның өзін артқа қалдырдық. Әзірге командалық есепте Қытай спортшылары озып тұр. Нұрлан ҚҰМАР

2944 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы