• Әдебиет
  • 17 Қаңтар, 2013

Құлбекше жаз сыныңды...

КулбекАқынды ақын оқымаса болмайды... Бұлай деп кім айтты?! Мұқағали ма, дәл қазір кім екені жадымда жоқ, бірақ әріптес қаламгер, іні, дос, сыншы Құлбек Ергөбектің жаңа кітабы «Өлеңсөз» қолға тиіп, алғашқы бетін ашып оқи бастағанда-ақ нақ осы бір жыр жолы еріксіз ойға оралды. Неге? Өйткені мен өлең туралы сөздерді емес, сол өлеңдердің өздерін оқығандай күйге бөлене бастадым. Ақындар ғана емес, сыншылар ғана емес, оқырман-халық оқитындай өлеңдерді... Иә, шын ақынды – ол тіршілікте бақталас па, жоқ жыр дүниесінде тақталас па, соған қарамастан ақын оқымаса, жылы жауып қойса, оқымай бағаласа, сөз айтса, бұл – болмайды ғана емес бір қайғы. Бұл байлам бұрынырақ кеңес кезінде айтылғанмен, ақиқаты қазір тіпті дендеп тұр. Тіпті қазіргі заманғы басты бір қасірет – осы оқымау десек асыра айта қояр ма екенбіз. Ау, ағайын, ал айтыңызшы, біз орыстан құтылдық, отаршылдықтан босандық, бірақ Абайдан, Аймауытовтан, Аманжоловтан, Ахтановтан азаттық алған жоқ едік қой...

Қазақ қайта мұндай төл ақыл-ой алыптарымен табысуға, қауыша түсуге тиіс еді ғой. Егер бұлардан да бостандық алсақ, бо­сансақ – онда жеткен, жетіскен екенбіз. Бұл – бұрынғыдан да гөрі бодан, құл болудың, тіпті тұл болудың төте жолы емес пе?! Ендеше толық тәуелсіздікке, анық азаттықты иеленудің шынайы жолы, таптырмас тәсілі – Сұлтанмахмұт Торайғыровтармен етене танысу, Бұқар жырауды, Махамбеттерді айт­пағанда, Жұбан Молдағалиев, Тоқаш Бердияров­тармен шын табысу болып шықса керек. Сыншыны ақын оқымаса, болмайды... Біз осы Сұлтанмахмұтты білеміз бе?! Жиыр­масыншы ғасыр басындағы Жыр Сұлтанын... Не жасыратыны бар білмейміз. Торай­ғырұлының кім екенінен көбіміз мақұрымбыз. Ал оны – Сұлтанмахмұтын білмеген ел, ал айтыңызшы, білімді ме, озық па; Абайын, алашының Арыстарын білмеген мемлекет, ал айтыңызшы, мәдениетті ме, жер бетіндегі елеулі елу елдің қатарына қосыла ма?! Жә, біз бас жаққа барыса бермелік. Ең дұрысы – мұндай елдік олқылықтарды, сорақы сорлылықтарды, мемлекеттік міндерді түзеу. Ал мін түзеу үшін сын түзелуі керек. Демек, бұл үшін де ең алдымен түзелген сындарды, Құлбек Ергөбектің қаламынан кеше жаралғанмен, бүгін туғандай бітім байқататын түзу сындарды оқи бастауымыз орынды. Ерге – шарт, елге – қазына... Жалпы, төбесінің тесігі бар біразы­мыздың хабарымыз бар: Сұлтанмахмұт небәрі 27 жыл жер басып, өмірден қыршын кеткен ақын. Бүгінгі өмірімізде жиырма жетідегілердің көбі – әлі бала, шәкірт-студент, асып кеткенде жас маман. Ал Сұлтанмахмұт жиырмасында дара, дара ғана емес, дана. Кемеңгер ақын, кемел азамат. Міне, осы айрықша ажарлы шындықтарды Құлбек Ергөбек 1982 жылы жазылған «Құбылыс» және 1992 жылы жазылған «Дүлдүл ақын, дүлей жыр», «Сұлтанмахмұт социализмді қалай түсінеді?» атты шағын мақалаларында жарқыратып жеткізеді, жан-жақты өзінше өзгеше ашады. «Дара дарынды дәуір туғызады. Дара дарын дәуір сөзін айтады. Дәуірдің бет келбетін танытарлық, болмысын байқатарлық, керек болса тарихи бедерін айқындарлық өлшем де – сол дарындар сөзі. Біртуар дарынға шалалықтың жараспай тұратыны – қарапайым балалық бұйырмайтындықтан. Балалық ондай жағдайда мерзімінен бұрын қол бұлғап қоштасады да, даналыққа жол береді. «Балалық өтті, білдің бе?» (Абай) деп өзді-өзіне ерте есеп беріп, ерте есейген дарын атаның баласынан адамның баласына өтеді. Бұл – шынайы пенделік өмірден қоғамдық өмірге өтуі». («Өлеңсөз», «Ел шежіре» баспасы, 2012, 18-бет) Міне, осы Сұлтанмахмұттың жиыр­ма жасында-ақ дара болып, жиырма бесінде-ақ дана болуының сыры неде. Құлбек бұдан 20 жыл бұрын-ақ өзінің дарындылығын байқатып, даралығын танытып, Сұлтанмахмұттың суреткерлік қырына, ұлылық бітіміне дәл диагноз қойыпты. «Өзі үшін емес, халық бақыты үшін өмір сүрген, халық бақыты үшін күресіп өткен қуатты қайраткерлік ойдың ақыны Сұлтанмахмұт Торайғырұлының шығырмашылық зор мүсін болмысын жарқын аша алып отыр. Және жалаң, жадау емес, жанды дерекпен, жайнаған дәйекпен, ғалымдық біліммен, сыншылық білікпен тамаша таныта алып отыр. «...Екі ғана сәт жеке аңсарына жол беріп, махаббат отына оранып, маздап көрді. Бірінде еркінен тыс айырылды Бағиласынан. Екіншісінде өзінің ғұмыры сөніп бара жатқанын ойлап, өз еркімен махаббат сезімінен сүйе тұра бастартып, сүйе тұрып сүйіктісі – Мәликеге рұқсат беріп жіберді. Қалған ғұмырдың баршасы – қоғам өміріне, әлеумет бақытына жұмсалды» (аталмыш кітаптан 9-бет). Құлбек Ергөбектің деректі, нақты тануының бір көрінісі емес пе осы жолдар?! Дара дарындарға көбіне-көп тек өзіндік тегеурінді көзқарас шатырлаған табанды мінез, қайтпас болмыс-бітім тән. Сұлтанмахмұт та осындай жас, жалын жан болған. «Алаш ұранын» жаза тұра алаштық ортаға сыймайды. «Айқапқа» бар күш-қайратын жұмсап, жалындап жаза жүріп «Айқаптық» ортаға сыймайды. «Таныстыруда» өзі мақтап, мадақтап жазатын Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлының қайсысымен арасынан қыл өтпес тығыз қатынаста болды дейсіз?! Ұлт тағдырына деген мүдделестік табыстырды. Кедей-бұқараға деген жетімсіз көзқарас ажырастырды. Міржақып өлеңдерінің дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп мақала жазды. Сын жазды. Сын көзімен сығалай қарап отырсаңыз, Сұлтанмахмұт ақынның қай топ көсемдерімен де арақатынасы жеке бас есебіне құрылмаған. Гәп – халықтық мүддеде. Гәп көзқараста... «Мен өз пікірімді дүниеге шығаруға кісі бетіне қарамадым. Махмұт – қайбір адамның көңіліне қарайтын адам. Сондықтан келісе алмадым» деді ол «Айқаптан» кету себебі жөнінде. Сөйте тұра жеке мінез ғана емес, бұл жерде қалың бұқара халыққа деген көзқарас үлкен рөл атқаратынына ден қоймасқа болмайды». (10-бет). Құлбек Ергөбектің дәйекті диалек­тикалық дәрменді тануының нақты да шынайы көрінісі емес пе осы жолдар?! Қараңғы қазақ көгіне Өрмелеп шығып, күн болам. Қараңғылықтың көгіне Күн болмағанда кім болам?! Мұздаған елдің жүрегін Жылытуға мен кіремін. *** Тұрмас маған от шашып, Бар дүниені лау қылшы. Түйдектеп үйіп қайғыңды, Абылай аспас тау қылшы. Көзіңнің құны бардай-ақ Аяқ бассам, ау құршы. Бермек тұрсын өзіме Жала жасап, дау қылшы. Сөндір ай мен күніңді, Тек денімді сау қылшы!.. Тек өлең төрінен, өмір өрінен табылып, осылай өр, ер жырлай алған кімің бар?! Туған әдебиетімізде ғана емес, жаһан жыр әлемінде. Сирек қой. Өте сирек. Бәлкім Жорж Байрон, Михаил ­Лермонтов, Уолт Уитмен, Мағжан Жұмабаев. Жалпы Сұлтанмахмұт поэзиясы тұтастай алғанда да өр, жасын. Сондықтан да шығар «С.Торайғырұлы өлеңдерінде найзағай күркірі бар. Әдетте жасын көкте шатырлап, шарпысып жерге құламай ма? Ал Сұлтанмахмұт өлеңдері түн-түнектен жарқылдап көкке атылған найзағай жарқылы сынды қайшыласқан мінезге толы ғажап құбылыс» дейді Құлбек Ергөбек те. Бұдан кейін дәлірегі – бұдан 30 жыл бұрын Құлбек Ергөбек және былай деп жазыпты: «Қыран ғұмырлы ақын мұрасының кең танылып, терең ыждағатталғаны үшін қазақ халқы бір адамға, сол ғалымға әсіресе қарыздар деп білеміз. Ол – Сұлтанмахмұт мұрасын зерттеуге жарты ғұмырын жұмсаған айтулы ғалым, табанды зерттеуші, профессор Бейсембай Кенжебайұлы! Қазір С.Торайғырұлы және оның мұрасы 20-30 жылдардағы ұлтшыл, 40-50 жылдардағы клерикалық-буржуазиялық, 60 жылдардағы адасты, алашордадағы қызмет еткен деген қаңқу сөз, қате бағалаулардың бәрінен тазарған. Қазір «С.Торайғыров – Абайдан кейінгі ұлы ақынымыз» деген профессор Бейсембай Кенжебайұлы концепциясы орын тепті. Ұлы ақын – қазір халқының құшағында» (18-бет). Бәлкім, бұл сөздерді Құлбектің Сұлтанмахмұт туралы үш мақаласының осы кезге дейінгі, уақытша бір түйін-нүктесі деуге болар. Дарынды ғалым, дара сыншы Құлбек Ергөбектің аялап танып, алашына айқара таныстырған Сұлтанмахмұты – ол айтқан дәуір сөзі, міне, осындай. Әрине, оның бұл айтқандары – түгел сөз емес, түйдек сөз екені түсінікті. Біз соның өзінде тұлға Торайғырұлының басты белгі-бедерлерін тауып-танып қалмаймыз ба? Дау жоқ, әркімнің өз Сұлтанмахмұты бар. Әрине, ол әркімнің аталмыш ақынды түсіне білу дәрежесімен, өз жан дүниесі әлемімен туыстырып, табыстыра білу деңгейіне сай бөлініп, ерекшеленбек. Яғни әркім Сұлтанмахмұттан өз керегін табады, өз жан-жүрегіне жақын от-сәулелерін алады. Бұған қарамастан бар алашқа, барша адамзатқа да көктен күн болып шоқ шашар Сұлтанмахмұт Торайғырұлы тағы бар. Сыншыны халық оқымаса, болмайды... Байқайсыз ба, қазағым деп ғұмыр кешіп, өлең жазып, өрт кешкен, көзі тірісінде қараңғы көгіне күн болып өрмелеп шығып, шуақ шашқан Сұлтанмахмұтты кеңес өкіметі халқынан алыстатып, ажырату үшін арпалысқан. Бұл ретте қазақтың қараңғылығы бізге бөтен, жат билікке керемет көмектескені өз алдына зиялыларымыздың алауыздығы, білімсіз дүмшелігінен туған надандығы «іштен шыққан індет-жау» болғаны да айдай анық ақиқат. Әйтпесе ақынын алашынан ажырату – денеден басты бөлгендей қисынсыз келеңсіздік екенін айтып, Сұлтанмахмұтты топырағына қайтару үшін ақты ақ деп дәлелдеп, күрескер ғалым Бейсенбай Кенжебайұлы жарты ғұмырын жұмсап арпалысар ма еді?! Аңғарасыз ба, арамызда өзі жоқ ақын сөзіне жарты ғасыр бойына қандай бәле-жалалар жабылғанын. Бүгінде солардың бәрінен Сұлтанмахмұт мұрасы ағарған, тазарған дейді Құлбек бауыр. Бұл 1980 жылдардың кезіндегі шындық екені де кәміл. Алайда содан бері арада өткен 30 жыл нені көрсетіп отыр?! Қазіргі таңда ұлы ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлы өз ерлігіне сай, еңбегіне – от шашқан жалын-жасын сөздеріне лайық құрметтеліп отыр ма?! Мен – қазақ. Қазақпын деп мақтанамын, Ұранға «Алаш» деген атты аламын.Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын, – деп жазған Сұлтанмахмұт туған халқының құшағында ма?! Уәж белгілі. Олай болса бұдан 30 жыл, 20 жыл бұрын жазылған Құлбек Ергөбек сөздері ескіріп пе? Әрине, жоқ. Гәп – нысана Сұлтанмахмұттың сөздері өлмейтін-өшпейтін асыл жырлар екендігінде ғана емес. Гәп – Құлбек Ергөбектің сол ұлы, ұлық Сұлтанмахмұт шығармашылығын терең танып, ұлы тұлғасына лайық ойлы, отты сөз айта білгендігінде. Кешегі күнге қоса бүгінгі өмір тынысымен де өзектестіріп, тәуелсіздігіміз мүддесіне қызмет етер түзу сын – өлмес-өшпес сөз өре білгендігінде. Сонымен, Құлбек Ергөбектің Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы үздік үш мақаласын бір түйіндеп тастар болсақ, мәселе – әрқашандағыдай ақиқатқа ғана емес, әділдікке – Ерді әрқашан еңбегіне қарап елеуге, өмірден өз кезіне қоса жаңа дәуірлерде де төл орнын алып беріп отыруға тіреледі. Ендеше жоғарыда айта да кеткеніміздей, міндет – Бейсембай Кенжебайұлының Сұлтанмахмұты анықталып, Құлбек Ергөбектің Сұлтанмахмұты айқындалуында ғана емес. Негізгі міндет – алаштың ақыны, ақылманы Сұлтанмахмұттың ХХ ғасырға қоса ХХІ ғасырда да өлмес-өшпес бейнесі өлеңімізде ғана орнықпай, өмірімізден орнын алып, жасампаз ғұмыр кешуінде. Қайран Сұлтанмахмұт «Социализм» атты мақаласында: «Адам баласының ауыр күнкөрістен құтылып, бақытты болуына себеп болатын Еуропадағы ғылымды мен екі жікке айырып ұғамын. Бірі – дене азығы, бірі – ар азығы... Ар азығы – әділдік. Ар азығынсыз құр өнердің өсуімен басқалардың бақытты бола алмағаны секілді келешекте қазақ та бақытты бола алмайды» деп жазып, өз заманынан озып, бүгінгі күніміз бітім-болмысын да тап басқан ұлы Сұлтанмахмұтты қазақтың күнбе-күн тілдесіп-жүздесер таным-тәлім қайнарына, сын мен мінді де түзер өнеге-өнер мектебіне айналдырсақ, оның адамзаттың Сұлтанына айналуының да ауылы алыс емес екендігі анық. Сыншыны халық оқымаса, сол – қайғы... Әрине, халықтың ішінде алдымен – әдебиетші әріптестер, ұстаздар, әсіресе өздерін кісіге қосатын, элитаға жатқызатын зиялылар оқымаса болмайды. Мұның ішінде де әуелі Құлбек Ергөбектей сыншылар кітаптарына, эссе-мақалаларына ден қойып жатса, тіпті артық емес. Себебі бүгінгі таңда қолына қалам ұстағандар көп. Жазғандары, жарқыратып шығарып жатқандары – бал қымыз ба, жоқ ауыздан дәмі кетпейтін уыз ба, әлде бірте-бірте «өлтіретін» у ма, жоқ суы көп, ішіңді тесетін шалап па? Осыны ажыратам десең, аққа жарып, адалдыққа барып, алаш азаматы болам десең, сыншылардың жазғанын оқы. Әрине, мұнда да мойылды ұн деп, сойылды сын деп алданып қалмаған абзал. Асылы, «Өлеңсөздей» кітаптар, өміршең мақалалар – авторлар түгіл ақынды да, оқырман түгіл алашты да адастырмайды. Осы тұста кейіпкеріміздің өзге ғалым, басқа сыншылардан бөлектейтін төл ерекшеліктерін де сәл айта кеткен жөн шығар. Құлбек – дарынды сыншы деген кезекті сөз; ол – дара сыншы; бәлкім, жалған сыпайылықтан қашып, көзі тірісінде көсемсіп кетеді деп қорқатын жаңсақ «адамгершіліктен» асып, ашығын айтсақ, дана сыншы. Неліктен дара? Қай қасиетімен дана? Білімділік, біліктілік – сыншыға өз-өзінен тән болуға тиісті сымбат-сипаттар, әрбір сыни дүние де әдебиеттануда жаңа сөз болуға, жаңалықтар ашуға міндетті. Ал Құлбек Ергөбек ең бастысы – сүйіп-күйіп жазады. Содан соң ақтарылып айтарына, ашар ақиқатына лайық түйіп-тауып жазады, шынайы естелік қосады, әдемі эссе өреді, жүрегінен шығарып тебірене-емірене жазғандықтан жүректерге жетеді. Оның мақалаларында өнегелі, өрт бітімді өлеңдерге қоса шынайы өмір жүреді. Көбіне-көп оның мақалаларының көркем әңгіме, көрікті сыр болып бойын түзеп, ғылыми құнды, сыни қызықты оқылатыны сондықтан . Ақындар ағасы – қазақ жырының бір әлемі Әбділда Тәжібаев. Бүгінгі мектеп шәкірттерін, тәуелсіздік тұсында туылған жастарды қайдам, біз бұл ақынды мектептен біліп өстік. Теледидардан көрдік, өзімен де кездестік. Ол туралы хрестоматиялық байлам-ақиқаттар, тіпті көпшілік білетін білім-ұғымдар баяғыдан белгілі. Бірақ Құлбек Ергөбек осының бәрінен де бөлек әңгіме айтады, соны сыр шертеді. Ақын өмірі мен өлеңінің өзі тапқан тосын, тың беттерін алдымызға тартады. Ақындықтың жеке бір өзені, Сырағаң атанған Сырбай Мәуленов. Біз Құлбектің бұл асқар биік, қазақ әдебиетінің жеке белестері болып табылатын ақындар туралы айтқанына аялдамай, «Тоқашқа айналған Торқысбек» деген мақаласына сәл тоқталайықшы. Осы ақынды да талай көріп, тілдескен едік. Жырына бойлаған едік. Бірақ жетім өсіп, ауыр тағдыр кешкенін онша білмейді екенбіз. Келес қазағы Торқысбектен ақиық қазақ ақыны Тоқашқа айналған Бердияровты Құлбек естелік, деталь, эпизод араластыра талдап, жақын таныстырады. Ол неге үйленбей өтті? Неліктен тентек ақын атанды? Тораңғылды қалай жырлады? Нендей сипатты ақын еді? Қ.Ергөбек осы сұрақтардың бәріне дерлік ажарлы да ақиқат жауап бере алған. Ажарлы айта алу – Құлбек үшін емес, ал ақиқаттың өзегі тар, қабығы қатты. Алашқа аршып жеткізу шарт. Шабыттанып шарқ ұрып анда-санда, Бір желпініп аламын жыр жазам да. Есік тойым болмапты есейгенде Бесік тойым өтіпті бір заманда. *** Бурыл бас деп тақпай-ақ қой маған сын, Өз өмірім – алаулаған арай таң. Шашым мейлі ақ еңбекпен ағарсын, Жүрек жаман зұлымдықпен қарайған. Тоқаш Бердияров – қазақтың арай таң ақыны. Мұны алға тартып, айтып қана қоймай, ашып-айғақтап отырған – қазақ сыншысы Құлбек Ергөбек. Жалпы Құлбектің бұл кітабындағы қайсыбір дүниесі де көлеміне қарамастан, кенеулі, келелі. Шағын болса да, шалқарға салса да, қарымды, қазыналы. Өз басым менсінбей, елемей жүрген, ортақолдан да төмен, әйтпесе ортақол деген сеніп жүрген талай авторлардан оның ақындық тапқанына және соны әдемі де әрлі дәйектеп, дәлелдей алғанына сүйсінгенім өз алдына, мен білемін, маған жақсы таныс деп жүрген ақындарымның жаңа қырларын тапқанына, сол тапқанын оқырман халықпен ортақтастырғанына да талай рет тәнті болғанымды жасырғым келмейді. Осы тұрғыда әсіресе «Қазақтың қыздарына қайран қалам», «Ақын еді ол көкірегіне гүл өскен» (Сабырхан Асанов), «Бекен ақын – жырлары оның бекем ақын» (Бекен Әбдіразақов), «Жолайрықта немесе жарылмаған жанартау» (Жүрсін Ерман) атты эссе-мақалаларының маған да бергені көп, халық үшін де інжу-маржан тергені көп. Бір-екі-ақ мысал келтірсем, Мариям Хакімжанованың Сталинді жырламаған, кеңес өкіметін мүлдем қабылдамаған қаһарман ақын-ана екенін Құлбек бірінші рет хабарлап отыр. Жас кезімізде көбіміз сүйсініп, қазақтың қайраткер қызы деп үлгі тұтып өскен Алма Оразбаеваның өмірі қандай өксікті, тағдыры қандай аянышты еді. Алаштың ақмаңдай, ақиық азамат ақындарының бірі Сабырхан Асановтың өткен 2012 жылғы 75 жылдығы Құлбектің осы мақаласы болмаса, атаусыз қалғандай екен. «Қазақ әдебиетінен» оқыдым да, авторына алғыс айттым. Соңында 1997 жыл деген мерзім тұрмаса, осы биыл – ақын мүшеліне арналып жазылғандай жаңа, жақсы мақала екен. Ақ таңдарға айтып кетсем деп едім, Шатқал жарға айтып кетсем деп едім. Өзің жайлы айтып-айтып болған соң, Келген ізбен қайтып кетсем деп едім. Сабырхан Асанов – жан сырын, өмірге махаббатың, жарға ғашықтығын ақ таңдарға, шатқал жарға айтып-айтып кеткен ақын. Айтып-айтып болған соң, мәңгілік мекеніне қайтып кеткен ақын. Осындай ақынды Құлбек болмаса, қалғанымыз ескермеуіміз қалай?! Бір-екі мысал келтірсем десем де, Құлбектің жазғандары бұл сөзімді бекерге шығартады. Оның сынынан және-және отты ой-мысалдарға, тамаша талдау-айғақтарға жүгінгің келеді. Олар – тұздық қана емес, тамаша туындылар ғой. Мәселен, ол қазақтың қазіргі белгілі ақындарының бірі Жүрсін туралы да қызық, құнды мақала жазған. Қызығып шынды, сынды айтқан. «Жасырары жоқ, Жүрсін де қазақ поэзиясына осынау жылдарда сан рет келіп, сан рет өлең есігін тарс жауып, сырт айналып кеткен ақындай көрінеді маған. Өйткені ізденісі біркелкі емес, әркелкі. Бірақ ізденістен тыс ауа жайылып жүр деуден аулақпын. Ақын табиғатын өлеңдері арқылы бақылаған адам оның әрдайым өлеңге келгенде дәстүрден тыс тұрып сөйлей бастап қазақ поэзиясы дәстүріне айналып қайта келетінін аңғарады. Кейде дәстүрлі бастап дәстүр аясын кеңіте жырлап бара жатады. Ең бастысы – сол ізденістерінің дені саналы. Алайда поэзиямен шындап шұғылдануы – стихия­лы... Сондықтан да Жүрсін өлеңдерінде кездейсоқтық пен заңдылық телқабыс түсіп жатады. Ақшадағы Абайдың обалына қалған да – Жүрсін. Бұғының мүйізін кестірмеймін деп жүрген де – Жүрсін. «Мен игенмен жерге, Ол ұмтылады төрге» деп басына ие бола алмай жүрген де – Жүрсін. Жүрсіннің осы өлеңдерінің бәрінен де Қоғам мен Адам үйлесімсіздігі қылаң береді...». (363-бет) Сыншы Құлбек Ергөбек айтса айтқандай, мұның сөзіне Жүрсіннің жыры дөп. Қайқаң белді қасқа жол жатыр бөліп, Бұрылыста – тағы бір натюморт: Ұйқылы-ояу киіктің құралайын Ұйқылы-ояу қарағұс отыр қорып... Сыншы айғақтағандай, шумақ-жыр қос қыртысты. Алғашқы қабаты – өлеңдегі сурет, екінші қабаты – адамзат қоғамының алмағайыптығы. Иә, киіктің лағы ұйқылы-ояу болуы әбден мүмкін, ал қорып отырған қарағұс қалғи қояр ма екен?! Ескі дерті қазақтың дерсің мұны, Түңілтеді тобасыз ер сұмдығы. Сарқытыңнан садаға кеткірлер-ай, Бірі – рушыл ағаның, жершіл – бірі... Ақын Жүрсін осылай жырлай берсін. Сынға толымды нысана болса, өнерге – болымды арқау, өмірге – жалынды өзек болар шағы да алыс емес-ау... Сын туралы, сынға нысана болған ақындар туралы ой-пікірлерімізді бір түйіп тастасақ, онда қазіргі көзі тірі ақындарымыз туралы осылай Құлбекше жазу керек дегіміз келеді. Мейлі, ол қаламақы-табыс тапқызар қоймақала болсын, мейлі ол иыққа шапан жапқызар ақын 60-70-ке толуына арналған тоймақала болсын. Таңдансаң-таңдан (таңданарлық бір нәрсе тапсаң), еркіңде, тамсанба. Таңдану талдауға ұласып, тең түсіп жатсын; танымың ақындық ақиқаттан қашпай, кең түсіп жатсын. Ал біз бүгіндері өтірік мақтаймыз. Не мән жоқ, не дән жоқ, не дәм жоқ. Ақыр соңында онымыз алаштың жады түгіл автордың есінде де қалмайды. Мұны айтып жатқанымыз – ... Асылы халық бағзы заманда-ақ айтып қойғандай, сын түзелмей, мін түзелмейді. Яғни өнер-өлең түзелмей, өмір түзелмейді. Демек, бұл тұрғыдан келсек, сын – бірінші, жетекші жанр ғана емес, көпті бастаушы, көшті түзетуші көсем жанр. Бұдан шығатын басты қорытынды – көсемге қашан да көзі дара, дана болуы керек, көзі – көреген, тура, сөзі – түзу, әділ болуы керек. Ендеше бүгінгі әдебиетімізде ғалым болып сыншы атанып жүргендердің көбі – санда бар да санатта жоқ, қара көбейткендер десек қателеспейміз. Кемең­герлік, кемелдік кереметтігі өз алдына, кез келген өлеңді көруде, қайсыбір өнер тың туындыларын таспадай тіліп, қамшыдай шебер өруде, күрделі өмір құбылыстарын тамыршыдай тап басып, баға беруде Төле бидей те­реңдік, туралық танытпаса, Әйтеке бидей әрлі­лік, әділдік көрсетпесе, қалайша оларды Қазақ сөзінің қапысыз Қазыбек биі дей аламыз?! Біз 60 жасқа толуы себеп, жарық көрген жаңа кітабы «Өлеңсөз» сеп болып жазылып отырған осы мақаламызда анық ғұлама ғалым, сарбаздықтан баяғыда-ақ өтіп сардарлыққа көтерілген сыншы Құлбек Ергөбектің, абзал адам азамат Құлбектің Алтай асуларындай алты қыры, туған даласындай сыры бар болса да, бұл жолы бір-ақ қырының біраз сырларын ғана алға тартып отырмыз. Өйткені бұл жолы мұның бәрін қамту тіпті де мүмкін еместігін айтпағанда, ол – мақсат та емес, міндет те емес. Біздің қолдан келері – теңізден тамшы татыру. Біздің қолдан келгені – Ергөбектің салқар сынынан оқырманға сүбелі сыбаға ұсындық. Нәрлі сын – дәмді сыбаға. Бұл сөзімізді жоғарыда жеткілікті делелдедік деп білсек, мұны бүгінгі абыз ағамыз, Қазақ әдебиетінің білгір Қазыбек биі Әбіш Кекілбайұлының мына бір: «...өнеге көрген Сіздің ұлттық әдебиеттануымыз бен әдебиет тарихының заманға лайық жаңа методология­сын жасақтау, академиялық орнықтылығы мен кемелдігін қамтамасыз ету жолындағы тыңғылықты ізденістеріңізге сүйсінемін. Жиырмасыншы ғасыр әдебиетінің талай асқаралы тұлғалары мұрасының жан-жақты зерттеліп, әділ бағалануына, өтпелі кезеңге тән ой ұшқалақтығы мен пікір тұрлаусыздығынан қиянат көрмеуіне Сіздей араша тұрып келе жатқан табанды зерттеушілер кемде-кем» деген байыпты бағасы да тиянақтайды деп білеміз. Алпыс деген – біз көрген, өткен жас. Қаламы бар сыншыға, айтары әлі де бар, ашары нар адамға ол – талтүс. Ден сау болсын, жаңа көтерілер асуың – тау болсын, алдағы жылдар жемістері нау болсын!

Лебіз

Шыңғыс Айтматов: Құрметті Құлбек! ...Сөздің қадір-қасиетін терең түйсінетін Сен, өкінішке қарай бар әдебиетші пешенесіне бірдей жазылмаған ерекше қасиет - сөздің бағасын, салмағын жіті білетін, стильдік нақыштарын нәзік сезінетін, өнердің сапасын, салмағын қапысыз айыратын дарынды оқымыстысың. Айырықша атап айтар тағы бір көпке құрметтете білетін тамаша қасиетің, сен бір ғана туған әдебиетің жай-күйімен шектеліп қана қалмай, барша Орталық Азия әдебиеттерінің үлкен жүректі, нәзік талғамды білімпаз сарапшысына айналып жемісті еңбек етіп келесің. Біз соған қуанамыз, соған сүйсінеміз. Брюссель, 2003 ж.

Әбіш КЕКІЛБАЕВ: Қадірлі Құлбек Сәрсенұлы! ...Ұлттық филологияның Бейсенбай Кенжебаевтай арыс тұлғасынан өнеге көрген Сіздің ұлттық әдебиеттануымыз бен әдебиет тарихының заманға лайық жаңа методологиясын жасақтау, академиялық орнықтылығы мен кемелдігін қамтамасыз ету жолындағы тыңғылықты ізденістеріңізге сүйсінемін. Жиырмасыншы ғасыр әдебиетінің талай асқаралы тұлғалары мұрасының жан-жақты зерттеліп, әділ бағалануына, өтпелі кезеңге тән ой ұшқалақтығы мен пікір тұрлаусыздығынан қиянат көрмеуіне Сіздей араша тұрып келе жатқан табанды зерттеушілер кем де кем. 2003 жыл. Насыр Фазылов, өзбек жазушысы: ...Құлбек – қазақ әдебиетінің білгірі. Қазақ әдебиеті ғана ма? Жоқ. Құлбек – Орта Азия халықтары әдебиетінің білгірі. Құлбек Ергөбек – қазіргі таңда күллі түрік дүниесінің дүлдүлі! Өзім тағдырымды сабақтастырған қазақ әдебиетінен Құлбек Ергөбектей сараман ойшыл, білімпаз қаламгер, құшағы кең бауырмал әріптес іні тапқаныма қуанамын! Әрдайым іні тілеуін іштей тілеп отырамын! «Қанатың талмасын, қарағым!» деймін бүгінгі той күні. Ташкент Дулат Исабеков: Құлбек, сен қаршадайыңнан әдебиеттің қара солдаты боп қалыптастың. Архив ақтарып, шаң-тозаңның ортасында отырдың. Әдебиет тарихына қатысты бір де бір құнды факт сенің назарыңнан тыс қалған жоқ. Бәрін жаздың, ерінбей тердің. Өзге зерттеушілер елең қылмайтын ұсақ боп көрінген детальдардың өзі сенің қойын кітабіңе түсіп жатты. Соның нәтижесінде сен бүгін баршаны мойындатқан, баршаның ыстық лебізіне бөленген ондаған құнды кітаптардың авторы болдың. 2003 жыл.

Бақыт Сарбалаұлы

4290 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9503

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7524

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5270

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4649

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4613

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4570

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4307

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4301

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы