• Руханият
  • 22 Желтоқсан, 2012

«Жетісудың» жұлдызы

баймолдаЖақында «Арыс» баспасынан 2004 жылы жарық көрген «Жетісу» энциклопедиясын ақтарып отырып, Баймолда Мусин туралы деректерге көзім түсті. Тірі болса Баймолда аға биыл жетпістің алтауына шығады екен-ау. Көз алдымнан тізбектеліп Алматы облыстық «Жетісу» газетінде бірге қызмет істеген жылдар өте берді. 1969 жылы осы редакцияның табалдырығын имене аттаған бозбала шағымызда Баймолда аға ысылған, кәнігі журналистердің бірі болатын. «Лениншіл жастан» ауысып келген беті екен. Газетте партия тұрмысы бөлімін басқарды. Бізге еңгезердей болып көрінеді. Бөлімде дайындалған материал­дарды секретариатқа әкеліп тастайды. Жүзінде орнықтылық, ұстамдылық тұрады. Оқыған материалдарының шекесіне қысқалау қол қояды.  Кейін жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, бас редактор қызметтерінде істеді. Журналистік қызметке біраз төселген соң жауапты хатшының орынбасары ретінде Бәкеңмен қоян-қолтық жұмыс істеуге тура келді. Бәкеңнің кәсіби және адамгершілік қасиеттерін осы кезде тереңірек танып білдім. «Жетісуда» Баймолда ағамен 14 жылға жуық бірге істеген уақыт кейінгі журналистік өмір жолымызда таусылмайтын азық болды. Ағаның басты ерекшеліктерінің бірі – материал дайындауға аса жауапкершілікпен қарайтын. Әр тіркеске мән беріп, әр сөздің қабырғадағы кірпіштей өз орнында тұруын талап ететін. Ойдың тұманданбай ашық көрінуін қалайтын. Жас тілшілердің өзінше «қатырып тұрып жаздым» деген мақалаларын қып-қызыл ғып бергенде әлгілер жерге қарайтын. Кейде күлімсіреп жылы қабақ танытса, кейде әлденеге ашуланып, алакөзбен қарап қа­лады. Бәріміздің қорқатынымыз – сол көз­қарас. Жандаралдай жанарымен бұрғылай қарағанда кірерге тесік таппай қаласың. Бірақ Бә­кеңнің мінезінің басты артықшылығы әділ­дігі болатын. Ешкімге жөнсіз тиіспейтін, намы­сына тиетін ауыр сөз айтпайтын. Жұмыс бабын­да қатал көрінгенімен, іс жүзінде жаны таза, баладай ақкөңіл жан екен. Өзімен бұрын­нан бірге істейтін Сарбас Ақтаев, Жәнәбіл Темірбеков, Жолдасхан Бозымбеков, Марат Тұрапов, Тәуірбек Сұртаев, Қабдішаһар Әмренов сияқты әріптестерімен қатты сыйласа­тын. Жастарға үнемі жанашырлық танытатын. Материалдарды алдын ала жоспарлауға, жоспардың орындалуына қатты көңіл бөлетін. Бәкеңнің қарамағында қызмет істеу өзінше бір мектеп еді. Біз сол мектептен өттік. Әрі сол кәсіби тәрбиенің игі әсерін әлі күнге көріп келеміз. Өз басым журналистикадағы жауапкершілікті Баймолда ағамыздан үйренгенімді мақтан етемін. Бәкең тек менің ғана емес, сол кезде «Жетісу» газетінде қызмет істеген, қазір көрнекті жазушылар мен журналистерге айналған Уәлихан Қалижан, Рахымжан Өтегенов (марқұм), Жақыпжан Нұрғожаев, Рысбек Сәрсенбаев, Қаржаубай Омаров (марқұм), Гүлсан Сағымбекова, ­Молдахан Мұқатаев, Марат Әбдіхалықов және кейінгі басқа да ондаған жас буын өкілдеріне ұстаз болды. Журналистиканың қыр-сы­рын үйретті. Мінезі қарапайым, өркөкіректілігі, тәкаппарлығы жоқ, білгенін үйретуден қаш­пайтын жан еді. Өңі сұстылау көрінгенімен, таудай тұлғасының астарында ақкөңіл мінезі жататын. Пейілі жаңбыр тамшысындай мөлдір, жүрегі ақ, жаны адал азамат болатын. Ұстамдылығы, мәселені орнықты шешетіндігі, кәсіби қызметіндегі біліктілігі біздерге әрқашан үлгі болды. Қаламдас інілеріне қамқорлығын аяған емес. Өз басым республикалық бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының бірінен кейін біріне басшылық қызметтерге ауысқан тұста арнайы қоңырау шалып, өзінің игі тілектері мен ұсыныстарын айтып отыратын. «Жетісудан» шыққан деп шәкірттерін мақтан ететін. Cондайда өзінің жастық шағын, журна­листикадағы алғашқы қадамдарын, күй талғамайтын журналист болғандығын айтатын. Өзіңе қажетті материалды, фактіне алу үшін журналист қандай жағдайға болса да бару керек деп есептейтін. Бап іздеп күй талғадым дегенше сен өзіңе ең қажетті, ең құнды материалдардан айырылдым дей бер. Неге? Өйткені адамның жан сарайын ашып, оның көкейіндегі түпкі ойын, мақсатын білу үшін сен онымен сырласуың қажет деп отыратын. Бәкең «Лениншіл жаста» жүрген кезінде айлап, апталап, іссапарда жүрген кездері аз бол­ған жоқ. Теміржол бойындағы разьездер­дің жағдайы жөнінде мақала жазу үшін кішкентай разьездерге түсіп, ондағы бірнеше отбасының үйлерінде болып, жағдайларымен танысқан. Жиырма күн бойы Шиеліден Ақтөбеге дейін жүк пойызының бірінен соң біріне отырып, осылай факті жинағанын күліп отырып еске алушы еді. «Журналист куәлігі жүрегімнің тұсын күйдіріп тұрған кез. Бір сапардан бірнеше мақала жазғанды жөн көресің. Разьез­дерге сапардан «Жолаушыдан ұят-ақ» деген үлкен проблемалық мақала жаздым» деп отыратын. Ол осылай мақала жолында өз мүмкіндігін сарқа жұмсайтын. Бәкеңнің шығармашылығына зер салған адам оның «Сырдың сыйлы сыбағасы», «Шығанақтың шәкірттері қайда?», «Екінің бірі – егіздің сыңары», «Жұрт болып жұмылатын іс», «Сұңқар жігіт», «Ер Қасымтай» сияқты материалдарынан осындай ізденімпаздығын байқар еді. Ізденімпаздық дегеннен шығады, Бәкең сол «Лениншіл жас» газетінде қызмет етіп жүрген кезінде ауыл жастары бөлімінің меңгерушісі болған. Ауыл болған соң тіршілік малмен байланысты. Ауылшаруашылығы тақырыбын дендеп меңгеру үшін журналист жігіт 1966-1967 жылдары Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсіп оқиды. Мақсат – зоотехник болу емес сол саланы түсініп, білу. Жазғанда атүсті кетпей мәселенің байыбына бару. Анатомия, физиология сияқты пәндер Бәкеңді қатты қызықтырыпты. Осы алған білімі мал­шаруашылығы туралы материалдар жазғанда талай кәдесіне жараған. Тақырыпты тереңдеп меңгеру, бір салаға мамандану журналистің кәсіби деңгейін биіктете түссе керек. Бірде Редакциялар үйіндегі лифтіге Бәкең және Мұрат Әуезов үшеуміз бірге мініп қалдық. Екеуі шұрқырай амандасып, құшақтасып жатты. Артынан мен «Мұратты біледі екенсіз ғой» десем, «мен онымен Мәскеуде танысқанмын» дейді. Өткен ға­сырдың алпысыншы жылдарының ортасында Қазақстан комсомолының тапсырмасымен Мәскеуге бір аптаға іссапарға барыпты. Сонда Мәскеуде оқитын қазақ жастарымен танысады. Мұрат Әуезов өздері құрған «Жас тұлпар» ұйымы туралы әңгімелеп беріпті. Бәкең сол жолы Ресейде қазақтар тұратын бірнеше аудан барлығын, ондағы қазақтардың жағдайы өте төмен екендігін естіп біледі. Тіпті электр жарығын былай қойғанда, ауызсуға зәру болып отырған елді мекендер баршылық екен. Мәскеудегі қазақ жастарының Долгопрудный көшесіндегі Қазақстан өкілдігінен басқа баратын жері жоқтығына таңғалады. Сапардан қайтып келген соң олардың хал-жағдайын қозғайтын «Москвада оқып жүр талай қазақ баласы» деген мақала жазыпты. Көне гректерде: Omnes, quantum potes, juva «Бәріне қолыңнан келгенше көмектес» деген сөз бар. Бәкең шын мәнінде осы қағиданы өмірлік ұстаным еткен адам. 1978 жылы жазда (21-маусымда) «Жетісу» газетінің шыға бастағанына 60 жыл толуы ­аталып өтілді. Оған шығарылатын арнайы нөмір­ге жетекшілік ету бас редактордың орынбасары Баймолда Мусинге тапсырылды. Макетін сызу маған жүктелді. Газетке жұмысқа 1969 жылы мамыр айында тұрғанмын. «Жетісудың» елу жылдығына арнайы шығарылған нөмір алдымызда жататын. Қайта-қайта ақтарып оқимыз. Сонда үнемі «шіркін редакцияға жұмысқа бір жыл ерте келсем ғой, осы 50 жылдықтың газетін шығаруға атсалысар едім ғой» деп армандайтынмын. Құдай тілекті берді. Міне, енді газеттің 60 жылдығына арналған санын шығаруға атсалыспақпын. Дайындыққа нау­рыз айынан кірістік. Өзім үлкен құлшыныс үстіндемін. Макет сызудың арасында қалам тербеуден де қол үзбей, журналистикаға кәдімгідей төселіп қалған кезіміз. Бәкең қызметкерлерді апта сайын жиып алады. Арнайы нөмірге салынатын материалдарды, көтерілетін тақырыптарды, оларды беру формасын, әзірліктің барысын талқылаймыз. «Бұл бізге үлкен сын. Өз газетіміздің мерейтойына арналған санымыз жарқырап тұруға тиіс. Бізге ең қымбаты – идея. Кәне, қоржындарыңда не бар?!» дейді. Газет тағдыры облыс тағдырымен бірге өріліп жатыр. Әріптестеріміз соған сүйеніп, түрлі пікірлерін ортаға сала бастады. Өзге тілшілермен бірге мен де талайдан бері көкейімде жүрген бірер ұсыныстарымды айтып қалдым. Бәкеңе қатты ұнап кетті. «Өте жақсы ұсыныс» деп бұрыла қарап, жылы қабақ танытты. Төбем көкке екі елі жетпей мен қалдым. Баймолда аға тегінде қызметкерлерін сирек мақтайтын. Ол кісінің аузынан жылы лебіз есту маған орден алғанмен бірдей көрінді. Бұл одан әрі құлшына еңбек етуге әсер етті. Газеттің 60 жылдығына арналған саны кермет болып шықты. Жастық шағымыздағы кәсіби тірлігіміздің елеулі бір белесі ретінде әлгі газет архивімде әлі күнге сақтаулы. Сол нөмір менің Баймолда ағаны жанашыр ұстаз, Бәкеңнің мені «балағында биті бар» журналист ретінде тануына сеп болған тәрізді. Тағы бір оқиға еске түседі. 1980 жылғы көктем. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 35 жылдығына лайықты атап өтуге дайындық жүріп жатқан кез. Газеттің әрбір кезекті санын жоспарлап, жүзеге асыратын, уақытпен санаспай күндіз-түні жүретін, жұмысы ауыр секретариаттан жалықтым. Қарасам, осы жауапты учаскеде табан аудармай оншақты жыл істеппін. Бас редактордың орынбасарына келдім: «Бәке, тілші, жауапты хатшының орынбасары болып секретариатта 11 жыл істеппін. Денсаулық көтермей барады. Бөлімге ауыстырсаңыз қайтеді» деп. Бәкең бірнеше жыл жауапты хатшы да болған. Секретариаттағы жігіттердің жанкешті жұмысын біледі. Редактор Пернебек Бейсеновпен ақылдаса келе, мені өзі жетекшілік ететін насихат бөліміне ауыстырды. Ауысқан бойда Ұлы Жеңістің 35 жылдығы науқанына күмп ете түстім. Абырой болғанда мені соғыс тақырыбы бұрыннан қызықтыратын. Майдангерлер туралы алдында талай мақала, очерктер де жазсам керек. Өз бетіммен Ұлы Отан соғысының тарихын зерттеп, ұрыстың бетбұрысты кезеңдері, шешуші шайқастар туралы мағлұматтарым баршылық болатын. Баймолда аға Ұлы Жеңістің 35 жылдығына арналған газет нөміріне байланысты шақырып алып: «Кәне, арнаулы санға не береміз?» деп сынай қарағанда бұрыннан дайындалып жүрген адам сияқты соғыстың ең маңызды бес тұсын: 1941 жылы қараша айын­да Мәскеуді қорғау, 1942 жылғы қыркүйек пен 1943 жылғы ақпан айы арасында өткен Сталиград шайқасы, 1943 жылы жазда Курск иініндегі танкілердің алапат тіресі, 1944 жылы Днепрден өту, 1945 жылғы Берлин үшін шайқасты көрсету қажеттігін ұсындым. Бәкең риза боп қалды. Ары қарай баласынбай тең сөйлесетін болды. Журналист ретінде қалыптасқанымды мойындағанына іштей қуандым. Содан кейбір мәселелер бойынша пікірімді сұрап, ақылдасып отыратын. 1982 жылы Ақселеу Сейдімбековтың шақыруымен «Білім және еңбек» журналына ауысқанға дейін түсіністікпен аға-іні болып бірге қызмет еттік. Ол кісіден әріптес аға ретінде көп нәрсе үйрендім десем ағаттық болмас. Жетпісінші жылдардың аяғында Алма­ты облыстық «Жетісу» газетіне хат көп ке­луші еді. Баймолда аға редакцияға келген хат­тардың тағдырына қатты мән беретін. Хат бөлімінен үнемі хат қай журналистің қолына берілгендігін сұрап, оны түртіп алып, кейін сұрап жататын. Филология факультетін бітіріп, редакцияға қызметке тұрған тілшілерді қуырып, «осы филфакті бітіргендер журфакті бітіргендердей емес, хатпен жұмыс істеуді біл­мейді» деп жазғырып жататын. Әрі соны үй­ретіп, хат артында адам, адам түгілі адам тағдыры тұрғандығын үнемі ескертіп, миына құятын. Сөз арасында бірде өзінің «Лениншіл жас­та» жүргендегі өмірінен мысал келтіргені бар. 1960 жылдардың басында Шығыс Қазақстан облысынан бір хат келеді. Саусағы кем болса да аккардеонда шебер ойнайтын өнерпаз туралы очерк екен. Өте жақсы жазылған дүние болған соң сарымайдай сақтап, әлдебір мерекелік нөмірге салады. Редакцияға реніш білдірмесін деп, авторына хат жазып ескертеді. Бір күні әлгі очерктің авторы іздеп келіп рақмет айтады. Сөйтсе, ол кейін әйгілі жазушыға айналған Оралхан Бөкеев екен! Сол дүниесінің арқасында Оралхан редакцияға ұнайды, осында жарияланған басқа да әңгімелерімен жұртқа танылады, Шерхан Мұртаза жас қаламгерді газетке жұмысқа шақыртады. Сол Оралхан кейін көпшіліктің алдында «менің Алматыға келуіме жол ашқан Бәкең» деп айтып отырады екен. Баймолда Садыханұлы Мусин 1987 жылы «Жетісу» газетіне редактор болып бекітілді. Осы қызметте 1996 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін болды. Жас журналис­терге ұстаздық етті, ондаған шәкірттер тәрбиеледі. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап азаттықтың жырын жырлады. Журналистерден санада сілкініс болуын, рухани құндылықтарға жаңаша көзқарас қалыптастыруды талап етті. Талап етіп қана қоймай, алдыңғылардың қатарында өзі де қалам тербеді. 2004 жылы «Нұрлы таң» атты жинағы жарық көрді. Жазған дүниесінің тілі шұрайлы, ойы терең, мақсаты биік. Тегінде айналысса Бәкеңнен мықты жазушы да шығар еді. Алайда ол ақ мылтық журналист болуды, жауынгер публицист болуды артық тұтты. Маған сыйға тартқан кітабына «Құрметті ­Марат! «Жетісуда» жүрген жылдарды осы кітап еске түсіріп жүрсін! 21.09.06 ж» деп қолтаңба қалдырыпты. Жазу үстелімнен сол кітапты көрген сайын Бәкең еске түседі. Бір үйдің баласы болма, Көп үйдің санасы бол. Бір елдің атасы болма, Бар елдің данасы бол! Бір тонның жағасы болма, Көп қолдың ағасы бол! –деп Төле би айтпақшы, Бәкең көптің ағасы еді. Мол пішімді денесі, сабырлы қалпы көз алдымда. Құран Кәрімнің «Әл Имран» сүресінде «Алла сабырлыларды жақсы көреді» деген аят бар ғой. «Не сөзімен, не қолымен біреуге зияны тимеген адам – шын мұсылман» деп жатады. Қадыр Мырза Әлі болса: «Жер басып жүру үшін де, көрде тыныш жату үшін де ұят керек» депті. Баймолда ағаның бойында осы параметр­лердің бәрі де бар еді. Сондықтан да Бәкеңнің тұлғасы адамгершілік туын асқақта­туымен де көз алдымызда биіктей түседі. Зейнеткерлікке шықса да, 2004 жылдан бастап аға Қазақ ұлттық аграрлық университетінің баспасөз қызметін басқарды. Бірқатар жобаларды жүзеге асыруға мұрындық болды. Жиі-жиі хабарласып тұрушы едік. «Президент және Халық» газетіне келіп, редакция қыздарының қолынан шай ішіп, асықпай әңгімесін айтып кететін. Тағдырдың жазғанына шара бар ма?! Қапыда айырылған ардақты ағамыздың, ақылшы бауырымыздың асыл бейнесі жадымызда үнемі жаңғырып тұрады. Өйткені ол «Жетісудың» жарық жұлдыздарының бірі болатын. Марат ТОҚАШБАЕВ, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері

3600 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы