• Тұлға
  • 23 Тамыз, 2012

Қазақ пен татарға ортақ ақын Кашафуддин Шахмарданұлы туралы не білеміз?

ХIХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр басына дейiнгi қазақ әдебиетi мен өнерiнiң дамуына татар-башқұрт зиялыларының көп әсерi болғаны белгілі. Себебі ХIХ–ХХ ғасыр аралығында Орта Азиядағы ағартушылық бағыттың басында башқұрт-татар оқығандары тұрды. Көпшілікке белгілі ағартушылық бағытта жүйелі түрде жұмыс жүргізген сол кезеңдегі оқу ордалары «Уәзифа» мен «Ғалия» медреселерiнде барлық түркi халықтарының өкiлдерi бiлiм алды, өнерге үйренді. ХІХ ғасырдың екінші жартысында ескіше оқығандардың арасынан шыққан кейбір озат пікірлі азаматтар орысша оқып, өмірге өзгеше көзқараспен қарай бастағандар ескі хадим оқуына тікелей қарсы болды. Оның өмір сүруге пайдасыз екенін көрді. Дінмен қатар дүниенің тылсым күшін тануға үйрететін жаратылыс­тану пәндерін оқыту қажеттілігін айта бастады. Бұрынғы «усул-хадимнің» орнына енді «усул-жадит» әдісімен оқытуды жолға қойды. Осы ретпен жаңа медреселер ашыла бастады. Осы кезеңдегі «усул жадит» әдісімен оқытудың басында Шаһабуддин Маржани тұрғаны белгілі. Одан тәлім алған Кашафуддин Шахмарданұлы сияқты парасатты, оқыған, ойлы азаматтардың қазақ әдебиетi мен мәдениетіне, халықтың әлеуметтiк дүниетанымдық әлемiне әсерi болғаны рас. Ұлты татар не башқұрт ақындарының қазақ тiлiнде көркем шығарма туғызып, қазақ әдебиетiнiң дамуына өз үлесiн қосқан деректер аз емес. Тіпті көптеген қазақ жастарының, соның ішінде қазақ әдебиетінің классиктерінің алғаш сауат ашып, жан-жағын танып білуіне осы татар молдаларының игі әсері болғандығын ерекше айта кеткен жөн. Оның үстіне ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасырдың басында татар, башқұрт халқының сауаттылығы жоғары болған. 1897 жылғы халық санағында пайыздық көрсеткіш бойынша татар, башқұрттың сауаттылығы – 18,4%, ал орыстардың сауаттылығы 16,1% болған. Яғни отаршыл орыстың өзінен татар-башқұрт жұрты сауаттылығы жағынан алда тұрған. Мәселен, Қарқаралы өңіріндегі атақты Бекметевтер өз заманында Қазақстанның қоғамдық және экономикалық өміріне белсене араласқан, ұлттық салт-дәстүрлерін жете меңгерген татар оқығандары болған, көптеген игілікті істерге ұйытқы болып, қаржылай көмек көрсеткен. Халиулла Бекметевтің інісі Мұхаммед-Мақсұт Бекметев Қазақстандағы әлеуметтік теңдік жолындағы қозғалысқа белсене араласқан. Халиулла аға сұлтан Құнанбай қажымен дос болып, жиі араласып тұрған. Қалада мешіт, медресе үйлерін салдырып, осы аймақта кен көздерін ашуға көп еңбек сіңірген. Құнанбай Қарқаралыдағы мешітті салдырарда оның жобасы мен тұрғызылатын орнына байланысты Бекметевпен ақылдасып отырған. «Көк үй» аталып кеткен, ешқандай шеге қағылмай, бірыңғай бөренеден қиюластырған осы үйге Абай барып тұрған. ХІХ ғасырда өмір сүрген ағартушы-ұстаз Кашафуддин Шахмарданұлы есiмi бүгiнгi күнi қалың көпшiлiкке таныс емес. Оған негізгі себеп, ақынның негiзгi шығармашылығы дiни бағытта жазылғандықтан, осы күнге дейiн көзден таса қалып, тек мұрағат сөрелерінен ғана табылғанында. Кашафуддин Шахмарданұлының өмiрi туралы біршама деректер сақталған. Шығармаларының бәрi араб әрiпімен жазылып, күнi бүгiнге дейiн транскрипцияға түспегендiктен, оның үстіне діни бағытта болғандықтан, қазақ әдебиетiнде толық зерттеле қоймаған. Қазақ совет энциклопедиясының мәлiметтерiне сүйенсек, Кашафуддин Шахмарданұлы 1840 жылы туып, 1910 жылы дүниеден өткен. Мұнда автордың бiршама қисса-дастандарының аты тiзбеленiп берiледi, бірақ толық көрсетiлмейдi. Кашафуддин Шахмарданұлы қаламынан 100-ге жуық еңбек жарық көрген. Қа­зақстандағы ұлттық кiтапхана қорындағы, Ұлттық Ғылым Академиясының кiтапхана қорында және мұрағаттағы сақталып қалған мұраларының жалпы саны – 27 кiтап. Кашафуддин Шахмарданұлы шығарма­шылығы сан-салалы. Автор қазақ даласына бiлiм мен бiлiктiлiктiң нұрын себу жолында бүкiл күш-жiгерiн аямай, бiр адамдай-ақ еңбек еткен. Өзiнiң төл шығармаларын негiзiнен бiлiм алуға, өнер үйренуге арнаған, автордың көптеген шығармалары нәзирагөйлiк дәстүрде жазылған. Яғни шығыстық үлгiдегi қисса-дастандарды жаңа мазмұн мен ерекше пiшiнге енгiзе отырып, өзiнше жырға қосқан. Татар, башқұрт тiлi мен қазақ тiлiнiң бiр қыпшақ тiлiне жататынын ескерсек, олардың өз кезеңiнде екi не үш тiлдi қатар меңгерiп, екi тiлде де көркем туынды туғыза алғанын тек мақтанышпен еске алу, үйрену парыз. Кашафуддин Шахмарданұлы сияқ­ты ақындардың татар, башқұрт, қазақ әдебиеттерiнiң төл перзентi ретiнде қарас­тырылуы заңды. Олардың шығарма­шылығы осы халықтардың шынайы өмiрiнен хабар бередi, осы тiлдердiң негiзiнде жазылған. Сон­дықтан әр әдебиет тарихы олардың әке-шешесiнiң татар не башқұрт екенiне қарамастан, шығармашылығының сипатына қарай бағаланып, қай тiлде жазылғанына қарап, өз әдебиетiнiң көркем туындысы ретiнде қарастырылуға құқығы бар деп есептеуге болады. Кашафуддин Шахмарданұлы шығарма­ларының негiзгi сюжетi ислам дiнiнiң, шариғат жолының туралығын уағыздауға құрылған. Өмiрдiң негiзгi мәнi саналған ағартушылықтың өзi ислам дiнiн насихаттаудан басталады, соған негiзделедi. Барлық шығармаларының басталуы мен аяқталуы Алланың бірлігін мойындап, пайғамбарлар мен олардың хадистерiн, аяттарын келтiрiп түсiндiрiп отырумен сабақтасады. Кашафуддин Шахмарданұлының шығыс қиссалары негiзiнде жазған дастандары нәзирагөйлiк бағытта болып келедi. Автор өз кезеңiндегi қалыптасқан әдеби дәстүрге сай шығыс сюжеттерiндегi оқиғаларды қазақ дүниетанымына орайластырып жырлаған. Кашафуддин Шахмарданұлының нәзирагөйлік бағытта жазылған қиссаларының бiрi – «Нұрбатыр». Нұрбатыр туралы дастан шығыстық әдебиетте жырланған, сюжетi шығыс халықтарының көбiне ортақ. 1898 жылы 20 наурызда Қазанда «Чиркова» баспаханасында басылып шығарылған. «Нұрбатыр» қиссасы сюжетi жағынан қазақтың «Алпамыс», «Қобыланды» сияқты жырларына жақын келедi. Мұндай ұқсас сарын әсiресе жырдың басталуынан анық байқалады. Ақын «бисмиллаһи-р-рахмани-р-рахим» деп Аллаға, пайғамбарларға, әулие-әнбиелерге сыйынып алып, әдеттегідей өзiн таныстырып өтедi: Мұнан соң мұны жазған Кашафуддин Келiптi Қарқаралыға – Қазан жақтан, – дейдi де, тақырып аясына тоқталады: Жазғанда бiз сөйлеймiз Нұрбатырдан Тыңдағандар бос емес ғибраттан. Тыңдасақ сөз жетпейдi аясына, Салыпты барша диюды табанына. Жырда одан әрi Нұрбатырдың тумай жатып-ақ дұшпанының құтын қашырған ғажайып күшi әсерлi әңгiмеленедi. Әли патша заманында құдiреттi Құдайдың әмiрiмен бұрынғы бiр пайғамбардың немересi – Нұрбатырдың дүниеге келетiнi туралы хабарды диюлар оқып бiлiп, оған қарсы бiр амал ойластыра бастайды: Нұрбатыр бiздер үшін туар дейдi, Бiз үшiн белiн махкам буар дейдi. Әгарда туа қалса күн көрмеймiз, Бiздердi бұл орнынан қуар дейдi. Жетпiс балуан диюларға бұйрық қылды, Туғанын ол батырдың аңды дейдi. Шығарма қазақ эпостары мен ертегiлерiндегi жорық жолында кездесетiн арыстан, айдаһар сияқты күш иелерiмен желiлес келедi. Қиссаның соңы одан әрi диюлармен соғысын, оларды жеңiп мұсылмандыққа кiргiзуiн, ел мен елдi татулас­тыруын, бүкiл мұсылмандардың шапағатқа бөленуiн жырлаумен аяқталады. Кашафуддин Шахмарданұлының дiни-ағартушылық бағыттағы жазған мұраларында да негiзгi әңгiме өрiсi жастарға арналады. Болашақ жастарды имандылыққа, адамгершiлiкке, iзет­тiлiкке шақырады. Автордың барлық шығармаларының негiзгi де ортақ тақырыбы – бiр Алла. Бiр Аллаға мадақ айта отырып, адам баласын жасаушы, туғызушы, әлемнiң жалғыз иесi ретiндегi Бiр және Бар Алла тағаланың қасиеттерiн айтып, насихаттаумен болады. Кашафуддин Шахмарданұлының төл шығармалары деп мыналарды атауға болады: «Кел, балалар, оқылық», «Оқы, намаз», «Мiнез», «Қыл тафткур», «Махулат», «Манзурат», «Ахуал», «Әдептi бала», «Берiң зекет» кiтабы, т.б. Бұл шығармалардың барлығы да ағартушылық бағытта жазылған. Жастарды өнер-білімге, оқуға шақырады. «Кел, балалар, оқылық» деген өлеңі Ыбырай Алтынсариннің өлеңімен үндес болса, «Оқы намаз» кітабында намаздың екі дүниедегі пайдасын жеткізе жырлайды. Төл шығармаларының ішінде сол кездегі діни-ағартушы ақындардан өлеңдерінен ерекшеленетіні – «Махулат». Қазақ қоға­мына төнiп келген негiзгi әлеуметтiк қиын­дық болған оба ауруы сияқты нәубеттiң алдын алу жолдарын көрсету, халыққа тарату тек ақын Кашафуддин Шахмарданұлы шығармаларында ғана емес, басқа да ағартушылардың еңбегiнiң өзегi болған. Кашафуддин Шахмарданұлының «Махулат» деген шығармасы өз кезi, өз уақыты үшiн ерекше құнды болған деуге толық негiз бар. Оның себебi, ең алдымен, шығарма өлең түрiнде жазылған. Яғни құр насихат немесе ақыл ғана емес, халық арасына тез таралуына лайықталған шығарма. Екiншiден, «обаға» түгелдей анықтама берiлiп, одан қорғанудың, сақтанудың, емделудiң нақты жолдары тiзбектеле негiзделiп көрсетiледi. Шығарманы оқи отырып, автордың оба жөнiндегi бiлетiнi көп екенiн байқауға болады. Медицина iлiмiнiң алғашқы әлiппесi берiледi деуге де болады. Ақынның «Махулат» атты еңбегінің өз заманы үшін үлкен маңызы бар болғанын айту орынды болмақ. Жыр тыңдап, өмірін өнермен байланыстырған, өлең десе ішкен асын жерге қояр қазақ халқының ерекшелігіне сәйкес, өлең сөзбен тағылым айтса, халық жүрегіне тез жететінін ойлап жазылған еңбек деп есептейміз. Кашафуддин Шахмарданұлының дiни-ағартушылық бағытта жазған өлеңi – «Оқы, намаз» деп аталады. Өзiнiң төл туындыларының бәрiн ақыл-өсиет пен дiни бағыт-бағдар беруге арнаған ақын ислам дiнi арқылы адамның санасына әсер етудi көздеген. Бұл өлеңiнде де Құдай жолына уағыздап, оның неше түрлi қызықты жақтарын айтып, насихаттайды. Әр шумақты «Оқы намаз, достарым» деген жолмен түйiндеп отырады. Кiтаптың жалпы көлемi 392 жолдан тұрады. Құрылысы жағынан 7-8 буынды. Ұйқасы жағынан – алдыңғы 3 жолы ұйқасады да, төртiншi жолы «Оқы намаз, достарым» деп аяқталып отырады. Кiтап 1898 жылы 13 ақпанда Қазан қаласында бас­падан шыққан. Шахмарданұлы Кашафуддин «Кел, балалар, оқылық», «Мiнез», «Қыл тафткур», «Манзурат», «Ахуал», «Әдептi бала», «Берiң зекет» кiтабы» атты шығармалары тақырыптарына орай насихатталады. Ақынның негiзгi мақсаты – елдiң арасында ағартушылық қызмет атқарып, қараңғы елдiң көзiн ашу, оларды ислам дiнi арқылы имандылыққа тәрбиелеу. Осы мақсат ақынды үлкен шығармашылық биiгiне жетелеп, қараңғы халыққа арнап, көптеген көркем туындылар жазуға бағыттаған. Ақын шығармаларының көркемдiк-эстетикалық, ағартушылық, филосо­фиялық жағы да құнды. Өз заманының жыршысы болған, өлеңi арқылы қазақ жұртшылығын оятуды көздеген ақын жырлары дiн ислам арқылы насихат жүргiзудi мақсат етедi. Өлеңдерiнде даланың еркiндiгi мен кеңдiгi, қазақтың әлемдi танудағы танымдық тағылымдары жақсы көрiнiс табады. Алланың бiрлiгi мен барлығын насихаттауы, сол арқылы халықты имандылыққа тәрбиелеуi, жастарды бiлiм мен бiлiкке шақыруы – сол заманның негiзгi лейтмотивi деп бағалануы керек. Бұл Кашафуддин Шахмарданұлы ақынның да негiзгi кредосына айналған. Сондықтан да оны ХIХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетiндегi дiни бағытты жырлаушы ағымның өкiлi деп айтуға толық негiз бар. Зейнулла Салқынбаев, филология ғылымдарының кандидаты

4048 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6107

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5659

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3400

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2781

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2744

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2720

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2452

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2438

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы