• Тұлға
  • 23 Тамыз, 2012

Ел білетін Еркін Қыдыр

Биыл бір топ достар, достар болғанда әріптес достар елуге толып жатыр. Соның бірі – Еркін Қыдыр. Еркін жаныма біртабан жақындау дос. Өйткені ол екеуміз өмір мен өлім дегеннің не екенін ертерек түсіндік-ау деймін. Бұл жөнінде төменде айта кетермін. Әзірге Еркінмен қалай танысқанымыз жайлы аздап әңгіме қозғайын. Мен «Оңтүстік Қазақ­стан» газетіне қыз­метке 1991 жылы келдім. Ол кезде «Оңтүстікте» жастар аз. Сақа, тәжірибелі журналистер көп болатын. Мүйізі қарағайдай болып, алдыңнан біреуі шыға келсе, өзіңді қоярға жер таппайтын кезең. Менің алдымнан алдымен отызында-ақ сатирасымен танылған Мұратбек Дүйсенбеков шықты «қыз-ау, келіп қалдың ба?» деп... Қыздар көрінбейді. Кемпірлер бар бірен-саран. 1950 жылғы туғандар жүреді дәлізге сыймай дүркіреп. Екі-үш күннен кейін іссапардан Есенкүл Көшербаева келді. Қып-қызыл көйлек, қызыл топылай киіп, қылдай белін буынып алыпты. «Сен бе, жаңадан келген?» деді. Кешкісін Мұратбек жүр «сенің жұмысқа тұрғаныңды атап өтейік» деп. Сол күні Еркін Қыдыр, Абай Балажанмен таныстым. Еркін көп сөйлемейді екен. Сөйлесе, қыран-топан күлкіге батырады. Тілінің уы бар. Сонымен достығымыз басталып кетті. Жабыла, жарыса жазамыз. Тапсырмаларды тап-тұйнақтай етіп орындап тастаймыз. Сөйтіп жүргенде Еркін «Егемен Қазақстан» газетіне меншікті тілші болып қызметке ауысты. Бұрын «Егеменнің» меншікті тілшісі десе, көз алдымызға шалдар елестейтін. Біздің отызға енді ғана толған жап-жас досымыздың мына қызметке баруы «Егеменнің» де жасаруы, жаңаруы деп қуандық. Ол кезде журналистердің арасында көреалмаушылық, аяқтан шалу, арамдық деген атымен жоқ болатын. Айлық та аз. Бірақ дүниедегі ең бай адамдармыз деп есептей­тінбіз. Кімде ақша бар, сол ақ­ша бәрімізге ортақ болатын. Жұмыс­тан кейінгі «бастаңғымызда» көбі­несе Еркін «демеуші» еді. Еркінге «Оңтүстікте» тілші болып жүрген кезден-ақ адамдар үйір еді. Мектепте көшбасшы болып үйренген Ерекең қызметтегі ортамызда да өзінің ұйымдастырушылық қызметін жалғастыра берді. Жазу жағына келсек «Оңтүстікте» бәріміз аяғымызды тарта жүретін, тіпті қорқатын мықты журналист Сәділ Кәдеевке Еркіннің жазғандары ұнайтын. Ол кісіге ұнау қиынның қиыны еді. Еркін сол кісіні өзіне ұстаз тұтты. Осы күнге дейін Шымкентке келсе ұстазын іздеп жатады.Өзінен бұрынғы алдыңғы толқын ағалар демекші, 50-ші жылы туғандардың бәрімен ерекше сыйласты. Кейіннен газеттің бас редакторлары болған сол ағаларының ішінен Кәрім Үкібаевпен, Оразхан Жарқынбековпен байланысын үзбеді. Төрегелді Байтасов, Төрехан Рәмберді, Қуандық Оразбекұлымен де ағалы-інілідей болды. Еркін дос, ауылдың қара баласы бас газетіміз – «Егемен Қазақстанның» тілшілігінен оның вице-президенттігіне дейін өсті. Елорда Астанаға көшкенде Ерекең де көшпен бірге сонда келді. Ел көрген қиындықты ол да көрді. Қазір бәрі де артта қалған. «Егемен» Астанадағы асқақтаған ғимаратқа орналасқан. Елбасының өзі келіп, көріп, ерекше қамқорлық танытқан бас газеттің барлық ұйымдастыру шараларының бәрін қолына алып, өз ісін тап-тұйнақтай етіп жүргізіп Президент сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Еркін дос жүр бір тынбай. Ұзақ жылдар бойы еңбегін сол «Егеменге» арнаған досымыз биыл елуге де толып қалыпты. Өмірдің тез өткеніне сенгің де келмейді. Сенбейін десең Еркіннің елуге келгенін, өзін әлі жас сезінетін досымыздың осынша жасқа келгенін әйгілеп, немерелері жүр «ата, ата, аталап»... Еркін дос ең бақытты адам деп есептеймін. Өзге өңірді білмеймін, Оңтүстікке Еркін келе жатыр дегеннен оны әуежайдан күтіп алатын дос көп. Елдің бәрі де құрметпен қарап жатады. Артынан бір артық сөз ермейді. Бәрімізді топырлатып ертіп алып, «жүріңдер, әңгімелесейік, жастық шақты еске алайық» дейді. Астанаға барсаңыз да «ауылдан келдіңдер ғой» деп, қонақжайымызға орналастырып, «қарның ашып қалмады ма?» деп ерекше қамқорлық жасайтын да осы Ерекең. «Әй, Ереке, ауылға келсеңіз де, Астанаға барсақ та Сіз төлей бересіз бе? Біздер де Құдайға шүкір, жаман емеспіз» дегенді Ерекең ешқашан тыңдамайды. «Ауылда жүріп, газет шығару оңай емес» дейді. Мақаланың басында Ерекең екеуміз өмір мен өлімнің не екенін ерте түсіндік деп жаздым. Қалай? Бірде Ерекең екеуміз іссапарға бірге шықтық. Еркіннің жұбайы Гауһар, балалары Шыңғыс пен Әйгерім машинамыздың соңынан қол бұлғап қалды. Іссапардан қайтарда жол апатына ұшырадық. Рөлде отырып ойға кеткен жүргізуші машинасын бізге қарай ағызғанда қашып та үлгере алмадық. Басым машинаның сынбайтын айнасына үш рет соғылған мен есімнен танып қалдым.Бір кезде басымды сәл көтерсем, Еркін рөлде қанға боялып жатыр екен. Шыңғырып жібергенімді білемін. «Құдай-ау, Еркінді алма, оның балалары бар ғой» деп... Мен ол кезде тұрмысқа да шықпағанмын. Ал, Еркіннің балалары соңымыздан қол бұлғап қалып еді ғой. Еркін жалма-жан басын көтеріп алды. Оның тірі екеніне көзім жеткен мен қайтадан талып қалдым. Бізді тез арада адамдар ауруханаға жеткізіпті. Біз солай тірі қалдық. Еркін екі-үш күнде ауруханадан шықты. Мен айлап жаттым. Кетерде Еркін: – Біз екеуміз соғыста бірге болғанбыз деп айтып жүретін болдық. Екеуміз де аман қалдық Енді өлмейтін шығармыз. Тезірек жазыл, – деді. Сәлден соң мыжылып, түгі қалмаған машинаның кітабын алып қайтып келді. Кітап қанға боялып кеткен. Оның алғашқы бетіне Еркін «Анар! Өмір өткен күндер емес, есте қалған күндер» деп жазып қойыпты. Содан бері де жиырма жылға жуық жыл өтті. Өмір мен өлімнің арасы қас қағым екенін жастай ұқ­тырған сол бір күн естен кетпейді. Кеше ғана Еркін телефон соғып, «Ұстаздарыма, өмірден өтіп кеткен әріптес ағаларымның жұбайларына, достарыма ауылға барып, шай беріп қайтам» деді. Жүрегім тағы да шым етті. Еркін Қыдырды ел білетіні, сыйлайтыны осыдан ғой. Ол ешқашан елді ұмытпайды. Үкіметтік наградалары жайлы айтпай-ақ қояйық, ол елдің наградасына, елдің сый-құрметіне бөленген жан. Мен досымды ердің жасы елу жасымен құттықтай отырып, мәрттігің, жомарттығың үрім-бұтағыңа дарысын. Адам­дарға, көз көргендерге, ұстаздарыңа көр­сеткен ілтипатың, ізетің Алланың нұры болып, бала­ла­рыңның жолына шашылсын. Гауһармен бірге жүз жаса. «Егеменнің» туын биікке көтере беруге Алла нәсіп етсін дегім келеді. Анар АСПАН Шымкент

4963 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6119

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5666

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3407

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2788

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2752

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2729

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2459

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2445

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы