• Тұлға
  • 23 Тамыз, 2012

Ұлтқа қызмет ету үлгісі

Қолға жиі алып, қайталап қарап, қайыра көз салатын қымбат қазына – кітаптарың болады. Ондай кітаптардың әр бетін парақтап, табиғаты мен тағылымына ден қойып, мазмұн-құрылымын саралай бастасаң-ақ өмір өрнектері мен өнегесі, таныс тұлғалардың тағдыр-талайы, уақыт шындығы мен шуағы санаңа сәулелі сәттерді ұялатып, кеше-бүгінге қатысты көп жайттар қайта еске түсері хақ. Халықаралық жоғары мектеп ғы­лым академиясының құрмет­ті акаде­мигі, ҚР ғылымына еңбегі сіңген қай­раткер, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы­ның азамат­тық һәм қайраткерлік тұлғасын тұтас қоғам білсе, өз кезегімізде біз де қал-қадері­мізше студенттік кезеңде, аспиранттық шақтарда, әріптестік тұстарда ұстаздық-ғалымдық қырларына кеңінен көз жеткіздік. Жеке кітапханамның сүбелі сөресін – ұстаз-ғалым, профессор Тұрсынбек Кәкішұлының кітаптары құрайды. Мысалы, «Сын сапары», «Оңаша отау», «Сәкен Сейфуллин», «Садақ», «Ескірмейді естелік», «Қазақ әдебиеті сынының тарихы», «Мағжан-Сәкен», «Сәбең әлемі», «Сайыс», «Мерей», «Толғам», «Сәбит Мұқанов», т.с.с. Әр кітап – жеке әлем. Қолжазбадан – кітапқа дейінгі жазылу, жариялану тарихы, табиғаты мен тағылымы да жан жүрекке жылы әсер етеді. Айталық, «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» атты оқу құралы (А., «Санат», 1994. – 448 бет) сөз өнерінің әуелгі тарихы мен теориясы секілді құрамдас бөліктерінің бірі – әдебиет сынының қалыптасуы мен тарихи даму жолдарын қарастырады. Оқулық авторының бұған дейін «Октябрь өркені» (1962), «Сын сапары» (1971), «Оңаша отау» (1982) секілді әдебиет сынының есеюі – өсу, шығармашылық әрі ғылыми мәселелерін жүйелі де тиянақты қарастырып келгенін ескерсек, «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» атты оқу құралының жазылып, жарық көруін қалың көптің, әдеби-ғылыми жұртшылықтың, жас ғалымдар мен студенттердің күткені анық-ты. Автор оқу құралының алғашқы тұстарында-ақ, қазақ әдебиеті сынының өзіндік тарихы, әдеби-ғылыми мәселелері барын, жоғары оқу орындарында арнайы бағдарлама негізінде жалпы және арнаулы курстарда,міндетті пәндердің қатарында кең көлемде оқытылатынын жүйелі баяндайды. Оқу құралын екі бөлім, бес тарау арқылы жүйелеп, баспасөзбен байланысын, жазба әдебиеттегі орнын, жеке жанр ретіндегі ерекшеліктерін, т.т. қоғамдық-кезеңдік жағдайлармен, әдеби-руханияттық үрдістермен табиғи сабақтастықта қарастырады. Нәтижесінде: қазақ әдебиеті сыны мен ғылымынң тарихи дамуын үш кезең төңірегіне топтас­тырады: «Бірінші кезең – қазақ әдебиет сынының туу дәуірі. Қазақ әдебиеті сынының туу процесі Қазан төңкерісіне дейін созылған. Екінші кезең – қазақ әдебиет сынының жанр ретінде қалыптасу және әдебиеттану ғылымының туу дәуірі. Бұл процесс 1917-1937 жылдардың арасын қамтиды. Үшінші кезең – қазақ әдебиет сынының өсіп-өркендеу және әдебиеттану ғылымының қалыптасу дәуірі – 1938-1985 жылдар аралығы». Негізінен, бұл жүйелеу, көзқарастар қазіргі кезеңде қайта қарауды, толықтыра түсуді қажетсінері қақ. Өйткені әдеби сын мен оның өзекті мәселелері, сыншы сипаты төңірегінде алуан ой-пікірлер, көзқарастар бар. Зерттеп, зерделейтін тұстар да жетерлік. Жаңа уақыт талабын да ескеру жөн. Сөз жоқ, оқу құралында қоғамдық жағдай, кезеңдік көрініс-құбылыстар, әдеби мұраны игеру мәселелері, белгілі-белгісіз тұлғалардың есім-еңбектері, бұрынғы-соңғы қаулы-құжаттар, қысқасы қазақ әдебиеті сынының туу, қалыптасу, даму кезеңдері бірде шолу, енді бірде талдау, тіпті қайсыбір тұстардан көзқарас эволюциясы кеңінен көрініс береді. Көңілдегі қуаныш: қазақ әдебиеті сынының арғы-бергі тарихы, бағыт-арналары, даму үрдістері қазіргі кезде жүйелі ізге түсіп, кең өріс алып келеді. Т.Кәкішұлының «Сәкен Сейфуллин» (1997), «Мағжан-Сәкен» (1999), «Сәбең әлемі» (2000) сынды еңбектері де ізденістен туған, әрі дерек пен дәйекке, жаңа көзқарастарға негізделуімен мәнді. Жаңа материал, уақыт бедері, көзқарас эволюциясы соны сипат, серпінді сөз етілуімен бедерлі. Маңыздысы, әрине кеше-бүгін байланысы, жаңа көзқарас айқын. Орайлы тұста еске алсақ, профессор Т. Кәкішұлының әдеби-ғылыми һәм шығармашылық ізденісі мен зерттеу еңбектерінің дені – Алаш мұраты мен мирастарын ардақтап, «Алыптар тобын» мадақ еткенін айқын аңғарар едік. Еңбек Ері, көрнекті қаламгер Ғ. Мүсірепов: «Алыптар тобы деп Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтар тобын санаймын. Осылар бір мезгілде әдебиет майданында шарықтап шыққан, әр жерде болса да, әрқайсысы революцияға үн қосқан, революциямен бірге көтерілген, сол кездегі ең алғашқы үлкен топ – атақты жазушылардың, ойшылдардың мен шәкіртімін» дегенін еске түсірсек (Әдебиет – кәсіп емес, өнер. – Алматы: Жалын, 1987. – 93 бет ), бұдан сөз жоқ, ХХ ғасырдың тұтас табиғаты, ұлт руханиятының даму үрдістері, ақын-қаламгерлердің көрнекті корифейлері көз алдымызға келеді. Әдебиет тарихындағы орындары, ұлт руханиятына қосқан сүбелі үлестері, аға ұрпақтың үлгі-өнеге алып, бірнеше буынның өсіп-есеюі де еске түседі. Күрделі кезең көріністері мен оның қайраткер-қаламгерлері хақында профессор Т. Кәкішұлы көзқарастарының да негізі бары анық: – «Азаттықтың тұма бастауында Алашорда көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, тұраншыл тұлғалар Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбайұлы тұр. Сонымен бірге түрікшіл, әлеуметшіл Тұрар Рысқұлов пен Сәкен Сейфуллиндер де аз еңбек сіңірген жоқ, бұл күрескерлердің барлығы да ұлты үшін Күлтегінше айтқанда «қара терін ағызғандар, қызыл қанын төккендер!» Бұл қайраткерлердің азаттық үшін арпалысқан соқпағы соқтықпалы, жолы бұралаң, асар асу тайғақ һәм тар болды. Бірақ солардың, сол секілді ірі қайраткерлердің сан ғасырлық күресінің арқасында азаттыққа даңғыл жол қаланды, тұманда адаспайтын тұрғы белгіленді, бүгінгі ұрпақ кешегі көрмек толқынның жемісін жеп, әлемнің геосаяси картасына Қазақстанның алып даласын қаламмен сызды, қыран рәмізделген көк туды бүтін жаһанға мәшһүр етті» ( Көзқарас. – «Дала мен қала», 2011, 12 желтоқсан). Профессор Т. Кәкішұлының еңбектері арасында «Алыптар тобының» бел ортасында аталатын – Сәкен Сейфуллин мен Сәбит Мұқановтың өмірі мен ортасы, кезеңі мен қызметі, шығармашылық мұрасы туралы айтып-жазғандары айрықша назар аударуды қажет етеді. Мәселен «Сәкен Сейфуллин. Қазақтың мәдениетті, өркениетті елдер қатарына қосуды армандаған тұлға» («Ана тілі», 2011, 9-15 маусым), «Шамырқанған шындық» («Қазақ әдебиеті», 2012, 24 ақпан, 2 наурыз) атты көлемді, күрделі һәм құнды мақалалары – С. Сейфуллин мен С. Мұқановтың адамдық-азаматтық тұлғаларын, қайраткерлік – қаламгерлік қырларын өмір, уақыт шындықтары тұрғысынан таразылап, ұлт руханиятындағы орнын көрсетіп, артық-кем тұстарын айқындап, ортақ мұрат жолындағы жанкешті еңбектерін, әрекет-қимылдарын, көзқарас эволюциясын кең көлемде қарастырады. Осы тұста, атап өтер жайттың бірі – профессор Т. Кәкішұлы танымал тұлғалар С. Сейфуллин мен С. Мұқанов туралы арнайы әдеби-зерттеу еңбектерін жазуы дер едік. Бұл – қазақ әдебиетіне, оның танымал тұлғаларына тағзым, талантқа құрмет екені анық. Ұстаз-ғалым Т. Кәкішұлының «Сә­кен Сейфуллин » атты еңбегі Мәскеуде «Жизнь замечательных людей» сериясымен жа­рық көрді (Мәскеу: Молодая гвардия, 1972. – 224 бет; 65 000 дана). Ал, Қазақстанда – «Сәкен Сейфуллин» атты ғұмырнамалық хикая – «Өнегелі өмір» сериясымен басылды (Алматы: Жалын, 1976. – 320 бет; 50 000 дана). Ғұмырнамалық хикая – «Ұлы белес», «Жаңа өмір өткелдері», «Жыр тасқыны» сынды бөлімдерді құрап, онда Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен өнегесі, революция дауылпазы ретіндегі қайраткерлік қырлары, қазақ совет әдебиетіндегі орын-үлесі, қоғамдық-шығармашылық қызметі күрделі кезең, әлеуметтік тартыс, қат-қабат оқиғалар желісімен байланыстырылып, сенімді сөз етіледі. С.Сейфуллиннің өмірі мен жастық кезеңі, Нілді жұмыскерлерінің ереуілі, алғашқы өлеңінің өмірге келу сәті, әлеуметтік-қоғамдық қызмет, шығармашылық әсер-ықпал, елдік мүддеге лайық тұлға болып қалыптасуы, т.с.с. нанымды өріс алады. Атақты ақынның есімі мен еңбегі әр қырынан көрініс беріп, оның бәрі – баршасынан ұлтқа қызмет ету, елдік мүддеге адалдық, шығармашылық іске табандылық терең танылады. С.Сейфуллиннің өмірі мен өнер­паз­дығының белесті тұстары, қазақ-орыс тіліндегі туындылары, әдеби-сын, зерттеу еңбектері,негізгі және қосымша әдебиеттер де байыпты беріледі. Ал, «Мағжан мен Сәкен » атты ғылыми эссе (Алматы: Қазақ университеті, 1999. – 449 бет) қазақ әдебиетінің танымал тұлғалары – Мағжан мен Сәкеннің қарым-қатынасына, адами-ақындық һәм пенделік көріністеріне құрылады. Алаш әлемі мен мұраты, кеңестік кезең құбылысы, қоғамдық-әлеуметтік ахуал, мәдени-рухани арналар, ұлттық сөз өнерінің жалпы мәселелері әдеби-тарихи һәм мұрағаттық материалдар арқылы еркін, әрі негізді дәлел-деректер бойынша байыпты баяндалады. Эссе эпилогы – «Сәбит – Мағжан – Сәкен» болып жүйе құрауы, адамшылық жолына, ақындық өнерге табан тіреуі – мәртебелі сөз бен талантқа тағзым екені танылып тұрады. Ақиқатында, профессор Т.Кәкішұлы «алыптар тобы» – С.Сейфуллин, С.Мұқанов, т.б.өмірі мен кезеңі, шығармашылық мұрасы туралы іргелі ізденіс, зерделі зерттеулер жүргізуінің маңыз-мәнін, қыр-сырын – «Толғам» атты танымдық-тағылымдық сипаттары мол еңбегінде мысалы, «Өзге емес, өзім айтсам» бүге-шігесіне дейін тарата талдап, қайсыбір тұстарына жан-жақты тоқталып, кезең, уақыт бедерлері хақында кең көлемде сөз етеді (Толғам. – Алматы: Қазақ университеті, 2004. – 5-20 беттер). Ұлттық тарихта тұғырлы тұлғасымен, еселі де ерен еңбегімен, адами-ізгілікті белгі-ерекшеліктерімен қалың көпшіліктің мәңгілік жадында қалатын, абырой биігіне көтерілген өнегелі адамдар болады. Ұлттық сөз өнері тарихында да есімі мен еңбегі ерекше аталатын, кеше мен келешекті жалғап жатқан айрықша ақыл-парасат иелері, олардың шығармашылық мұралары көптеп кездеседі. Осы реттен келгенде, қазақ әдебиеті тарихының барлық жанрында ерен еңбектің үлгі-өрнектерін кең көлемде көрсетіп, қазіргі әдеби үдерісте де зерттеу мен зерделеу ісінің негізгі нысанына айналып, бірнеше буын рухани нәр алған, орта және жоғары мек­тептің оқулық-хресто­матияларының басты мазмұнын құраған, әдебиет алыптары­ның алдыңғы қатарындағы көрнекті қаламгерлердің бірі − Сәбит Мұқанов. Сәбиттану тағылымы академик-жазушының 100 жылдығы тұсында (2000 жыл) жан-жақты жарқырап, биік белестерден көрінді. Оның маңыз-мәнін сол тұста профессор Т.Кәкішұлы былай білдірген еді: «Сәбит Мұқановтың 100 жылдығы ЮНЕСКО арқылы тойлануы – қазақ елінің зиялылығы мен мәдениеттілігі биік деңгейде екенін дәлелдейтін құбылыс. Сонымен қатар Сәбитті кеңес үкіметі үшін жазықты етіп, қаңқу сөзге қалдырудың тамырына балта шабатын құжат. Еліне ерен еңбек сіңірген, жаңалықты орнатуға асыққан қайраткердің өмірі мен өнерпаздық жолы мұнтаздай таза, тақтайдай тегіс бола бермейтіні өзінен-өзі түсінікті. XX ғасырдың төл перзенті Сәбит Мұқановтың қоғамдық-әлеуметтік және пенделік тірлігіне шолу жасағанда талай жеңістер мен жетістіктерді, талай сүріну-қабынуларды, қуаныш пен шаттықты, қасірет пен опықты мол табамыз. Ол өмір сүрген кездегі оқиғалар шындығы деңгейінде баға бергенде ғана орындысы мен орынсызы, ұлылығы мен кішілігі көрініп, өзіңнің ішкі пиғылыңмен таразылайтын сәт енді туып отыр» (Кітапта: Ергөбек Қ. Сәбит Мұқанов. – Сәбитнама сабақтары. – Алматы: Санат, 2000. – 302 бет). Т.Кәкішұлы мен К.Ахметтің «Сәбит Мұқанов» атты әдеби-ғылыми ғұмыр­намалық еңбегін қолға алған тұста қазақ әдебиеті тарихының кеңестік кезеңі, оның басты қайраткер-қаламгері – «бір өзі бір библиотека кітап жазған» (Ғ.Мүсірепов) – Сәбит Мұқановтың өмірі мен шығармашылық мұрасы, қоғамдық қыз­метінің қиын да сындарлы сәттері, жазушы еңбегі мен дүниетаным иірімдерін­дегі өзгеріс-өзгешеліктері, XX ғасыр басын­дағы қоғамдық құбылыстар, революциялық жаңару мен толқулар тұсындағы әрекет-қимылдар, белгілі адамдар арасындағы көзқарастар қақтығысы, таныс-бейтаныс материалдардағы деректік-құжаттық сипаттар, т.с.с. естелік-әңгіме, сұхбат үлгісінде кең өріс алып, өзіндік өрнек, әсерлі сыр-сезімдер негізінде жүйелі жеткізіледі. Т.Кәкішұлы мен К.Ахметтің «Сәбит Мұқанов» атты әдеби-ғылыми ғұмырнамалық еңбегінің құрылымдық жүйесі әр алуан тақырыптар төңірегінде топтастырылғанымен, ішкі арна, алтын арқауы мазмұндық-көркемдік байлығы жазушының басты туындыларынан құрылады. Басталуы мен баяндалуында, танып-талдау жүйесінде өзіндік өзгешелік бар. Атап айтқанда, естелік жазбалар, хат үлгілері, мәдени-танымдық һәм рухани мұраттар мен құндылықтар да жіті қозғалады. Қысқасы, жеке тұлғаның толымды тұстары, өмірі мен кезеңі, шығармашылық мұрасы мен тағдыр-талайы тақырып табиғатын ашудың алуан үлгі-өрнектері әдеби-рухани мақсат-мұраттары жан-жақты көзделеді. Сөйте тұра, әр жылдар жазбаларының сыналап енетінін, тақырыпқа қатысты қайталауларға орын берілетінін, дәйек-деректердің жиі берілуі мен ауызекі стильдің сирек те болса ұшырасатынын аң­ғармау мүмкін емес. Сондай-ақ, кітаптың әр тарауы жаңа һәм жеке туындылардың тарихы мен тағылымына арналғандықтан, жазылуы мен жариялануына, қолжазба мен көзқарасқа, құжаттық-нұсқалық жайттарға, ғылыми, көркемдік-рухани әсері жоғары болар еді. Алайда, мұның өзі ерекше серпін, өзіндік иірім, сырлы сипаттар арқылы берілгендіктен, әлгіндей «қайталаулар» маңызды мәнге ие болып, рухани әсері арта түседі. Тұтастай алғанда, «Сәбит Мұқанов» атты әдеби-ғылыми ғұмырнама еңбегі ХХ ғасырдағы қазақ сөз өнерін, оның даму бағыттары мен тақырыптық-жанрлық жүйесін, көркемдік-рухани арналарын, осы жолдағы жетістік-кемшіліктерді, келелі мәселелері мен түйінді тұстарын жан-жақты баяндаған байыпты туынды. Сәбиттану тағылымдарын жарқын да жасампаз қалыпта, мәнді де нәрлі тұрғыда, сәнді де сырлы сипатта жүйелі жеткізген, кең көлемде баяндап, кемел ойлар қозғаған қомақты да елеулі еңбектердің қатарына жатады. Сәбиттанудың сырлы сипаттары мен әдеби-рухани байлығы, қалың көптің жүрегіне жол тапқан тағылымды тұстары да осында болса керек. Тұжырып айтқанда, профессор Т.Кәкішұлының әдеби-зерттеу еңбектерінде Алаш мұраты мен «Алыптар тобы» мысалы, С.Сейфуллин, С.Мұқанов т.б. жан-жақты орын алып, ұлт руханияты мен сөз өнерінің түйінді тұстары кең көлемде қарастырылады. Анық аңғарылатыны, әдебиет зерттеушісі Т.Кәкішұлы Алаш мұраты мен мирасын, «Алыптар тобының» арман-аңсарларын айтып-жазу, зерттеп-зерделеу арқылы ұлт руханиятын, қазақ әдебиетінің жалпы мәселелерін, оның басты тұлғаларының С.Сейфуллин, С.Мұқанов, т.б. өмірі мен кезеңін, қоғамдық қызметі мен шығармашылық мұраларын, әдеби-рухани арналардың даму үрдістерін, тақырыптық-стильдік ізденістерді, жанр жүйесі мен көркемдік-эстетикалық құндылықтарды қатар көрсетіп, оның өзін кеңес әде­биетінің артық-кем тұстарымен, қо­ғамдық құбылыстармен, өмір-уақыт шындықтарымен байланыс-бірлікте, сабақтастық сипатында сөз етеді. БАҚ жүйесі мен құжаттық-мұрағаттық материалдар, естелік-әңгіме, хат-жазбалар жиынтығы дәйек-дерек көздерімен салыстырылып-салғастырылып берілуі де тақырып табиғаты мен кө­кейкестілігін айқындап, оған деген адалдық пен табандылықты, байыптылық пен тұрақтылықты танытады. Демек, ұстаз-ғалым Т.Кәкішұлының ұлттық мұрат пен елдік мүдде жолындағы адамдық-азаматтық һәм қайраткерлік-қаламгерлік болмыс-бітімі, Алаш мұраты мен мирасын зерттеу мен зерделеу бағыттарындағы батылдығы мен табандылығы, ұлт руханиятын дамыту мен өркендету жолындағы жанкешті әрекет-қимылдары, өткір де өжет, айқын көзқарастарға толы екпінді-серпінді сипаттары, сөз жоқ елшіл-қоғамшыл қасиеті мен ұнамды қырларын, жауапкершілігі мен жанашырлығын кеңінен көрсетеді.Ұлтқа қызмет етудің үлгі-өнегесін де терең танытады. Байқалатыны: профессор Т.Кәкіш­ұлының ой-сөз жүйесі мен айтып-жазуында, зерттеу мен зерделеулерінде алшақтық һәм үстірттік танылмайды, керісінше бірін-бірі байыту, толықтыру тұстары аңғарылады. Тақырыпқа адалдығы, оны дәйек-дерек көздерімен тиянақтап, жүйелі жеткізуінен – жүрдек қаламның өткір ұшталғаны, тегеурінді талант табиғаты мен тағылымы, көңілді кеңге салған ашықтық пен еркіндік, жан жүрек жылуы мен мейірім шуағы сәулелі сәттерімен есте қалады. Алаш мұратын асқақтатқан, «Алыптар тобына», мысалы, С.Сейфуллин, С.Мұқанов адалдық танытқан профессор Т.Кәкішұлының әдеби-зерттеу еңбектері – ұлт руханиятына қосылған қымбат қазына ретінде елмен бірге жасап, орта және жоғары мектепте қолданылып, жаңа буын – жас ұрпаққа танымдық-тағылымдық қырларымен, деректік-құжаттық Һәм көркемдік-рухани құндылықтарымен қызмет ете береді. Профессор Т.Кәкішұлының әдеби-зерттеу еңбектеріндегі қайраткер-қаламгерлердің ұлтқа қызмет етуі, елдік мұрат-мүддеге адалдығы, руханият ісіндегі ерен еңбектері – тәуелсіздік тұсында да бар қырынан жарқырап, жаңа буынның халық тарихы мен тағдырына, оның тұғырлы тұлғаларына деген құштарлығы мен сүйіспеншілігін еселеп арттырары анық. Т.Кәкішұлының әдеби-зерттеу еңбектерінің біліми-ғылыми маңызы, танымдық қуаты мен тағылымдық қырлары осында болып табылады. Рақымжан ТҰРЫСБЕК, филология ғылымдарының докторы, профессор

4797 рет

көрсетілді

74

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6042

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5627

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3366

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2748

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2712

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2688

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2420

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2405

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы