• Әдебиет
  • 24 Қаңтар, 2013

Асыл жеңешем менің

Қазгүл жеңешем әнге арқау болған, қоңыр салқын жер төресі Қоғалының қызы болатын. Өз ортасында, ауыл-аймағында елге сыйлы, татулық пен береке-бірлігі жарасқан, өсіп-өнген өнегелі отбасында дүниеге келген ол кісі туған жерінің әсем табиғатына еліктеп өскен жан еді. Сыртқы сұлулығы мен ішкі жан дүниесі бір-бірімен үйлесіп тұратын жүрегі кең, жаны жомарт адам болатын. Отбасының үлкені болғандықтан шығар артынан ерген іні-сіңлілеріне қамқоршы болған жан. Жеңешемнің ұлағатты да өнегелі өмірі қай-қайсымызға да үлгі алуға тұрарлық болды. Сөзге шешендігі ақылдылығымен астасып жатушы еді. Қалыбайдай қайын ағасы мен Күлминадай абысынын сыйлап, алдарынан қия өтпесе, жалғыз қайнысы Канауат ағаны өмір бойы Кәкен деп еркелетіп, сыйлап өтті. Ол кісі осы қасиеттерімен де бізге үлгі-өнеге көрсетіп кетті. Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетіп, келін болып түскен әулетіне сыйлы, ауылының ардақтысы болды. Өзінің инабаттылығы мен ізеттілігінің, парасаты мен пайымының арқасында әулеттің ғана емес, ауыл-аймақтың да ел бетіне ұстар, үлгі алатын келіні атанып еді. Жатты жатсынбай, жақынына жанашыр бола білген, айналасындағыларға жылы сөзі мен шуағын шашып, тек сыйластық пен ынтымақта ғұмыр кешкен жан болатын. Ол кісі өте қарапайым, өте ақылды еді. Жеңіс ағам екеуі екі жақтың да балала­рына қол ұштарын беріп, олардың жоғары білім алуларына, жұмысқа орналасуларына көмектерін берді. Екеуі бәрін де оқытып, аяқтарына тік тұрғызып, жағдайларын жасады. Қазір бәрінің де отбасы, айтарлықтай қызметтері, ел қатарлы тіршіліктері бар. Олардың берген өнегелі тәлім-тәрбиесінің арқасында барлығы да өмірден өз орындарын тауып, ел қатарлы өмір сүріп, қызмет істеп жатқандары үшін тәңірлеріне шүкіршілік айтады. Олар балаларына деген махаббаттарын бізден де аяған емес. Аға мен жеңгем біздерді, яғни бауырлары мен балалары ғана емес, біздің достарымызды да өздеріне жақын тартып, жәрдемдерін аямайтын. Ауырып көрмеген әз жеңешемізді аяқастынан ауру деген пәле айналдырып алды. Бірақ ауырған кезінде төзімділігінде, салмақтылығында шек болмады. Тәңірім ауыр ауру берсе де оны асқан шыдамдылықпен, төзімділікпен көтере білді. «Ауру кірді – әлек кірді» деп ешкімнің де мазасын алмай, тәңірдің бұйрығын күтіп жатты. Ол кісі осылайша ажалды да биік парасатымен күтіп алып еді. «Айналдырған ауру алмай қоймайды» деген рас екен ғой. Ақыры, артына Ильяс пен Ержандай ұлдарын, Жанардай шынарын, Әсел мен Әйгерімдей немерелерін, Русланадай келінін тастап бақилыққа бет бұрды. Ең қиыны, ең өкініштісі артында жасы сексенге тақаған асыл жары Жеңіс ағаның қалғаны еді. Елу бес жылдан аса қол ұстасқан ғұмырларында талай-талай белестерден бірге өткен, жақсыны да, жаманды да бастарынан бірге кешкен, өз орталарында қос аққудай қатар қанат қаққан қос жұбайдың біреуінің қанатынан қайырылғаны өкінішті-ақ екен. Сыңарынан айырылғаны көкіре­гін сыздатып, өзегін өксік өртеген, ауыр соққыдан еңсесі жаншылған ағаға Алладан қуат тілеймін. Бүкіл жан дүниесі мейірім-шапағат­қа толы, үлкен-кішіге деген ықылас-пейілі, көл-көсір көңілі, періштедей пәк, пендеге қылдай қиянаты жоқ асыл жеңешемнің қайталанбас биік тұлғасы мен парасаттылық пен адамгершілікке толы ізгі жүрегін ұмыту мүмкін емес сияқты. Баппен, ақырын сөйлеп, жәудіреген ботадай қос жанарын тіктеп қадап әңгіме айтатын кездері әлі көз алдымда. Тірлігіңде қаншама мықты, атақты болсаң да, көзің жұмылған кезде ай­тылатын бірауыз жылы сөзге ештеңе де жетпейді екен ғой. Мен жеңгем қайтыс болған күннен бастап, соңғы сапарға шығарып салар сәттегі қарақұрым ел-жұрттың ықыласынан соны сезгендей болдым. Кезінде өзі қызмет еткен Қыздар педагогикалық университетінде бірге қызмет еткен, бүгінде зейнеткерлік жаста отырған ұжымдас дос-жарандары, қаншама құрбылары ол кісінің ұстаздық ұлағатын, ізгілікті ісін, кісілік келбетін ағынан жарыла айтқанда бір жағынан жылап отырып, бір жағынан сүйсіне отырып тыңдадық. «Алла екі дүниенің абыройын берсін!» деген осы шығар, бәлкім?! Адам баласы өмірге келген соң маңдайына жазылғаны, өмірінің шектеулі сызығы болатын көрінеді. Сол сы­зыққа жеткенде адамзат баласы қан­ша мықтымын десе де бұйрықты межеден әрі аса алмайды екен ғой. Сондай межелі сызығына жетіп, өлшеулі ғұмыры біткен жеңгемді қанша өкінгеніммен бітім-болмысы бөлек, ортамызда өзіндік орны бар жеңешемнің асыл бейнесінің сағынышқа айналып, сағым жылдармен бірге алыстап кететіні жүрегімді ауыртып, жаныма батса да ол кісіні «жоқ» деп айтуға дәтім жетпейді, айта алмаймын. Міне, көзді ашып-жұмғанша аяу­лы жеңгемізден айырылғанымызға да қырық күн болып қалыпты. Тәңірдің бұйрығына басымды иіп, мойындасам да, осы күндерде бір қимастық сезім, бір өкініш көкірегімді кернеп қояр емес. Студент кезімде үйдің тамағын аңсап, анамның шәйін сағынғанда Жеңіс ағаның үйіне баратынмын. Есікті ашқан Қазгүл жеңгем жайраңдап жүріп газға шәйін қоятын. Тоңазытқышын ашып, ет алып, қазанға салатын. Мен болсам етке қарамайтынымды айтып безектеуші едім. Сонда «Қой, ауылдың етін де аңсаған шығарсың. Қазір-ақ піседі» деп тыңдамаушы еді. Аядай ғана ас үйдегі дастарқанына барын салып, қаймақты, қою күрең шәйін құйып, жасымның кішілігіне қарамай, әңгімесін айтып отыратыны әлі көз алдымда. Аға болса, ауызекі амандықтан кейін бірге отырып бір-екі кесе шәйін ішкен соң бізді оңаша қалдырып, өзі жұмыс бөлмесіне кіріп кететін. Кейін, тұрмысқа шығар кезімде ауылдан әпкемді шақыртып, болашақ қайын жұртымды осы үйде кездестірдім. Бір қызығы, аға-жеңгелеріміз бұрыннан таныс, араласып жүретін жандар екен. Менің Қазгүл жеңгем Абдолланың жеңгесі Күлдариха жеңешем екеуі бір жерде, яғни Қыздар педагогикалық институтында жұмыс істейтін болып шықты. Ата-анамның алдынан өтіп, құдалыққа барғанда да екеуі қатарынан жарасып жүріп еді. Той болатын күні мені әулетіміздің қара шаңырағы атанған осы үйден шығарып салды. Ол кезде, жарықтық, Әлпи апам да тірі болатын. Ұлағатты аналарымыздан бата алып, қара шаңырақтың босағасынан аттанған біздің өміріміз де жаман болмады. Тек Абдолланың өмірден ертерек кеткені болмаса... Аға-жеңгем маған бас-көз болып, ақылдарын айтып жүретін. Әсіресе Бауыржанға босанатын күн есімде жақсы сақталып қалды. Қыстың күні перзентхананың алдында Күлдариха жеңешем екеуінің табандарынан сыз өтіп, менің босануымды күтіп тұрғандары да есімнен бір кетпейді. Сонда екінші қабаттағы терезе алдына әлсін-әлсін жылап келе берген маған «Қорықпа, бәрі де мынандай болады» деп бас бармағын көрсеткені көз алдымда қалып кетті. Сол Бауыржанды перзентханадан құндақтаулы күйінде алып шыққан да осы Қазгүл жеңгем еді. «Аяғы ақсақ болып қалады» деп екі күн, екі түн мені жылатқан білімсіз дәрігердің сөзінен кейін, Алматыдағы жалғыз ортопед-дәрігерге Бауыржанды көтеріп алып барып көрсеткенін де ұмыта алмаймын. Аядай ғана бөлмемізде Бауыржанды қырқынан шығарып, шашы мен тырнағын алып бергені де асқан парасаттылық пен көрегенділігі, әдет-ғұрпымызды берік сақтағанының белгісі еді. Кейін қырқынан шыққан Бауыржанды ең алғаш ырымдап алып барған босағамыз да осы қара шаңырақ болатын. Пәтер жалдап тұрғанда уақыт тауып келіп, үйге қамалып отырғандай болған анаммен біраз әңгімелесіп отырып кетуші еді. Сол бір күндерді қалай ұмытайын? (Аға мен жеңгем туралы Абдоллаға арнаған «Мәңгілік сағынышым» атты кітабымда арнайы тоқталып, айтып кеткенмін). Соңғы сапарға шығарып салардан бір күн бұрын жеңгем жатқан бөлмеге кірдім. Ақ шүберек жапқан денесі бір уыс қана болып қалыпты. Жеңгемнің ең кіші сіңлісі Гүлбану бетіне жабылған ақтың бір шетін ашып көрсетті. Көзі жұмулы екен. Құдды, ұйықтап жатқан адам сияқты. Жүзінен ешбір қиналғандығы білінбейді. Тіпті нұрланып кеткендей. Өзі де сұлу кісі еді, сол сұлулығын жоғалтпапты. Жасы жетпістің ортасына жетсе де, ауыр науқасқа шалдықса да реңін бермеген жеңгемнің тек жан дүниесі ғана емес, сүйегінің де асыл екеніне осы жолы көзім анық жетті. Алақаныммен маңдайынан сипадым, сұп-суық екен. Тастай болып қалыпты. Жеңгемнің әппақ жүзіне қарап тұрып жылап жібердім. Мен мәңгілік ұйқының құшағында жатқан жеңгеммен осылай қоштастым. Әлемнің жа­рығын сыйлаған ананың өмірдегі орны әрдайым биік қой. Ананың ұлылығынан, ананың қасиеттілігінен артық не бар? Ал ұл-қызының ғана емес, бір қауым елдің аяулысына айналған ананың орны тіпті де бөлек шығар. Мен де марқұм жеңгемді қастер тұтамын, оның аруағының алдында басымды иемін. Айтқан ақыл-кеңестері санамның төрінде сақталып қалатыны сөзсіз. Бар ғұмырын ауыл-аймағы мен ағайын-туысының ынтымағы мен бірлігіне арнаған ол кісінің асыл бейнесін артында қалған ел-жұрты да, ағайын-туысы да, жегжат-жұрағаты да, ауыл-аймағы да ұмытпайды деп ойлаймын. Себебі жақсының аты санадан ешқашан өшпейтіні шындық қой... Сәуле Әбдіхалыққызы

7641 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9480

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7505

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5250

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4630

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4593

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4551

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4288

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4282

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы