• Әдебиет
  • 17 Қаңтар, 2013

Ақындардың дүрі – Майлықожа

мешитСөйлер сөзге келгенде, Ақындардың дүрі едім, Әншейінде көргенде Көп қазақтың бірі едім, – деп өзін осылай таныстыратын Майлықожа ақынның қазақ әдебиетінің тарихында алатын орны ерекше екені еш дау туғызбаса керек. Оған ұлы ақынның соңында қалған мол әдеби мұраларының бір жарым ғасырдан астам уақыт бойы туған халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқаны дәлел. Әйгілі сөз зергерінің шығармашылығы үздіксіз әрі жүйелі түрде зерттеліп, елдің жоғары бағасын алды. Бұл ретте әдебиет зерттеуші ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Әсілхан Оспанұлының ерен еңбегін атап өткен жөн. Зерделі зерттеуші Майлы ақын шығармаларын бірнеше рет толықтырулармен баспадан кітап етіп бас­тырып шығарды. Соңғы жинағы дүлдүл ақынның туғанына 170 жыл толуына байланысты 2005 жылы «Атамұра» баспасы шығарған 864 беттен тұратын көлемді кітабы болатын. Ақын шығармашылығы қаншалықты толық зерттелді, рухани мұралары түгел жинақталды дегенмен, «Ел іші – алтын қазына» демекші, оның бізге белгісіз болып келген дастан-толғаулары, жауһар жырлары, өміршең өлеңдері ел ішінде әлі де бар болып шықты. Осы орайда Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Саттар Өмірзақов басқаратын М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті «Абайтану» ғылыми-оқу және «Қазығұрт» ғылыми-зерттеу орталықтарының ақын мұраларын ел арасынан жинастырып, зерттеп-зерделеуде бірқатар тартымды тірліктер атқарып келе жатқанын айту ләзім. Өткен жазда Саттар ініміз жаңадан табылған өлең сөздің дүрінің әдеби жәдігерліктерінен «Даңқымыз еш ұлыңнан кішкене емес», «Ысты Жұмабай датқа мен қоңырат Сапақ датқаның Көлбай, Иманберді атты балаларына айтқаны», «Ырысбайға», «Майлықожаның қайтыс боларында айтқаны», «Тұрлыбек датқаның қазасына көңіл айтуы», «Майлықожаның беташары», «Не жүйрік өтті дүниеден» (толық нұсқасы), «Молда Қошық датқаның асында айтқаны», «Қошық датқаның баласы Нарбекті жоқтау» атты көлемді жыр-толғауларын маған салып жіберіпті. Әдебиетші-ғалым Саттар Өмірзақов бүкіл руханиятымыз үшін елеулі оқиға, үлкен жаңалық болып табылатын асыл мұраларды жолдай отырып: «Қазақтың ХІХ ғасырдағы атақты ақындарының бірі – Майлықожа Сұлтанқожаұлы. Майлының бүкіл әдеби мұрасын жинастыра, жариялай жүріп, еңбектерінің басылым көруіне, танылуына ерен еңбек еткен марқұм әдебиетші-ғалым ағамыз – Әсілхан Оспанұлы болатын. Бірақ Майлы ақынның әлі де танылмаған, жарияланбаған мұралары бар екен. Оны біз өткен ғасырдың қырқыншы жылдарына дейін жинастырып, жазып алып, аса құнды халықтық мұраларды немересі – белгілі фольклор жинаушысы Қысыраубек Амантаевқа тастап кеткен шаяндық ұстаз Әбді Амантайұлы ақсақалдың қолжазба деректерінен тауып отырмыз. Ақынның ХІХ ғасырдағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін түрлі жағдайда шығарылған белгісіз өлеңдерін Сізге жіберіп отырмын» дейді хатында. «Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ» демекші, Саттарға шынайы ризашылығымызды білдіре отырып, ақынның әлі жарық көрмеген жаңа жыр-толғаулары жөнінде «Ақиқат» журналының өткен 2012 жылғы №9 санында жарияланған «Генерал Черняевті қудырған датқа немесе Майлықожа ақынның толғаныстары» атты мақаламызда арнайы тоқталған болатынбыз. Алайда жарты жылдан асса да осы құнды әдеби-мәдени мұралар көпшіліктің назарына ұсынылмай, елдің игілігіне айналмай келеді. Бүгін біз бәрін бірдей жариялауға газет көлемі көтермейтіндіктен сол шығармалардың бірі – «Майлы ақынның Молда Қошық датқаның асында айтқаны» атты толғауын ғана газет оқырмандары назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз. Осы тұрғыда оқырман қауымға түсінікті болуы үшін Майлықожа ақын суреттеген «Қырық мың ләшкер ілескен Батырбасы» – Молда Қошық датқа жайлы аз-кем мәлімет бере кеткен мақұл болар. Молда Қошық Тоқбайұлы – 1814 жылы он сегіз жасында Қоқан хандығы тарапынан датқа лауазымына ие болған қайраткер тұлға. Ол – Қоқан хандығының Ресейдегі елшісі, Қоқан хандығы әскерінің Бас қолбасшысы (Батырбасы), Ташкент даруғасы (басшысы), мыңбасы, датқа, Ташкенттің аға биі қызметтерін абыроймен атқарған адам. «Елдестірмек – елшіден» дегендей, өз заманының сарабдал саясаткері екі-үш рет елшілік мақсатпен Бұқар әмірі Насриддин мен Мұзаффарлардың қабылдауына барып, Қоқан хандығының ұсыныс-тілектерін жеткізген, бауырлас халықтарды береке-бірлікке, ынтымақтастыққа шақырған, ел ішінде Батырбасы, Ләшкербасы, Датқа, Молда-би, Айдаһар деген лақап аттармен белгілі болған Молда Қошық Тоқбайұлының еңбегі ерен. Қоқан билігіне наразы болған күрескер тұлға өз заманында хан тағайындаған құшбегісі Қанағатшахқа қарсы Ташкент көтерілісін басқарған, сондай-ақ әйгілі Шымкент, Ташкент қалаларында, Алматы маңындағы Ұзынағаш түбінде болған орыс отаршылдарына қарсы жойқын шайқастарға қатысып, елін, жерін қорғауда (қазақтың Сыпатай, Сұраншы, Тайшық, Сыздықтөре, Тойшыбек, Байсейіт, Байзақ секілді т.б. ел қорғаушы батырларымен бірге) ләшкербасы ретінде жанқиярлық ерліктерімен көзге түсіп, абыройға бөленген көрнекті қайраткер. Ол Ресейдің ақ патшасы ІІ ­Алек­сандр­дың қабылдауында болып, генерал М.Г.Черняев басқарған отрядтың құрамындағы орыс әскерилерінің зорлық-зомбылық, зұлымдық-жауыздық әрекеттерін, полковник Н.А.Веревкин жасағының Қожа Ахмет Яссауи кесенесін зеңбірекпен 12 дүркін атқылағанын, басқа да діни-исламдық қасиетті орындарды талқандағанын қаймықпай ашық айтып, бүкіл Түркістан жұртының талап-тілектерін орындатқан халық жоқшысы. Сол тарихи мәні зор салтанатты қабылдаудан кейін Ресей императоры ІІ Александр «Ташкентті алғаны үшін» деген жазуы бар гауһар қылышпен марапатталған, орыс әскерилері «Ташкент арыстаны» атап кеткен қанқұйлы генерал М.Г.Черняевті кері шақырып алып, оның орнына өзінің жиені, генерал-лейтенант, князь Д.И.Романовскийді жібергені, сөйтіп, патша ағзам Молда Қошықтың барлық өтініш-тілектерін (Құдай бұйыртса оларды арнайы таратып жазармыз) қанағаттандырғаны ел жадында. Мұның бәрін көне тарихи жазбалар, мұрағат деректері, ел-жұрт аузындағы аңызға айналған терең мазмұнды әңгімелер, өлең-жырлар айғақтайды. Майлықожа ақын Молда Қошық датқаға байланысты «Алладан пай­ғамбарға келген аят», «Қараның өтті хандары», «Датқалардың Петірбор барғаны», «Құйрығын айдаһардың қайдан бастың?», «Қолыма қағазбенен алдым қалам», «Қошық датқаның баласы Нарбекті жоқтау», «Молда Қошық датқаның асында айтқаны» атты т.б. өлеңдер, жыр-толғаулар арнаған. Датқа жөнінде қаламгерлер Момбек Әбдәкімұлының «Естемес би», Мырзахан Ахметтің «Қоғам қасіреті», Бердуәлі Тұрмағамбетовтің «Сері аға» атты роман, повестерінде біраз мәліметтер беріледі. Ұсынылып отырған жырда датқаның Сарымсақ (Құдияр ханның Ташкентті билеген Сарымсақ деген ағасының атымен қойған), Нарбек, Тоғызбай, Жолшыбек (Петербург сапарына жолға шыққанда дүниеге келген), Жолдас, Үсенқұл, Қадірқұл атты жеті ұлының, Айтымбет, Ахмет, (датқаның тұңғышы – Сарымсақтың ұлдары), Әбдірахман (датқаның екінші баласы Нарбектің ұлы) атты немерелерінің, қазақ өлкесіндегі Байзақ, Сыпатай, Құдабай, Құралбай, Сапақ, Қоныс, Тұрлыбек, Асқарқожа, Мұсабек, Құдайберген, Батырбек, Қанай, Қасымбек, Төртбай, Шоқай секілді тағы басқа қазақ өлкесіндегі, сондай-ақ барша Түркістан жұртындағы (қырғыз Бәйтік сынды т.б.) ел бастаған қайраткерлердің, қол бастаған батырлардың ардақты есімдері аталады. Молда Қошық датқа жайлы тарихи деректер «Егемен Қазақстан», «Ана тілі» және тағы басқа басылымдарда жарияланды. Оларға алғысымыз шексіз. Сол жарияланымдарда айтулы тұлғаның атын ардақтау, есте сақтау үшін іс-шаралар қабылдау туралы ұсыныстар да айтылды. Алайда нәтиже байқалмайды. Үнсіздік. Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы басшылары, одан да жоғарыдағы тиісті орындар әлі ойластырып жатқан болар деген үміттеміз. Бірақ кім біледі?.. Әзірге, ақынның асыл дүниелерін, құнарлы жырларын оқып нәр аламыз, соған қанағат тұтамыз.

Бақтияр СМАНОВ, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Майлықожа ақынның Молда Қошық датқаның асында айтқаны

Датқаның артық еді берекесі, Көлемді ақша бұлттай көлеңкесі. Ат шаптырған Сарымсақ, Нарбек батыр, Әкеңнің құтты болсын мерекесі. Аттарыңды атамай, көңіл толмас, Датқадай ер Дарханға бінә болмас. Әкеңіздің жиыны құтты болсын, Тоғызбай мен Жолшыбек, мырза Жолдас. Молда-би тұлпардай-ақ дабырлы еді, Сасатұғын күндерде сабырлы еді. Үсенбек, өз үйіңнен кетті әкең, Кетердегі сарқыты Қадырбегі. Қарадан батырбасы хандар айтқан, Кәрке еді Алаштың барлығы айтқан. Немеренің үлкені сендер едің, Айтымбет* пен Ахмет*, Әбдірахман*. Батырбасы өлді деп дабысынан, Заман келді қырынан, шалысынан. Айға шапқан атақты арыстандар, Аянбай ат шаптырдың намысыңнан. Датқа бір бұрынғыдан қалған адам, Сендердің кәдірін білмес барламаған. Өркешінен ет кессе бақырмаған, Ақыр заттың нартайлақ аруанадан. Белгісі дегдарлығың әр жеріңде, Заманның ескермедің тар жерінде. Басына тау арқалап, тас көтерген, Берсін де Құдай қуат Нарбегіңе. Датқаны Нарбек жоқта жерге жайлап, Іләжсіз Сарымсақты биге сайлап. Уыттарың ішіңе жаңа келіп, Жатырсың ат шаптырып, енді қайнап. Күнің шықты, ажырап бұлыттарың, Біраз күн жетімсіреп ұлыттарың. Істеріңнің бәрі де шырайланды, Ішіңе жаңа келіп уыттарың. Нарбек айға арыстандай талап қылған, Беліңнен май, тізеңнен қан ақтырған. Дарханға ай жарқырап туды десті, Дегенде Нарбек шықты абақтыдан. Жүйрік ат дем ала алмай терге түсер, Ызғырық таудың басы желге түсер. Қайдағы қатты күнде жақсы таңлап, Алғыр құс сәхіб шеңгел ерге түсер. Нарбек келдің Дарханға бақтай болып, Айланды қара аруақ жақтай қонып. Келдің бе аман-есен Нарбек батыр, Бәйгіде аңға түскен аттай болып. Алашқа айқын еді дабыстарың, Артықша әр кісіден намыстарың. Темір қапас ішінде жатып қалып, Келдің бе есен-аман арыстаным. Сен келген соң ел-жұртың еркейісті, Иілмеген кісілер еңкейісті. Үйіңе есен-аман келгеннен соң, Аты Дархан, ел-жұртың көркейісті. Дұшпаныңнан тұманың түрілгендей, Еліңнің берекесі кірілгендей. Көркейіп, ағайының ажарланды, Қайтадан өлген датқа тірілгендей. Ойладың аруақты қозғағандай, Жаратты Құдай сұңқар өз ғанаңды-ай. Жабырқаған көңілін қуандырдың, Арқаменен тел өскен бозбалаңды-ай. Аяғын елің басты еркін шіреп, Құдайдан ертелі-кеш сені тілеп. Серкесіне қуанды серілерің, Мұңайған сен жоқ уақта жетімсіреп. Берекелі Шошымда* көбі Таңай*, Нарбек келіп жарқырап туған жаңа-ай. Қара аламан уақытта білінбеген, Өтті ме бек патшаның кәдірі қалай. Арғың – Дархан, бергі атың Шошым едің, Тұлпар мініп, дұшпаныңды тосып едің. Абақтыға түскенде аң-таң болдық, Нарбек жоқта заманың осы ма еді?! Заманның өтті биыл жазғанасы, Хіммәтің көп дүниеңнің азғанасы. Ат шаптырған бәйгеңіз құтты болсын, Дархан Шошым, Таңайдың бозбаласы. Байқайды арғы-бергі ақылдарың, Еш уақта алыс болмас жақындарың. Жүдегенде жинаған, бозбалалар, Мерекең құты болсын батырларым. Ықтаттың көкпар болса көрінгенді, Бозбалаң көк шыбықтай өрім болды. Ескеріп, ел айбынып тұратұғын, Ортаңда Нарбек батыр ерің болды. Сотанақтар әржерге келген үстем, Қажығаның жоқ еді қайрат, күштен. Нұрбек, Бише, молда Тәш, Бекей, Құлтай, Құтты болсын жиының, ұрысқақ Рүстем. Мыңбасы, жұрт үлкені бірдей болар, Қашқан сұңқар екі жақ қайтып қонар. Пата берген баласы болыс бол деп, Құтты болсын бәйгеңіз мыңбасы Орал. Орал, Ошан, Сапар мен әкең Ермек, Тиісің бар сендердің жиын бермек. Молда Қошық бәріңнің әкең еді, Талас қылма «Оралға орын бер» деп. Бүгінде Орал тұрсың сақа болып, Басында Молда Қошық бата беріп. Жұрт жақсысы боп тұрсың Орал мырза, Жесірге бай, жетімге ата болып. Үш адам сұрап алдым айдауыңнан, Үй-тамымды бітірдім лайлауымнан. Ісім бітті арыз айтып алдарыңда, Қиғаш кетіп отыр ем жайлауымнан. Көп жігіт дүниенің берекесі, Дәулет құсы басыңның көлеңкесі. Полат елдің болысы, Орал мырза, Датқаның құтты болсын мерекесі. Мың сом алдың, несібең мұндай шаппас, Князьді алдап, айлаңа адам таппас. Кәрке атаңның бәйгісін кәдірлетіп, Сен дағы бір баласы ең мыңбасы Аббас. Ыссы атаға* мереке құра қалдық, Үлкен-кіші бел буып тұра қалдық. Тұрмамбет пен Нұрмамбет, Әбділдә би, Бәйгесі бұл жұрттағы бір ағаңның. Жұртты жидың, ауылыңа қонақтатып, Асты ысырап қылмаңдар, олақ тартып. Жалғыз ағаң жарасқан Молда Қошық, Жараспас атқармасақ, табақ тартып. Бектұрған есті кісі Араншыда, Шанышқылы намысыңа қарарсың да. Малдан, пұлдан аянбас уақыт болды, Ылайықты жеріңде Сарымсақ та. Би болған Сейітмәмбет серкердағы, Бас бастаса, артқысы нөкердағы. Жалғыз ағаң жиынын атқармасаң, Сейітмәмбет болғаның бекер дағы. Кескенде оңлы жігіт өзі Оңғар, Алдында Майлықожа өлең толғар. Молда атаңның бәйгесін кәдірлесең, Оңғар мырза, ісіңді Құдай оңдар. Рамадан Кеңсайдың биі Орман, Өзім деген кісіге болдың қорған. Бидің бәрі орнынан түсіп қалды, Өзің түспей жалтардың нәсілің зордан. Қожамқұлдың баласы Ораз заңдар, Шанышқылыда Мамытсың, ауылың жанжал. Билігіңіз Ораз би құтты болсын, Дәулетің көп деуші еді, үйің малдар. Екінші Ораз Көлтуған Миям Қаңлы, Омырау адам, Дәулетбай бұ да даңлы. Билігіңіз Ораз би құтты болсын, Алыпсыз осы биыл бұл амалды. Шоқшеңгел ауылына би болуға, Бектұрған би қалыпты биыл босқа-ай. Старшыны Дамбай деп есітемін, Алыстан есітуім болды осылай. Бәріңе бір минутта келді бір іс, Жұртты жиып, тарқатпақ қиын жұмыс. Кәрие атаңның бәйгесін кәдірледің, Қайратты ерлер едің Мәтек, Нұрым. Сарымсақ би, Бек ұлы Жаңа арықтан, Өзін баққан бір жігіт даналықтан. Бір сенер Нарбегі ол уақта жоқ, Іләж таппай болықты жаңалықтан. Сақ айттым молда Сұлтан өзім ғой деп, Балалығың көріп ем, көзім ғой деп. Ерулік деп келгенде есіне алды, Айтып едім ескерер кезім ғой деп. Сұлтан танбай келеді жүйрік болып, Құтты болсын деп айттым сүйініп келіп. Бір қаламын шоқылап жүруші еді, Биыл олжа молайды билік келіп. Сұлтанға билік бағы келе қалды, Арман қып жүруші еді ол амалды. Қырық жілік деңгенемен жүруші еді, Бүтін бие сойғандай бола қалды. Старшыны Қалдарбек, Мыңбасы еді, Зорлық қылмай сарттарға тұрмас еді. Бірі болыс, біреуі мырза болған, Уағында екеуі сырлас еді. Аты қалған дүниеде арлағандар, Таңылды жаман атқа сараң жандар. Молда Қожық* бәріңнің әкең еді, Басың Орал, мыңбасы амалдарлар. Молда Қошық мақтауға жарасқандай, Кім азбайды жетпістен ары асқандай. Ат құлағы теңесер уақыт болды, Уақытың осы Нарбекке қарасқандай. Бір жиыны бәріңнің бастығыңның, Қалыңдығын ойлама жастығыңның. Хан, қараға қараулы Молда Қошық, Ағасы еді Қаңлы мен Шанышқылының. Жарасқандай іс қылып жүріспесең, Жалғыз қария қадірін біліспесең. Ауданыңа бір келген мейман-дағы, Үйде құры күменсіп, күріш жесең. Нарбек би шығып келді абақтыдан, Беліңнен май, тізеңнен қан ақтырған. Батырбек пен Қанайға ат шапқанда, Ыса менен Тұрлыбек мал арттырған. Аққойлы Құдайберген жай боп қалды, Қасымбек, Ыса соғымын айдап барды. Сыйқымға жарым сомнан салық салып, Рысқұлбек қарызын өтеп, бай боп қалды. Бұ жерге жеткізді ерді, болып себеп, Би Сапақтың баласы ер Мұсабек. Жалпы жандар жамалқа арқалады, Бірі емес, бәрі бірдей болды әлек. Уақытында әр өзенге қонып өттім, Әр біріне бір мейман болып өттім. Әкесінің асында мал арттырған, Баласы Төребек пен Момынбектің. Шанышқылы, Қаңлы мен арыстансың, Найза ұстаған кезіңде жарысқансың. Айтқанымнан кәриең артық еді, Ескерерсің, ерлерім, намыстансаң. Тең бе еді молда Қошық кісіменен, Теңгерші қылып өткен ісіменен. Батырбасы Ташкентте болып еді, Қылыш, мылтық, найзаның ұшыменен. Жүз елу тән патшаның ұнауында, Оның сөзін еш екі қылмауында. Қырық мың ләшкер ілескен Батырбасы, Қырық шілтен жүрген шығар шылауында. Алтын жүген ауырлап ат басында, Алды болған алаштың датқасында. Көшпелі қазақы адам болып жүріп, Талас қылған Ташкенттің қақпасында. Қазақта Батырбек пен Қанай еді, Биік болған әр жайдан талай еді. Батырбасы амалы қол бастаған, Дәурені заманында қалай еді. Көтеншіде Байзақ пен Қоныс еді, Қоқан жаққа тартумен зор кісі еді. Жиенбай мен Құдабай, ер Телқожа, Заманымның жарасқан оңлысы еді Бұрынғы Шойбек датқа саз-ақ еді. Он жеті ата кек өткен таза-ақ еді. Батырлыққа Ботпайда ер Сыпатай, Шымырда Мәмбет ұлы Байзақ еді. Қожада Асқар, жандарда Сапақ еді, Мұсабекті батыр деп атап еді, Азбен жүріп, топ жиған дәу Сыпатай, Молда Қошық солардың қатары еді. Қожабек датқа, Әжібек, Темір Төртбай, Болып өткен заманы жалын оттай. Ойланбастан сөз айтып, орындатып, Бестамғалы Ыстыдан озған Шоқай. Керуен кетіп барады қатар-қатар, Қонысы алшақ, білмейміз бары-жоғын, Бір жақсы бұрынғыдан молда Сапар. Қаңлыда Құдабай мен Құралбайды, Ақыр өлмей еш пенде тұра алмайды. Тойында атқа қосылған Әбілда бар, Керуен көштей жарасып жүре алмайды. Қылық би көп бектердің қалды артынан. Ақыры жолдасының барды артынан. Аузы түкті кәпірмен қарсы болып, Бір барып қайтып еді Алматыдан. Қырық мың ләшкер ешкіммен ілескен жоқ, Қырық сан Барақ Тәшкенмен тірескен жоқ. Уағында әрқалай озып еді, Мұндай ешкім ерлікпен күрескен жоқ. Молда-би ағасы еді Шанышқылының, Қайраты артық еді жас күнінен. Сыпатай, Байзақ, Молда Қошық Тура сөзді деуші еді жақсылығын. Ілгеріде Сіргелі Пышан өтті, Полаттарды дүниеден босаң етті. Сыпатай, Байзақ, Сапақ, Молда Қошық Ол қақта айтушы еді қошеметті. Қырғызда Бәйтік, қазақта Құдайберген, Әкімге сөз сөйледі ыңғай жерден. Қара қазан, сары бала қамын айтып, Молда Қошық жұрт арызын сұрай берген. Бір жұрттағы жақсы еді ұлық өткен, Алты айлық жер дабысын біліп өткен. Жеке мөһір Тәшкентке Батырбасы, Заманына жылдамдық қылып өткен. Қалған бір кәрие еді ескі жұрттан, Есендігін сұраушы ек жатып сырттан. Елеулі ел ішінде бір ер еді, Қара қазан бектердің ісін тұтқан. Аты Алаштың ішіндегі Шора қалып, Жараспады жаңа жұрт ара қалып. Бұрынғы ерден соң қалған жалғыз көрпе, Заманы енді қалды жаңаланып. Қырық мың жырау билердің қосынында, Жүріп кеткен қара жол жосылды да. Арып-азып келдім деп арттарыңнан, Жолдасыңның бәріне қосылды да. Белгілі бектің ұлы батыр Нарбек, Заманың осы биыл өтті тар боп. Атымтайдай іс қылып ат шаптырдың, Жиының жақсы болғай, Құдай жар боп. Халық ішінде датқа зор кәдірлі еді, Атын айтса, алты Алаш таныр еді. Қаңлы менен Шанышқылы есіне алар, Әр Жайдақ жақсы жайдан тамыр еді. Мыңбасылар келеді құрамадан, Нағашысы датқаның Рамадан. Әбдірахман мыңбасы нағашысы, Мырза жігіт деседі, қылар жәрдем. Әбдірахман әкесі молда Қоныс, Шарапхана болысы оңлы болыс. Анасының төркіні дегдарлықтан, Молда-би ойдан, қырдан озған тегіс. Айнақұл тоқталғанға арман етті, Тойтөбеде мыңбасы Нарманбетті. Тарқатайын жиынды қолыммен деп, Нарманбет мыңбасыдан хабар жетті. Ахметжан екі тілге бірдей жетік, Саңырау елі сайлаған болыс етіп. Қарадан төре туған тұлпар жігіт, Осы асқа келеді деп судан өтіп. Жұрт жақсысы болып шыққан жолыменен, Тұйғынбай оқы бірдей солыменен. Мәлім еді Алашқа бір кәрием деп, Атқарғалы жиынын қолыменен. Ботбай байдың баласы молда Бише, Көл суалар, жарасар дабыл түйсе. Бұл жиыны датқаның – жақсы тарқар, Берекелі бектердің пәйізі тисе. Енді ауылыңа құрылды қызық базар, Елі жаман руының жақсысы озар. Дарханының намысын жерге салмас, Ақжарда Бекзат жігіт молда Назар. Датқаның өз құдасы Омар еді, Есботаның жайқаны болар еді. Мұсылманның уақытында ер еді деп, Омар бидің дауысы шығар еді. Датқаның шыққан елі Дархан еді, Арқасында тел асау тартпақ еді. Нарбек батыр жиының құтты болсын, Ат шабылып жатқаны артпақ еді. Өрге жүзген нәһәндай су ішінде, Қайратыңмен басқардың жұмысыңды. Мүйіз жонар ұстаның пышағындай, Жаратқан Құдай артық туысыңды. Әлі де көп қадірің халыққа өтті, Абақтыдан шыққаннан даңқың кетті. Жалғыз Иса болмаса баласында, Сарамжал болмас еді Батырбек те. Жақынының жаулығы мол болғанда, Баласы Есқараның толғанғанда. Қызың бәйгі Қанайға болмас еді, Туысы артық Тұрлыбек болмағанда. Аяғыңды жүйріктей сүріндірдің, Сүрінсең де бәйгеге бұрын кірдің. Хан, қарадан даңқы озған Молда Қошық, Ерлікпен аруағын тірілдірдің. Әкеңнің даңқы жұртқа таныс еді, Нұрбек батыр әріт қалды сенде. Дархан, Саңырау, аржағы Балық, Күрпік, Ат шаппасаң өзіңе намыс еді. Айтқандай Молда Қошық бар еді де, Аты Айырылмас* ойланар нар еді де. Ерлігіңді Шынышқылы енді ескерер, Дүние қалмай, заманың тар еді де. Қозы айдауға қосылдың күйің келмей, Дүниенің аздығын тиын көрмей. Көкірекке салдың да батырлықпен Қайраны көп екенсің қарындасқа. Елің сенен ешуақытта тарылмас та. Дархан, Саңырау, аржағы Балық, Күрпік, Жарастықты іс тұттың айырылмасқа. Қояр деп ек дүниең кемдікпенен, Ақыр затың сүйреді беглікпенен. Құлжан батыр өлгенде, Қанай датқа, Осындай істер қылған ерлікпенен. Қанайға Құдай берді қалың бағын, Қолмен тасын айналтқан диірмендей. Қоңыраттан артық қылды мал мен жанын. Өлі ырза болмай – тірі байымас, Енді, Нарбек, күшейер аруағың. Бек боларсың еліңе жұртыңды алып, Тұлпардың баласы едің мың тілләлық. Көтергенге көбейер жақсы аттылар, Қасиетін қадамыңның қалдық танып. Енді саған аруақ келмей қалмас, Жүйрігіне жұрт жәрдем бермей қалмас. Әсіл бала атадан сендей туар, Ешкім жалған дүниеден өлмей қалмас. Өзіңдей жақсылардан сөз қайыңды, Ойладың малдан кешіп, озғаныңды. Есіткен ер ақыңа дуа қылар, Аруақ көп қыдырлы қозғайын-ды.

23748 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9519

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7536

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5282

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4661

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4625

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4582

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4320

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4312

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы