• Тұлға
  • 21 Наурыз, 2024

Өмір жолы, ғылым жолы қандай-ды...

Биыл қазақ ғылымының дамуына өз өмірін арнаған аса көрнекті ғалым – Рәбиға Сыздықтың туғанына 100 толады. Ғалымның өмірі мен қыз­меті, қазақ тілтанымына қосқан мол мұрасы жөнінде талай рет жазылды. Қалың жұртшылық  «Қазақ тілінің  абыз анасы» деп бағалаған ардақты ұстаздың өз сөзі,  әр естелік, әр дерек  –  бүгінгі жастар үшін өнегелі тағылым.  
Рәбиға апай – өзінің өмір жолында қиындығы, ауыртпалығы бар  талай асулардан аса бір қайрат-жігермен жасымай өткен адам. Ғалымның «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деген кітабындағы ғұмырнамасының суреттелуі жан тебірентеді. Ал ғылым белестеріндегі апайдың келбеті жырларға да арқау болды, ғылыми бағыттарын, ғылымдағы ерекше орнын М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сияқты даңқты қаламгерлер бағалады. Әріптестері мен шәкірттері  өз зерттеулеріне негіз етті. 
Сонау бір алмағайып заманда, әкесі темір тордың ар жағына кеткенде,  шалғайдағы мектепті үздік тамамдаған жас өрім әрі қарай білім қуып, педучилищеге түседі, қара шаңырақ – қазіргі Абай университетінде білімін жалғастырады. Осы кезеңнің арасында мектепте мұғалім болады, басқа да қосымша жұмыстар істейді. Балалық дәурен мен жастық шақ осылайша өтеді, бірақ сол кездің өзінде-ақ Апай өз қатарларынан озық, ғылымға пейілді, өз айтары бар өзгеше маман ретінде қалыптаса бастаған екен.    

 

Хамиттің қарындасы

Бір ата-анадан қалған төрт баланың тағдырына да замана екпіні талай әсер етті. Апайдың үлкен ағасы Хамит Құтқожин –   соғысқа қатысқан, кейін білім беру ісінде лауазымды қызмет атқарған, ел ортасында аса қадірлі, мәдениетті, өте білімді, ұстамды, іскер, асқақ абыройлы атанған адам. 
Әр адамның тұлға болып қалыптасуына туып-өскен ортасы, достарының тигізер әсері мол екені белгілі. Рәбиға апайдың тұлға болып қалыптасуына әсер еткен ағасы. Апай ағасын зор өнеге тұтып, «Хамиттің қарындасы» деген атау «ғалым, ғылым докторы,  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академия мүшесі» дегеннен де биік тұрады деген еді. Хамиттің қарындасы деген атқа кір келтірмеу, ұятқа қалдырмау керегі әрдайым есінде жүрген апайымыздың намысшыл, ақылды тұлға болып қалыптасуына ағасының тигізген септігі мол. 

Ана тілінің абызы

Профессор Саламат Нұрмұханұлы «Ана тілінің абыз анасы атанған дара тұлғамыз, ғасырға жуық өмір сүріп, қазақ тілінің әлем тілдерімен терезесі тең ғылым тілі, қарым-қатынас тілі ретіндегі дәрежесін көтеруге, ғылыми зерттелуіне өлшеусіз үлес қосқан Рәбиға Сыздық бейнесі бүкіл қазақ халқының жадында мәңгі сақталады» деп айтқандай, академик Рәбиға апайымыз  –қажырлы еңбегінің, өз ұлтына деген жанашырлығының, ана тілінің болашағын ойлауының арқасында қайталанбас тұлғаға айналған ғалым. Ғылыми зерттеулер мен тұжырымдар, қазақ лингвистикасы жөнінде жаңаша көзқарастар ашып, әдеби тілдің ауызша түрін көрсетіп, емле мен жазу заңдылықтарын, сөз бен тіл мәдениетін, түркітану саласын, қазақ тіліндегі ұмытылған және ескі бірліктерді қарастырған ана тілінің абызы.
Сан қырлы салалар мен тақырыптарды қарастырған апайдың тіл зерттеудегі бас­ты мақсаты – болашақ ұрпаққа сапалы мұра мен еңбектер қалдыру. Қазақ тілінің диахрондық және синхрондық жағдайы мен тілде кездесетін мәселелерді қарас­тырған. Өзекті тақырыптарды талдап, талқылап ғылыми газет-журналдарда  мақалалар жариялап отырған. Халық психологиясын дамытуды және келешек ұрпақты тәрбиелеуді ұстанымы жасаған тұлға.

Тіл білімінің маманы

Апай сонау елуінші жылдары жас маман ретінде табалдырығын аттаған қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында табан аудармай, 50 жылдай қызмет етті. Осы жылдарда талай-талай зерттеулер дүниеге келді.  
Институттың жас қызметкері ретінде Рәбиға апайымыз туралы әріптестерімізден естіп жүргеніміз  аз емес. Әр жиналыс, басқосу кезінде «апайдың осы тақырыпқа жазғаны бар», «апай былай айтушы еді» деп отырады. Тек ғылым жағынан тәлім беріп қана қоймай, ұжымында жанашыр әпке, тілекші ұжымдас бола білген. Шәкірті, профессор Нұргелді Уәли ағайдың айтуынша,  жұмыс істеуден еш танбайтын, өте еңбекқор адам болған екен. Жұмыс уақыты бітер уақыт таяғанда, кешкі алты болса, бөліміндегі жастар сағат бестерде үйіне шығуға дайындала бастаса, апай ақырын бір дем шығара қойып, сағат бес болып қалыпты,  яғни алтыға дейін біраз уақыт бар. Бұл уақытта біршама жұмыс бітіруге болады дейді екен. Апайдың бұл сөзін естіген жастар қайта орнына отырып, жұмысын жалғастыра кететін болған... 

Сөз мәдениеті

Академик Р.Сыздықтың ғылыми жолының  елеулі бөлігі қазақ сөз мәдениеті мәселелері мен әдіснамаларының қалыптасуына, орнығуына және әрі қарай дамытылуына тікелей байланысты. Апайдың шәкірті профессор Айман Алдаш бір естелігінде тіл мәдениеті қолға алынып, жеке бөлім біршама жыл жұмыс істегеннен кейін  осы бөлімнің іргетасын салған академик Мәулен Балақаев бір ресми жиналыста «Тіл мәдениеті бөлімінің тізгінін Рәбиғаға  беру керек, тек Рәбиға ғана осы бағытты жақсы дамытады» деп ұсыныс айтқанын жазған еді.  Осы шешімнен кейін Тіл мәдениеті бөлімін басқаруға келген Рәбиға апай қазақ тілінің бүгіні мен ертеңіне қатысты күллі мәселені терең аңғарып, қыруар іс-шараны жүргізіп, қазақ сөз мәдениетінің ғылыми-практикалық негізін қалады. Бұған  апай басқарған кезеңде қазақ сөзінің сазы, әдеби тілдің табиғи заңдылықтары, сауатты жазудың ереже, емле сияқты мәселелерінің принципті түрде талдануы мен насихатталуы жөніндегі апайдың өз қаламынан туған және шәкірттері мен әріптестері жазған талай-талай іргелі зерттеулер айғақ. Осы мәселелермен шұғылданатын  мамандар да, жас  ізденушілер де «апайдың еңбектері керек еді» деп институт кітапханасы есігінің алдында тұрады...       
Сөйлейтін сөзімізге ұқыпты болайық деп апайымыз айтпақшы, біздің міндетіміз – осындай дана ғалымдарымыз қалдырып кеткен еңбектерді бағалау. 

Самал Тұрсатаева,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы 
Тіл білімі институты 
Тіл мәдениеті бөлімінің 
кіші ғылыми қызметкері

1210 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы