• Тіл
  • 02 Тамыз, 2012

Жарнама жарасымдылығымен ұтымды

Жарнамашыны түсінуге болады, онда «Қайтсем затымды өтімді етемін» деген пиғыл басым. Жарнаманы жариялаушыны да түсінуге болады, онда «Қалайда жарнама тауып жариялап, табыс тапсам» деген ниет үстем. Бәрі – нарық заңы, «сауда сақал сипағанша» деген қағида тұрғысында өз ісін дұрысқа балайды. Бәріне де табыс керек, істің неғұрлым пайдалы бола түскені қажет. Алайда, «алушыға алтау - аз, берушіге бесеу - көптің» егесінде «саудада достық жоқ», «саудада адалдық жоқ» деген желеуге елігіп, тек қана пайдаға құнығар болса, кісіліктен қалып, адамгершіліктен ада болуы да мүмкін. Түбінде «көзімді шел басты ғой» деп өкініп, «байларды да жылауға»жеткізетін құрдым тартпасы осы. Біз жарнама тіліндегі шәл­кестік­термен күресіп жүр­генімізде, қазір тілсіз бейнелеу арқылы да неше түрлі құймырлықтар белең алуда. Жарнаманы тек пайда табу деп, көзді жұмып жібергендер ар-ұяттан да, заңнан да аттап барады. Арақ шөлмегінің тығынына жазылған Құран сөзі, күлсалғыш түбіне салынған Елтаңба суреті – қастерлімізді қорлау, келемеждеу есепті. Бәлкім, ол адамдарда дәл осындай пиғыл болмаған да шығар, тек осылай жасасам затым өтімді болар деген жеңілтектік жетегінде кеткендік салдары да болуы мүмкін. Ал, бұл әрекеттер, керісінше жұртшылықтың намысына тиіп, ашу-ызасын туғызды. Жарнама ісіне әсте де жеңіл қарауға, оны тек табыс көзі ғана екен деп санауға болмайды. Жарнамаларда бадырайып тұрмағанмен де, астыртын әрекеттер де болып жатады. Ұлттық салт-дәстүр, қағидалармен санаспау, әдеп бұзу, намысқа тиер бейнелеулер жасау сияқты әрекеттер жиі орын алады. Мемлекеттік Әнұранның бейпіл әуендермен шатастырылуын, тудың қоқыс шығаруға пайдаланылуын қалай түсінуге болады? Бәйтерек, бүркіт сынды елдік нышандардың жарамсыз істерге пайдаланылуларын ше? Мұндай істерді не ойлау қабілетінен айрылғандықтан, не әдейіліктен демес­ке амал жоқ. Ал, бұл екі жағдайда да тиісті орындар назар аударулары керек. Өкініштісі, ондайларға тегеурінді шара қолданылғанын әзірге естіген емеспіз. Жарнама нарыққа ғана емес, халыққа да қызмет етуі керек. Жарнамалаушы мен жарнамашы, яғни оны жариялаушылар мүдделері ғана ойланып немесе әлдебір пиғыл көзделіп, жұртшылық жүйкесіне теріс әсері ескерілмесе, ол – зиянды әрекет болып табылады. Жарнама анайы, тұрпайы емес, жарасымды, сыпайы болуы міндетті. Ол сонда ғана ұтымды, ықпалды һәм пайдалы болмақ. Бізде жарнама мәтіні дағдыда орыс тілінде даярланады. Ол таза, қатесіз жазылады. Енді сол мәтін қазақшаға аударылғанда, оны қазақ тілін шала білетін біреу атүсті аудара салады. Оны қазақ тілінің орфографиясын білмейтін көркемдеуші-суретші одан әрмен сорақысын шығарып, қате-қате жаза салады. Сондай аударма жарнамалар көше-көшеде, маңдайшаларда, көрнекі ақпараттың барлық үлгісінде орын алуда. Олар телеарналарға да шығып, радио толқындарынан да естілуде. Бұл істерде білместік те бар, ең бас­тысы жауапсыздық, мемлекеттік тілге менсінбей қараушылық та бар. Одан да зоры – талаптың жоқтығы. Осындай өрескел жарнама жасағандардың соңына шырақ алып түсіп, ендігәрі ондай іске бармайтындай етіп, зар қақтырып заңмен айыптап та, айып тартқызып та отырса, тыйылған болар еді. Мәселен, дұрыс қазақшаланбаған мәтін үшін жарнама берушіге де, жарнаманы жариялаушыға да сол жарнама құнынан бес есе қымбат айыппұл салынса, ал қазақ сөзіндегі қате жазылған әрбір әріп үшін бес мың теңгеден айып­пұл төлеттірсе, бұл саладағы сауат­сыз­дық пен салғырттықтан тез-ақ арылар едік. Әлбетте, мұны заңдастыру, Пар­ла­менттегі тіл жанашырлары болып жүр­ген депутаттар арқылы арнайы заң қа­былдату қажет. Бұл мәселені Астана қа­лалық мәслихатына да ұсынса болар еді. Барлық жарнама мәтінінің негізі мемлекеттік тілде жазылуы міндеттелуі тиіс. Содан барып орыс, ағылшын және басқа да тілдерге аударылатын болсын. Орыс тілінен қазақшаланған жарнамаларды ақпарат құралдарына, көше жарнамаларына да қабылдаттырмау керек. Біз көрнекі ақпарат деп тек көше жарнамалары түрлерін ғана айтып жүрміз. Ал, көрнекі ақпараттың көкесі – телеарналар екенін ескере бермейміз. Бұл – бір мезет, бір сәтте миллиондарға ықпал ететін ақпарат көздері. Оларда айтылған сөз де, көрініс те, оқиға да, жазу да – бәрі ақпарат, нағыз көрнекі ақпарат. Жас буынның соларда көрсетілетін оқиғаларға еліктеп, айтылған сөздерді қайталап, жүріс-тұрыс, әдеттерге елтіп, соларша киінуге тырысатындарын білеміз. Ал, оларда қанқұмарлық, тұрпайылық, әдепсіздіктер көрсетіліп, жат мінез-құлықтар насихатталып жатады. Кәдімгі жарнамалары болса, анайы, жағымсыз әсер тудырады. Астана қаласы елімізге бар тұрғыда үлгі болуға тиісті. «Астанада солай» деген сөз қағидаға, өнегеге айналуы керек. Осы тұрғыда Тіл басқармасы, Мәдениет һәм Ішкі саясат департаменттері бірлесіп, қоғамдық ұйымдарды осы орайдағы істерге тарта отырып, тегеу­рінді шаралар қарастырғандары жөн. Жарнама табыс көзі ғана емес, сана тәрбиесіне де қатысты, тіпті саяси міндет те атқаратынын есте ұстаған абзал. Көрнекі ақпаратта мемлекеттік һәм ұлттық мүдде қорғалмаса, талап қойылып, тәртіпке шақырылмаса, осыдан басталған ауажайылушылық зердапты жағдайларға дейін ұласуы ықтимал. Мемлекеттің әрбір тұрғыны елдің заңдары мен әдеп-ғұрпын мойын­даулары да керек, орындаулары да керек. Басқаша жағдайда ондай адамдар заң бұзушы деп табылып, жазалануға тиіс. Көрнекі ақпаратта орын алып жүрген кемшіліктердің үлкен-кішісі, кешірімді-кешірімсізі дейтіні болмауға тиісті. Дұрыс жазылмаған бір әріптен, бір сөзден бастап, тұтастай мәтіндік, мазмұн­дық, бейнекөріністік, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге дейінгінің бәрі қатаң талап етілуі керек. Бұл тілдің де, елдің де намысын қорғау, мемлекеттік мәртебені құрметтеуге саятын іс. Осы тұрғыда жарнаманы өнер деп, сана тәрбиесінің құралы деп білген жөн.Соған орай оның жарасымды, талғамды, сауатты болуы қамтамасыз етілуі керек. Жарнамалаушыларға «Пайдаңды да ойла, әдептен де озба!» деу керек. Бұл сөзді билікті орындар айтуға тиісті. Тыю-жыю көрмеген соң, не қыл­сам да жөн екен деп білетін бейпілдер сонда ғана ес жимақ. Нарық екен деп парықтан айрылып қалмайық. Әдеп­ке шақыру ешқандай қоғамға шет санал­маған. Тәртіп қай заманға да керек. Сабыржан Шүкірұлы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, жазушы

4333 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6549

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5888

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3629

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3015

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2976

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2952

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2681

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2666

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы