• Руханият
  • 29 Қараша, 2012

«Шынайы сүйіспеншілікпен өмір сүрдік»

Көзден кетсе де көңілден кетпейтін, редакциямыз орналасқан ғимараттың бір бұрышынан шыға келетіндей көрінетін ғалым әрі қаламгер Әбдеш аға Қалмырзаевтың өмірден өткеніне де қырық күн болып қалыпты. Біз таяуда Әбдеш ағаның шаңырағында болып, асыл азаматтың зайыбы Үрзада апаймен кездесіп, сыр бөліскен едік.

– Апай, аға екеуіңіз қалай танысып едіңіздер. Есіңізге түсіре аласыз ба? – Ол сырты да, ішкі жан дүниесі де көр­кем адам ғой. Мен үшін оған жете­тін адам жоқ. Мен Жамбылдың ­театр училищесінде оқығанмын, болашақ актермін. Талантым­ның арқасы шығар, студент кезімде Абай атын­да­ғы театрға жұмысқа шақырды. Оқып жүріп, сол театрда екі жыл жұмыс істедім. Бір­де М.Әуезовтің «Қарагөз» спектаклінде Қарагөз­дің рөлін сомдадым. Әбдеш сол спек­такль туралы газетке материал жазу үшін келген ғой. Ол кезде КазГУ-де оқиды екен, тәжірибеден өтуге келіпті. Біздің та­ныс­тығымыз осылай басталды. Редакция біз­­дің жанымызда қарама-қарсы бетте еді. Үйленген соң театр қалды ғой. – Актриса бола алмай қалдым деп өкінбейсіз бе? – Оның бәрін махаббат жеңіп кетті. Мен тұрмысқа 20 жасқа жетер-жетпесте шықтым. Әбдештің өзі де өнерге өте жақын, өнерді жаны сүйеді, бағалайды. Үйленген соң Алматы шет тілдер институтына оқуға түстім. Ағылшын тілінің маманы болып шықтым. Бітірген соң КазПИ-ге жұмысқа орналастым. Сол жерде қызмет еттім. Әбдештің жүрегі өнер деп соғатын. Өте білімді, өте ақылды, бір сөзбен айтқанда, өз заманының данагөй адамы ғой. Елу жылға жуық бірге тұрдық. Жан дүниесі ғажап. Спектакльдерге жиі барып тұратын. Операны жақсы көрді, опера әншілерін қатты құрметтейтін, олардың еңбектерін бағалайтын. – Шығармашылықпен қай кезде айналысатын еді? – Таң атқаннан кешке көзі ұйқыға кеткенше кітап оқитын. Ешқашан бос отыр­майды. Кітап оқиды немесе бірдеңе жазып отырады. Теледидар көріп отырып та, қолынан кітабын тастамайтын. Сосын таңғалатыным, кітапты тез оқиды. Тұнып тұрған энциклопедия еді ғой. Құнарлы, нәрлі сөйлегенді ұнататын. Қазақша да, орысша да сауатты еді. Еңбек жолын «Социалистік Қазақстанда» («Егемен Қазақстан») бастады. Кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде қызмет атқарды, Көкшетау облысында обком хатшысы болды. Бұрынғы Алматы жоғары партия мектебіне басшылық етті. «Партийная жизнь Казахстана» журналына бас редактор болып келіп, оның атын «Мысль» деп өзі өзгертіп еді. Кейіннен «Қазақ газеттері» ЖШС-ында кеңесші болып істеді. Қай қызметте жүрсе де ұлттық мүддені жоғары қоятын. Көп кітаптар шығарды. Әлі талай еңбектері өмірге келер еді, бергенінен берері мол кезінде, нағыз еңбек ететін шағында арамыздан кетіп қалды ғой. Біз бір-бірімізді өз атымызбен атайтынбыз. Бір-бірімізді қас-қабағымыздан-ақ түсінеміз. Шынайы сүйіспеншілікпен, махаббатпен өмір сүрдік. Елу жылда көңілімізге келетін бір қатты сөз айтып көрмеппіз. Менің жаныма шуақ сыйлайтын, әдемі болып жүргенімді қалайтын. Жаны сұлулыққа құштар еді. Әйел адамдардың жұмыс істегендерін дұрыс көретін, әйелдердің үйде отырып қалғанына опынатын. Жақсы адамның өмірден өткені маған қиын, әрине. Уақыт өткен сайын оның қадір-қасиетін одан сайын түсініп жатырмын. Кейде мен жоқ кезде тойға шақыра қалса бармайтын. Кейбіреулер жалғыз өзі бара береді ғой, оның ондайы жоқ еді. Үнемі мені жанына ертіп жүретін. Жүрегі жұмсақ болғанымен, мысы басым, өз дегенінде тұратын мінезі де бар еді. Мінезі қиын адамдармен де жақсы қарым-қатынаста болды. Солардың тілін, бабын таба білетін. Ақырын жүріп, көп жұмыс тындыратын. – Отбасында қандай әке болды? – Отбасында біз бір-бірімізге, тіпті балаларға дөрекі сөйлеп көрмеппіз. Ыдыс-аяқ сылдырлап көрмепті. Ол кісі өте мәдениетті ғой. Балалар бізден көрген тәрбиені алып шықты. Біз сөзбен емес, өз ісімізбен көрсеттік тәрбиені. Ұлымыз Ардақ та, қызымыз Ақмарал да өте ақылды болып өсті. Екеуі де өмірден өз орындарын тауып, балалы-шағалы болды. Ардақтың ұлының атын Абай деп атасы өзі қойған. Ақмарал қызымыз мамандығы басқа болса да, кейін сурет салуға бейімделіп кетті. Мына үйде тұрған картиналардың барлығы өзінің қолынан шыққан дүниелер. Әбдеш те суретті жақсы көретін, жақсы түсінетін. Ұлымыз қайтыс болған соң, Әбдештің қайғысының барлығы сол болды, оның үстіне інісінің қазасы қабырғасына қатты батты. Туған-туысқандарының барлығына көмектесетін еді. Соңғы сағаттарда қасында немерем Абай болды. Бұлай болады деп ойламадық та. Ол жазылып кететініне сенімді еді. Ойламаған жерден, аяқастынан айырылып қалдық. Тағдырдың жазғаны осы шығар. Көнбеске амал жоқ. Көре алмай кеткен қызық-қуанышын ұрпағы көрсе деп тілеп отырмын. Әбдеш аға өзінің өнегелі өмірімен кейінгі буынға, болашақ ұрпаққа үлгі көрсетіп кетті. Тек тындырымды істерімен, өмірге деген құштарлығымен есімізде қалды. Елі барда азамат есімі де мәңгі жасай берері хақ. Бағдагүл Балаубаева

3716 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы