• Тұлға
  • 25 Сәуір, 2024

Адалдық пен тазалықтың тұма бұлағы

Адамның ала жібін аттамаған, ақырын жүріп, анық басып өзі таңдап алған мамандығына ғұмыр бойында адал қызмет еткен ұстаз, ғалым Берікбай Сағындықұлы бүгін арамызда жүргенде сексен бес жасқа толар еді. Жарты ғасырға жуық киелі қара шаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде ана тіліміздің тарихынан студенттерге дәріс оқып, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырып, соңына баға жетпес құнды рухани мұра қалдырып кеткен ұлағатты ұстазды әсіресе шәкірттері жиі-жиі еске алады. Себебі сабақ бергеннің бәрі ұстаз емес. Шынайы ұстаз болу үшін профессор Берікбай Сағындықұлының жүріп өткен жолын өту керек. 
 

Адам пендеге өмірдің ұзақ жолын арына шаң тигізбей, адам баласының ала жібін аттамай, үлкенге де, кішіге де бірдей қадірлі болып өту көбінесе бұйы­ра бермейді.
Оның үстіне мына аласапыран заманда, барлық адамдық құндылықтар орнын алмастырып, кімнің ақ, кімнің қара екенін ажыратып ала алмайтын тұсқа келгенімізде алтынды жезден айырып, адамның шынайы, таза болмысын тану бүгінгі күні қиынның қиыны. Осы қиынды іргесін ажыратып, көбесін сөгіп, ең бір түбінде, түпкірінде жатқан ақиқатын айнымай бағалап, өз биігіңнен түйінді сөзіңді айту да кісілікке сын.
Профессор Берікбай Сағындықұлының ұзақ өмір жолын, ұстаздық, ғылымдағы саналы ғұмырын, соңында қалған ұлан-ғайыр мол мұрасын таразы басына салып, ой елегінен өткізуді мақсат еткенімде, оның өзім көп жылдардан бері жанында жүріп, аңғарған, көрген, білген, көңілге түйген қымбат сәтім мен қимас күндерім кино тіліндегі суреттердей көз алдымнан өте бастады... 
Осыдан тура жарты ғасыр бұрын, 1975 жылы, Бекеңмен алғаш танысқан сәт ойыма оралды. 
Ол тұста Бекең енді ғана өзі білім алған, ұшқан ұясы КазГУ-ге ат басын тіреп, өзіне сабақ берген үлкен ұстаздарының қатарына келіп, филология факультетінде ең алғашқы дәрістерін өткізе бастаған күндер болатын. Әлі толық педагогикалық жүктемеге ауыспаған, ғылым академиясының баспасында редакторлық қызметін қатар атқарып жүрген мезгіл еді...
Бар мақсаты КазГУ-ге ұстаздық қызметке біржолата ауысу еді. Осы арманының орындалғанын әсіресе жұбайы Дүрияш қатты күтетін. Өзі де КазПИ-де еңбек етіп жүрсе де, жолдасы Бекеңнің КазГУ-дің ең бір беделді профессоры, ғалымы болса екен деген үмітін өмір бойы жүрегінде ұстады. Жас баладай өте елгезек, өте кішіпейіл, әсіресе жұбайы десе жүрегін суырып беруге дайын тұратын. Алла жар болып Дүрияш апайдың үміті ақталып, 1979 жылы Бекең КазГУ-ге ұстаздық қызметке біржолата ауысты. 
Филология факультетінің қазақ тілі кафедрасына Бекеңді шақырған әйгілі түрколог-ғалым, профессор Мархабат Томанов ағамыз екенін де ұмыта алмаймын. Әсіресе Мархабат ағамыздың үйіндегі жеңгеміз Жамал апай көзі тірісінде Бекеңе көп қамқорлық жасады. Мархабат аға мен Жамал апамызды да Бекең, өз кезегінде, өмір бойы құрметтеумен өтті.
Жарты ғасырға жуық ұстаздық жолында Бекең көп белесті бағындырды, сандаған асудан асты. Оның қаламынан қазақ тілі ғылымы, түркология ғылымы, ана тіліміздің тарихы, оның арғы бастаулары, түп төркіні туралы қаншама құнды еңбектер дүниеге келді. 1994 жылы Академияның тіл білімі институтында өзінің докторлық диссертациясын биік деңгейде қорғағанына куә болдым. Дүрияш жеңгеміздің сонда өзін қоярға жер таппай, қуаныштан балаша еміреніп, күллі келген жұрттың барлығының бетінен сүйіп, айрықша қуаныш сәтін басынан кешіргені әлі көз алдымда... 
Өзі қорғағандай күллі қонақты үйіне шақырып, кең, мол, берекелі дастарқан жайғаны кеше ғана сияқты еді. Көп ұзамай әлде қуаныштан ба, әлде қабыр­ғасына батқан сырқаттың салмағынан ба – өмірден ерте озды. Бұл жағдай Бекең үшін қара аспан төңкеріліп түскендей, көп жылдар бойы өзіне-өзі келе алмай жүрді. Артынша өзінің жүрегінен шыққан жар кездестіріп өмірінің соңына дейін жанұялық бақытқа кенелді. Балалы-шағалы, немерелі болып, мағыналы ғұмыр кешті.
Кішкене шегініс жасап, Бекеңнің өмір белестерінің ең бір айтулы сәттеріне тоқталсам деп отырмын. Докторлық қорғау сәтінде президиумда маңдайы жарқырап, мейірлене қарап, қол шапалақтап, тіл ғылымының сол тұстағы корифейлері Әбдуәли Қайдаров, Шора Сарыбаев, Рәбиға Сыздықова, Бабаш Әбілқасымов, Өмірзақ Айтбаев тағы да басқа Докторлық кеңестің мүшелері түгелге жуық мінберден сөйлеп, бірауыз­дан диссертантты қолдағанын атап өткім келеді. 
Сол күні қазақ тілі ғылымының тарихында бірінші болып Бекең үлкен ғылыми жаңалық ашты. Әлемдік тілдердің арғы түп тамыры, қайнар бұлағы түбіртек сөздердің теориясын мейлінше терең дәлелдеп, концептуальды жаңа ғылыми бағыттың негізін қалады. Осы өзі ашқан жаңа зерттеу бағытының тағы да бірнеше арнаcын індете іздес­тіріп, осы тақырыпқа қатысты бірнеше монография жариялады. Түйіндей айтқанда, қазақ тілі тарихының жаңа ғылыми мектебін қалыптастырып, осы бағытта лекциялық курстaр дайындап, бірнеше шәкіртіне тақырып етіп тапсырып, соларға жетекшілік жасады.  
Сол қорғауда пікір айтқан тілші ғалымдардың барлығы Бекеңнің тың тақырыпқа түрен салып, ана тіліміздің тарихын зерттеудегі елеулі еңбек, тұңғыш түбіртек теориясының негізін қалап, өте құнды ғылыми жаңалық ашқан ғалым екендігін елге жариялады. Бұл – Бекеңнің ғылымдағы жұлдызды сәттерінің бірі, әрі дарынды, талантты ғалым екенін бәріне, өз ғылыми ортасына анық дәлелдеген тұсы еді.
Сол жылдардан кейін Бекең отыз жыл бойында қолынан қаламын тастамай өте өнімді еңбек етті. Бес жүзге жуық жаңалығы мол, ділгір мәселелерді көтерген ғылыми мақалалар мен отыздан астам іргелі монография, құнарлы оқулықтар және оқу-әдістемелік құралдар жариялады. Солардың барлығы – бүгінгі күнге шейін студенттердің қолында жүрген, үстелінің үстінде жататын ,бірден-бір таптырмайтын университет оқулықтары.
Бекеңнің өзі – құнарлы, болашағы мол ғылыми мектебін қалыптастырып кеткен санаулы университет профессорларының бірі еді. Бірнеше ғылым докторын, ондаған ғылым кандидатын дайындаған ұстаз. Әсіресе түркология ғылымындағы еңбектері зиялы қауым, әріптестері тарапынан өте жоғары бағаланды. Соңғы жиырма жылдың ішінде түркология саласында қадау-қадау еңбектер жазды. Тұтас бағыттың, инновациялық жобалардың, тың зерттеулердің көш басында тұрды. Бірнеше жыл филология факультетінде қазақ тілі ғылымы бойынша Докторлық кеңестің төрағасы болды. Екі жыл қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болып еңбек етті. 
Түркология саласындағы еңбегі жоғары бағаланып, «Күлтегін» алтын медаліне ие болғанда университет ұжымын үлкен абыройға бөледі. Қазақстанда, Түркияда, басқа да түркі тілдес мемлекеттердің астанаcында өткен барлық халықаралық ғылыми конференцияларда, симпозиумдарда, конгрес­терде баяндама жасады. Ұлттық басылымдарымызда оқырманды елең еткізген, ғалымдарға тыңнан ой тастайтын, ғылыми полемика туғызатын тосын ғылыми-теориялық мақалалары жиі жарияланып тұрды. Шынайы ғалымның әрбір жазған дүниесі елеусіз қалмайтын. Әсіресе «Ана тілі» газетінде жарияланған соны, тосын мазмұндағы мақалалары жан-жақты талқылауға түсетін. 
Жалпы, Бекеңнің қаламынан шыққан мейлі мақала болсын, мейлі монография болсын, әрқашан да өз оқырманын табатын. Себебі қандай тақырыпты жазса да Бекең көп ізденіп, жүздеген мақала мен ондаған зерттеу кітабын ақтарып, солардың ішінен өзіне қажет нәрі мен мәні терең түйіндеулер мен толғамдарды өз жұмысымен терең сабақтастыратын. Барлық еңбегінің тілі, жазылу стилі өте құнарлы болатын. Тек қана деректерге ғана табан тіреп, жазу мәнерін өзінің негізгі стилі ретінде таңдап алған Бекең еш уақытта дәйексіз сөйлемейтін. 
Теология, ислам діні ғылымын зерттеу бағытында да Бекең өнімді еңбек етті. Дін тарихын терең білуші еді. Тіл ғылымы мен дін ғылымы құстың қос қанатындай Бекеңе қызмет етті. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында жарық көрген Бекеңнің «Ғаламның ғажайып сырлары» атты құнарлы еңбегі бүгінгі күнге дейін күллі ислам жұртының қолынан тастамайтын ең бір таптырмайтын еңбек десем артық айтпаймын. 
Алланың жаратқан он сегіз мың ғаламына қатысты қаншама тарихи деректер негізінде ислам дінінің құдыреті мен қасиетін жаңаша сөйлеткен бұл еңбекті Бекеңе қойылған мәңгі ескерткіш ретінде қабылдаймын. 
Бұл құнды кітапта Бекең Ұлы Жаратушының құдыреті мен қасиетін, Пайғамбарларымыздың тарихы мен тағдырын, әулие-әмбиелердің көктен түскен ғажайып іс-әрекеттері мен елге көрсеткен ғажайыптары және ислам діні ғұламалары туралы төгілте баяндаған кітап беттерін парақтай бастаған оқыр­ман шын мәнінде ғаламның ғажайып сырына қанығады. 
Оқырманның жүрегіне жақын, танымына өте түсінікті тілде баяндайтын ғұлама әрбір тарауына ат қойып, оқырманды өзіне қарай баурап отырады. 
Адамзатқа көктен түскен үш кітаптың («Таурат», «Зәбүр», «Інжіл») кие­сі мен қасиетін, осынау кітаптардың адамдар қолымен жазылып, сан мәрте өзгертіліп, толықтырылғанын тереңнен тартып толғайтын автордың ой оралымдары мен пікір, байламдары қалың оқырманның көңілінен шықты. 
Бұл еңбек исі мұсылманның іздеп жүріп оқитын кітабына айналды. Қолына кітап тимей қалған қалың оқырманның сұранысы бойынша Бекең бұл еңбегін ондаған мың данамен бірнеше рет қайта басып шығарды. 
Әсіресе жер бетіндегі екі миллиард­тан астам мұсылман қауымының қасиет­ті кітабы Құранға арналған бірнеше тарауында профессор Берікбай Сағындықұлы тұтас ислам дінінің сан ғасырлық тарихының тағдырлы кезеңдеріне тоқталады. 
Сопылық ілімнің бастауында тұрған Хазірет Сұлтан Шейх-ул Ислам Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» («Ақыл кітабы») мұрасына қатысты жазған тұстарында құлашты кеңге сермейді. 
Өзі түпнұсқадан аударған Ахмет Йүгінекидің «Хибатул-хақайық» («Ақиқат сыйы») атты діни-философиялық, дидактикалық еңбегіне келгенде ұзақ жылдардағы өз зерттеулеріне сүйене отырып тың, тосын түйіндеулерін тебірене баяндайды.  
Бекеңнің өз бабасы Алтыбай әулие де осындай ғажап қасиеттерге ие болған ғұлама еді. Күллі Сыр еліндегі қалың ел де Алтыбай әулиенің алдын көрген, қаншама кереметіне куә болған. Бекеңнің айтуынша, бабасы Алтыбай әулие кей кезде аяғы жерге тимей, аспанға көтеріліп, алты айлық жерді қас қағым сәтте жүріп өтеді екен. Бір Жаратушыдан қасиет дарыған Алтыбай әулие талай қаріп, міскіндерге немесе айықпас дертке шалдыққан жерлестеріне шипа жасап, ауруынан айықтырады екен. Алақанымен бір сипап өткен адам ол кісінің шарапатына ие болған. Мен кей кезде Бекеңнің бойындағы көріпкелдік, әулиелік қасиет осы Алтыбай әулие бабасынан қонған ба деп ойлаймын. Бекең көзі тірісінде талай азаматтың жолын ашып, соларға бата беріп, елдің алғысына бөленген ерекше жан еді. Адамның ала жібін аттамаған, адамға тек жақсылық тілеген, жақсы сөз айтқан Бекеңнің бойындағы осынау қасиетті тегінен келе жатқан, ұлы аталары мен бабаларынан жалғасқан ұлы дәстүрге балаймын. 
Нағыз ұстаздық және ғалымдық беделге ие болған, таза, шынайы, терең еңбектер жазған, сөйтіп, қаламына құнар дарытқан, құнды мұра қалдырған профессор Берікбай Сағындықұлының есімі қазақ ғылымының тарихында алтын әріппен жазылып қалды деп есептеймін. 
Шынайы ғалымның бақытына ие болған, қалың елдің, қаумалаған әріптестерінің шынайы құрметіне бөленген адамда үлкен нығымет болады. Сол нығыметке ие болған, ұлтына адал қызмет еткен, ең бастысы ғылымда да, өмірде де өзін тік ұстап, тазалықтың, кісіліктің, кішіпейілдіктің эталоны дерлік деңгейге көтерілген Бекең әрдайым туған елінің жүрегінде болатынына кәміл сенемін. 

Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
Жазушылар одағы 
басқармасының хатшысы,
Қазақстанның еңбек сіңірген 
қайраткері

1651 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 13459

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7797

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7427

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6805

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6754

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 6541

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5316

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5308

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы