• Тұлға
  • 04 Сәуір, 2024

Маэстро

Биыл әлемдік деңгейдегі скрипкашы, ұлт музыканттарының ішінен маэстро ретінде мойындалған Әйткеш Толғанбаевтың туғанына 100 жыл. Ұлт өнерінің алтын ғасыры есептелетін, ХІХ ғасырда өмір сүрген Біржан, Ақандар сырлы әуенімен қазақ ортасында сал, сері атанғаны мәлім. Ал Батыс жұртшылығы музыка саласындағы классикалық туындыларды жеріне жеткізе орындайтын шеберлерді ежелден «маэстро» деп атағын аспандатып, төбесіне көтерген. Өмірдің азабы мен тозағын, ол аз десеңіз, мазағын бір кісідей көрген және соны иілмей көтере білген, бойын­дағы Құдай берген талантын сақтап, ел үмітін ақтай білген кешегі ауыл баласы, дала перзенті скрипкашы Әйткеш Толғанбаев осындай қадірлі атаққа алғашқылардың бірі болып қол жеткізген шын мәнісіндегі тарлан талант болатын.
 

 

Солай дегенде, оның өнердегі қиын да қасыретті жолы туралы сөзді алдымен арғы ата-бабасынан, өскен, өнген ортасынан бастағанды жөн көріп отырмыз. Себебі бәрі текке, топыраққа байланысты деп жатамыз ғой. Яғни арғы тамыры жуан ата Ырғызбайдан тарайтын Әйткештің негізіне тартпасқа қақысы да жоқ еді. Сол Ырғызбайдың бір баласы Өскенбай болса, одан – Құнанбай, ал Құнанбайдан болашақ хакім ақын Абай өмір көшін жалғастырған. Ырғызбайдың екінші ұлы Мырзатайдан – Жұман, Жұманнан Толғанбай өмір эстафетасын алған. Ал бүгінгі кейіпкеріміз Әйткештің атасы Жұман көзі қарақты оқырманға әйгілі Әуезовтің даңқты «Абай жолы» атты роман-эпопеясы арқылы өзгеше кейіп, кескінімен жете таныс деп білеміз. 
Ал, енді Толғанбайдың тұңғышы Балтақайға келетін болсақ, бұл кісі Омарханның Мұхтарымен жас күнінен бастап, өле-өлгенше досжар болған адам. Балтақай ақсақалдың бүгінде көзі тірі ұлы Манатай оқушы кезінде Мұхаңның өзінің өтінішімен бір уақ Алматыда ұлы жазушының қолында тұрып оқыған. «Еруліге қарулы» дегендей, Мұхаң қызы Ләйләні ел көріп, жер танысын, тіл сындырсын деген мақсатта оқушылардың жазғы демалысында Шыңғыстауға, Қарауылда тұратын Балтақай досының үйіне жіберген. Оның сол досына атақты шеберге өтініш айтып, арнайы домбыра жасаттырып жіберетіні өз алдына бір әңгіме.
Классик жазушы тегін кісімен досжар болмаса керек. Соның бір айғағындай, Балтақайдың соңынан ерген Әйткеш інісіне жасаған қамқорлығы кісі қызығарлықтай көпке үлгі-өнеге. Тегі, бұлардың ата-анасы да өнерден құралақан жандар емес екен. Айталық, Толғанбай домбыраны келістіріп шертсе, анасы Бибісара халық, әсіресе Абай атасының әндерін бабына келтіріп шырқайтын көрінеді. Сол әсермен Әйткеш бес жасынан музыкаға, музыкалық аспаптарға ден қояды. Баланың талабын қапысыз аңғарып білген әкесі мен Балтақай ағасы мұны домбыра, қылқобыз, шаңқобызбен бірге, біртіндеп сырнай, балалайка, гитармен ағайындас мондалинді үйреніп, меңгеруіне көмектесіп, жолын ашады. Сөйтіп жүргенде, жаңа заман талабымен шалғайдағы Шыңғыстауда радио торабы ашылады. Жасынан әсерлі әуенге құлағы түрік жеткіншек сол радиодан беріліп жататын музыкалық шығармаларды асқан сүйіспеншілікпен құныға тыңдауды әдетке айналдырады. 
Содан бірде радиодан Мирон Полякин деген майталман шебер скрипкамен орыстың атақты композиторы Петр Ильич Чайковскийдің бірінші концертін құйқылжытып орындамасы бар ма! Осыдан кейін-ақ жас жеткіншек, тура мағынасында, дегбірі қалмай, ес-ақылдан айырылғандай күй кешеді. Пернесіз скрипка аспабы өте күрделі аспап екені, бұл аспапты нотаның көмегінсіз меңгеру мүмкін емесі, оның оркестрдің падишасы екені – еш қоспасы жоқ шындық. Солай дегенмен, сол скрипкаңыз Шыңғыстау еліне жат аспап болып саналмайтын. Соның айғағындай, данышпан ақынның жанынан табылған скрипкашы Мұқа мұндағы дүйім елді таңсық аспаптың сазды әуенімен тамсандырғаны ұмытылмай есте қалған. Оның соңы оқудағы Әбіш-Әбдірахманның жазғы демалысында елге осы аспапты ала келіп, талапты жастарға үйретуімен өз жалғасын тапқан. Жеткіншек Әйткеш оларды көрмесе де, үйіне ара-тұра соғып кететін Шәкәрім қажыдан қарасөзбен бірге, саз әлемінен де қаншама тәлім-тәрбие алып үлгергені шындық. Сонда Әйткеш бейне ертегі әлеміне еніп кеткендей әсерге бөленетін. 
Ал таудай талап арқалаған інісінің қолына скрипка аспабы тимей, еш тыным таппайтынын қапысыз аңғарған Балтақай ағасы Семейге арнайы барып, дүкендерді тыным таппай аралай жүріп, соңғы бір аспапты тоқсан сомға сатып алып келетіні және рас. Осыдан бастап Әйткеш скрипканы бірден қапысыз ойнап кетіпті десек, өтірік болар. Сонда ол қайткен дейсіз ғой. Ол әлсін-әлі салып-ұрып Семейге барып, бірден кинотеатрларға ат басын тірейтін көрінеді. Ал ол кезде кинотеатрларда сеанс алдында оркестр ойнап жатады екен. Бұл соған қарап тәжірибе жинақтай бастайды. 
«Талап тас жарады» деген. Соның тағы бір дәлеліндей, ол 1936 жылы Семейде өткен жас орындаушылардың облыстық байқауына әжептәуір дайындықпен келеді. Келдім, көрдім, жеңдім демекші, сол жолы ол дүйім жұртты ғана емес, әділқазылар алқасын таңғалдырып, байқау жеңімпазы атанады. Сол шақта Семей театрының музыка бөліміне басшылық етіп жатқан жюри төрағасы, әйгілі музыкант, тамаша сазгер Латиф Хамиди мұны ұмытыңқырап, танымаса да, «жеңімпаз жеткіншек, мен сізді танимын ғой» дегенде таңырқап қалады. Сөйтсе, бұл сыйлас ағасы сынды Әуезовтің өтінішімен соның алдындағы жылы Абай әндерін нотаға түсіру мақсатында Шыңғыстауға барғанда жазушының елдегі досы Балтақайдың үйінде де болған ғой. Оның сыртында Абай әндерін ұлы ақынның көзін көрген Әрхамнан бастап, мұның анасы Бибісарадан да естіп, нотаға түсірген екен. Соның бәрі еске түсіп, атақты музыкант өзін енді тани бастағанда желпінген жеткіншек: «Аға, мен енді сіздің қасыңызда қалсам қайтеді» демей ме! Сонда әзілсөзге бейім Латекең: «Жоқ, болмайды!» депті сөзді қысқа қайырып. Бұл не бүлдіріп қойдым деп сасқалақтап қалғанда биязы ғана жымиып: «Мен сені Алматыға, ондағы Ахмет Жұбанов деген керемет музыкант һәм сазгер досыма жіберемін, енді сен сол жақта оқисың! Сенің өнеріңе мен ғана емес, Алматыдан осы байқауға жюри мүшесі ретінде арнайы келген қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіров те тәнті болып, қатты бағалап отыр. Ол саған арнап өлең де, мақала да жазды, онысы ертең осындағы облыстық «Екпінді» газетіне шығады», – дейді. Сонсоң, іле мұның жасын сұрайды. Бұл жасы он екіде екенін айтады. «Ой, қу шұнақ құдай-ай» деп санын бір соғып өкінген татар абзиы артынша, «е, мұның шешімін Қарауылдағы Балтақай ағаңа қалдырайық», – депті. «Бақсам – бақа» екен демекші, оқушылар Алматыдағы музыка техникумына он төрт жастан бастап қана қабылданады екен. Расында, бұл шаруаны Балтақай ағасы тез реттестіріп береді. Осылайша, бұл бір жағы – бақ, екіншіден сорға туған жылы екі жасқа ұлғайтылып, 1922 жылы өмірге келген болып шыға келеді. Сонымен...
Сонымен, он екіден бір гүлі ашылмаған дейтін жастағы, яғни тура мағынасында он екідегі жеткіншек сол заманның қара айғыры атанған пойызбен «Алматы, қайдасың» деп тартып бара жатады. Сонда отыз екінші жылғы аштық, қынадай қырылып жатқан ел, амалсыздан адам етін жеген жалмауыз жандар көз алына елестеп, бір сәт жүрегіне салмақ түсіп, миы тұманданған. Онда бұлар елден ауа көшіп, Жарма жағына бет алған-ды. Осылайша, көрместің күнін кешіп, амалдап баққан. Ал қазіргі жол көрінісі басқаша сипат алыпты. Ең бастысы, теміржол құрылысы аяқталыпты. Әлі де сирек болса да, әр-әр жерде жайылып жатқан төрт түлік көзге ыстық көрініп, алаң көңілді басқан. Содан итеңдеген жүріспен Алматыға бесінші тәулікте жеткен. Кешегі Қарауылдың қара баласының көзіне жер жаннаты Жетісу деп аталатын өңірдегі жаңа астана, Семеймен салыстырғанда, жұмақ болып көрінеді. Базардағы түрлі жемістен көз тұнса, ал самса, бәліш дегеніңіздің иісі мұрын жарады. Тек қалтаңда ақша болсын. Бірақ ол бұл секілді міскінде қайдан болсын! Басында ұрлап, жырлап, соңынан қаптаған саудагерлерге жалданып, нәпақасын тапқан. Арасында ағасының досы Мұхтар ағасының үйіне барып жүрек жалғайтыны және бар.
Ал Ахмет ағасы да мұны еш жатсынбастан, бейне мұны күтіп отырғандай жылы қабақ, ашық көңілмен қарсы алған. Бұл кісінің талапты да талантты жастарға, жалпы, қазақ баласына деген ықылас, мейірімі ерекше. Бірақ, өкінішке қарай, бастапқыда оқуға қабылданған бақандай жиырма екі талапкерден жыл аяғында екеуі ғана қалған. Соның бірі – бұл болса, екіншісі Ғалымжан Әбсаламов деген боз­бала жігіттің жасы бұдан алты-жеті жасқа үлкен еді. Бұған оның сол тұста қазақ ұлт аспаптар оркестрі құрамында енді ғана Мәскеуде өткен ұлттық өнер декадасына қатысып келгені және ара-тұра қайсыбір оқытушыларды алмастырып бұларға дәріс беретіні, қосыла келгенде, Ғалымжанның бәсін арттыра түсетіні рас. Әйтеуір, бір жақсысы – мұндағы тікелей ұстазы Иосиф Лесманның өзіне деген ықылас, ниеті жеткіншек Әйткештің көңілін сабасына түсіріп, ынта-жігерін жани түскен. Ал Мұхтар ағасы болса сол жолғы Мәскеу сапарынан небары жиырма төрт жасында Кеңес одағының халық артисі атанып келген, соған орай атақ-даңқы аспандап тұрған әйгілі әншіні бұған үлгі ретінде әлсін-әлі мадақтап: «Пәлі деген, тегінде, бұл Күләш саған жақын туыс болып келеді, ертең сен де осы апайыңдай атақ-даңққа бөленесің. Ол үшін, Абай атаң айтқандай, ең алдымен, өзіңнің ақылың мен қайратыңа сен» деп көтермелеп қоятынын қайтерсің!
«Өгізге әйт, шүу деген де қамшы» дегендей, үлкендердің осындай ақыл-кеңесінен соң Әйткеш те ендігі жерде қамшы салдыр­май, қатарластарынан оза шапқан. Соның айғағындай техникум оқушыларының жылдық есепті концертінде Моцарттың шығармасын келістіре орындап, ұстаздарының бұған артқан үмітін артығымен орындаған. Соған орай талапты да талантты жас скрипкашы туралы республикалық «Казправда» газетінде арнайы мақаланың жарық көруі ол үшін ғана емес, ол оқып жатқан техникум өміріндегі айтуылы оқиғаға айналған. Содан бірде ұстазы Лесманның бір шаруамен аудиторияға келе қалған Жұбановқа: «Қадірлі Ахмет Қуанұлы, заман тыныш болса, мына Әйткештің есімін әлем жұртшылығы білетін болады. Ал оған өз басым еш күмәнданбаймын» деп қалғаны бар. Ал оған Әйткеш жеткіншек желпініп, бөсіп кетпегенімен, ұстаздың сенімінен шығуға өзіне-өзі іштей ант берген. Тегінде, Лесман – төңкеріске дейін есімі әлемге әйгілі скрипкашы Ауэрден дәріс алған адам. Ал Лев Семенович болса ХІХ ғасыр­дың ортасында Венгриядан Петербург консерваториясына шақырылған екен. Ал сол тұста Питер консерваториясы ондаған жылдар бойы скрипка өнерінің әлемдік орталығы болған. Иосиф Антонович осындай мәртебелі оқу орнын күміс медальға аяқтаған. Мұның бәрін Әйткештің қандай ұстаздан тәлім-тәрбие алғанын, сәл болса да, тарқатып айтыңқырап жатқанымыз сондықтан. 
Бір жақсысы Жұбанов, Лесман сынды ұлағатты ұстаздардан алған тәрбие, көрген қамқорлық босқа кетпеген. Бірде мұны қазақ радиосының музыкалық редакторы Мақсұтбек Майшекин шақырып алып, тікелей эфирден бір-ақ шығарады. Бұдан кейін мұндай шақырулар жалғасын табады. Оған, кейін белгілі болғандай, ұстазы Лесман себепкер болған екен. Ал Мақсұтбек аға шын мәнісінде қазақ өнерінің қажымас жанашыры болған адам деседі ол кісінің көзін көргендер. Және осы тұста астын сызып айтатын бір жайт сол – Әйткеш әлгіндей еңбегіне кәдімгідей қаламақы алып тұрған. Ал сол тұста жүдеп, жадап жүрген ауыл баласына бұл үлкен көмек болғаны айтпаса да түсінікті. Осылайша, өзі қазақ жеріне қуғындалып келген ұстазы қазақтың талантты бір баласына қолынан келгенше қамқор болған. Ал бұл шақта кешегі ашаршылық, яғни нәубат басылғанмен, енді зұлмат заман құтырынып тұрған кез еді. Оның соңы қатерлі жылдарға, қан қасап майданға ұласқан. Жоғарыда айтқандай, Алматыдағы музыкалық техникумға оқуға түсу үшін екі жасты ұлғайтып жазғаны сол шақта бақ болса, енді ол сорға айналған. Яғни 1942 жылдың басында жасы он жетіден енді асқан Әйткеш бозбала «негізі, менің нақты жасым он жетіде ғана» деуге намыстанып, амалсыздан ересек боздақтармен майданға аттанып кете барған. Ал сол кездегі жоғары басшылық жалаң қол, жалаңтөс батырларға еш аяушылық білдірместен, қанды қасапқа салып жіберген. Сөйтіп, бастапқыда алдын берген тағдыр енді бұған артын тосқан. Оның соңы аз-кемі жоқ тура жарты ғасырға толы азап пен тозаққа айналған. Қап тауында, Грозныйдың түбінде ұрысқа кірген бұларды көп ұзамай-ақ мұздай қаруланған неміс фашистері қалпақпен ұрып алды десе де болады. Аяғынан жараланып, оның сыртында контузия алған Әйткеш неміс танкисі пистолетін кезеніп, үстіне төніп тұрғанда ғана есін жинаған. Осылайша, кешегі жуан ата Ырғызбайдың бір ұрпағы адам айтса нанғысыз тағдыр тәлкегіне ұшыраған.
Жоғарыда айтқандай, тура бір ғасырға созылған азапқа толы мұңлы жылдардың жыры бір романға жүк болары хақ. Ал, енді соны қысқартып айтсақ, сау басына сақина болған бойдағы талант, қалай десеңіз де, мұны терең құздан алып шыққан. Яғни лагерь комендантын өнерімен, Бах, Моцарт, Гайдн, Бетховен сынды Батыс классиктерінің шығармаларын орындау барысындағы теңдессіз шеберлігімен тамсандырған азиялық азамат жат ортада, жаудың қақ ортасында өзін мойындата біледі. Бірақ бұл Венявскийдің «Мазуркасын» сызылта орындағанда өнерді бір кісідей түсінеді деген лагерь коменданты мұны кекетіп: «Тұтқын мырза, сенің шеберлігіңе күмәнім жоқ. Бірақ бізге Венявский керек емес, өйткені ол еврей ғой», – деп қалады. Сонда «сөйлемесең, сөздің атасы өледі» деп білетін Дешті Қыпшақ ұланы тілін тартпастан, «музыка ұлтқа бөлінбейді» деп салады. Оның сыртында немістің үлкен шаһарларының бірінде өткен үлкен концертте «енді өз еліңнің гимнін орында» деген ұсыныс түскенде де тосылып тұрмайды. Рас, сол шақта Қазақ республикасы түгілі, алып империя саналатын Кеңес одағының гимні жоқ болатын. Бірақ Әйткеш еш сасқалақтамай, абдырамай, туған елінің туындай асқақтатып, «Елім-айды» аңыратсын келіп! Сонда кәрі құрлықтың қаныпезер қарақшылары қазақ «гимнінің» құдыретіне еріксіз мойынсұнған көрінеді.
Бірақ ақыры тілден, мінезден тауып, өлім лагеріне айдалады. Әйтеуір, төніп келген ажалдан бұл жолы да аман қалады. Яғни одақтастардың әскери ұшақтары бомбаны бейне жаңбырша сеуіп өткенде бірер тұтқын амалын тауып, сытылып қашады да, француз қозғалысына келіп қосылады. Ал жеңіс сағаты соққанда Италиядан табылады. Сондағы Кеңес елшілігіне күзетші болып орналасқан ол тағы да өнерімен өз жолын анықтап үлгереді. Бейне ертегі сияқты оқиғалар мұның Еуропаның біраз қаласын өнер сапарымен аралап шығуына жол ашады. Тіпті, оны айтасыз, осындағы Ла Скаладан кейінгі атақты Ди Адриано театрының оркестрінде жаттығып, ойнауға мүмкіндік алады. Қолы қалт еткенде жергілікті симфониялық оркестрде қызмет етіп, азды-көпті қаражат тапқаны да еш қоспасы жоқ шындық. Соның бәріне Кеңес одағының Италиядағы елшісі М.Костыловтың бұған оң қабақ танытуы жол ашқан секілді ғой. Елдегі жағдайды тамыршыдай біліп отырған елші тіпті Әйткешке «елге қайтпа, осында жүре бер» депті деседі. Бірақ елді аңсап елегізген жас жігіт өз таңдауынан айнымайды.
Сөйтіп, 1946 жылдың күзінде елге, Алматыға оралады. Үсті-басы бүтін, қолына су жаңа скрипка ұстаған бұған алматылықтар таңдана қарайды. Әйтеуір, бұрынғы көзкөргендер жылы қарсы алады. Жездесі белгілі әдебиет сыншысы, ғалым Есмағамбет Ысмайыловтың арқасында әдеби, мәдени ортаға бірден судай сіңіп, араласып кетеді. Сондай бір жайма-шуақ жүздесу ұлт марқасқалары Мұхтар, Қаныш, Ғабит, Бауыржан т.б. қатысуымен өтсе керек. Осы отырыста әлдекімнің тарапынан ерсілі-қарсылы айтылған сөзге шыдамаған батыр Бауыржан: «Осы отырған бәріміз – жасы жиырманың бірінен енді асқанмен, өткен өмірімен де, өнерімен де ерекшеленіп тұрған Әйткештің қолына су құюға жарамаймыз» деп қатты айтып тастап, үйден шығып жүре беріпті деседі.
Бірақ, өкінішке қарай, батыр әлденені алдын ала сезгендей сес көрсеткенімен, арада көп уақыт өтпей жатып, онсыз да жүрегі жаралы жанның басына бұлт үйі­ріледі. «Ағылшын шпионы», «шетелдік барлау органдарының құпия өкілі», «Отанын сатқан опасыз», «халық жауы» сынды жалған жалалардан соң кейбіреулердің бұдан теріс айналғаны да шындық. Соның бәріне шыдап баққан Әйткеш өзімен бірге скрипкасының да ұсталып, қамалғанына, қандас тергеушінің славян тектес басшысының көзіне түсіп қалу мақсатында бейне қылыш секілді сызғышпен саусақтарын осқылап, аяусыз соққанда «ендігі жерде скрипканы қолыма ала алмай қаламын-ау» деп қатты қамыққан. 
Ақыры, қойшы, бас бостандығынан айырылған бұл аз-кемі жоқ 25 жылды арқалап, әуелі Новосібір, одан соң Иркутск түрмесіне, одан Қиыр Шығыстағы Ванин шығанағы, әрі қарай Находка, Магадан лагеріне бастаған азапқа толы сапарға аттанып кете барған. Адам бірер күннен соң көрге де үйренеді, «басқа түскен баспақшыл» демекші, фашис­тердің концлагерінде үш жылдан астам болып, шыңдалып, шыныққан Әйткеш енді қызыл жағалы жендеттердің де қорлық-зорлығына шыдап баққан. Сонда «ат жақсысы кермеде, жігіт жақсысы түрмеде» деп айтқан қазекем қандай данышпан деп еріксіз басын шайқаған. Шындығында да, небір талант иесі де, атақты қаламгерлер мен әйдік ғалымдар да осында екен. Айналып келгенде, Алланың дарытқан өнері мұнда да кәдеге жараған. Бұл жақта да талантты тұтқындардан жасақталған джаз, симфониялық оркестрде – скрипкада, ал орыстың ұлттық аспаптар оркестрінде мандолинада ойнады. Сөйте жүріп, қазақтың халық әндері мен күйлерін аспаптарға лайықтап, өңдеумен шұғылданды. Намысы тапталғанына көнбей, қарсылық танытқаны үшін Якутиядағы қатаң тәртіптегі лагерьге ауыстырылғаны да рас. Мұнда музыкант емес, қатардағы көп тұтқынның бірі ретінде күн кешеді.
Бас-аяғы он жылға созылған азапты сапарға «ұлы диктатор» Сталин қайтыс болғанның өзінде тек 1956 жылы босап шығуға мұрсат алады. Тағы да арлы азамат Ақаңның, Ахмет Жұбанов­тың қамқорлығымен консерваторияға оқуға қабылданады. Аталған оқу орнын бітірерде диплом жұмысы ретінде П.И. Чайковскийдің скрипка мен оркестрге арналған концертін өте жоғары деңгейде орындап шығуы адам айтса сенгісіз оқиға ретінде бағаланады. Соның бәрі – мұның ерік-жігерінің ерекшелігін көрсетсе керек. Ол оқуын бітірген соң осында ұзақ жыл жемісті қызмет етеді. Сол жылдар аралығында бірнеше оқу құралдарын жарыққа шығарады. Мұның сыртында әлемдік және отандық классиктердің 200-дей ән-күйін өңдеп, өз репертуарына енгізеді, доцент атанады. Сонда үндеместер аталған оқу орнының басшысы Ғазиза Ахметқызына «бұған неге доцент атағын бересіздер, биографиясына үңілмейсіздер ме» депті-мыс. Сонда кешегі академик Ахметовтің өр мінезді қызы еш қаймықпастан, «біз өнер адамдарының, ең алдымен, шығармашылығына үңілеміз» деген екен. 
Өкінішке қарай, тотаритарлық жүйеде үндеместердің дегені болғаны тағы рас. Соның дәлеліндей, бұл Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің декадасына да, Монреалдағы халықаралық байқау­ға да бара алмай қалады. Дес бергенде қазақстандық белгілі музыкант Иосиф Коганның бұл туралы «Республикамыздың бірінші скрипкасы» деген тақырыппен жазған мақаласы одақтық «Советская культура» газетінің 1977 жылдың он үшінші мамырдағы санында жарияланады. Бұл сол кез үшін айтарлықтай оқиға болатын. Бірақ ол, өкінішке қарай, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен соң барып толықтай ақталды. Ал келер 1993 жылы оның жарты ғасырға созылған азапты өмір жолы туралы «Исповедь жестокой судьбы» атты деректі кітап шығады. Соны өзі ауырып жатса да, ежіктеп оқыған бұрынғы Мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібеков «мына кісіні осыған дейін білмей келген мен қандай Мәдениет министрімен» деп өз-өзіне қынжыла келіп, эстет-публицист Қали Сәрсенбайдан талантты скрипкашы туралы көлемді мақала жазуды өтініпті. Көлемді мақала көп ұзамай ел басылымы – «Егеменде» жарық көргенін, оны өнер жанашырларымен бірге, жалпы жұртшылықтың қызыға оқығанын да білеміз. 
Осы тұста, нақтылап айтқанда 1994 жылы, яғни Абай тойы қарсаңында Әйткеш ағамызды Семей облыстық әкімшілігінің аппарат жетекшісі, отбасылық досымыз Айтқали Абылқасымовтың қабылдау бөлмесінде отырғанында көріп қалып амандасқанбыз. Сонсоң Айтекеңнің кабинетіне кезексіз кіріп кетіп, атақты скрипкашы тездетіп қабылдауын өтінгенбіз. Мән-жайды ұғынған ұлтшыл азамат бұл тілегімізді дереу орындаған. Сонда, ағамыз маған: «Сен бала мені танып тұрған секілдісің ғой», – деді байсалды қалпынан танбай. «Мен сіздің шыңғыстаулық ініңізбін ғой, сіз туралы кітапты осы жақында ғана оқыған едім», – дедім мен. Аппарат басшысы Айтағаң тарлан талант Әйтағаңның өтінішін дереу шешіп берген. Ал сонда арада отыз жылдан соң менің ол кісі туралы жазған «Маэстро» атты пьесам Семейдегі «Дариға-ай» жастар театрында қойылады-ау деген ой болған жоқ. Бұйырса, Құдай қаласа, бұл шаруа биылғы Жеңіс мерекесі қарсаңында жүзеге асырыла ма деп отырмыз.
Сөз соңында әлемдік деңгейдегі скрипкашы Әйткеш Толғанбаевтың арада бір жылдан кейін, яғни атасы Абайдың 150 жылдық мерейтойынан соң өмірден озғанын, сүйегі өз өтініші бойынша Қарауылда жерленгенін, зиратының басына ескерткіш – скрипка орнатылғанын, ал есімі Қарауылдағы «Ғасыр тұлғасы» атты мәрмәр стеллаға Абай, Шәкәрім аталарымен бірге, суреті мен аты-жөні мәңгілікке қашап жазылғанын айта кетсек, жөн болар дейміз. Өнерді ардақ тұтар халқы барда маэстроның есімі ешқашан ұмытылмайды!

Дәулет Сейсенұлы,
журналист-жазушы

1974 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 13463

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7801

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7431

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6809

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6758

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 6545

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5320

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5312

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы