• Тіл
  • 02 Тамыз, 2012

Тілдік таным жүйесі

Тілдегі үш дыбысты түбірлердің мағыналық сипаттарына назар аударғанымызда, ол мағыналардың құрамдас тілдік негіздер білдіретін логикалық ұғымдардан шығатынын аңғардық. Бұл жерде «түбір» терминін тарихи-генетикалық тұрғыдан қолданып отырмыз. Қазіргі тілде мұндай түбірлер бірде жеке-дара кездессе, енді бір жағдайларда туынды түбірлер құрамындағы құрамдас элементі түрінде көрінеді. Ал тілдік негіздер дегеніміз – бүгінгі тіліміздегі сөздердің әу баста пайда болуына негіз болған ГС/СГ типіндегі дыбыстық-семантикалық тұтастықтар. Өз еңбектерімізде олардың негізгі 7 түрін атап көрсеткен болатынбыз: УН, УТ, УР, УС, УЛ, УҚ, УП. Біз «Тілдік таным жүйесі» деп атаған құрылымдық-мағыналық жүйе тілдік негіздердің қызмет ету принциптерін белгілейді: Сызба-1.

Сызба-1. «Тілдік таным жүйесі»

Біз тілдегі сөздердің шығу төркінін қалыптасқан дәстүрлі түрдегі этимологиялық сипаттағы әдістен өзгеше әдіспен – тілдік негіздер әдісімен түсіндіруді мақсат етеміз. Сондықтан да мұны бұрынғы қалыптасқан ізбен этимологиялық зерттеу деп емес, әдейі генетикалық тәсіл деп атадық. Мұнда сөздер өздерінің пайда болуына негіз болған тілдік негіздердің таңба-нышандық сипаттары арқылы зерттеледі Тіл білімінде бұрыннан қалыптасқан атау теориясы бойынша, затқа берілетін атау оның негізгі, басты белгісіне қарап беріледі делінеді. Белгілі бір заттың негізгі белгісін анықтау алуан түрлі субьективтік пікірлерге алып келер еді. Ал біздің түсінігімізде атау (номинация) теориясына ең ежелгі тілдік негіздер тұрғысынан келу керек. Сонда біз тілдегі кез келген сөздің жасалу негізінде олардың бүгінгі түсініктегі негізгі белгілері емес, біз «ең ежелгі тілжасам дәуірі адамдарының дүниетанымдық ойлауының жемістері болып табылады» деп білетін логикалық ұғымдардың кеңістіктегі геометриялық фигуралар түрінде көрінетін алуан түрлі таңба-нышандық бейнелері тұратынын көреміз. Тілдік негіздерді жеке-жеке алып қарастырудың да зор пайдасы бар. Бұл мейлінше мол сөздер тобын бір ұяға, бір таңба-нышанның нақты бір семантикалық өрісіне жинақтауға мүмкіндік береді және бір негіздің өзінде ғана (мысалы, УҚ негізінде) бірнеше семантикалық өрістер көрінеді. Бірақ бұл жағдайда қамтылған көптеген сөздердің мағыналарын айқындай түсіндірудің кейбір қиындықтары болатындықтан, біз шағын көлемдегі сөздерді қамту мақсатында үш дыбысты түбірлерді алып отырмыз. Бұл жерде негізінен, УҚ тілдік негізінің «шеңбер-қоршау» таңба-нышанымен тіркесе келген УН тілдік негізінің кіндік нүкте (центр) таңба-нышанынан туындайтын кейбір мағыналарды ішінара сөз етпекпіз. Қон / Кон түбірлі сөздер барлық тілде де молынан кездеседі және олардың бәрінде де білдіретін негізгі мағыналары бірдей, сәйкеседі. Мысалы, бұл түбірдің мағыналары мына сипатта болып келеді: 1. Қон – қоныс, орын; Бұл мағына, жоғарыда айтып өткеніміздей, осы түбірдің құрамындағы тілдік негіздердің (УҚ «қоршау» және УН «кіндік нүкте / центр») семаларынан шығады. Қазақ тілінде бұған мына сөздер мысал болады: қону, қоныс, қонақ, т.б. Қон / қону сөзінің түсіндірме сөздіктегі мағыналары: 1. Ұшып келе жатқан қанатты нәрсенің бір жерге келіп, түсуі, отыруы. Құс қонды. 2. Көшкен ел-жұрттың бір жерге келіп, үй тігуі. Ел Саршакөлге келіп қонған (С.Омаров). 3. Адамның бір үйге не бір жерге түнеп шығуы. Үйіне қонды. 4. Белгілі бір жерге жайғасу, орналасу. Қойшы атына қонды. Келтірілген мысалдардан «қон / қону» сөзінің «белгілі бір жерге, орынға орналасу» деген мағынасын түсінеміз.Тілдік негіздер теориясы бойынша, УҚ негізінің басты бір ұғымы «шеңбер-қоршау» екені белгілі. Қоршалған орын – иеленген, меншіктелген орын. Ал мұндағы екінші тілдік негіз – УН негізі «шеңбер-қоршау» ішіндегі орталық нүктені – кіндікті (центрді) бейнелейді де, «орын» ұғымын нақтылай, дәлдей түседі. Мұның таңбалық бейнесін УҚ шеңбері ортасындағы УН кіндік нүкте арқылы бейнелей аламыз. Мұны «Тілдік таным жүйесінен» бөліп алып қарастырғанда мына сызбадағыдай кіндікті қоршау шығады: Сызба-2 (сыртқы қоршау – УҚ шеңбер қоршауы, ал орталық нүкте (кіндік) УН негізін білдіреді.

Уқ

Сызба-2

Демек, қон / қону дегеніміздің басты бір мағынасы – кеңістіктен өзіне сәйкес орынын тауып, соған дәл келіп орналасу. 2. Қон / қону сөзінің келесі бір түрін түсіндірме сөздікте: «Киімнің құйып қойғандай дәл келуі» – деп түсіндіріп, «Киімнің қонғаны сондай, тамсанып-тамсанып қойды (Алдабергенов)» деген мысал келтіреді де, мұны алғашқы сөздің ауыспалы мағынада келуі деп түсіндіреді. Тілдік негіздер теориясы тұрғысынан келгенде, бұл екі сөздің құрамдас элементтері – құралып тұрған тілдік негіздері (УҚ және УН) бірдей болғанымен, соңғы сөз мағынасының мотивациялануында (түсіндірілуінде, уәжделуінде) оның нақты қолданыс сипатына байланысты пайда болған аз да болса өзіндік ерекшелігі бары аңғарылады. Алғашқыдағы мотив «бір орынды иелену» болса, соңғыда «біріне бірі сай келу, сәйкес келу» түсінігі тұр. Егер дендеп қарасақ, «сәйкес келу» ұғымы алғашқы қолданыста да бар: отырған құс өзі алып тұрған орынға сәйкес келеді. Соңғы жағдайда адам денесі мен киім үлгісі біріне-бірі сәйкес келіп тұр. Тек алғашқы қолданыста (құс, адам қонуы) бұл, ойлана қарамаса, айқын аңғарыла қоймайды. 3. Қан / қану (шөлі қану) сөзін де осы соңғы типтегі сөздер қатарына қосуға болады. Мұндағы (шөлі) қану сөзі адамның шөлі қажет еткен белгілі бір мөлшерге сай, соның қажетін өтейтіндей етіп, сырттан сұйықтық енгізу ұғымын береді. Шөлі қану, қышуы қану, айызы қану тіркестеріндегі қану сөзінің мағыналары осы типтес. Осы сөзбен жасалу сипаты жағынан ұқсас, жақын болып келетін басқа да сөздер де бар. 4. Құн, көн / көну, қын / қынап. 1. Құн – тар. Ерте кезде кісі өлтірген адам тарапынан төленетін айып мал, төлем. 2. Құн – тауарға сіңген қоғамдық еңбекті көрсететін экономикалық категория. 3. Құн – белгілі бір затқа тән нарық, баға. Бұл келтірілген сөздерден де екі нәрсенің (адам құны мен өтемнің, еңбек пен оның өтеуінің) бірі мен бірінің сәйкесуі, теңдесуі ұғымы көрінеді. Тіліміздегі көн / көну сөздерінің «айтқанды істеу, тіл алу, бағыну, мойынсұну, қиындыққа төзу, шыдау» ұғымдарында да мәжбүрлеген талапқа сәйкес әрекет ету, сол талаптың қажетін өтеу түсінігі тұр. Демек, мұнда да сәйкестену, теңелу ұғымы бар. 5. Құнан, құнажын сөздеріндегі құн элементі малдың толысуын, яки үш жасқа келуін (үштік ұғымы толықтық ұғымымен сәйкеседі) білдіреді. Құнар (құн (қон) + нәр) сөзінде нәрдің (қуаттың) толысуы тұр. Тілдік таным бойынша, «толысу» ұғымы «сәйкесу» ұғымымен тең. Кон түбірлі сөздердің бір парасы әр түрлі тілдерде халықаралық терминге айналып кеткен бірқатар тілдік бірліктерден көрінеді. Мысалы, бұған арғы негіздері сонау жалпы адамзатқа ортақ тіл дәуірінен келе жатқан бірқатар сөздерді атауға болады. Бұларды өз ішінде шамамен мынадай мағыналық топтарға ажыраттық: Сәйкесу, бірдейлесу ұғымы: конгруэ́нтность (лат. сәйкесімділік), конверсия, конкретный, консилиум, консультация; Орталық, бірігу ұғымы: конференция, конфедерация, конгресс, концентрация, консолидация, консорциум, консул, контакт, концерн; Салыстыру / ұқсастық ұғымы: конфликт, конгениальность, конкуренция, конкурс, конфигурация; Қоршау / құпиялау ұғымы: консервы, консервация, консерватизм, конвой, конверт, конспирация, контур, конфискация, концерт, концлагер; Бірігу ұғымы: конус (ұштары біріккен), конгломерат (қырық ру, қырық құрау), конденсация, концепция, конструкция, конс­труктивный; Нүкте, соңы ұғымы: конец, (конечно), конкретно, константа (тұрақты шама), констатация (фактіні анықтау, көрсету); Орталық, кіндік (центр) ұғымы: конституция, контора, канцелярия (кеңсе – кеңесу үйі), кон ( место для ставки в азартной игре), конвент (кейбір елдерде ерекше уә­кіл­діктері бар сайлау орындарының аты); Айналу ұғымы: конвейер, коньки; Толығу, қанығу ұғымы: кондиция, конгениальность. 6. Қану, ұғу / ұғыну. Бұл жерде мәселенің екінші жағы да көрінеді: аталмыш сөз (қану / қону) ұғыну сөзімен де туыс. Ұғыну дегеніміз де – қану, мәселенің байыбына бару, түсіну. Бұл да әралуан тілдерде көрінеді. Қазіргі тіл біліміндегі «когнитивті» терминінің тегінде де осы ұғыну (когн / ұғын) семасы бар. Орыстың книга сөзінде де осы ұғым тұр: (к)ниг <> қонығ / ұғн. Орыс тілінде «кіру» (санаға, ойға, ішіне) ұғымы вникать, проникать тәрізді сөздердің құрамынан табылады. Мұндағы ник элементі де ментальдық сипаттағы ұғу мағынасын білдіреді: ник / кон / ұғын Тіліміздегі ұғу, оқу сөздері өзге тілдерде осы типте беріледі: неміс тілінде ол («понимать» сөзі) verstenden түрінде айтылғанымен, сөйлеуде «понятно» дегенді es ist klar (кому-л.D ) деп айтады. Мұндағы klar сөзі «ұқла+ур» түрінде таратылады. 7. Кең, кішкене ұғымдары. Тіліміздегі кен түбірлі кішкене (кішкентай, кене, кентай) сөзі оған қарсы мағынадағы кең (кеңістік) сөзімен негіздес: екеуінің де таңба-нышандық негізі – кіндікті шеңбер. Тілде қарама-қарсы ұғымдардың бір негіз арқылы берілуі философиядағы қарама-қарсылықтардың бірлігі заңдылығымен түсіндіріледі. Айталық, аст / үст ұғымдары УС тілдік негізінің қарама-қарсы полюстері (координат жүйесіндегі әлемдік осьтің «+ У игрек» және «- У игрек» өзектері арқылы түсіндірілсе, орыс тіліндегі больше және меньше (немесе много, мало) ұғымдарының да бірғана УП тілдік негізінің қарама-қарсы сипаттағы екі полюстері («+ боль» және « - мень / мал»), соларға сәйкесетін таңба-нышандары арқылы бейнеленуі бұған айғақ бола алады және мұндай мысалдар жеткілікті.Тілдік танымда «қоршау» ұғымының мағыналық ауқымы өте кең. Бір түйір тары да, тұтас ғалам да «қоршау» таңба-нышаны арқылы бейнелене алады. Сондықтан кен түбірі арқылы кіші және үлкен ұғымдарының берілуі тәрізді фактілерді тілдік құбылыстың әмбебаптығы деп танимыз. 8. Нок / нүк / нөк түбірі аталған алдыңғы түбірлердің кері орналасқан нұсқалары. Бұлар тіліміздегі нүкте, ноқат, ноқта, неке, нақ, негіз, нағыз, нөкер сөздерінде көрінеді. Бұларда аталмыш тілдік негіздердің орындары УН+УҚ түрінде ауысып келгенімен, мағыналық жағы бірдей. Айталық, нүкте сөзі орыс тіліндегі конец сөзінің құрамында орын ауыстыру үлгісімен келсе (нүк / кон), мұнан ноқат, негіз, нақ, нағыз сөздерінің де мағыналары айқын көріне алады. Негіз және нағыз сөздерін нақ+өз(і) түрінде таратқанда, бұлардағы нақ / қон элементінің жоғарыда келтірілген УҚ және УН негіздерін бейнелейтін кіндікті (центрлі) шеңбер екенін түсіне аламыз. Нөкер сөзінде бұл «қоршау» бейнесінде көрініс тауып, басшыны қоршалап, жанында, айналасында жүретін топ ұғымын білдіріп тұр. Ал нық, нығыз, нығырту, нығарлау және қын / қынау/ қыну (қынулы) сөздерінің мағыналары екінші бір қырынан көрініп тұрғаны айқын. Яғни нық, нығыз жігіттің қынулы (қайратты) екені белгілі. Осылар типтес нықап сөзінің жасалуы мүлде өзгеше: мүндағы ны (УН негізі) морфемасы өң, бет алды мағынасын берсе, қап элементі кеп, перде мағынасында келіп, түгелдей сөз бетперде (маска) ұғымын түсіндіріп тұр. Осы тұста нок түбірінің үңгу, нұқу мағы­на­ларын да айта кетуге болады. Бұларда да ішіне кіру, ұшымен түрту семалары бар. Біз төменде аталған тілдік элементтер­дің (кон... / нок... түбірлерінің) кейбір батыс және шығыс тілдерінде көріну деректерінен ішінара мысалдар келтіреміз. Неміс тілінде: Nickname – прозвище, nick (құпия, жасырын, қоршалған), next – следующий, ближайщий; (конец сөзіне ұқсас); genau – точный, подробно, ровно (о времени); genauigkeit – точность; genoss – жолдас, (бірдей, қатар); genuge – вдоволь (қанық); genug – довольно, достаточно (қанық, толық); genugen – хватать, быть достаточным; genugsam – скромный (өзіне сәйкес); genugtung – удовлетворение (қанағат); genessen – выздоравливаться (есендік, денсаулықтың толысуы, сәйкестенуі); genauso – точно, так же как… (бірдей); kongkren – гр. Согласование (сәйкесу); kөnnen – знать; (ұғыну, сәйкес келу, күші сай болу); Моңғол тілінде: ханаа-х – 1. сусын, қорек; 2. қандыру, тойғызу, сусындату; ханай-х – (қажеті) қану, қанағаттану, жеткіліктену, хана-х – 1. (сусын, қорек) қану, тою, сусындау, ханагдах – (қажет) қамтамасыз етілу, жеткілікті етілу; ханагмж – қамтамасыздық, қанымдылық; хань – серік, дос, жолдас. (нем. Genossen). Қытай тілінде: кеn – 1. соглашаться, быть готовым на что-л < көну; 2. хотеть, желать; кеnding – 1. признать, констатировать < көну, мойындау; Осы бағытта кез келген тілдің лексика­лық құрамын генетикалық тұрғыдан түсіндіру мүмкіндіктері орасан. Қорыта келгенде, тіл табиғатын генетикалық тұрғыдан тілдік негіздер арқылы тілдік таңба-нышандық жүйеде зерттеудің болашағы зор екенін көреміз.

Ш.Бекмағамбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент

7437 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6517

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5871

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3612

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2998

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2958

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2934

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2664

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2649

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы