• Білім және ғылым
  • 29 Қаңтар, 2009

Шоқтығы биік – Мұстафа Шоқай

Ата-аналарымыз оңашада бір-бірлеріне «Мұстафа Шоқай Кеңес үкіметінің билігіне қарсы шығып, шетелге ауып, басқа елде қиыншылықпен өмір кешіпті. Жақын туған-туыстарын жазалаған, аман қалғандары Тәшкенге, Түркіменге кеткен» дегендерін естігенмін. Осындай әңгімелерді сыбырлап қана айтып отырушы еді.

Өсе келе мектепте Алаш арыстары жайында жүйелі оқып білгеніміз жоқ. Газет-журналдарда бұл жайында көсілтіп жазбайтын.

Әкем әңгімешіл еді. Кейде Сыр бойы қазақтары арасында ерекше мәдениетті, отырықшылықпен айналысып, бау-бақша егіп, кірпіш үй салдырған Хиуа хандығының датқасы Торғайдың баласы Шоқай би жайында естіген, білгенін әңгімелеп айтып отырушы еді. Мен ертегі елінде жүргендей болатынмын. Сол қиял, сол түрлі көріністер бабалардың түр-тұлғалары көз алдымда әрдайым елес болып көрінетін. Алматыдағы көркем-сурет училищесін, одан кейін сурет институтын тәмамдап кәсіби суретші болдым. Көптеген көрмелерге қатыстым, жеке шығармашылық көрмелер де жасадым. Айтайын дегенім қиялдағы бабалар бейнесін сомдау болатын, бірақ батылым жете қоймады. Сәті түскенде тәуекелге бел буып портреттік жанрда Жаназар батыр, Мұстафа Шоқай, Иманжүсіп, Бұдабай ақын бейнелерін жылдар бойы кенеп бетіне майлы бояумен жазып, образын ішкі дүние танымын тапқандай болдым. 2005 жылы сәуір-мамыр айларында Алматыдағы Ә.Қастеев мұражайында жеке шығармашылық көрмемді өткізіп, айтылған портреттер көрменің төріне ілінді. Баспасөз беттеріне суреттері жарияланды, көрермендер жылы лебізбен өз бағаларын берді.

1902 жылы 2 сәуір күні Шоқай би 11 жасар баласы Мұстафаны алып келіп Ташкенттегі ерлер гимназиясына құжаттарын тапсырған, біздер сол өткен күннің тірі куәсіндей болған екі қабатты қызыл кірпіштен салынған ерлер гимназиясында болдық. Суретші ретінде көзбен көру мен үшін аса қажет еді. Әр көрініс маған өзгеше әсер етті. Осыдан тоқсан жыл бұрынғы гимнастеркалық форма киген жас Мұстафаның жанында жүрген пікірлес достары көз алдымда елес болып өтті. Қолыма қағаз-қаламымды алып нобай суреттердің бірнешеуін салдым. «Мұстафа Шоқай жолымен» атты БТА Банкі ұйымдастырған сапар барысында өткен тарихы жаңғырған оқиғалардың ортасында болдым, түрлі көріністер елестеп, тіпті қатты әсерленіп кеттім. Кейіннен бұл бірнеше түсті графикалық серия суреттер салуыма арқау болды.

Мамыр айының соңында екінші бағыт жүзеге асты. Қызылорда облысы Шиелі ауданы Сұлутөбе станциясынан 20 шақырым қашықтықта Мұстафа Шоқайдың туған үйінің орны Наршоқыда болдық.

«Мұстафа Шоқай жолымен» атты жоба бағыты бір топ зиялы қауым журналистермен Түрік елінің мәдени ошағы Ыстамбул қаласында болдым. М.Шоқайдың әр басқан ізі тарихқа толы мәнді де мағыналы болғандықтан, көптеген қызықты тың деректерге жолығып, қанығып қайтады екенсің.

Мұстафа Шоқай жайында төрт тілде – түрікше, қазақша, орысша, ағылшынша кітап шығаруды жоспарлап отырған Темір Қожаұлы Мұстафа мен Мағжанның портреттерін төрдің төбесіне іліп қойып, «Мұстафа Шоқай тәуелсіздік идеясы жолында бар ғұмырын сарп еткен, Түркістан халықтары тарихында мәңгі есте қалған тұлға» деп еуропа тілінде жазылған түрлі шетелдік кітаптарын ортаға жайды, тарихи фото суреттерді көрсетті. Темір Қожаұлының әкесі Осман Қожа, Бұқара халық республикасының басшысы. Мұстафа Шоқаймен жақсы дос пікірлес болған. М.Шоқайдың төлқұжаттары жеке архивінде сақтаулы.

Түрікшіл ғұлама ғалымдармен сұхбаттасу осы сапардың басты жетістігі еді.

Әбілқасым Сәрсенбаев,

суретші

Мұстафа Шоқай суреттері

1. Стамбулда Қабанбай ескерткіші алдында

Ә.Сәрсенбаев және Әбдуақап Қара

2. Қоқан ескі үкімет үйі

3. Ташкент ерлер гимназиясы алдында

Ә.Сәрсенбаев және Дархан Қыдырәлі

4615 рет

көрсетілді

14

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы