- Ақпарат
- 25 Қаңтар, 2024
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ЖАРНАМА ҚАШАН ТҮЗЕЛЕДІ?
Тілдер дамыту комитеті қазақ тіліндегі жарнама сапасының жақсаруы үшін өз тарапынан іс-шаралар өткізіп келеді. Комитет осыдан бірнеше жыл бұрын «Сауатты жарнама – тіл абыройы» атауымен байқау өткізген еді. Байқау өткен жылы да өткізіліп, атауы «Ең сауатты жарнама – тіл абыройы» деп өзгертілді, бұл атаудың орынсыздығы туралы бірталай әлеуметтік желілерде сөз болғанын да білеміз (бұл мәселеге сәл кейінірек тоқталамыз.)
Мен қазақ тіліндегі жарнама мәселелерімен 2013 жылдан бастап айналысып жүрмін. Бұл саланың бар қыр-сырын зерттеп, жан-жақтан, бірнеше гуманитарлық ғылым атап айтқанда, филология, мәдениеттану, әлеуметтану тарапынан қарастырдым.
Зерттеулерімнің нәтижелерімен қысқаша ғана таныстырып өтейін. Лингвистика жағынан қарастырсақ. сауатсыз жарнама – қазақ тілінің бақылаусыз креолизациялануының (қарабайырлануының) объективті көрсеткіші. Креолизация көрнекі, интернет, аудио және теледидар жарнамалары арқылы қазақ тілінің грамматикасын, стилін, сөздік қорын, орфоэпиясын бұзып, қазіргі қазақ тілінің дамуына зиян келтіреді.
Әлеуметтік жағынан қарастырсақ, сауатсыз жарнама мәселесіне қоғамның немқұрайлы қарайтыны белгілі болды және қоғамның жарнама мәселесін қалпына келтіре алмайтыны анықталды. Тағы бір күрделі мәселе – биліктің азаматтық қоғам бастамаларына құлақ аспайтыны, тіл саясатын жүзеге асырып отырған мекемелердің ұстанымдары ғылыми зерттеулерге негізделмейтіні. Өкініштісі бұлардың барлығы жинақтала келе жарнама мәселесін мәдени дағдарысқа әкеліп тірейді. Өйткені бақылаудан тыс, стихиялық креолизация – тіл дағдарысының көрсеткіші. Тіл дағдарысы – ұлттық бірегейлік дағдарысының көрсеткіші. Ұлттық бірегейлік дағдарысы ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің егемендігіне қауіп төндіреді.
Енді аса көкейкесті бұл мәселені шешудің жолы бар ма деген сауал туындауы заңды. Ондай жол бар және оның бірнеше бағыт бойынша жүзеге асу мүмкіндігі бар.
Біріншісі, қазіргі тілдік жағдайды мейлінше объективті бағалау қажет. Қазақ тілінің дағдарысқа ұшырағанын мойындау абзал. Екіншісі, сауатсыз жарнамаға қарсы шараларды жүзеге асыру қажет. Жарнама сауаттылығын бақылаудың тиімді жүйесін құру. Нақтырақ айтқанда, әкімдіктер жанындағы кәсіби аудармашылар кеңестері, тіл полициясы, аудармашылар мен жарнама мәтіндерін жасайтын мамандарды сертификаттау да маңызды. Үшінші бағыт – қоғамды демократияландыра түсу. Азаматтық қоғамның тіл саясатын қалыптастыруына мүмкіндік беру, мемлекеттік тілді оқытудың жалпыұлттық инновациялық жобаларын жүзеге асыру.
Зерттеулер бар, шешімдер ұсынылып отыр. Демек, тиісті, жауапты органдар тарапынан сергектік, жоғарыдан бастап, жер-жерлерде тіл саясатына жауап беретін азаматтардың мейлінше біліктілігі аса қажет.
Енді сөз басында айтып өткен қазақ тіліндегі жарнамаға байқау атауына байланысты бірер сөз. Өткен жылғы байқау «ең» үстеуі қосылып, «Ең сауатты жарнама – тіл абыройы» деп аталды. Біздіңше, бұрынғы атауы қалдырылуы керек. Өйткені, жарнама не сауатты, не сауатсыз болады. Өкініштісі, жүлдегерлер аудармаларының деңгейінен қоғам бейхабар, жеңімпаз болған жарнама мәтіндері құпия қалады да, оларды жарнамалық жақсы мәтін үлгісі ретінде пайдалана алмаймыз. Ал қазақ тілінде жазылатын жарнама мәтіндерінің басым бөлігі қатеге толы екені бәрімізге мәлім. Сондықтан да жарнама мәселесінде мемлекет тарапынан кешенді жұмыс жүргізілуі керек және бұл ретте азаматтық қоғамның бастамаларын қолдау аса қажет.
Земфира ЕРЖАН,
мәдениеттанушы,
аудармашы
5061 рет
көрсетілді0
пікір