• Тұлға
  • 02 Тамыз, 2012

Қас қағым және мәңгілік

Дүниеге Тәуелсіздік көзімен қарайтын әдебиет керек. Нұрсұлтан Назарбаев Патриотизм – өз еліңе қолдау көрсету. Франклин Рузвельт Игілікті істі шын жүректен мадақтау белгілі бір дәрежеде оған қатынасу деген сөз. Франсуа де Ларошфуко Шертпе күй АРМАН АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ Адам армандаған кезде ұлы. Акира Куросава Биылғы жаз жаңбырсыз өтіп жатыр. Шілде айы да өрмек жүзінен ауып кетті. Әйтсе де, әлі күнге дейін жаңбырдың өзі тұрмақ лебі де жоқ. Аспан айналып жерге түскен аптап тірі жанның апшысын қуырып барады. Еріні кеберсіген жарықтық Жер-Ананың қарақошқыл топырағы бозарып, тозаңға айнала бастады. Жасыл жапырақтар да сарғылт түске боялды. Алатау баурайындағы шағын ауыл шаңын қағып сілкіне алмай, қиналып тұр. Қап-қара бұлт торлаған аспанда ат тағасындай имек ай батысқа қарай маңып барады. Тымырсық түн тыныштығын бұза ұлыған қасқыр даусы талып жетті. Құлықсыз ұлыған қасқырдың құлазыңқы үні абалап үрген тарғыл төбеттің даусына ұласты. Түн ортасы болса да Тәтебаланың кірпігі айқасар емес. Азан шақырып қойған аты Тәтебала еді, ата-анасы еркелетіп, Тәттібала дейтін. Алыс-жақын ағайын құлақ құрышын қандырған Тәттібала есімін құп көрді. Ұйқысы қашқан ол енді бір сәт Әбіш пен Әлжан жайлы ойлап кетті. Әбіш ағайынды үшеу. Олар: Шалабай, Үмбет, Әбіш. Әбіші жұмысқа нық шегедей мығым. Мәттақан. Теріден тон тігеді. Оның мүлтіксіз тіккен тонынан мін табу қиын. Әбіш өсірген алмада құрт болмайды. Арудың албыраған бетіндей алқызыл алмалардың иісі де керемет. Өзі орысшаға судай. Әбіштің Қор­дайдағы Қасық деген ауылының құмырсқа бел, құралай көз қызы – Әлжанға ғашық болып қосылғанына да біраз жылдың жүзі болды. Тәубе, келінінің жүзі жылы, өңі ажарлы, мінезі сынық. Әйтсе де, көңілге көлеңке түсірген бір жай бұлар әлі немере сүйгізген жоқ. Қарғалыдағы Жұпар молда Әбіш пен Әлжанды ұшықтап, үшкіріп, тұмар да тақты. Одан қайран жоқ. Қайдан болсын, Құдайдан болмаса. Енді не істеу керек? Дәрігер Жаңылға қарата ма? Бір ойын екінші бір ойлар оятқан Тәте­ба­ла түн ортасы ауа ұйықтап кетіп еді, таң алдында түсіне Қарасай батыр кірді. Күміс жүге­ні ай сәулесімен шағылысқан ақ арғымақ қос құлағын қайшылап, алдыңғы оң аяғымен жер тарпып тұр. Жалт-жұлт еткен алтын ерде құрыштан құйылған мүсіндей болып тіп-тік отырған батыр баба: – Тәтебала! – деді дауысы аңыздағы Ақбас бүркіттей саңқылдап – көмекті Жұпар молдадан да, Жаңыл дәрігерден де емес, Райымбек батырдан сұра. Ол батыр ғана емес әулие. Әлжан мен Әбіш Райымбектің басына барып түнесін. Алладан медет сұрасын. Әлемнің жаратушысы Алла тағала. Бұ дүние мен о дүниенің әміршісі де сол. Алланың әмірінсіз ештеңе болмайды. Тәтебала келесі күні сәрсенбінің сәтінде қой сойып, құдайы тамақ берді. Әлжан мен Әбіш жұма күні Қарғалыдан Алматыға келіп Райымбек батырдың қабірінің басына түнеді. – Е, Алла, жалғыз өзіңе ғана бас иемін! Айдай әлемде өзіңе тең келер жан жоқ! Өзіңе ғана бас иемін, өзіңнен ғана рақым күтемін. Сенің патшалығыңнан басқа патшалық, сенің құзыретіңнен басқа құзырет жоқ! – деп Мұхаммед пайғамбардың сөзін сан мәрте қайталап айтты Әлжан. Әбіш болса: – О, Алла рақымың түсіп, шапағатыңа бөлей көр. Бір перзент бере гөр өзіңді сүйген пендеңе, – деп күбірледі. – Мен түнде түсімде жап-жасыл көзі оттай жанған қызыл жолбарыс көрдім, – деді ертесінде Әлжан. – Иә, сосын, – деп елең ете қалды Әбіш. – Сол қызыл жолбарыс маған жақын келіп, оң қолымды жалады. – Бұл жақсы түс. Алла нәсіп етсе перзент сүйеміз деп жорыды Әбіш Әлжанның түсін. Арада бір ай өткенде Әлжан тағы да түс көрді. Бұл жолы әлдебір көл жағасында тұрса керек. Көлдің суы мөп-мөлдір, жағалауы мап-майда құм. Су түбінде мылтық жатыр. Өзі су жаңа, аппақ, ұп-ұзын мылтық екен. Әлжан жағаға жақын жатқан сол мылтықты алыпты. Ауыр мылтықты арқалап, терлеп-тепшіп, үйге жетіп, оянып кетіпті. – Алла нәсіп етсе сен ұл туасың. Толғағың қатты болады, – деп жорыды Әлжанның бұл түсін Тәтебала. Алла тағала ақ тілекті қабыл етті. Бір мың тоғыз жүз қырқыншы жылы шілде айының алтыншы жұлдызында Әбіштің шаңырағын шаттыққа бөлеп, жас сәби дүниеге келді. Әлжанның сыйлас, сырлас құрбысы Тұрсын сәбидің кіндігін айбалтамен кесті... Кенже ұлдан туған немересін бауырына салған Тәтебала оған ат қоярда көп ойланды. «Таң нұрымен жарыса келді ғой өмірге, Нұрбек қойсам ба екен есімін, – деді іштей Тәтебала. – Әлде нұрға сұлтанды қосып Нұрсұлтан десем ше? Иә, бектен гөрі сұлтан деген дұрыс. Кеше Құранды қайта қарап шықтым. Құдайдың тоқсан тоғыз есімінің ішінде Нұр, Сұлтан аттары бар. Әйтсе де, Нұрсұлтан деген ат жоқ. Қайтпек керек? Бір ақыл жақсы, екеу болса бекем болады. Жұпар молдамен ақылдасып көрейін. Ол не дер екен?» Тәтебала осы оймен Жұпар молдаға келді. – Молдеке, сізбен ақылдасуға келдім, – деді Тәтебала өзін құрақ ұшып, қол қусырып қарсы алған аласа бойлы, ақсары шалға. – Не жайлы? – Немереме ат қою жайында. Ырымшыл халықпыз ғой, сәбиге қойылған жақсы ат оның болашағы жарқын болуына септеседі. Мен немереме Құдайдың Нұр және Сұлтан деген екі есімін біріктіріп, Нұрсұлтан деген ат қойсам деп едім. Бұл қалай болар екен? – Не қалайы бар? – Құдайдың Құрандағы екі есімін біріктіріп, немереме ат қоюым асылық болмай ма? – Асылық болар деп ойласаң, қой сойып, құдайы бер, – деді көзін жұмып, тасбиық тартып отырған Жұпар молда. – Өзім де солай ойлап ем, – деді Тәтебала. – Сосын, – деді тасбиық тартуын тоқтатып, шағыр түстес кішкентай көздерін кең ашқан Жұпар молда иегіндегі қою мұрты мен сақалын сипап – аруақтарға, сосын Назарбай мен Мырзабалаға арнап Құран оқыт. Құдайға құлшылық ет. Құдық ұрған пендесіне Жаратқан иемнің кешірімі мол. Осы әңгімеден соң Тәтебала өзі бауырына салған немересіне Нұрсұлтан деп ат қойды. Сосын жасы тоқсан беске келген қариядан бата сұрады. Аппақ сақалы кеудесін сүйген, аққұба жүзі күнге күйген, ақсаң сұпы шапанын терезеден қиғаш құйылған күн сәулесі аймалаған кейуана күректей алақанын жайып, сөйлеп кетті: – Бұл періштенің есімі Нұрсұлтан екен. Сәбиіміз аман-есен ер жетіп, ел тізгінін ұстасын. Атына сай жүрген жері нұр болсын! Елінің сүйікті сұлтаны, халқының тозбайтын ұлтаны болсын! Меккеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, не қаласа Алла тағала тілегін қабыл ет! – Тәп-тәтті немересі – Нұрсұлтанның нұрлы болашағы жайлы арман алға жетелеп қиял қанатында самғаған Тәтебала сол күні өзін әлемдегі ең бақытты әже сезінді. 1. АЙЛЫ АСПАНДАҒЫ АЛТЫН ЖҰЛДЫЗ Жер бетіндегі ғұлама данышпандар аспандағы жұлдыздарға ұқсайды. Жерде де, суда да жұлдыздарға қарап жол табуға болады. Жұлдыздар болмаса адасуы мүмкін. Мың хадис Бірінші терме ОТЫЗДАҒЫ ОҒЛАН Если люди будут способны слышать голос Бога, они спасутся. Жанна д’ Арк Күл түстес күлгін аспанның, сүзектен үзіліп кете жаздаған ауру адамның бетіндей боп-боз айдың, өшуге айналған май шамның әлсіз жарығындай өлеусіреген жұлдыздардың суретін апай төсінде тербеткен, арғы шеті көгілдір көкжиек, көк сағымға ұласқан ұлы теңіз түні бойы ұйқыдағы арудай уылжып тып-тыныш жатып еді. Таң ата жойқын дауыл тұрып, буырқанып, бусанған, ашуменен құрсанған көкшулан теңіз арыстан жалды ақжал толқындарын тулатып, қаһарына мінді. Бүгінгі дауыл көнекөз қариялардың өзі де көрмеген сұмдық дауыл-ды. Теңіздің аспанға атылған асау толқыны да аса ашулы, аса сұрапыл. Оның аса алапат күшін былай қойғанда сұсы мен мысының өзі-ақ батырлардың өзін сас­тырып, қорқақтардың зәресін ұшырды. Жағалаудағы қайықтарды қаңбақша қаққан толқын айлақтағы алып кемелерді допша домалатты. Осының бәрі аздай-ақ шелектеп жауған жаңбырдан миллион тұрғыны бар үлкен шаһардың көсіліп жатқан кермиық, кербез көшелерін селмен шайып, екілене соққан өкпек жел небір әсем үйлердің әп-әдемі шатырларын жұлып түсті. Теңіз жағасынан бой көтерген биіктігі жүз алпыс метр, салмағы мың батпан, алып мұнар табиғаттың дүлей күшіне шыдамай,құлап түсердей болып теңселіп тұр. Талай дүлей дауылдар мен жауындарда, ол ол ма, Жер-Ана сілкінгенде де сан ғасыр бойы мызғымай мығым тұрған болаттан берік мұнараның сыр бере бастауы тегін емес-ті. Дүлей дауыл басылып, тұманды аспан ашылған сәтте теңіз жағасындағы мұнара қала жаққа қарай қисая бастады. Алып мұнара құласа патша ағзамның оған таяу салынған салтанатты сарайын басып қалар түрі бар. Он мың құл жиылып, он жыл салған сарайдан айырылу оңай ма? Мұнара мен сарайды сақтап қалудың қандай жолы бар? Осы күрмеуі қатты күрделі сауалға жауап табу үшін патша бас уәзіріне пәрмен берді: «Елдің бабалары мен даналарын сарайға шақыр» деп. Күнұзақ кеңескен олар қатерден құтылу жолын айта алмады. – Осы түйінді не өзің шеш, не ақылы асқан даланың дана қарттарына тарқаттыр. Қатерден құтқарар жол таппасаң басыңды аламын, – деді патша бас уәзірге. – Құп болады Әміршім, – деді басын иіп, құлдық ұрған бас уәзір. Енді ол өзіне бағынышты қырық уәзірді жиып алып ақыл қосты. Бас уәзірдің басы жетпегенге олардың ақылы қайдан жетсін? Ешқайсысы көңіл көншітер ештеңе айта алмады. Жаны тырнағының ұшына келген бас уәзірдің ойына он жасқа да толмаған ойын баласы кезінде-ақ ерекше ойшыл болған, он бесінде халықтың жанын ұққан, жиырма жасында тарих тағылымдарын ақыл-парасат таразысына тартып, елінің болашағын болжаған, жиырма беске толғанда көшелі сөз айтып көш бастаған, ғылымның қайнарынан қанып ішіп, отызында орда бұзған оғлан оралды. Қалада емес, далада, шаң шалып, тозаң тұтпаған тап-таза табиғат аясында жан дүние байлығын аялап жүрген бозбаланы сарайға алдырмақ болып, алысқа ат шаптырды бас уәзір. Әйтсе де, ойшыл оғлан сарайға баруға бас тартты. – Менің сарайда жұмысым жоқ. Егер сарайдағылардың менде шаруасы болса өздері келсін, – деді ол. Мұны естіген бас уәзір: – Бұл не деген жүгенсіздік?! – деп тас-талқан болып ашуланды. Біраздасын ашуын басып, ақылға келді. Тағдыры жас ғұламаның қолында тұрғасын амалы құрып өзі барды ақыры. – Осылай да осылай, егер осы тығырықтан шығар жол тауып, мұнара мен сарайды сақтап қалсаң қалағаныңды аласың. Ат басындай алтын береміз, атақ-даңқыңды аспандатып, жалпақ жұртқа жаямыз, – деді бас уәзір. – Маған байлық та, атақ да керек емес. Не істесем де халық үшін істеймін. Еңбегім ел игілігіне, – деді отыздағы оғлан. – Өзің айтқан халық тығырыққа тіреліп, ел елегізіп отыр. – Халық үшін қатерге бас тігіп, ел үшін ерлік жасауға әзірмін. Олай болса тарқат мына түйінді. – Бұл түйінді шешу үшін қалаға баралық, – деді оғлан. – Олай болса не тұрыс? Тезірек атқа қоналық, – деді бас уәзір. – Отыздағы ойшыл оғлан шаһарға келген соң теңіз жағасындағы қисайған мұнараның түбінде үш күн, түн жатты. Теңіздің шуылы мен жердің әлсіз уіліне құлақ түрді. Аспандағы жұлдыздар мен айға көз тікті. Сосын бұзау терісіне таңбаланған ескі жазбаларды оқыды. Ұзақ ойланып, бір байламға тоқтаған ол сарайға келіп, патшаға өз шешімін айтты. – Мұнара мен сарайдың астында көл бар, – деді жас ғұлама. – Мұнара мен сарайды құлатпай ұстап тұрған екі алып тас, асыл діңгек екен. Екі алып тас, екі діңгекті екі айдаһар қас қақпай күзетіп тұр. Оның біреуі – ақ, екіншісі – қара. Дүлей дауыл кезінде сол екі алып соқтығысып қалса керек. Мұнара мен сарайды жақсылар салса амандықтың, жамандар соқса жамандықтың белгісі. Мұнараны атақ-даңқты көксеген харамдар, сарайды маңдай тері тамшылаған адал адамдар тұрғызса керек. Әйтсе де, адал адамдар салған ақ сарайдың бүгінде сырты бүтін, іші түтін. Талай жазықсыз жанның қанын төккен соғыстан түскен байлықтан көздерін шел басқан патша мен оның төңірегіндегі «Ләппай тақсыр» жандайшаптар тақтың бағын емес, елдің қамын ойлап, халықты қанауын қоюы керек! Бұл – бір. Екінші шарт – зұлымдықпен басталған зұламат соғысты дереу тоқтату керек! Байлық үшін басталған сойқан соғыстан талай боздақ қыршынынан қиылды. Қанға бөккен жер адамзаттың қайғысын қабырғасы қайысып, әрең көтеріп тұр. Содан да жер жарықтық ауық-ауық тебіреніп, теңселеді. Алып мұнараның қисайып, құлауға шақ тұрған бір себебі сол. Табиғи апаттар зұлым патша әмірін жүргізген харам өлкеде болады. Мұнара мен сарайды ғана емес, халықты, ел мен жерді сақтаудың жалғыз ғана жолы бар. Ол Құдіретті Құдай сызып берген жол – адалдық жолы. Құдайдың жолынан бөтен жол жоқ! Кеш те болса ақылға келген патша боз биені құрбандыққа шалып тасаттық берді. Көрші елмен соғысты тоқтатып, бітімге келді. Қазына алтынына қол салып, халыққа шүлен таратты. Бүгінге дейінгі астамшылығы үшін Құдайдан кешірім сұрап, құлшылық етті. Сенің қателігің өзіңді Құдай сезіндің. «Құдай көкті билесін, жердегі әмірші менмін» деген соқыр сезім ой-санаңды жаулап алды. Құдай біреу. Оған серік қосқан екі дүниеде де оңбайды. Ол астамшылықты кешірмейді. Сен аруақ болып аян берген Құдайдың дауысын естімедің. Таскерең болды құлағың. Көзіңді шел басты. Енді міне, кеш те болса Құдай сызып берген жолға түстің. Енді осы алған бетіңнен қайтпа! Сонда ғана ел тыныш, ер аман. Сонда ғана тағың шайқалмайды. Елдің де, ердің де бағы жанады. Есі енді кірген патша елпілдеп, басын изей берді. Түні бойы көз ілмей Жаратқан иеге жалбарынған патша таңертең сарайдан шығып теңіз жақ бетке қарағанда өз көзіне өзі сенбей, аң-таң боп, аңтарылып тұрып қалды. Сәлден соң шабыттана сөйледі: – О, тоба! Қисайған алып мұнара бәз-баяғы қалпына келіп, тіп-тік тұра қалыпты ғой. Түнде ай да әдеттегіден әлдеқайда жарық болып еді. Күн де бүгін өзгеше бір жып-жылы, жұп-жұмсақ сәуле шашып күліп тұр. – Айтқаныңның бәрін естідім, – деді патшаның жанына келіп, онымен иықтаса тұра қалған оғлан. – Осының бәрі Алла тағаланың адалдыққа көрсеткен сыйы. – Сен менің қызыма үйлен. Тақ мұрагері бол, – деді патша жанындағы бойы өзінен бір қарыс ұзын жас жігітке мойнын соза қарап. – Жоқ! Маған ондай сый-құрмет қажет емес, – деді отыздағы оғлан екі көзі оттай жанып. – Маған патшаның тағынан халқымның бағы қымбат. Мен кеттім. Сау болыңыз. – Қайда? – Халықтың қалың ортасына барамын. Не көрсем де елмен бірге көремін. Сол сәт адам сенбес таңғажайып оқиға болды. Алып теңіздің арқа тұсындағы асқар таудан ұшып келген Ақбас бүркіт керегедей қанатын кең жайып, бұлардың қарсы алдына тұра қалды. Айнала қас қағым сәтке күңгірт тартты. Төңірек қайтадан жап-жарық болған сәтте құсқа айналып шыға келген отыздағы оғлан Ақбас бүркітпен бірге қатарласа қанат қағып, ұшып бара жатты. Сәлден соң екі құс бір құсқа айналып, зеңгір көкке сіңіп кетті. Тәтебала айтқан осы аңыз Нұрсұлтанның жадында мәңгі жатталып қалды. Өзіңді емес, ең алдымен халқыңды ойла ұлым, – деп еді Әбіш бірде Нұрсұлтанға. Жүсіп Баласағұн айтыпты ғой: «Өзіңді емес, ел пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде» деп. Даланың дана қарттары айтыпты, – деп әкесі Әбіштің сөзін онан әрі сабақтады анасы Әлжан: Өзін ғана ойлаған жамандықтың белгісі, Өзгені де ойлаған адамдықтың белгісі. Нұрсұлтанның адастырмас ақ жұлдызы – бақ жұлдызы әжесі Тәтебала айтқан аңыз, әкесі Әбіш құлағына құйған ақыл, анасы Әлжан жүрегіне сіңірген нақыл. Осы сәулелі сөздер Нұрсұлтанның жан дүниесіне жарық нұрын төгіп тұр. Екінші терме БАЛА МЕН ҚАЛА Надежда – сила, которая приводит в движение этот мир. Мартин Лютер Әлем қабағына қатқан мұзды қырық бесінші жылдың мамыр айында аяқталған екінші жаһандық соғыс ерітті. Түн түнегін түрген тоғызыншы мамыр Алатау баурайындағы ауылға қуанышпен бірге, қайғы да ала келді. Бір жанұя соғыстың аяқталғанына қуанып, бөркін аспанға атып жатса, екінші жанұя майданда қаза болған ер азаматын жоқтап, қайғыдан қан құсты. Колхоз басқарғандықтан ғана емес, бір қолы жансыз, әлсіздігі себепті бронмен әскерге алынбаған Әбіш қуаныш пен қайғы қайшыласқан мамыр айының сол аласапыран күндерінде халықпен бірге күліп, халықпен бірге күрсінді. Маусым айының соңына қарай соғыстан қайтқан солдаттар қатары сирей бастады. Абыр-дабыр басылып, халық тыныштала бастаған жаздың жайма-шуақ бір кешінде ағайынды үш жігіт Шалабай, Үмбет, Әбіш кешкісін аулада отырып ері соғыста қаза болған Жанайым жайлы ақылдасты. Құдайы көршіміз Жанайым шымнан салынған жеркепеде отыр, – деп бастады Әбіш сөзін. – Құдай қосқан қосағы Қансейіт қан майданнан қайтпады. Ол соғысқа аттанғанда іште қалған жалғыз ұлы Үмітбектің бұғанасы бекіп, белі қатқан жоқ. Жесір әйел, жетім балаға қарасу парыз. Егер сендер жөн десеңдер асарлатып Жанайымға үй салып берейік. – Ол дұрыс қой, бірақ, – деп кібіртіктеді Шалабай. – Аға, оның не бірағы бар? – деді Үмбет. – Кірпіш құйып, төрт қабырғасын қалап берерміз-ау, үйдің төбесін немен жабамыз? Есік-терезені қайдан аламыз? – деді Шалабай. – Жаңа үй салам ба деп жинаған бөрене мен тақтай, есік пен терезе бар менде. Соны қиямыз да, – деді Әбіш. – Бұған Әлжан келін не дер екен, – деп көзін сығырайтып Әбішке сынай қарады Шалабай. – Әлжан менің айтқанымнан шықпайды, – деп қысқа қайырды Әбіш. – Олай болса, іске сәт! Қыз дайын болса біз дайын, – деп жұмсақ жымиды Шалабай. – Онда іске кіріселік. Ертеңнен бастап кесек құя бастаймыз, – деді Әбіш екі ағасына жүгірте көз тастап. – Жөн, жөн, осы дұрыс, – деп қостады Әбішті ағалары. Әлгібір әзірде өрістен кештеу қайтқан қоңыр сиырды сауып, қора жақтан оралған Әлжанды күлімсірей қарсы алды Әбіш. Сосын оның қолындағы сүт толы ақ шелекті алып жүре түсті де, кілт тоқтап: – Сұлтанжанның анасы, сәл кідірші, – деді. – Иә, жайшылық па? – деп елең ете қалды Әлжан. – Мына жерге дізе бүгелік. Әбіш осыны айтты да, Әлжанға есік алдындағы ұзындығы бір құлаш арқалы орындықты нұсқады. Сүт толы шелекті жерге қойып, арқалы орындыққа отырған ерлі-зайыпты екеуі көрші ауладан оралған ұлын көріп, құрақ ұшты Нұрсұлтанға Әлжан: – Сұлтанжан-ау, неғып кеш келдің? – деді. – Анау Едіге ғой, ертегің қызық екен. Тағы біреуін айтшы деп жібермей қойған. – Жә, бұдан былай кешікпе. – Әбіш Нұрсұлтанды орталарына ала отырып сөз сабақтады. – Өзің білесің, – деп бастады сөзін Әбіш – ана Жанайым жалғызілікті ғой. Шымнан салынған үйі шөгіп, жеркепеге айналып барады. Жалғыз ұлы Үмітбегі біздің Сұлтанжанмен дос. Сол Жанайымның бар уайымы – баспананы «Төрімнен көрім жақын мені қойшы, қабырғасы ылғал, іші ызғар жеркепеде Үмітбегім ауру болатын болды» – деп зарлап отыр. Сол Жанайымға жөні түзу бір үй салып берсек қайтеді? Сен не дейсің бұған? – Мен саған қашан қарсы келіп ем? Мынандай сауапты ісіңді жөн демеуім жөн бе? – Айттың, бітті! Ертең-ақ бұл жұмысты бас­тап кетемін, – деп желпінді Әбіш. – Жалғыз өзіңе қиын болар. Ағаларыңды қосып ал қатарыңа. – Жаңа ғана айттым оларға. – Иә, не дейді олар? – деп елең ете қалды Әлжан. – Ағайынды үшеуміз бұл істе де ат дізе­сін қосатын болдық. Ертең таңертең кірпіш құюды бастаймыз. Бүкіл ауыл болып асарлатып, бірер аптада бітіреміз бұл жұмысты. – Сонымен ертең асар ғой, – деді Әлжан. – Иә, ертең асар. – Асар деген не? – деп сұрады шелектегі сүтке қиғаштай құйылған ай сәулесін қызықтап отырған Нұрсұлтан. – Асар дегеніміз, – деп дауысын соза сөйледі Әбіш – көпшілік, мәселенки, бүкіл ауыл болып істейтін жұмыс. Жұмыла көтерген жүк жеңіл деген атам қазақ. Ертең бүкіл ауыл болып кірпіш құямыз. Сосын бәріміз бірігіп Жанайым мен Үмітбекке жаңа үй салып береміз. Бір адам істей алмайтын жұмысты көп адам бірігіп істейтін игілікті іс асар дегеніміз. – Ұқтың ба, ұлым! – Ұқтым, әке! Мен де асар болам. – Бола ғой, Сұлтанжан. – Алақай! – Олай болса ерте жат, асар бала. Таңертең ерте тұрамыз. Ертесін Әбіш пен Әлжан қазан көтеріп, ауылдастарын ақылшайға шақырды. Әбіштің асар жайлы сөзін ауылдастары құп көрді. Келесі күні басталған Асар бір айға созылды. Кірпіштің кебуін күткен ауыл адамдары ара-тұра үзіліс жасап, ара-тұра өз шаруаларын да тындырып жатты. Бір айда бой көтерген жаңа үйге көшіп алған Жанайымның қуанышы мен Әбіш бастаған ауыл адамдарына алғысы шексіз. – Қалғаны оңай, жаңа үйдің іші-сыртын сылау мен ақтау сияқты жеңіл-желпі жұмыстарын өзім-ақ істеймін, – деп желпінді Жанайым. Асарлатып жатқан ауыл адамдарына Нұрсұлтан мен Үмітбек бастаған ойын балалары да өздерінше қолғабыс жасап жүрді. Баланың аты бала емес пе? Үмітбек пен Едіге үлкендердің «алып кел, барып келінен» «шаршап» көлеңкеге жата кететін. Кейде асық ойнайтын. Сондай сәттерде Нұрсұлтан бір шелек сазды алдына қойып алып, кішкентай кірпіштер құяды. Кірпіш кепкесін кішкентай үй салды. Үйдің төбесін картон қағазбен жауып, есік, терезелерін шыбықтан жасайды. Біреу: – Сұлтанжан, не істеп отырсың? – десе: – Үй салып жатырмын. Өскенде үлкен қала саламын, – деп жауап береді. Сондай күндерде Нұрсұлтан түсінде үлкен қаланы, сол қаладағы еңселі ғимараттарды, салтанатты сарайларды, еңселі ескерткіштерді, саялы бақтарды көруші еді... ертесіне төсектен тұрғанда «Шіркін-ай, құрылысшы болсам ғой, әлемде жоқ әсем қала салсам ғой» деп армандаушы еді ол. Нұрсұлтанның бұдан басқа армандары көп еді. Сол армандар оны қиял қанатына қондырып, әлдебір алыс өлке, жұмбақ жер, жұмақ елдерге алып ұшатын. Арман оны өмір бойы алға жетелеп келеді. Үшінші терме КЕМЕҢГЕРЛІК ПЕН ЕРЛІК Тот счастлив, кто прошел среди мучений, Среди тревог и страсти жизни шумной, Подобно розе, что цветет безумно, И легче по водам бегущей тени. Анна Ахматова «Халқын сүйген озады, алтын сүйген азады» депті даланың дана қарттары. Халқын сүйіп озған «Елін сүйген, Елі сүйген Елбасы» (М.Қасымбеков) Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемел ойлы кемеңгерлігі мен ел сүйсінген ерліктерін оның тәуелсіз Қазақ мемлекетін құрып, оны басқарудағы әр қадамынан көріп жүрміз. Тәуелсіздіктің ақ таңы арайлап атқан алғашқы айлардан бері Елбасымыздың жанында мемлекеттік қызметші болып жүрген Махмұт Базарқұлұлы Қасымбековтің жазбаларын өз басым қызыға оқимын. Себебі – Әзағаңның – Әзілхан Нұршайықовтың сөзімен айтсам: «Президенттің қасында босқа жүрмей, оның адамгершілігінің әр қырын аңғарып, адамдармен қарым-қатынасының әр сәтіне жіті көз сала жүргеніңізге және соларды айнытпай қағаз бетіне түсіре білгеніңізге ризамын». М.Б.Қасымбеков жазбалары Елбасы жайлы қалам тербеп, тарихи ұлы тұлғаның бейнесін әр қырынан сомдауға талпынып жүрген маған да көп көмегін тигізіп жүр. Махмұт Базарқұлұлы ел газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланған (26.06.2012 жыл) «Президенттің конспектісі» атты жазбасында: «Еңбек адамының өзінің тұрмыс-жағдайын жақсартуға мүдделілігін арттыру Президент конспектісінің басты арқауы деуге болады» дейді. Соған орай нарықтық экономикаға көшу кезіндегі Президент конспектісіндегі еліміз үшін аса маңызды жазбаларды оқушы назарына ұсынды. Бұл жазбалардың тәуелсіздік тұсындағы ел тарихын жазушыларға да көп көмегі болары зайыр. Себебі Ел мен Елбасы егіз ұғым. Өмір – өте күрделі. Оның қыры мен сырын, мұңы мен жырын бір білсе өмірде көп жайларды өз басынан өткеріп, көңіліне көп түйген ардагерлер біледі. Еліміздегі ақылман ағаларымыздың көшбасшысы Бәйкен аға Әшімов ана бір жылы, тоқсаннан асқан жасында «Егемен Қазақстан» газетіне берген «Азаматтың тілеуін тілейік, ағайын» атты көлемді де көркем сұхбатында «алыстан сермеп, жүректен тербеп» толымды ойлар толғапты. Сұхбаттасушы журналист Сауытбек Абдрахмановтың салауатты сауалдарына орай Елбасының өмір жолына шолу жасай отырып, бүгіні бекем, келешегі кемел Еліміз бен Елбасымыз жайлы ақылман ақсақалға тән салмақты, салиқалы ойлар өрбіткен аса қадірлі ағамыз былай депті: «Нұрсұлтан Әбішұлының Магниткада горновой бола жүріп, оттың ортасында шынығып, шыныққаны белгілі. Елбасымыз сонымен бірге сан түрлі адамдардың, сан түрлі ұлттардың басы тоғысқан жерде жұмыс істеу арқылы да ерекше шынықты. Шығыс пен Батыстың дүниетанымын қатар сезініп тағы шынықты. Екі қоғам, екі жүйе оны заманның көрігіне салып тағы шынықтырды. Осының арқасында біз қазір бүкіл әлем білетін, алыс та, жақын да мойындайтын, санасатын, сыйлайтын басшыға ие болып отырмыз». Бұдан бұрын да ел газеті «Егеменде» «Ел аман болсын, Ел бағына туған Ер аман болсын» деп толғанған Бәйкен ағаның мына сұхбаттағы сөздері айдай анық, шығар күндей шын, шынайы сөз. Елбасымыздың ол кісі санамалаған «білім, білік, намыскерлік, күрескерлік, батылдық, табандылық, алғырлық, тереңдік, кеңдік...» атты асыл қасиеттерін бүгінде алыс-жақынның мойындағаны рас. Біз ақиық ағамыз айтқан ақиқатты қуаттай отырып, өз тарапымыздан сол сөздерге дәлел ретінде Елбасы бастауымен жүзеге асқан ұлы істердің бір-екеуін атап өтуді парыз санадық. Ең алдымен ерекше атап айтарымыз, қайталап, қадап айтарымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекет құрушы. (астын сызған біз – С.Д.). Басқару жүйесі жолға қойылған баяғыдан бар бай мемлекет­ті басқару да оңай емес. Күл-талқаны шығып қираған экономикасы қисайып қалған елде жаңадан мемлекет құру қияметтің қыл көпіріндей қиын екені анық. Сол қиындықтан қиялап шығып, тәуелсіз қазақ Мемлекетін құру – тақыр жерде тау тұрғызғанмен бірдей. Халықтың сеніміне ие болып, Еліне арқа сүйеген Елбасының бұл тарихы ұлы ісін оның кемеңгерлігі мен ерлігі деп бағалау әділетті болмақ. Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгерлігі мен ерлігінің тағы бір айғағы – қиын кезде астананы Сарыарқаға көшіру, көшіріп қана қоймай он жылда жаңа қала салғаны. Бұған дейін қазақ өз бетінше қала салған емес. Астана сынды ғажайып қала салу – ұлттың, оның көсемі Назарбаевтың ұлы ерлігі мен көрегендігі. Нұрекеңнің алдағыны анық көретін, алысты қапысыз болжайтын кемеңгерлігінің мыңнан бір мысалы сом айғағының темір құрсауында қалмай, төл теңгемізді жасату болса, екінші бір дәлелі – «Ұлттық қор» құруы. Сол «Ұлттық қордың» арқасы емес пе, дағдарыс кезінде де жасампаз істердің жалғасын тауып жатқаны. Алданған үлескерлердің есесін қайтарып, есін жиғызған да өзіміздің Елбасы! Махмұт Базарқұлұлы Қасымбеков «Президент конспектісінде» былай дейді: «Тәуелсіздік жылдарында дүкен сөрелері аз уақытта әлемнің түрлі тауарларына толып үлгерсе, халқымыз жұмыс іздеп жер жүзін кезіп кетпей, өз шаңырағының басында, өз бала-шағасының қасында тұрып жатса, көбі бұрын атын естігені болмаса, көзі көрмеген шетелдік автомобильдер мініп, шалқақтап жүрсе, азаматтарымыздың біраз бөлігі зәулім де кең пәтерлерге қол жеткізе бастаса, енді бірқатарымыз білім іздеп, ем іздеп, әйтпесе, демалу үшін-ақ алыс шетелдерге жол тарта бастасақ, осының бәрі де Елбасымыздың сындарлы сәтте жасаған дұрыс таңдауының, батыл шешімдерінің нәтижесі емес пе?». Рас қой. Қаннан да қымбат, жаннан да тәтті Тәуел­сіздікке қол жеткізген тарих үшін қас қағым ғана сәт дерлік қысқа уақытта қызулы өмір сүрген еліміз небір асқар асулар­дан асты, елулікке қадам басты. Төрге озып, төбе би болып Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Бар болған он-ақ жылда жаңа астана салып, әлемді тағы таңырқаттық. Айта берсек таң­­дай қағып, тамсанар табыстарымыз көп-ақ. Осы ұлы өзгерістерді өз көзімен көрмеген адам­­ға айтсаңыз сенбес еді. Аңыз дер еді. Ертегі дер, бәлкім. Иә, аңыздың да ақиқатқа айна­ла­­тын, ертегінің де өмірдің өз көрінісі болып көр­­ке­йе­­­тін кезі болады екен. Бұрын бұлай бол­ма­ғанмен бүгін солай. Біз ертегілер елінде өмір сүріп жатқандаймыз. Қазақстан халқы ақи­қатқа айналған аңыздың куәгері. Дұрысы – аңызды ақиқатқа айналдырған жойқын жасампаз. Осының бәрі ненің арқасы? Ең алдымен тәуелсіздіктің арқасы, сол тәуелсіздік туын жықпай, қиындықтан ықпай, қиын кездерде қиялап жол тапқан Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасы, Халық бақытына туған Нұрекеңнің көрегендігі мен ерлігінің жемісі, Ел мен Ердің тарихи ұлы жеңісі. «Қазақ елі» монументі сол Елдік пен Ерлікке қойылған еңселі ескерткіш! Айларымыздың ажарлы, жылдарымыз­дың жұлдызды болғаны ең алдымен елдің, елін сүйген Елбасының арқасы десек осы егіз ұғым, ұлағатты ұлылықтың алтын діңгегі – Бірлік! Бірлік бар жерде тірлік бар. Мұны Ел де, Елбасы да көл-көсір еңбегімен, көрегендігімен дәлелдеп келеді. Астана төрінде асқақтап тұрған «Қазақ елі» – Қазақстан мемлекеттілігінің басты бейнесі. Елдік пен Ерлікке қойылған бұл еңселі ескерткіш бүгінгі бекем, келешегі кемел Қазақстанымыздың айбынын асқақтатып, халқымызды жасампаздыққа үнсіз үндеп отыр. Ал, «Мәңгі Ел» – біздің мәңгілік ұлы мұратымыз! 2.КЕНТ ПЕН ӨРТ Елбасының иығына түсетін жауапкершілік жүгін соны күнделікті көтеріп жүрген өзі болмаса, былайғы жұрт нақты шамалай бермеуіміз әбден мүмкін. Махмұт Қасымбеков Бір ғана баян Ел мен Елбасы Чтобы понять меня, человек должен обладать знаниями мудреца. Саладин Елі еңбеккер, Ері кемеңгер болса аңыздың өзі ақиқатқа айналады. Соның айқын бір айғағы – кешегі Қызыл империя құрсауынан босанып, бостандық алған, бүгінде бүкіл әлем таныған, танып қана қоймай мойындаған, мойындап қана қоймай тарихи қысқа мерзімдегі таңғажайып табыстарына таңғалып, тамсанған, ертегінің батырларындай тез ержетіп, тез есейген еркін Қазақстан. Оның балама аты – ғажапстан. Ері кемеңгер, елі еңбеккер болса аңыздың өзі ақиқатқа айналады дейтін сөзімізге көп дәлелдің бір парасын ғана айтайық. Қазақстан халқы, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев күл-талқаны шығып қираған, экономикасы қиюы кетіп, қисайған елде жаңадан мемлекет құрды. Басқару жүйесі баяғыдан жолға қойылған бар мемлекетті басқару да оңай емес. Жаңадан тәуелсіз қазақ мемлекетін құру – шөл даланы гүлдендіріп, тақыр жерден тау тұрғызғанмен бірдей. Олай болса Н.Ә. Назарбаев мемлекет құрушы кемеңгер. Ер, оны қолдап, оған қуат берген, қанат бітірген Қазақ Елі – еңбеккер Ер! Екінші – бар болған он жылда құлпыдай құлпырған жаңа астана салып, әлемдегі ең озық елу елдің қатарына қосылуға ұмтылу да ақиқатқа айналған аңыз. Жақсы жүрген жеріне кент салады, Жаман жүрген жеріне өрт салады, – депті даланың дана қарттары. Жүрген жерінде өрт салып жүргендер де бар. Жиырма бірінші ғасырда Астана сынды сымбаты бөлек сұлу кент салған Нұрсұлтан ғана. Ертегінің де ауқымына сыймайтын, аңыздан да асып түскен ең үлкен ақиқат – Қазақстанның OSCE-ге – Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төраға болуы. Байырғы, бай мемлекеттер сап түзеген, асқақтаған ақ жағалы, менмен Еуропа мемлекеттеріне төраға болып, төрге озып, төбе би болып, билік айтпақ тұрмақ, қазақ қашан оның босағасынан сығалай алып еді?! Осыдан жиырма жыл бұрын біз осындай биікке көтерілеміз деп армандай да алмаушы едік, мұндай биік мәртебе өңіміз түгіл түсімізге де кірген жоқ. Оны айтасыз оған, тіптен, аңыздың да ауқымы жетпеген еді. Енді, міне, түске кірмеген, қиялдың да құшағы жетпеген биікке өңімізде шықтық. Тәубе, тәубе делік, Алла тағала тіл-көзден сақтай гөр. Төраға болу да тарихи ұлы жеңіс, әрине. Ал, енді төрағалықпен шектеліп қалмай, он бір жыл бойы өтпеген саммитті Астанада өткізу, оған елу алты мемлекеттің басшыларын шақырып, саммитке қатынасуға келісім алу – алғырлық қана емес, саясаттағы данышпандық, тарихи ерлік. Өзіңіз ойлап қараңыз, өзге 56 елдің бірінші басшыларын бір мезгілде бір жерге жинау – тарихта бұрын-соңды болып көрмеген оқиға. Мұндай ұлы істі кешегі жарты әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған аса қуатты ұлы держава Кеңестер Одағы да жүзеге асыра алған жоқ. Олар әрі кетсе Варшава шартына қатысқан оншақты мемлекетке ғана сөзін өткізе алды. Бүгінгі аса беделді Халықаралық ұйым – БҰҰ да мұншалықты көп мемлекет басшыларының басын бір кезде бір жерге қоса алмай жүр. Бұл қиынның қиыны ғой. Тіпті, мүмкін еместей. Себебі, басқа-басқа емес, ірі мемлекеттердің бірінші басшыларының ынтасы болса да уақытқа байланысты мүмкіндіктері де бола бермейді. Соған қарамастан солардың бәрін әлемдік деңгейдегі аса ірі саясаткерлерді үгіттеп, айтқанына көндіру, бір мезгілде бір елге – Қазақстанға жинау Нұрсұлтаннан басқа қай саясаткердің қолынан келіп еді?! Нұрсұлтанның осынау тарихи ерлігінің құпиясына «Мудрость лучше воинских орудий» (Екклесиаст, гл.9, ст. 18) деген анықтама айқын жауап береді. Осыған орай бүгінде аңызды ақиқатқа айналдырып абыройы асқақтап тұрған Қазақстан жайлы үш кезең, үш дәуірде айтылған үш пікірді алға тарту аса қажет. Олар мыналар: «Қызыл империяның құрамында болатын мұсылман елдердің бірінде XXI ғасырдың басында Әділет патшасы салтанат құрады». Нос­традамус. XVI ғ. «Жо-жоқ! Имандай сырым! Тәңірім бойына осыншама қабілет дарытқан халықтың өр­кениетке жат болып қалуы мүмкін емес. Оның рухы қазақ даласында күндей жарқырап сәуле шашатын болады!» А. Янушкевич. 1973 ж. «Қазақстан – Жер бетінде туып келе жатқан жаңа рухани өркениеттің бесігі. XXI ғасырда қазақ даласы бүкіл адамзатты таң қалдырып дүниежүзіне үлгі болады!» В.А. Запредельный. 1996 ж. Тегін айтылмаған бұл сөздерде терең сыр, жүрек толқытып, жан тебірентер жыр бар. Ол сыр, ол жыр – Елі еңбеккер, Ері кемеңгер, бүгіні бекем, келешегі бұдан да кемел Қазақстан жайлы тарихи табыстармен сабақтасып, ақиқатқа айналған аңызбен астасып жатқан шығар күндей шындық. Астанада ЕҚЫҰ Саммитінің өтуі, оған 56 мемлекеттің басшылары келуі – тарихи ұлы оқиға. Бұл БАҚ пен электронды ақ­парат құралдарында әділ айтылғандай: «Қазақстанның халықаралық беделі мен Мемлекет басшысының бейбітшілікті нығайту жолындағы ерен еңбегін мойындау». Осыдан біраз жыл бұрын төкпе ақын Ғафу Қайырбеков Елбасы жайлы былай деп төгілдіріп еді: Лайық ол байқасаң қазақ түгіл Әлемді де әдемі басқаруға. Алланың жердегі елшісіндей ғой нағыз ақын. Айдарынан жел ескен айтулы ақынның аузына бұл сөздерді Алла тағаланың өзі салды ма екен, қалай десек те, бұдан бірнеше жыл бұрын жазылған осы жұлдызды жыр бүгінгі күнге дәл келіп тұр. Әсіресе «Қалың қазақ кезегің жаңа келді» деген сөздері Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы сәтін тамыршыдай басып, тамаша айтып тұрған жоқ па? Сосын төраға болуымыздың терең сыры – Қазақстанның айдай әлем алдындағы толассыз табыстары мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық аренадағы биік беделі емес пе? Шығар күндей бұл шындықты өзіміз ғана емес, өзге мемлекеттер де мойындап, бағалап отыр. Сұңғыла суреткер Шыңғыс Айтматов не дегені есіңізде ме? «Назарбаев – халықтың бағы» деп еді ол. Ойланбай сөйлемейтін, әр сөзі тарихқа жазылып қалған кемел ойлы кемеңгер әлемдік деңгейдегі сан саясаткермен сан мәрте сұхбатта да мұндай үлкен бағаны Нұрекеңнен өзге ешкімге берген жоқ. Тегін айтылмаған бұл сөзде терең мағына бар. Дүниежүзілік мәдениетке «Махабхарата» мен Тадж-Махал сынды мәңгі өлмес асыл қазына қосқан ұлы Үнді елінде «мына жарық дүниеде әрекетсіз өмір сүруге болмайды» дейтін қасиетті қағида бар. Қоғамды алға сүйрейтін де, тұлғаны өсіретін де, адамды қуаныш, бақытқа бөлейтін де үнділер айтқан әрекет, яғни еңбек. Тарихи қысқа мерзімде ғасырға жүк болар табыстарға жеткен еліміздің іргесін бекітіп, еңсесін тіктеткен де – еңбек. Еңбектің ұлысы ұлыс үшін істеген еңбек! Ел мен Ердің – Елбасының ерен еңбегі. Қазақстан Республикасының бүкіл халық сайлаған тұңғыш және қазіргі Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алға қарап, алысқа самғайтын кемел ойлы, кең тынысты көрегендігі мен ел үшін жасаған көл-көсір еңбегі – халқымыздың бағын ашып, Қазақстанның бақытын жандырды. Осы бақытымызды бағалай білейік! «Бақыт бағалай білгеннің ғана басында тұрады» деп Елбасы тегін айтты дейсің бе?! Аспандағы Ай мен Күндей айналасына сәуле шашқан Елбасының ерлігі мен көрегендігін бағалай білейік! 3. ҚҰПИЯ ҚҰБЫЛЫС Жүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла. Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім. Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма. Абай Бірінші хикая ТЕРЕЗЕ ЖАЙЛЫ ТӘМСІЛ Мой авторитет и слава – это лишь слава и честь моего народа. Ататюрк Кедей кезінде тату-тәтті тұрған, арманы көп, жанжалы жоқ бақытты жанұя байыған шақта шатағы көп шаңыраққа айналып шыға келіпті. Не болғанын ұға алмаған отағасы ақылы асқан абызға келіп мұңын шағыпты. Сонда сол ақылман әлгі отағасымен бірге терезе алдына келіп: – Қарашы, не көріп тұрсың? – депті. – Бұлтсыз ашық аспанды, айналаға үнсіз сәуле шашқан күнді, ақ ала бас шыңдарын күн сүйген тауды көрдім. – Тағы не ілікті жанарыңа? Жіпке тізген жүзіктей көз алдыма келтірші. – Тау баурайындағы айдын көлді, көлде жүзген екі аққуды, одан беріректегі түтіні тік ұшқан ауылды, сол ауылдағы ақ жаулықты аналарды, кербез арулар мен кермиық жігіттерді, ойынның қызығына түсіп, құлыншақтай құлдыраған балаларды... көріп тұрмын. – Жә, енді мұнда қара да не көріп тұрғаныңды айтшы, – деп дәліздегі дәу айнаның алдына алып келді абыз отағасын. – Өзімді көріп тұрмын. – Тағы бірдеңе ілікті ме, жанарыңа? – Жоқ. – Анықтап қара. Мүмкін тағы бірдеңелер көріп қаларсың. – Анықтап қарадым. Өзімді көріп тұрмын. Өзге ештеңе көрінбейді. – Терезеге қарағанда өмірді, айнаға қарағанда өзіңді ғана көрдің, – депті абыз. – Терезенің де, айнаның да тегі шыны. Айнаның сырты сырланып, күміспен күптелген. Содан да адам оған қанша қараса да өзінен бөтен ештеңе көре алмайды. Ал терезе боялмаған. Сол себепті де ол өмірдің өзін боямасыз, қаз-қалпында, ап-анық көрсетіп тұр, – депті абыз. – Мен мұны неге айтып отырмын. Білесің бе, Нұрсұлтан? – Неге екенін ішім сезеді. Тегін емес, әрине. Соның терең сырын өзіңіз шертуіңізді қалап отыр­мын. – Өзің де білесің, мына нарық заманы басталып, ел өліара дейтін өтпелі кезеңге тап болғалы халық бай, кедей болып бөліне бас­тады. Ауылдағы кедейлер мен жаңа қазақтар делініп жүрген байлардың айырмашылығы аспан мен жердей. Күміспен күптеліп, алтынмен апталған олигархтар өз тұрмысын ғана емес, айналасындағы өмірді де көрсе, қа­зақтың ала қап арқалаған әйелдері мен тиын санаған зиялыларын көрсе, алтын бесік ауылға қол ұшын созып қарасса өзге ғана емес, өзіне де пайдалы, сауапты іс емес пе? Қайырымы қайтпас іс бар ма? Қайырымдылықтан асқан қасиет бар ма? Айналайын Нұрсұлтан! Мен мұны ақылым тасығандықтан емес, халыққа жаным ашығандықтан айтып отырмын. Ауыл-аймақ, өңір мен өлкені ғана емес, бүкіл Қазақстанды басқарып отырған, жай басқарып қана қоймай елдің ең ауыр жүгін арқалап, қат-қабат келген сан қиындықтарды еңсеріп, «мен жетелеп өлемін, өрге қарай қазақты» деп Шәкәрім қажы айтқандай, қиын кезеңде қиялап жол тауып, Қазақстанды айдай әлемге танытып жүрген сенен ақыл артылған ба?! Біздікі ескіден жеткен ескі тәмсіл есіңде жүрсін, сөзіміздің керегі болса алар, керегі болмаса қалар деген тілектестік қана. – Сейітхан аға, – деді Нұрсұлтан ойлана сөйлеп – сізбен кездескен сайын осындай жан дүниемді байытар жақсы сөздер естимін. Бұл да бір әркез есте жүрер есті тәмсіл екен. – Бір жылын ойлаған дән егеді, он жылын ойлаған тал егеді, мың жылын ойлаған ұрпағына нәр егеді, – деп жалғады сөзін Сейітхан. – Нұрсұлтан қалқам, сен еліңді еңбек­ке жұмылдырып, дән егіп, бүкіл Кеңес Одағы ұрандатып жүріп әзер өндіретін миллиард пұт астықты жалаулатпай-ақ құйғыздың қам­баға. Халқыңмен бірге тал егіп, Астана төңі­регін ну орманға бөлеген үлгіңді дүйім ел қол­дап, жастар «Жасыл ел» жорығында жүр. Ана бір қиын жылдардың өзінде «Болашақ» бағдар­ламасын қолға алғаның, енді «Назарбаев уни­верситетін» ашып, әлемдік биікке ұм­тыл­ғаның, ұрпағымызға нәр беріп жатқаның мың жылдан да әріні ойлаған көрегендігің деп білемін. – Бүгінді ғана емес, ел болашағын ойлауға міндеттімін. – Ал енді бар ғой ауыл жайы осы ұлы іс­тердің көлеңкесінде қалып қоймау жағын ана жергілікті жердегі басшы, қосшы азаматтарға қатаң тапсырғайсың. – Ауыл жайы күн тәртібінен түскен емес, түспейді, – деп қадап айтты Нұрсұлтан. – «Таза су» мен «Нұрлы көш» бағдарламаларына салмақ сала береміз алда да. – Қазір не көп, газет көп. Солардың бірінен ауыл жайлы бір өлең оқып ем. Көзіңе түсе қоймаған шығар, соны оқып берсем бола ма? – Оқыңыз. Сейітхан жазу столының бір бұрышында жатқан бір бума қағаз арасынан әлдебір газетті тауып алды да, көзілдірігін киіп, оқи бастады: Алтын ауыл, кім бар сені сүймеген, Сен едің ғой өмірді өрге сүйреген . Басшы мен байдың құны көк тиын, Ел мен Жерге шапағаты тимеген. Аяулы ауыл жүреміз біз сағынып, Киең менен қасиетіңе табынып. Ауыл – біздің анамызсың аяулы, Жаным анам, жалау болған жанымды ұқ! Жазушымын сөзін айтқан халықтың, Шежіресін жазып келем тарихтың. Гүлденсе ауыл гүлденіп бәріміз, Ауылымыздан туар еді жарық күн! Ауылдағы асылдармен бірге менің жүрегім, Мен жүдесем ауылды ойлап жүдедім. Аспандағы Ай мен Күндей асылдар, Мен Сендерге саулық, бақыт тіледім. Жер-Анамен бірге алған тынысын, Аяулы ауыл киелісің, ұлысың! Өз ауылын – өз анасын ұмытқан, Мәңгүрттерді киең ұрсын, құрысын! – Елім деп соққан жүрегі, ауылға деген айнымас ақ тілегі бар әр азаматтың әртүрлі пікірлерін тыңдап жүрмін. Орайымен айтылған орынды сөз жерде қалмайды. – Тағы бір тілегім – қаладағы қалталылар ауылға көмек қолын созса екен. – Мемлекет осы уақытқа дейін оларға жәрдем жасап келді. Енді олар мемлекетке көмектесетін болады. Ұстазы Сейітхан Исаев айтқан сәулелі сөздерімен қанаттанып сыртқа шыққан Нұрсұлтан көк жүзіне көз жіберді. Аспан ашық екен. Нұрсұлтанның ойына Фрэнсис Бэконың: «Богатство очень хорошо, когда оно служит нам, и очень плохо, когда оно нами повелевает» деген сөзі оралды. Күн ертеңге ауып бара жатты... Екінші хикая Бермуд үштағаны Тот, кто не позволяет себя унизить, тот и рожден человеком. Чингиз хан Қос құлағын қайшылап, алдыңғы аяғымен жер тарпып тұрған ақ тұлпар басын жоғары көтеріп қатты кісінеді. Күміс ердің үстінде қаққан қазықтай боп тіп-тік отырған оның жанары қарсы алдында құйғыта шапқан салт аттыларды көріп қалды. Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ жаңағы салт аттылар көкжиекке сіңіп кетті. Енді оның орнын басқа бір көрініс алмастырды. Қарсы алдындағы теңіз толқынындай бүктетілген қыраттардың ар жағынан әлдебір биік тау көрінді. Тау бауырында баяғы Абылай заманынан жеткен ақ шағаладай аппақ киіз үйлер. Сол үйлерден шыққан қарақұрым халық тау баурайындағы биік шоқыға қарай беттеп барады. Тау басындағы биік шыңға қадалған аспан түстес көгілдір ту жел екпінімен керіле желбірейді. Тауға беттеген қарақұрым халықтан оқ бойы алда бір жігіт кетіп барады. Сол жігіт сонау шырқау биікке елден бұрын жетті де, көгілдір тудың жанына келіп тоқтады. Сосын биікте тұрып айналаға асықпай көз тастады. Кенет желмен желбіреп тұрған көгілдір ту құлап бара жатты. Сол сәт жаңағы жігіт көз ілеспес шапшаңдықпен шалт қимылдап, туды құлатпай ұстап қалды. Сосын тудың дәл іргесінде тұрған мінбедегі Құранға қолын қойып, тау қыранындай саңқылдап сөйлеп кетті. Тау баурайына жиналған сан мыңдаған халық оны ықыластана тыңдап тұр. Ол ақ арғымақтың үстінде тұрып, дүрбі салып, қарап еді тани кетті, ұшы-қиырына көз жетпейтін алып дала мен асқар тауды жаңғыртып сөйлеп тұрған Нұрсұлтан Назарбаев екен. Ол енді: – Керек емес қызықтарың бір кештік, Ес білгелі еңбекпенен бірге өстік – деді де, оңға да, солға да алаңдамай ат тізгінін босатып, алға қарай шаба жөнелді. Жұлдыздай аққан ақ арғымақтың жалына жармаса еңкейе шапқан оның көкірегін жыр кернеп келеді. Серігі болған азап, мұң, Езгіні көрген қазақпын. Қайғыдан туған үміт ем, Енді бүгін азатпын. Ғасырлар бойы аңсаған, Тәуелсіздікке жеттім ән салам. Ата-бабамның арманы еді, Садақа болсын жан саған, – деп жыр маржанын төге берген оны қайта-қайта шырылдаған телефон дауысы оятты. Жаңағы тәтті түстен ажырағысы келмеген ол көзін жұмып, аз-кем жатты. «Сені төсектен тұрғызбай қоймаймын» дегендей бебеулеген дауысы безектеп қоймағасын еріксіз еріне тұрып трубканы көтерді. – Бұл Жақсыбековтердің пәтері ме? – деді сымның арғы жағынан естілген дауыс. – Иә. Жақсыбековтердің пәтері. – Ерасыл Ғалымбекұлы үйде ме? – Үйде. – Телефонға шақырып жіберіңізші. – Мен тыңдап тұрмын. – Кешіріңіз. Бұл Президент Әкімшілігінен еді. Елбасы алыс шетелге ресми сапармен бармақшы. Үлкен кісімен сапарлас болатын сол топқа сізді қостық. – Кім мені ол топқа қосқан? – Нұрекең, Нұрсұлтан Әбішұлының өзі. – Қай елге барамыз? – Оны кейін хабарлаймыз. – Қашан? – Оны да кейін айтамыз. – Әу, ең болмаса қай айда екенін айтсаңызшы. – Осы айдың аяқ кезінде. Дәл уақытын жігіттер хабарлайды. – Жақсы. Ерасыл қабырғадағы сағатқа қарады. «Әу, сағат оннан асып барады екен ғой. Осыншама ұйықтағаныма жол болсын! Е, ұйықтамай не көрініпті. Түнгі төртте жатқан адамға сағат онға дейін ұйықтауға болатын шығар? Әу, бұл не тұрыс? Әлі бітпеген миллион жұмыс бар. Қой, уақыт оздырмай душ қабылдайын. Сосын қою шайға қанып алып, жазуымды қайта жал­ғастырайын». Осы оймен орнынан қозға­ла бер­генде телефон тағы да шырылдап қоя берді. – Кешіріңіз, – деді ар жақтан естілген ер адамның құлаққа жағымды қоңыр дауысы – бұл Сыртқы істер министрлігінен еді. Ерасыл ағаны телефонға шақырып жібересіз бе? – Мен Ерасылмын. – Ассалаумағалайкүм, аға. – Уағалайкүмассалам. – Мен Кәрім деген ініңізбін. – Сен Сыртқы істер министрі Жомарт Айжарықовтың көмекшісі емессің бе? – Иә. – Мен сені білемін ғой. Қалың қалай, айналайын? Келін, бала-шаға аман ба? – Аман, рахмет аға! – Жоғары жақтан Сізді Президентпен бірге баратын шетел сапарына дайында деген тапсырма алдық. Сол жайында ақылдасайын деп мазалап тұрғаным ғой. – Не дайындық керек? – Ең бастысы – бір жаққа жол жүріп кетпеңіз. Сосын сізде қызмет паспорты бар ма? – Ол жоқ. – Онда сондай паспорт жасап береді сізге. – Кім береді ол паспортты? Ішкі істер министрлігі ме? – Жоқ, Сыртқы істер министрлігі береді ондай паспортты. Бұл дипломаттар паспортымен теңестірілетін құжат. Біздің жігіттер сізбен байланысқа шығып тұрады. Ал, жақсы. Әзірше сау болыңыз, аға! – Сау бол, қалқам! Ерасыл бұл хабарға кәдімгідей қуанып қалды. Жиі жол жүріп үйренген жазушыға ұзақ уақыт үйде отырып қалу да қиын еді. Сосын талай шетелде болса да Америкаға жолы түспей қойған. Осы алып елді көру де бір арман еді. Бүгінгі күннің жаңалықтарын жан жарына жеткізуге асыққан Ерасылдың шыдамы душ қабылдап, шай ішуге ғана жетті. Айгүлге хабарласпақ болып жинала бергенде телефон тағы да шыр ете қалды. Бұл Президенттің баспасөз қызметінің басшысы екен. Одан соң тағы ды Сыртқы істер министрлігінен хабарласты. Сосын Президенттің хаттама бөлімінің меңгерушісі телефон шалды. Бәрі де сол алда болатын шетел сапары жайлы хабарлап, мұның алысқа ұзап кетпеуін сұрап жатты. Арада он күн өткенде Ерасыл Президентпен бірге шетелге аттанып кетті. «Тіпті жауың болса да жақсы жағына елікте, тіпті әке-шешең болса да жаман жағына еліктеме». Президент ұшағы «Боинг-757» аспанға көтеріліп, Атлант мұхитының ар жағындағы алып мемлекет АҚШ-қа бет алғанда Ерасылдың есіне осы нақылы оралып еді. Ұшақ ішіндегі арнайы жабдықталған жұ­­­мыс бөлмесінде отырып алда қол қойылар құ­жат­­тар мен ісқағаздарын қарап, әдеттегісіндей аспан­да да ынта-шынтасымен жұмыс істеген Нұрсұлтан уақыттың қалай тез өткенін байқамай да қалды. Жазу столындағы қағаздан көзін тай­дырып, қарсы алдында отты жазулар жанып тұрған картаға қарағанда Альпі мен Балкан тауларын көктей өтіп, Атлант мұхитының үстімен ұшып келе жатқанын аңғарды. Иллюмина­тордан сыртқа сөз тастады. Үсте көк аспан, аста алып мұхит. «Жер бетіндегі екі алып мемлекеттің бірі – АҚШ болғанда, екіншісі – күні кешегі КСРО еді, – деп ойлады Нұрсұлтан. – Сол КСРО халықтың аузынан жырып алған қыруар қаржыны военно-промышленный комплекске, қазақша айтқанда, әскери өнеркәсіп кешеніне жұмсады. Әскери күшпен әлемге үстемдік жүргізбек болды. Әлімжеттік жасап Венгрияға, Чехословакияға, Польшаға, Ауғанстанға әскер кіргізді. КСРО-ның күш көрсету саясаты сексенінші жылдардың аяғында болған Әзірбайжандағы Сунгайт, Балтық бойындағы Рига, Кавказдағы Грузия, Қазақстандағы Алматы трагедияларына апарып соқты. Тіршіліктің тірегі – табиғи бірлік. Өмір заңы – тепе-теңдік. Табиғат заңына қайшы келген, күшпен таңылған бірліктің өмірі қысқа. Бұған күш қолдану саясатына арқа сүйеген КСРО-ның күйреуі дәлел. Хрущев дәуіріндегі Кариб кризисі кезінде үшінші дүниежүзілік соғыс бола жаздады. Бұл іске әлемнің дана саясаткерлері араласпағанда оның соңы неге апарып соғарын бір Құдайдың өзі білсін… Тағы бір ядролық соғыс қатерінің алдын алған әлемдік деңгейдегі аса ірі саясаткерлердің бірі – Маргарет Тэтчер емес пе еді. Сол жайлы сол жылдары орталық газеттердің бірінде бір қызық хабар жарияланып еді ау…».

Тарихтың тағы бір тағылымын еске түсіргісі келген Нұрсұлтан жазу столының жақтауына орнатылған кнопканы басты. Сол-ақ екен, Президентке ғана қызмет көрсететін аға стюардесса-аққұба қыз кіріп келді. – Ақбөпе, Әбіқаевты шақыр, – деді Нұрсұлтан. Сәлден соң Президенттің жұмыс бөлмесіне орта бойлы, бидай өңді, елуді еркін еңсерген ер кісі кіріп келді. – Нұртай, газет қиындылары салын­ған папка осында ма? – Ол менде. – Соны алып келші. Арада бірер минут өткенде Нұрсұлтан Нұртай әкелген папкіден табылған газет қиындысына көз жүгіртті. Кеңес өкіметі кезінде шетелдерге де кеңінен тараған одақтық «Известия» газетінің 1997 жылғы желтоқсан айының 3-ші жұлдызында «Андропова с Рейганом помирила женщина» деген тақырыппен жарияланған ИТАР-ТАСС материалында былай деп жазылыпты: «В ноябре 1983 года СССР стоял на пороге ядерной войны с НАТО. Об этом стало известно в результате анализа британскими экспертами секретных документов из архива бывшей разведки ГДР. Руководство КГБ пришло к выводу, что начинавшиеся тогда учения НАТО «Эйбл Ачер-83» являются подготовкой к ядерному удару по СССР. Были срочно приняты ответные меры: приведены в полную боевую готовность советские стратегические бомбардировщики. Британские эксперты утверждают, что ключевую роль в разрешении кризиса сыграла Маргарет Тэтчер, которая убедила Президента США Рональда Рейгана начать с руководством СССР переговоры о сокращении вооружения». «Иә, қандай қиын түйіндерді де келіссөз столында отырып сабырмен, салмақты оймен шешкенге не жетсін, – деп ойлады Нұрсұлтан. – Саясат ақыл мен айла айқасқан сахна. Сол саясат сахнасында АҚШ күш көрсетуге бейім. Күш-қуаты жағынан онымен тең тұрған ұлы держава КСРО еді. Мына жарық дүниедегі жалғыз бәсекелесі – КСРО-ның омыртқасы опырылып, ол о дүниелік болғалы АҚШ онан әрі еркінсіп кетті. Мұндай алып елмен арпалысып ұшпаққа шыға алмасымыз анық. Ақыл, айла қазақ секілді аз халыққа, әсіресе, керек. Біз қарудың күшіне емес, сөздің күшіне, ақыл-ойдың қуатына арқа сүйеуіміз керек. Інжілде де «Ең алдымен сөз жаратылған» дейді. Сөздің күші – Құдайдың күшіндей. Сосын Қазақстан күні кеше ғана тәуелсіздік алғанмен біздің мемлекетіміздің тарих қойнауында жатқан жеті ғасырлық тарихы бар. Есім хан салған ескі жол, Қасым хан салған қасқа жолдар Тәуке хан салған тура жолмен жалғасып, Абылай салған сара да дана жолмен ұласқан жоқ па? Біз жас болғанмен асты кенге, үсті егінге толы қуатты мемлекетпіз. Еуропаның бірнеше елі еркін сыйып кететін ұлан-ғайыр Ұлы Даласы, жүздеген қаласы, білімді, талантты, төзімді халқы, ерлік салты бар, аса ірі халықаралық ұйымдарға, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымына да мүше Қазақстан өзінің ұлттық мүддесін қорған сәттерде ешкімнен қаймықпауы керек. Досқа – құшақ, дұшпанға – пышақ. Біздің сыртқы саясатымыз – бейбітшілік сүйгіш саясат. Анатоль Франс айтқандай: «Соғыс күнәһардың ісі». Күнәні ешкім де, ешқашан да жеңіспен жуа алмайды. Ендеше АҚШ-тың ақылман Президенті Джон Кеннедидің: «Не адамзат соғыссыз күнге жетеді, не соғыс адамзаттың түбіне жетеді» деген есті сөзін АҚШ есінен шығармауы керек. Саясат сорпасы қайнайтын келіссөз кезінде мұның бәрін аргументтер мен фактілер арасына сыналап кіргізіп, сыздықтатып, сыпайы жеткізерміз. Алпауыт елге арқа тіреген Клинтон алпыс екі айлалы түлкі болса мен тазы болып шалармын. Дос пейілін танытып бауырыма тартармын. Бірақ, кішірейіп қолтығына кіре алмаспын. Өлсем де елімнің есесін жібермеспін. Иә, аруақ! Иә, сәт! Азаттықты аңсаған ата-бабамның рухы қолдай гөр! Желбіреп барған туымыз желкілдеп қайтқай!…». Нұрсұлтан ой желісін үзіп иллюминатордан төменге көз жіберді. Төмендеп ұшқан ұшақ қанатының астында көлеміне дыбыстан да ұшқыр көңіл болмаса көз жетпейтін Атлант мұхиты жатыр. Көкала мұхиттың арыстан жалды ақбурыл толқындары бүктетіле жөңкіліп, бірін-бірі қуалап барады. Олар көкжиекпен астасқан алыс жағалауға жеткенше мың бүктетіліп, миллион мәрте толқыр-ау. Сол толқын сонда да сол бір қайсар мінезінен қайтпақ емес. Ұшқыр ұшақпен жарысқан Атлант мұхиты Нұрсұлтанның қиялына қанат бітірді. Көзін жұмып, қиял қанатына мінген Нұрсұлтанның көз алдына мына бір сурет келе қалды. Міне, алып мұхиттың аспанға атылған ашулы, қуатты, ақшулан толқындарын қақ жарып, ұзындығы үлкен қалалардағы автобус аялдамасындай, ені бір кварталға пара-пар дәу кеме жүзіп келеді. Көз ұшында одан да гөрі кішірек сансыз кемелер қараңдайды. Сол кемелер арасынан асау толқын қақпақылша қақса да, көкала суды қақ жарып, сүйір тұмсық кішкене қайықтар да жүзіп барады. Сол сүйір тұмсық кішкене қайықтар қалт-құлт етіп жүзсе де, асау толқындар арасынан қайқаң қағып, сытылып шығып, су бетінде суырыла жүйткиді. Сол кемелер мен қайықтарға сығылыса толған адамдар ақшулан толқынмен алысып, қайда барады, қайда асығады? Тағдыр толқыны оларды қайда апарады? Жарқын жағалау – жемісі мол жұмаққа ма, әлде азап оты жанған тозаққа ма? Жылуы мол жұмыр жерге ме, әлде жұмбағы мол жұтаған аралға ма? Әлде су жұта ма? Әлде ауыр жолды артқа тастап бақытпен жүздесе ме? Соның бәрі мына көкжиекпен астасқан көкала мұхит төсінде жарыса жүзген алып кемелер мен кішкентай қайықтардағы адамдардың өздеріне байланысты. Олардың өз тағдыры өз қолында. Әсіресе, көш бастаған көсемдерінің қолында. Адам да, қоғам да өз бақытын өзі сомдайды. Бақытты болу үшін күрескер болу керек. Оңай бақыт болмайды!.. Нұрсұлтанды ой-қиялдан аспансерік-стюардесса қыздың құлаққа жағымды қоңыр дауысы алып шықты. – Құрметті Президент мырза! – деді ол аса бай қазақ тілінің бар бояуын аша сөйлеп. –Қадірлі мырзалар мен ханымдар! Біздің ұшағымыз Америка Құрама Штаттарының астанасы Вашингтон қаласындағы Джон Кеннеди әуежайына келіп қонды. Ауаның температурасы он екі градус жылы, ылғалдылығы қырық процент. Президент ұшағы әуежайға қонысы­мен Ерасыл жол дәптеріне алғашқы әсерін жазды: «Бүгін желтоқсан айының он жетінші жұлдызы. 1993 жыл. АҚШ-қа ресми сапармен келген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұшақ баспалдағы жанында АҚШ-тың вице-пре­зиденті Альберт Гор бастаған ресми адам­дар қарсы алды. Салтанатты қарсы алу рәсімдері өтті. Аты аңызға айналған алып мемлекеттің астанасында Қазақстанның желмен желбіреген көк байрағын көріп, Қазақстанның мемлекеттік гимні орындалғанда қатты толқығаным сонша көзімнен ыстық жас ыршып түсті…». АҚШ-тың ауа райы Алматыға ұқсайды екен. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан АҚШ астанасына түс ауа келіп еді. Екі елдің арасы бір-бірінен қаншама қашық болса, уақыт айырмасы да соншалық алшақ – он екі сағат. Соған қарамастан Нұрсұлтанның АҚШ-тағы ресми сапары басталып кетті. Сапар барысында АҚШ президенті Билл Клинтонмен, вице-президент Альберт Гормен, Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Кофи Аннанмен кездесіп көптеген күрмеуі қатты күрделі мәселелерді талқылаған Нұрсұлтанның көңіл күйі көтеріңкі еді. АҚШ пен Қазақстан Президенттері бірлесіп өткізген баспасөз мәслихатында Ерасыл Нұрсұлтанның ел мерейін асырған кезекті жеңісінен кейін сәуле шашып тұратын жылы жүзінен оның жайма-шуақ жан дүниесін жазбай таныды. Кеше Ақ үйдің алдында АҚШ президенті Билл Клинтон Нұрсұлтанды үлкен құрметпен қарсы алғанда Ерасыл қатты толқыды. «Бұл біз­дің Нұрсұлтанның АҚШ-та бірінші рет болуы емес, – деп ойлады ол. – Алғашқы ресми сапарының өзінде АҚШ-тың мемлекеттік хат­шысы Бейкерді өз Президенті Бушқа бір тәуліктің ішінде төрт рет баруға мәжбүр етіп, өз сөзін өткізген, талай елдің Корольдерінің, Президенттерінің сарайларының төрінде терезесі тең отырып сөйлескен, Сауд Арабиясына сапары кезінде сол елдің патшасы Фахд Бен Абдель Азиз Бекке екі сағат бойы бас шұлғытқан, сол сапарында ешбір елдің көсемі көрмеген Мединедегі Мұхаммед пайғамбардың денесі жатқан жерді көрген, сол қасиетті жерден шыққанда алты ай бойы тамшы тамбаған елде нөсер жаңбыр жауғанын көріп, талай халық табынған, Тұрғыт Өзалдың жаназасына барғанда Әзірбайжан Президенті Елшібай мен Армения Президенті Петросянды шақырып алып «халықтың қанын төгуді тоқтатыңдар» деп ағалық ақылын айтқан, өзімен кездесу үшін өзге ел президенттерінің кезекке тұрғанын, тізе берсең ұзай беретін талай кереметтерді көрген Нұрсұлтанға бұл құрметтің бәрі таңсық та, жаңалық та емес шығар. Әйтсе де, асқақтаған АҚШ-тың менмен Президентімен Ақ үйдің төрінде қатар отырып, сөз жарыстырып, пікір таластырып, үзеңгі қағысып отырғанда төбем көкке екі елі жетпей тұрды. О, тәубе, Құдай тәубе! Ел мерейін асырған ерімді сақтай гөр. Жиыр­ма бірінші ғасыр қазақтың ғасыры болғай. Қазақстанымды бақытты ете гөр, Алла!..». – Мен Қазақстанды стратегиялық әріптес деп таныған, оның қауіпсіздігіне кепілдік берген АҚШ Президенті Билл Клинтонның келіссөздер жемісті болды деген пікіріне толық қосыламын,– деп бастады Нұрсұлтан баспасөз мәслихатындағы сөзін. – Біз Клинтон мырзамен екеуміз саясат пен қауіпсіздік, экономика мен экология, қорғаныс саласы мен конверсия, халықаралық терроризм, нашақорлықпен күрес, мұнай тасымалы мәселелерін талқылап, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойдық. Сондай-ақ, Қазақстан-Американ бірлескен комиссиясының жұмысын бұрынғыдан да гөрі ұлғайтуға келістік. Ғасыр келісім аталған Қарашығанақ пен Каспийшельф мұнай көздерін игеру туралы шарттың маңыздылығын ерекше атап өткім келеді. Бір ғана Қарашығанақ кенішінің қоры бір бүтін оннан бір миллиард тонна. Одан түсетін тоқсан миллиардтың алпыс екі миллиарды Қазақстан еншісінде… Ерасыл жол дәптеріне былай деп жазды: «Қазақстан Президенті кіріспе сөзін аяқтасымен шетел жорналшылары сұрақты қарша жаудырды. Олардың ішінде қисық, қыңыр сұрақтар да аз емес еді. Әсіресе, бір-біріне қырғи қабақ болып отырған Ирак пен АҚШ-тың қайсысын жақтайсыз деген сыңайдағы қитұрқы сұрақтарға да Нұрсұлтан тайсалмай, жалтармай жауап берді. АҚШ-қа ресми сапардың соңғы күндерінде Нұрсұлтан Пентагонда болды. Елдің Энергетика министрі Пеньямен, Қорғаныс министрі Коэнмен кездесті. Халықаралық сайлау жүйесі қорының басшысы Судриет Қазақстан Президентіне «Демократияны алға жылжытуға қосқан үлесі үшін» дипломын тапсырды». Президент ұшағы Джон Кеннеди әуежайынан көтерілгенде Вашингтонның сансыз шамдары бір мезетте қатар жанып, сан миллион тұрғыны бар қаланы самаладай жарқыратып жіберді. Ерасыл төмендегі электр жарығын жер жұлдыздарына теңеді. Ұшақ алып елдің абат астанасын бір айналып, аспан жұлдыздары мен жер жұлдыздарының арасында қаннан да қымбат Қазақстанға бет алғанда аз күндік сапардан ұмытылмас әсерге бөленген Ерасыл қойын дәптерін қолға алды. Ол ойын жинақтап үлгергенше ұшқыр ұшақ он мың метр биіктікке көтеріліп кеткен еді. Аспанда жұлдыздай аққан ұшақ үстінде Ерасыл алдындағы ақ қағазға жүрегінен шыққан жыр жолдарын асығыс жазып жатты: Қайғырып жүріп ән сап ем, Қара жердің үстінде. Азаттық сені аңсап ем, Бақытым көктен түстің бе? Еліме Алла жар екен, Санасар болды күштің де. Дәл келер кезі бар екен, Түнде көрген түстің де. Жорып ең түсті аңқылдап, Алтыным менің – Айгүлім. Өз елім менің алтын бақ, Жарқырай берсін ай, күнің! Ерасылдың ойын «Аға, кешіріңіз…» деген дауыс бөлді. – АҚШ сапарынан алған әсеріңіз жайлы әңгімелеп берсеңіз. – Жерде талай сұхбат берсем де, аспанда сөйлеп көрген жоқ ем. – Бүгін аспанда сөйлейтін күніңіз, – деп жорналшы Дүйсенбек Сыздықов Ерасылға мик­рофонды ұсынды. – Өзіңізден көптен бері көз жазып алған біздің «Хабар» арнасының көрермендерін бір қуантып тастаңызшы, Алла разы болсын. – Аспанда адам Аллаға бір табан жақын ғой, – деді Ерасыл. – Алла атымен адалын айтайын. Қос микрофонды. – Міне, Ераға, бастаңыз. – Нұрсұлтандай Президенті бар ел бақыт­ты. Оған осы сапар барысында тағы да көзім жетті. Бір ғана мысал айтайын. Нұрекең Клинтонмен кездескенде… Аспанда Алла атымен адалын айтқан ақсақал жазушы тебірене сөйлеп жатты… Оны мың метр биіктікке көтерілген Президент ұшағы қара түнді қақ жарып Атлант мұхитының үстінен ұшып келеді. Иллюминатордан сыртқа көз тастаған жорналшылардың бірі әлемдегі ақпарат құралдары жиі жазып жүрген «Бермуд үштағаны» жайлы ойлап, қорқып кетті. «Ғалымдар айтып жүрген «НЛО» – «Белгісіз ұшқыш тарелкалар» ма, әлде табиғаттың адамзат біліп болмаған әлдебір құпия, сиқырлы күші ме, әйтеуір, осы Атлант мұхитының төсінде жүзген алып кемелер мен үстінен ұшқан ұшақтар әлдебір белгісіздікке жұтылып, ізім-қайым жоқ болып кетіп жатқан жоқ па? – деп ойлады жорналшы. – Осы күнге дейін қаншама ұшақ жоғалды. Күні бүгінге дейін содан әлі бір дерек жоқ. Алла өзің жар болып, сондай қауіп-қатерден сақтай гөр»… Сол сәт Нұрсұлтан ұшақтағы жұмыс бөлмесінде сапар нәтижелері мен алдағы асулар жайлы ойлап отыр еді. «Ендігі ең басты арман, – деп ойлады ол, – Тәуелсіздікті онан әрі нығайтып, қаннан да, жаннан да қымбат Қазақстанымды өркениетті елдердің қатарына қосу. Бұл «Бермуд үштағаны» құпияларын ашудан да қиын міндет. Бірақ қанша қиын болса да ерте ме, кеш пе, бұл арманымызға да жетеміз. Тек қасиетіңнен айналайын халқым аман болсын! Он мың метр биіктікте ұшып келе жатып аспанда айтқан ақ тілегімді қабыл ала гөр, Алла тағала!». Нұрсұлтанның ойын кофе алып келген стюардесса-аспансерік қыз бөлді. Бұл кезде Президент ұшағы «Бермуд үштағанынан» алыстап кеткен еді... Президент ұшағы түнгі қою қараңғы­лықты қақ жарып, он мың метрлік биіктікте ұшып келеді… Төртінші хикая АДАСТЫРМАС АҚ ЖҰЛДЫЗ Тот не сможет помочь себе, кто не способен принимать самостоятельные решения. Гамаль Абдель Насер Дүние дөңбекшіген мына аласапыран ғасырда әртүрлі әлемдік апаттар адамзатты үрейлендіріп тұр. Жер шарын түгел қамтып тым жиі болып жатқан табиғат апаттары аздай-ақ терроризм, діндер арасындағы алауыздық, экономикалық дағдарыс, ұлттар арасындағы араздықтан туған қарулы қақтығыстар, тағы басқа да толып жатқан кесапат кеселдер дүниежүзінің ортақ проблемасы болып отыр. Тәуелсіз Қазақстан осынау әлемдік проблемаларды талқылап, оны шешудің жолдарын ұсынатын алаңға айналғаны – шығар күндей шындық. Дөңбекшіген дүниедегі әлемдік проблемаларды шешудің тиімді жолдарын талқылап, жаңа идеялармен талайларды тамсандырған ұлы жиындардың басында Астана саммиті мен онда қабылданған Астана декларациясы тұр. Әлемнің тоқсан үш елінен келген сегіз мыңнан астам делегаттың басын қосқан бесінші Астана экономикалық форумы қатынасушылар қатарында Нобель сыйлығының он бір лауреаты, мемлекеттер мен үкіметтердің қазіргі және бұрынғы басшылары аса ірі банктердің жетекшілері мен атағы аспандап тұрған саясаткерлердің, халықаралық ұйымдардың басшыларының болуымен ғана емес, ең бас­тысы жаңа идеяларды арқау еткен ұтымды ұсыныс, ұтқыр шешімдерімен есте қалды. Әлемнің үн қатысу, ой алмасу алаңына айналған Астанада өткен «Бейбітшілік пен келісім – адамзаттың таңдауы» атты Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төртінші құрылтайы да әлем назарын аударған тарихи оқиға. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ТМД-ға мүше елдердің мемлекетаралық гума­нитарлық ынтымақтастық қоры ұйымдастырған «Жаңа әлемдегі Еуроазиялық мәдениет» атты халықаралық форум жақсы істердің жарқын жалғасы болды. Дүние дөңбекшіген мына аласапыран ғасырда адамзатты әлемдік апаттан құтқаратын құдіретті күш – Мәдениет. Жапонның атақты жа­зушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Абэ Кобэ айтқандай: «Экономика және оған қа­тысты салалардың барлығы мәдениетке байла­нысты». Мәдениет қоғамның автопортреті. Әлем­дік мәдениеттің мақсат-міндеттері сөз бол­ған халықаралық маңызы бар осынау бас­­қосуға мәдениет пен әдебиеттің көрнекті қай­раткерлері қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Жиынның Астанада өтуінің өзі – заңдылық. Себебі, біздің дана да дара басшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы, салмақты саясатының, халқымыздың төзімділігі мен еңбекқорлығының арқасында Қазақстан айналасы 20 жылда әлем таңғалған тамаша жетістіктерге жетті. Мұның айқын айғағы ұлтаралық келісім мен бірліктің арқасында қол жеткен өмірдің сан саласындағы салмақты табыстарымыз, қысқа мерзімде салынған әсем Астанамыз. Қазіргі күні Астана бүкіләлемдік жылнама беттерінде келелі жиындар өткізетін, жаһандық проблемаларды таразыға тартып, талқыға салатын үлкен пікірсайыс алаңына айналып отыр. Ал бұл жиынның маңызы неде? Аласапыран әлем жаһанданған кезге тап болған тұста, дүниені апаттан құтқаратын бірден-бір мәйек – мәдениет. Бұл өмірде мәдениетке соқпай өтетін сала жоқ. Себебі, мәдениет – өркениеттің тірегі, өмірдің мәні мен сәні. Мәдениетті қоғам ешқашан қожырамайды, мәдениетті адам ешкімнің басына әңгір-таяқ ойнатпайды. Демек, өркениетті қоғамның бет бейнесі де сол. Мәдениет – алып бәйтерек. Бәйтеректің бір бұтағы – өнер, бір бұтағы – әдебиет. Адамның рухани толысуға ұмтылуы өмірге құштарлықтың ең ізгісі. Өмір сүруге деген құштарлық өлімді де жеңеді. Ежелгі қасиетті кітаптарда тайға таңба басқандай жазылған: «Қу дүниені күйттеген пенде – құл, рухқа шомылған адам – патша». Бұл терең ойлы кемеңгер пікір. Бұдан туындайтын түйін, мәдениет дегеніміз – уақыттың күретамырын ұстап, дертін анықтайтын, емдей білетін құдіретті күш. Әлемдегі көптеген катаклизмдердің себебі де осы мәдениетке баса көңіл бөлмеуден туындап отыр. «Жаңа әлемдегі Еуразиялық мәдениет» форумы дәл осы мәселелерді негізгі назарға алды. Өтуіне еліміздің Мәдениет министрлігі мен ресейлік әріптестеріміз мұрындық болған жиынға ТМД елдерінің Мәдениет министрлері, көрнекті қоғам қайраткерлері, әдебиет пен өнердің тарландары келді. Жиынның шымылдығын түрген Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасымыздың осы жиынға арналған құттықтау сөзін оқыды. Форумның бір ерекшелігі жиынға қатысушылар жаттанды баяндамалардан жасаған жоқ. Халықаралық мәдени ынтымақтастық бойынша арнайы өкілі, ТМД Мемлекетаралық гуманитарлық-ынтымақтастық қорының тең төрағасы Михаил Швыдкой жиынды пікірталас жүзінде өрбітті. Кімнің қандай пікір айтқанын қысқа қайыратын болсақ, Ресейдің халық артисі Сергей Соловьев өз сөзінде, бүгінгі Қазақстанның табысы мен шабысына бүкіл әлем тамсанып отырғандығын, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі үлкен саясаткер екендігін қадап айтты. Ал Әзірбайжанның Мәдениет министрі Абулфас Гараевтың сөзінің негізгі түйіні мәдениеттер бір-бірімен байланыс жасап, бірін-бірі байытуы керек дегенге сайды. Тұжырымның растығы дәлелдеуді де қажет етпейді. Кеңестік кезең тұсында мәдениет пен өнерді ұлықтаған әртүрлі фестивальдер, әдеби онкүндіктер жиі ұйымдастырылатын. Рухани өмірімізде айрықша маңызы бар мұндай шаралар бүгінде кілт тоқтаған. Бұл біздің өткенді аңсағанымыз емес, бірақ, өткеннің де жақсы жақтарын ала білу керек. Осынау форум еларалық мәдени байланыстарды нығайтуға қуатты серпін берген бастама болды деп білемін. Мәртебелі мейман-жазушы Шыңғыс Абдуллаев та осы пікірді толық қуаттап, әдеби онкүндіктер, өнер фестивальдарын өткізіп тұру керек деген ұсыныс айтты. Ресей географиялық мұражайының директоры Владимир Гусман өзі басқарып отырған мұражай туралы айта келіп, онда Қазақстанға байланысты төрт мыңнан астам тарихи жәдігер бар екендігін жеткізді. Ал грузин халқының өкілі, Грузияның халық артисі Гелоди Поцхишвили «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәдениет, келісім және бір­ліктің камертоны» деп ағынан жарылды. Елбасымызға айтылған мақтау, марапат, сонымен қатар, елімізге қарата айтылған мадақ. Гелоди Поцхишвили ойын оқығандай болып, менің есіме дала данышпандарының «жақсы жүр­ген жеріне кент салады, жаман жүрген жеріне өрт салады» деген дана сөзі орала берді. Өз кезегінде, Беларусь мемлекеттік музыка академиясының ректоры, профессор Ека­терина Дулова қазақ музыкасының, домбы­рамыз бен қобызымыздың бүкіләлемдік саз өнерін байытып отырған қайталанбайтын өнер екендігін мақтаныш сезіммен жеткізді. Бұл пікірді Молдованың халық артисі Михаил Мунтян қолдады. Мұның бәрі қазақ халқы мә­де­ние­тінің тақыр жерге шықпағандығын, тарихи тамыры тереңде екендігіне тағы бір көз жеткізді. Ежелгі тарихымыздан тамыр тартатын еліміздің бірлігі мен татулығын сөз еткенде дана халқымыздың «Өсер елдің арманы көп, өшер елдің жанжалы көп» деген дана өсиеті ойға оралады. Қазақстан өзгелерден өзінің асқақ арманымен алда тұр. Иә, біздің ел экономикалық дамуы жағынан ТМД-дағы бірқатар елдерден көш ілгері кетті. Бірақ, экономиканың өзі тікелей мәдениетпен байланысып жатарын естен шығармаған жөн. Қоғамның дамуындағы алтын діңгек – мәдениет. Мәдениет, әдебиет материалдық тұтқыннан, таққа таласудан, дүниеқоңыздықтан құтқаратын құдіретті күш. Рухани бай адам, рухани күшті халық ешуақытта тарихтың дауылдары мен жауындарында жойыл­май жасай береді. Бұған мысал көп. Бүгінгі дәуірімізге дейін жер бетінде жүздеген ұлт пен ұлыстар тұтастай жойылып кетті. Мұның арғы тініне үңілсек, олардың жойылуы экономикасының әлсіздігінен не болмаса әскерінің аздығынан емес, рухани мешелдігінен. Мәдениет қандай дәрежеде болса, мемлекет те сондай дәрежеде болады. Дүние дөңбекшіген мына ғасырда адамзатты жаһандық игіліктерге жұмылдыратын, келеңсіз мәселелерге жүген салатын бірден-бір күш мәдениет. Мәдениет, мәдениет және тағы да мәдениет деуіміздің себебі сол. Ащы да болса шындық, дәл қазір әлемді ақыл емес, ақша билеуде. Адамгершілік жұтылып бара жатыр... Мұндай кезде қоғамның қай бағытта дамуы, адамның өмір сүру ұстыны оның ішкі жан дүниесіне, рухани байлығына тікелей байланысты болады. Біз, материалдық байлық бір күндік екендігін ұғына алмай жүрміз. Мысалға, бір кездегі Франция тарапынан осы кеште осындай ойлар мен пәтуалы пікірлер айтылды. Форум аясында көңілімізге қуаныш құйған бір сәт «Астана ТМД-ның мәдени астанасы» атануы еді. Мәртебелі дәрежені растайтын сертификатты ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтас­тық қорының басқарма төрағасы Полад Бюль-Бюль оғлы еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбайға табыс етті. Осының өзі Астананың жаһандық саясат пен мәдениеттегі айрықша рөлін айғақтап отыр. Жиын тізгінін ұстаған Михаил Швыдкой Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілі Олжас Сүлейменовтың құттықтау хатын оқып, әлемге әйгілі тұлғаның атын асқақтата сөйлегенде көңілімізге қуаныш ұялады. Жиын барысында еліміздің татулық пен бірліктің тал бесігіне айналып отырғаны ешкім­ге ұқсамайтын өзіндік өрнегі бар мәдениетіміз жайлы соны пікірлер айтылды. Форум аясында қадірменді меймандарға арналған еліміздің сонау сақ дәуірінен бастап күні бүгінге дейінгі мәдениетін жіпке тізгендей баяндайтын үлкен сурет көрмесі өтті. Француздар ел ретінде өркендей білгендігінің негізгі құпиясы неде дейтін болсақ, тағы да сол мәдениетке келіп тіреледі. Осыдан он ғасыр бұрын француз патшасы Людовик таққа отырғаннан кейін өзінің төңірегіне атақты ақын-жазушыларды, дана, ғұламаларды топтастырды. Елді әдебиет, мәдениет, ғылым, өнер арқылы өркендетті. Бүгін Париж әлемнің мәдени астанасы саналады. Ол өнер мен мәдениеттің қайраткерлерін елді алға сүйрейтін локомотив деп білді. Оларды ел болашағы жолындағы ортақ мүддеге жұмылдырды. Бұдан қорытынды шығарар болсақ, адам тазалыққа, рухани байлыққа ұмтылар болса экономиканы да алға сүйрейді. «Жақсы ісі болса, жауыңнан да үйрену керек» деген тегін айтылмаса керек. Франция біздің жауымыз емес, іскер әріптесіміз. Біз әлемнің дамыған елдерінен өзімізге керекті игіліктерді ала білуіміз керек. «Жаңа әлемдегі Еуразиялық мәдениет» форумы жаһандануға жұтылып кетпеу үшін еларалық мәдениеттер бірін-бірі байытып, араласу керек екендігін тағы бір дәлелдеп берді. Түйіп айтсақ, мәдениетсіз ибалы адам, иманды қоғам да жоқ. Адамзаттың алтын діңгегі – аса мәртебелі мәдениет! Төкпе күй АЛМА АҒАШЫ ГҮЛДЕГЕНДЕ Движение Вселенной можно вычислить, однако человеческую душу исчислить невозможно. Исаак Ньютон Күрең күз. Шаңқай түс. Нұрсұлтан Алатау баурайындағы алма бағын аралап, ой құшағында жүр. Гүлдеген алма ағашының тарам-тарам жасыл бұтақтары бұраң бел арулардай бұратыла майысып, Жер-Ананың бір жемісі – алқызыл алманы әрең көтеріп тұр. Пісуі жеткен алманың бұрқыраған жұпар исі таза ауамен таласа көкіректі шайдай ашады. «Ғарыштағы өмір бізге жұмбақ», – деп ойлады Нұрсұлтан. – Жер-Ана деп тегін айтылмаған. Оның терең сырын адамзат әлі толық ұғып болған жоқ. Жерден ала білумен бірге оған бере де білу керек! Адамзат ашкөзденіп, табиғи тепе-теңдікті бұзып барады. Кеңес Одағындағы тойымы жоқ әскери өнеркәсіп «мақта, тағы да мақта» деп жүріп Арал теңізін суалтты. Енді соғысқұмар елдер ауыр бомбаларды үздіксіз жарып, Жер-Ананың түбіне жетпесе екен. Үшінші дүниежүзілік соғыс бола қоймас, оның беті әрмен, бола қалса, оның тарихын жазатын адам да қалмайды жер бетінде. Адамзат бейбітшілік пен Жер-Ананың қадіріне жетеді, не ақылынан адасып, өзінің түбіне өзі жетеді. Мына төрткүл дүние дөңбекшіген аласапыран уақыт, алмағайып заманда айналайын халқымды анталаған апаттардан аман-сау алып шығудан асқан арман бар ма? Отанды қалтқысыз сүю – оның суығына шыдап, ыстығына күюді талап етеді. Менің ғұмырым ел тағдырымен еншілес. Маған сират көпіріндей қылпылдаған кезеңде тәуелсіздік алып, мемлекет құру ісі сеніп тапсырылды. Сондықтан мен сенімге серт беріп, бар жауапкершілікті мойныма алдым. Күрмеуі қиын түрлі тағдырлы шешімдерді жүрегімнен өткізіп қабылдадым. Мен 20 жылдан бері бар күш-жігерім мен білімімді, тәжірибемді аямай, халқыма қалтқысыз қызмет етіп келемін. Осы жылдары мәртебемізді көтеріп, мерейімізді асырған барша жетістіктеріміз – біздің ортақ табысымыз. Сондықтан бастамашы азаматтар мен тілекші болған барша қазақстандықтарға ризашылық білдіремін! Мен үшін қашанда мемлекет мүддесі мен ел игілігі жолында қызмет атқарудан артық бақыт болған емес. Алдымызда атқарылар қыруар істер бар. Бұл жолда біздің ең басты байлығымыз – берекелі бірлігіміз. Мен ауызбіршілігі айнымайтын ақжүрек жұртымның қуатты ұлтқа, шуақты ұлысқа айналарына кәміл сенемін». Жеміс мол, жеңіс көп тобылғы түстес күрең күзде, шаңқай түстің шағында алма бағын арман­сыз аралап, таза ауамен тыныстаған Нұрсұлтан ғарыштан жаңа бір күш-қуат құйыл­ғандай сергек сезінді өзін. Енді ол көтеріңкі көңіл күймен Алатауды бетке алып жүріп кетті. Сол сәт Нұрсұлтанды қандай ойлар, нендей сезімдер баурап алды екен? Мүмкін тоғыз бал­дың қуатты толқындарын аспанға атып, алып кемелердің өзін допша домалатқан түпсіз, тұңғиық мұхиттай аласапыран кез, алмағайып заманда өзі жанындай сүйген халқын терроризм, ұлтаралық араздық, қаржы дағдарысы, қарулы қақтығыстар сияқты сан апаттан қалай аман алып шығу жайын ойлаған болар. Бәлкім, еліміздің ертеңі – жастардың бойында ұлттық рух қайтсе күшті болады деп те ойлаған шығар. Мүмкін... Мүмкін, бәрі де мүмкін. Бір-ақ нәрсе мүмкін емес, ол ғасырда бірақ туатын ұлы тұлға Нұрсұлтанның терең де күрделі, шалқып жатқан шалқар мұхиттай тұңғиық, табиғаттың өзіндей тылсым жан дүниесіне бойлау. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев жай құбылыс емес, аса бай жан дүниесінің жұмбақтарын ешкім, ешқашан шеше алмайтын құпия құбылыс! Иә, мезгіл алма ағашы гүлдеген жемісі мол, жеңісі көп тобылғы түстес күрең күз, шаңқай түс!

Сәбит  ДОСАНОВ

4644 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6504

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5865

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3606

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2992

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2952

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2928

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2658

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2643

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы