• Руханият
  • 29 Қараша, 2012

Ұлттық аспап шебері

Алматы қаласындағы «Алатау-2» базарының ­же­расты жолдарынан өтіп бара жатып, күмбірлеген домбыра үнін естіп елең еттік. Арнайы сауда нүктесі бірнеше түрлі ұлттық аспаптарға толы болып шықты. Жігіт ағасы өзін қоршағандарға әр домбыраны бір алып, шертіп көрсетіп жатты. Сөйтіп, өзі домбыра жасап, соны сатып тұрған Әзілбек Хамзаұлымен танысып, әңгімелесудің сәті түсе кетті.  – Мен Іле Қазақ облысы, Күнес ауданына қарасты Құлжа қаласындағы мектепте музыка пәнінен 20 жылдай шәкірттерге сабақ бердім. Қытай жеріндегі қандастарымыздың екі ішекті, көп пернелі ұлттық аспапқа деген құрметтері ерекше. Оқушыларға тек қана домбыра шертуді үйретіп қоюмен шектелген емеспін, әрдайым сабақ сайын домбыраның тарихы, құрылысы және жасалуы туралы дәріс оқудан жалықпадым. Әрине, домбыраның техникалық мүмкіндіктері артқан сайын, домбыра тарту өнері де өрге бас­ты. – Домбыраның түрлері туралы айтсаңыз екен? – Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрлері бар. Мәселен, ән мен күй домбырасы, торсық, тұмар, кең шанақты, балдырған, балашық, шіңкілдек, аша, үш ішекті, қуыс мойын, шертер, оркестр домбыралары, бас домбыралар болады. Сондай-ақ домбыра құрылысы бірнеше бөліктен тұрады: Басы, құлақтары, пернелер, мойын, шанақ, бетқақпақ, ілгек және ішектер. Сондай-ақ оның көптеген қосымша бөлшектері бар (тиек, кемер ағаш, тұжым ағаш, бастырма, ойық, қалқа, түйме, өрнек, желкелік). – Сіз домбыра аспабының дәстүрлі үлгілерін жасаумен де айналысасыз ба? – Домбыра дыбыс өткізгіштігі жоғары қара­ғай, дыбыс жаңғырту қасиеті бар тұт, қатты жынысты үйеңкі, емен секілді киелі ағаштардан, негізінен, екі түрлі әдіспен – құралып немесе ойылып (шауып) жасалады. Құрама домбыралар­дың шанағы жұқа тілшелерден құралып жасалса, бітеу домбыра тұтас ағаштан ойылады. Шың елінде жүргенімде домбыра үлгілерін жасаумен мықтап айналыстым. Домбыраға халықтық дәстүрдегі перне байлау, домбыра баптау, күй ойнау – сүйікті ісім еді. 2006 жылы ата қонысымызға көшіп келдік. «Шаңырақ-2» ықшамауданында тұрақтап, үй салып алдық. Алайда жұмыс табылмады. Сондықтан домбыра жасап, соларды сату арқылы нәпақамды айырып жүрген жайым бар. Салтанат ҚАЖЫКЕН

3267 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы