• Ақпарат
  • 17 Сәуір, 2009

«Сапсан» тікұшақтары Қазақстанда шығарыла ма?

Статистикаға сүйенсек, жеңіл тікұшақтар әлемдегі тікұшақтар паркінің 70 пен 80 пайыз аралығын құрайды. Ал Ресейде бұл көрсеткіш 7-8 пайызға тең. Оның өзінде де бұл шетелдік көліктердің үлесіне тиеді екен.  Өткен жылдың қыркүйегінде «Ресей тікұшақтары» АҚ-мен «Оборонпром» қару-жарақтық кешені және РФ әуетранспорттары Федералды агенттігімен бірлесіп, көптеген мақсаттарға қолдануға жарайтын 4-5 орындық жеңіл «Сапсан» тікұшағын шығаруды қолға алған еді. Бұл тікұшақ түрінің саудасы мен сапасы, ресейлік мамандардың айтуынша, шетелдік баламаларға қарағанда арзан және технологиялық жағынан олардан әсте кем емес көрінеді. Әу баста тікұшақтарды «Ресей тікұшақтары» АҚ-на тиесілі әуе және тікұшақ құрастырушы зауыттарда жасайтын болып келісілген. Бүгінгі таңда жоба бойынша қызу жұмыс атқарылуда. Соңғы кездері тікұшақ өндірісін кеңінен жолға қою үшін оларды құрастыруға көршілес елдер де әріптес ретінде тартыла бастады. Осы ретте «экономикалық әлеуеті бекем аумақтас елдердің қайсысы бұл бағдарламада әріптес болады?» деген мәселенің төтесінен қойылғаны белгілі. Ресеймен істес бола алатын һәм бұған дейін де әріптестік тәжірибесі бар мүмкіндігі жоғары серігі ретіне Қазақстанды атаушылар көп. Егер жоба ойдағыдай іске қосылатын болса, онда Ресей мен Қазақстан бүкіл посткеңестік елдер ішінде құны арзан, заманауи, жеңіл және де халықаралық талаптарға сай бірден-бір өндіріс иелері болып шыға келер еді. Жоба авторларының пікірінше, егер ол шындап жүзеге асырылатын болса, Қазақстан бұдан тек қана пайда табады. Ал енді ол неғылған пайда, енді соған келейік: Біріншіден, мұндай арзан тікұшақтар Үкіметтің қанаты астындағы бүкіл басқармаларды толықтай қамтамасыз етуге жол ашар еді. Сондай-ақ бизнес секторы да бұдан қомақты пайда таппақ. Тіпті жеке бизнесмендер ықшам да жылдам тікұшақтарға көп шығынсыз қол жеткізе алатын болады. Атап айтқанда, елсіз медиендерде мұнай-газ өндіруші кәсіпорындар мен қазба байлық игеруші аймақтардың өндірістері үшін таптырмас көлікке айналар еді. Ол аз десеңіз, бұл тікұшақпен халықаралық нарыққа батыл бара беруге болады. Шетелдік қаржыгерлердің осы саланы инвестициялауы да ғажап емес. Бұдан ұтатын тағы бір тұсымыз, бұл тікұшақтар «Қазақстанда жасалған» брендімен шығарылатын болады. Қайсыбір сарапшылар: «Қорқатын ештеңе жоқ. Тікұшақ бәсекеге қабілетті. Мұны ресейлік «Ресей тікұшақтары» холдингі тыңғылықты жасалған маркетингтік зерттеулері арқылы дәлелдеп отыр», – дейді. Бұдан бөлек, біз бұрынғыдай шетелдерден қымбат та бағалы тікұшақтар сатып алып, шығынға белшемізден батпаймыз. Отандық қаржыгерлер қолында бар тетіктер арқылы оларды арзан да тиімді түрде сатып алуға, сатуға, жөндеуге, т.б. техникалық жақтарына қатысты мәселелерді бір-ақ шешуге жол ашпақ. Отандық диллер компаниялар құрылатын болса, олар тікұшақ алаңқайлары мен тікұшақ тұратын ғимараттар салуды да қолға алады. Бірақ бәрінен де біздің ұтатынымыз: бұл саланың шетелдік мамандардың басшылығындағы ұлттық ұшқыштар даярлайтын мектептердің пайда болуына әсер етуі болмақ. Қазақстан аумағындағы тікұшақ басқаруға баулитын оқу орындарының пайда болуы, ұшқыштар даярлау, олармен қатар жүретін әуесқойлық әуеклубтарының пайда болуы жұртымызды аспан кеңістігін игерген ұлтқа айналдырады. Яки біздің кеңістікте ұшу мәдениетін қалыптастырады. Ал уақыт өте келе Қазақстан ұшқыштары тәжірибе жинап, өздері де ұстаздық ете бастайды. Осынау жаңа жоба бұл күнде қаралу үстінде. Алдағы уақытта Қазақстан аумағында Қазақстан мүддесін қорғайтын холдинг құру да жоспарда бар. Ол тікұшақтарды түпкілікті құраумен бірге сатылымын, жөнделуін, қосымша оқу орындары мен керекті ғимараттардың салынуына басшылық етпекші. Өз кезегінде бұл үрдістің жаңа жұмыс орындарының ашылуына мұрындық болатыны анық. Осылайша ішкі экономикалық-әлеуметтік атмосфераға қолайлы жағдай туғызылмақ. Ал әзірге Ресей жағы бұл жобаны жүзеге асыруға керекті барша техника мен технологиялық құжаттармен, тәжірибелі мамандармен қамтамасыз етуді және де құрауға керекті құрал-жабдықтар мен бөлшектерге дейін жеткізіп тұруды өз міндетіне алуда. Әрине, бұл жобаның бізді имидждік тұрғыдан тұғырландырып, отандық брендімізді биіктете түсетіні талас тудырмаса керек.

2799 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы