• Руханият
  • 08 Қараша, 2012

Дәулескер күйші еді

1992 жылы әйгілі Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестріне музыка редакторы болып орналасқанда, оркестрдің бас директоры Еркебұлан Мүсіреп пен бас дирижері Айтқали Жайымов екеуі ұжымға мені таныстырған соң, үзілісте өзім танитын әнші-күйшілермен әңгімелесіп тұрғанда, олардың бірі «бізде әйгілі домбырашы Тұяқ оркестріміздің инспекторы» дегенде мен еріксіз елең ете түстім. Қазақ радиосында 30 жылға жуық режиссер болып жүргенде, Тұяқтың орындауындағы күйлерді эфирге жиі-жиі дайындайтын едік. Оның шеберлігіне сырттай тәнті болып жүретінмін. Сондық­тан Тұяқпен танысуға асыққандай елегізумен болдым. Көп ұзамай онымен танысып, дос­тасып та кеттім. Тұяқпен қимас-сырлас дос болғалы 20 жылдай уақыт атқан оқтай зырылдап өте шығыпты-ау. Тұяқтың қайтыс болғанын естігенде сенер-сенбесімді білмей абдырап отырып қалдым. Біраздан соң есімді жиып, жан досымды соңғы сапарға шығаруға қалай да қатысу үшін жол ауыр әрі ұзақ болса да жинала бастадым. Ақтөбеге дейін ұшақпен ұшып, одан әрі машинамен Оралға асығыс жеттім. Мен келгеннен кейін екі күннен соң оны бүкіл ауыл-аймақтың тайлы-таяғы қалмай, Алматыдан, Атыраудан, Астанадан және елдің өзге өңірлерінен келгендер Тұяқты соңғы сапарға шығарып салды. Тұяқ алғаш күй өнері әліппесін қалай үйренгенін әңгімелегені есіме орала береді. Әйгілі күйшілер – Мәмен, Түркеш, ­Сей­тек, Тоғайбай, Көкбалалар, осы өңірдің дәулескер дүлдүлдері туралы ол жиі айтатын. Тұяқбердінің әкесі Қажыгерей кезінде ел басқарып, өнерді де аса қадір тұтқан, домбыра, сырнай, скрипкада қатар ойнай беретін күйші де, әнші де, өлең де шығаратын ақынжанды адам болған екен. Ол тіпті даңқты дирижер, КСРО халық ар­тисі Шамғон Қажығалиевпен бірге Алматыға шақыртылып, консерваториядағы білгір мамандардан жоғары баға алған көрінеді. Бірақ үлкен өнер иесі атануды тағдыр ол кісінің маңдайына жазбапты. Қажыгерей небәрі жиырма төртке қараған жасында дүние салғанда Тұяқберді әлі өмір есігін де ашпаған, жиырма бір жасар анасы Рәштің құрсағында қалған алты айлық нәресте екен. Бұдан бұрын балалары тоқтамай, ­Ыбырай, Мәлік атты ұлдары бөбек кездерінде шетінеп кетуінен запы болған Қажыгерей өмірден өтер алдында Меңсейіт деген немере інісін шақыртып алдырып: «Мына сырқат әбден меңдеп, асқынып барады. Түбі мен бұл дүниемен қоштасатын болармын. Соңымда аяғы ауыр Құдай қосқан қосағым Рәш жеңгең қалып барады. Оған сен бас-көз, тірек бола жүр. Тірімде тұяқсыз өттім. Осыдан Рәш аман-есен қол-аяғын бауырына алып ұл тапса, есімін Тұяқберді қойыңдар. Тәңірім тілегімді қабыл етсе, ғұмырымды жалғар тұяғым өлмей тірі жүрсе мұрагерім болсын. Өзің тәрбиеле, өнерге баулып үйрет. Осыны саған аманат етіп тапсырамын» деп өсиет айтып кеткен екен. Қажыгерей мәңгілікке көз жұмған соң, Меңсейіт ағасының жанұя­сына қамқорлық жасап, Тұяқбердінің тәрбиесіне көп назарын салып, оның өнер жолына түсуіне де ықпал етіп, бағыт-бағдар беріп, мол еңбек сіңіреді. Сөйтіп ол 1974 жылы Алматы­дағы Чай­ковский атындағы музыка училищесіне оқуға түсіп, білгір маман, шебер күйші Тілеш Бәделов сияқты және басқа белгілі тәлімгер ұстаздар кластарында оқып, күйшілік шеберлігіне төселіп, курстарда оқып жүрген кезінде-ақ Құрманғазы атындағы әлемге әйгілі оркестрге орналасып, өнердегі еңбек жолын бастайды. 1978 жылы училищені бітірісімен қазіргі Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясына түсіп, 1983 жылы мемлекеттік емтихандарды жоғары бағаға тапсырып, оны да үздік бітіріп шығады. Сол 1983 жылы Құрманғазы атындағы Бірінші республикалық орындаушылар байқауында Т.Шәмелов үздік өнерімен оза шауып, жүлделі бірінші орынды жеңіп алып, алғаш рет жүлдегер атанады. Тұяқберді оркестрде жүргенде осында қызмет еткен дүлдүл күйшілер, халық артистері – Қали Жантілеуов, Рүстембек Омаров, Қаршымбай Ахмедияров сынды шеберлерден тәлім алған. Әйгілі композитор әрі дирижер, КСРО халық артисі, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің «екеуміздің әкеміз біреу. Ол – Қали Жантілеуов. Тұяқ, сен осыны есіңде сақта» де­ген сөзін Тұяқ жиі есіне алып айтып оты­ратын. Ал Қаршымбай ­Ахме­дияров «Тұяқбердінің домбыра шертісінде аяулы Қали Жантілеуовке тән мәнер, ою-өрнек, әшекей кестелер ұқсастығы анық байқалады. Әсіресе дыбыс, үн бояулары­ның жүрекке жылы тиіп, жан жадыратар сұлулығы марқұм Қалекеңді еріксіз еске түсірердей әсер етеді» деген екен. Академик Ахмет Жұбановтан соң 50 жылға жуық оркестр атақ-даңқын асқақтатқан КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлық­­тың лауреаты, дирижер Шамғон Қажығалиев, Қазақстан, Ресей, Татарстан халық артисі, дирижер, академик Фуат Мансұров, КСРО халық артисі, композитор, мемлекет қайраткері Еркеғали Рахмадиев, Қазақстанның халық артисі, композитор Базарбай Жұманиязовтардың Тұяқ тура­лы айт­­қан ой-пікірлері де оның да­ра­боз күйші болғанын айқын ұқтырады. Оркестрдің іргетасын қала­ғандардың бірі Қали Жантілеуов оны «мұрагерім, шәкіртім» деп батасын беріп кеткен. Қ.Жантілеуов бақиға аттанар алдында «мен дүниеден озғанда Тұяқбердіге хабар беріңдер, тумаса да туған баламдай еді. Өзі келіп қолынан жерлесін» деп өсиет айтыпты. Тұяқберді ұстаз өсиетін орындап, дұғасын бағыштап өз қолынан жерлепті. Сондай-ақ Тұяқ қадір тұтып өнеріне табынған Рүстембек Омаровтың жерленген жерін іздеп тауып, қоршауын орнатқызып, басына ескерткіш қойдырғанына куә бол­­ған едік. Ал аяулы анасы Рәш апамыз дүниеден озғанда қабыр­ға­­сы қайыса қайғырып, мәйітін ұшақ­пен алып барып, арулап, әкесінің жанына жерлегеніне сүйінбеске болар ма, сірә! Тұяқберді Шәмелов 45 жылдан астам шығармашылық өнер­дегі өрелі жолында қатардағы күй­шіліктен бастап, Құрманғазы атындағы оркестр тарихында санаулы ғана орындаушылар еншісіне тиген жеке күй тар­тушы, оркестр инспекторы, бас концертмейстерлігінен соң оркестрдің көркемдік жетек­шілігіне дейін ие болған аса көрнекті музыканттардың бірі әрі біре­гейі болды. Сонымен бірге оның ондаған әндері мен күйлері халқына кеңінен таралып, таңдаулы әншілердің репертуарларынан берік орын алып, Қазақ радиосы мен теледидарларының алтын қорына енді. Тұяқбердінің соңында өмірлік жа­ры Сәуле және Дидар, Гүлбар ат­ты қыздары, немерелері, күйеу­балалары мен құда-құдағилары, туыс­қан ағайындары, өзін де, ­өнерін ­де құрметтеп, қошеметтейтін қа­­лың қауым, ел-жұрты қалды. Осын­дай­­да ой құшағына оранып: О, Құдірет, о, ғажап! Оркестрдің қасында Бүкіл өнер бармақтың ілулі тұр басында! Бүкіл дала тарихын өзі-ақ жазып тауысады, Мың тұяқтың дүбірі – бір Тұяқтың саусағы, – деп бейнелеген ұлы ақын Қадыр Мырза Әлінің өлеңі ойға оралады. Біраз жыл бұрын Тұяқтың өзі ұйытқы болып, халық композиторы Мәменнің кесенесі тұрғызылған еді. Енді міне, Тұяқтың өзінің өсиеті бойынша өзі пір тұтқан саңлақ күйші Мәменнің жанына өзі жерленді. Алматыға қайтарда «Жатқан жерің мамық, алдың Жұмақ, жаның Жаннатта, Иманың жолдас болсын, сырлас, қимас бауырым!» деп жан досыммен соңғы рет қоштастым. Құмарбек СЫДЫҚҰЛЫ, Құрманғазы атындағы оркестрдің музыка редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері

4134 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы