• Руханият
  • 07 Желтоқсан, 2012

«Атсүйек» берудің мәні

Көшпенділер қоғамында әдейі соғысқа үйретілген аттар болған. Ұрыс қимылдарына, әдістеріне жаттыққан аттарды қазанат немесе ереуіл ат деп атайды. Ереуіл атқа ер салмай, Ерлердің ісі бітер ме, – деп ­Махамбет ақын жырлағандай, әскери аттар­сыз батырлардың ісі бітпейтінін көрсетеді. Соғыс қару-жарақтарының түріне байланысты атты соғысқа салудың әдіс­­те­­­рі болған. Бұл туралы деректер аз. Қолда ­бар ­деректердің өзі алтынның сынығындай. Көшпенділер жауынгерлері соғысқа шыққанда өзімен бірге 2-3 ат алып жүрген. Марко Поло, П.Карпинилердің еңбектерінде моңғолдардың жорыққа 2-3 атпен шығатыны жазылған. Әмір Темір жорыққа әр жауынгер екі, әр онбасы бес, жүзбасы он, мыңбасы жүз аттан алып жүруді міндеттеген. Атты қосарға алып жетектеудің әдісі бар. Алыс жерге хабар бергенде қосардағы атты адамның өзі жетектейді. Мыңдаған жауынгердің әрбіреуі қосарға бір ат алса, кенеттен со­ғыс басталып кетсе, онда көмекші аттар­дың пайдасынан гөрі зияны тиеді. Сондық­тан барлық қосымша аттарды табын-та­бын қылып арнаулы жылқышылар айдап жүрген. Ұрыс қызып тұрған шақта ту ұстаушы қолбасшыға – тубегіне оқ тиіп, атынан айрылса, кез келген батыр, жауынгер атынан түсіп, өзі жаяу қалса да атын берген. Мұны «атсүйек» беру деп атайды. Атсүйек берудің мәні әскерді қолбасшысыз қалдырмау, туды жығылдырмау. Халқымыздың тарихында, эпос-жырларда Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Ер Тарғынның Тарланы, Қамбардың Қарақасқасы, Арқалықтың Көкжалы, Телағыстың Телкүреңі, Шораның Таспакері мен Қатукері, т.б. иесі мен есімі қатар аталып, халық санасына сіңген, бір-бірінсіз елестету қиын кейіпкерлер бар. Түркі халықтарының эпосының басқа халық эпостарынан ерекшелігі: «Батыр өзіне лайықты жан серігі – әскери атын тапқан кезде ғана батыр болады. Бұған дейін қаншама жойқын күшін көрсетіп, ерлік жасағанымен батыр деп саналмайды. Сондықтан батыр болатын адам ат жалын тартып мінісімен жақсы ат іздей бастайды. Мысалы, Қобыланды батыр Құртқаға үйленіп, еліне қайтып келе жатқанда, Құртқа жолшыбай үйір жылқының ішіндегі көгала биені көріп: «Осы биенің ішінде Көкбурыл құлын бар. Жаугершілікте мінетін атың, жан серігің сол болады. Ал астыңдағы тобылғы меңді торы атың саған қол емес» деп ақыл береді. Құртқаның көрімдігіне алған көгала бие көп кешікпей көкбурыл құлын туа­ды. Туа салысымен Құртқа оны ерекше күтімге алады. Құлынға арнайы шатыр тіккізеді, тұяғын жерге тигізбей ішікке орайды, тынысы кең ашылсын деп аузын үрлейді. Жырда тұлпар болатын аттың күтімі, тәрбиесі, жем-суы, емі рет-ретімен тәптіштеліп айтылады. Күннің аптап ыстығы, желі, жаңбыры тимесін деп жақсы аттарды құлын кезінен киіз үйде, жабық қораларда ұстайтыны белгілі. Тұлпарды жаратудың мерзімі әдеттегідей жай атты жаратқандай 2-3 ай емес, бірнеше, тіпті ондаған жылдарға созылатын өте қиын да күрделі жұмыс. Тұлпар аттың тұлғасын Ер Тарғынның Тарлан атының сынынан көреміз. Ол құлынында, тай кезінде, құнан кезінде емеді, дөненінде үйретіледі. Бес жасында бес бедеуге айғыр болады, алты жасында ақтатылады (пішіледі). Жырда тіпті арпа, бидай беріп, жемделгені де көрініс береді. Тұлпарды әбден бабына келтіруге құлынынан бастап тоғыз жасына дейін шыдамдылықты талап ететін зергерлік жұмыс қажет. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар», «Тұлпар түбін табады», «Тұлпардың ізі бітпей, тұяғы кетпейді» деген мақалдар тегін айтылмаған. Тұлпардың бойы биік, әсіресе тұяғы жай аттың тұяғынан бірнеше есе үлкен. Тұлпар алысқа қыза шабатындықтан екі қанжығасына екі құм бөктеріп алып, нағыз қызғанда еселей шапсын деп, қапты пышақпен тіліп жібереді екен. Әбден қызған тұлпарды кесе-көлденең бірнеше жерден арқан салып тоқтатыпты. Бірінші арқанды үзсе, екіншісі, үшіншісі тағы бар. Кәжденбек, Раушанбек деген батырлар­дың тұлпарларын осылай тоқтатыпты. Кез келген атты тұлпар деп айтуға болмайды. Тұлпардың тұқымы асыл, жаратылысы ерекше, жаратуы көп жылдарға созылған жүйрік. Ахмет ТОҚТАБАЙ, тарих ғылымдарының докторы

3258 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы