• Әдебиет
  • 24 Қаңтар, 2013

Өмір деген қас қағым...

Абдрахман АсылбекАбдрахман Асылбек ЕЙ, АДАМДАР Ей, адамдар, бір-біріңді сыйлаңдар, Бір-біріңді жамандыққа қимаңдар. Кейде сатып арыңды, Кейде жалдап жаныңды, Не болады бір күндікке жиған мал? Ей, адамдар, болса құлақ құймаң бар, Жастайыңнан ілім-білім жинаңдар. Тану үшін әлемді, Аралаңдар бар елді – Америка, Үнді, Қытай, Иран бар. Ей, адамдар, болса бойда ибаң бар, Айнымайтын болсын бірге иман бар. Таңдай білер жолыңды: Оңың менен солыңды, Дәл көрсетіп, Алла берген сыйды аңғар. Ей, адамдар, асығыстық қылмаңдар, Адасады асығыстық қылғандар. Арамдық жол – азап жол, Ақыретте тозақ жол, Арамдыққа әсте мойын бұрмаңдар. Зор болмайды күпіршілік қылғандар, Қор болмайды шүкіршілік қылғандар. Аз ба, көп пе, өзіңе Алла берді несібе, Қанағат қыл, азырқанып тұрмаңдар. Ей, адамдар, жайнамазын жайғандар, Жақсы орын күтіп тұрар жайдан бар. «Алла деген ар болмас, Ақыретте қор болмас» Деген екен үмметіне Пайғамбар. Ей, адамдар, бір-біріңді сыйлаңдар, Бір-біріңді жамандыққа қимаңдар. Тәрк етіп бұл жалғанды, Танысаң бір Аллаңды, Мәңгілікке жанып тұрған иман бар. ЖАЛБАРЫНУ О, Алла! Алла, Алла! Ғұмырымды жалға, Жылжыт мені алға, Жеткіз бақыт таңға. О, Алла! Алла, Алла! Түсір тура жолға, Істерімді оңда, Қиындықта қолда. О, Алла! Алла, Алла! Күнәм болса, кешір, Қатем болса, өшір, Мәртебемді өсір. О, Алла! Алла, Алла! Құдіретіңе сенем, Тазарып бар денем, Иманыңа енем. О, Алла! Алла, Алла! Бал тілімді сақта, Ақ дінімді жақта, Бақ жерімді сатпа. О, Алла! Алла, Алла! Бойыма бер қуат, Ойыма бер шуақ, Жырыма бер суат. О, Алла! Алла, Алла! Қуат берсең маған, Келгенінше шамам, Адам болып бағам. О, Алла! Алла, Алла! Ғұмырымды жалға, Жылжыт мені алға, Жеткіз бақыт таңға. ТІРШІЛІК ТҮЙІНІ Бірде жайлап сұрақ қойды сымбаттым: – Жалтақтамай жауап берші қымбаттым. Ұл баланы неге жақсы көресің? Амалсыздан жар алдында тіл қаттым: «Дұрысында ұл да, қыз да бәрібір, Дей алмайсың ешбіріне: «Әрі жүр!» Көзді тартқан қуанышың емес пе, Қызғалдақтай қызың болса жаны гүл? Айыратын алыс пенен жақынды, Аңғарымпаз ұлың болса ақылды. Өміріңді ұластырып өмірге, Шығармай ма адам деген атыңды? Өзің тіккен керегені құлатпай, Түтініңді тұтандырып шырақтай. Есіміңмен еркін аға бермей ме, Дарияға қосылатын бұлақтай. Аялаған, Ал қызың ше... ал қызың, ... Баға жетпес болсын мейлі жалғызың, Басқа отауға тайып тұрса бір күні, Дей алар ма ең: «Артымда бір қалды ізім?» Жарым сол кез тауысып бар тағатын, Жайып салды асқақ ойдың қанатын: «Кім ендеше сол ұлдарды табатын? Кім ендеше сол ұлдарды бағатын? Ана емес пе сол ұлдарды табатын? Табатын да, аялайтын, бағатын? Баласының бақыты үшін шарқ ұрып, Шыбын жанын от пен суға салатын. Рас, қызың отбасында қалмайды, Жасы жетіп, Басқа жұртқа самғайды. Барған жерде бағы жанып, ана боп, Ол да сенің өміріңді жалғайды». Көңілімнің басылып бір құйыны, Көкіректі тербетті тың күй үні. Адамзаттың үзілмесе ғұмыры – Осы екен-ау тіршіліктің түйіні. МӘҢГІ КҮДІК Атқызғанмен қаншама үміт таңды, Керуендер қаншама тұрып қалды? Қуанышты қаншама болғанымен, Адамзаттың ғұмыры күдік мәңгі. Ең әуелі қыз-жігіт үйленеді, Ерлі-зайып тірлікке үйренеді. Бойға бала біте ме, бітпей ме деп, Аздан кейін күдікті күйге енеді. Жұбайының толықсып қос анары, Білінсе іші жарының, қош алады. Ата-ана да, өзге де алаңдайды: «Аман-есен қашан, –­ деп, – босанады?» Бала туса бәрінің тілегі боп, Тілегі боп, сүйенер тірегі боп. Жылға дейін тағатсыз тосып жүрер, Сол нәресте қай күні жүреді деп. Бала жүрсе, шыңдағы шынары боп, Құлдырайды мөп-мөлдір бұлағы боп. Сөйте тұра тағы да тағат таппас, Тілі қашан сәбидің шығады деп. Тілі шықса баланың, болғаны ғой, Бастарына бақыттың қонғаны ғой. Ата-ананың алайда аңсағаны – Жеті жасқа ұланның толғаны ғой. Жеті жаста тойланар сүндет тойы, Мұсылмандық қауымның міндет тойы. Одан кейін – мектептің босағасы, Кезек күтер куәлік – дүрмек тойы. Одан кейін танытып табандылық, Аттау керек ақ отау – табалдырық. Ата-ананың борышы бітпек емес, Жеткізгенше баласын адам қылып. Тіршілікке бет алып асқаралы, Асулардан асады жастар әрі. Үшінші адам шыға ма адам болып, Күдікті өмір қайтадан басталады. Иә, солай, мәңгілік күдік деген, Бір сүрініп, бір тұрып, жүріп келем. Кәрілікті жас ғұмыр жалғастырып, Үзілмейді ешқашан үміт-берен. ИМАНДЫЛЫҚ Тек жүрсем де тек аман, Түсінбейді көп адам. Соншалықты несіне Қиналамын мен оған? Кейде сиқыр сезімге Шырматылған кезімде, Өзге түгіл, өзімді Түсінбеймін өзім де. Жомарттықты асырып, Ашылып та шашылып, Емін-еркін жүруім Болар еді асылық. «Әліңді біл, Аяз би, Жолыңды біл, құмырсқа» – Осы менің күнделік Ұстанымым тұрмыста. Жүзіп ішкен тұнықтан Жан сырымды кім ұққан? Көпшілік жан бір күндік Байлық үшін құныққан. О, жалған-ай, жалған-ай, Дүние-мүлік арман-ай. Өлген күні бағасы Бақыр болып қалғаны-ай. О, дүние, дүние, Еске аламын күйіне. Дүниеңе жинаған Өлгеннен соң кім ие? Сенетінің бала ма? Бала адам бола ма? Ең болмаса дұға үшін, Барар ма екен молаңа? ЖЕТІМ ЖЫРЫ Қалтылдап қаз тұрғаннан тәй-тәй басып, Талпындым алға қарай байқай басып. Қосылып көрші-қолаң балалармен, Ойнақтап жүгіріп кеттім айқайласып. Аптығым көрген емес бір басылып, Көбелек қуаладым қырға шығып. Сәл ғана көрмей қалсам достарымды, Көңілім алып-ұшып тұрды асығып. Балалық балғын шақта не білемін? Тамаша секілді еді төңірегім. «Жетім» деп тексіз біреу тілдегенде, Егіліп алғаш рет еңіредім. Сол күннен артта қалып балалығым, Сол күннен көңілімді қамады мұң. Есіркеп мен секілді жетімекті, Аялап құшағына алады кім? Күн сайын қуанышпен кезігердей, Қайда жүр әкем іздеп өзі келмей? Бар болса, баласын бір сүймес пе еді, Адасып жүр ме әлде көзі көрмей? Күлгенде жайраң қағып басқа бала, Мен жүрмін жанарымды жасқа мала. Тірексіз тірі жетім тас түйін боп, Іздедім әкем бар деп асқар ала. Мүмкін, ол жүрген шығар бір қалада, Кейбір кез мені ойлап мұңдана да. Өзінің перзентінен кім безеді, Зар болса кейбіреулер бір балаға? Атану тірі жетім – арға батар, Әке деп алаңдаумен таңдар атар. Айналып бір соқпаса баласына, Қайырымсыз тас тұлғадай жанға батар. НЕ ЕТЕРСІҢ? Мен көппін деп тасыма, Жалғыз қалсаң, не етерсің? Жан жуымай қасыңа, Құсалықпен өтерсің. Жалғызбын деп жасыма, Жетілерсің, жетерсің. Бақыт қонып басыңа, Көпке ұласып кетерсің. Бір жақсыға тұрмайтын Көп болғанда, не етерсің? Бір бүркіттен шулайтын Көп құзғыннан бетерсің. Отыз ұл боп тыңдайтын Арыс болсаң, не етерсің? Қас жауынан қыңбайтын Арыстан боп өтерсің. ҚАЗАҚ ДЕГЕН Қазақ деген – батыр халық, Жерін жауға бермеген. Әрбір сөзі нақыл халық, Елін дауға бермеген. Қазақ деген – ақын халық, Өлең болып өрілген. Жақсылыққа жақын халық, Мейір болып төгілген. Қазақ деген – әнші халық, Жүректерді тербеген. Өнердегі шамшырағы Өмірлікке өрлеген. Қазақ деген – күйші халық, Саз суырған әлемнен. Той-думанда биші халық, Мың бұралған әуенмен. Қазақ деген – дара халық, Кең даладай пейілі. Қазақ деген – дана халық, Әмбебапты бейімі. Қазақ деген – жарқын халық, Жаны жайсаң, көңілді. Бүкіл әлем жатыр танып, Бұл күндері елімді. Қазақ деген – батыр халық, Жерін жауға бермеген. Әрбір сөзі нақыл халық, Елін дауға бермеген. Қазақ деген – ақын халық, Өлең болып өрілген. Жақсылыққа жақын халық, Мейір болып төгілген. ДҮНИЕГЕ КЕЛДІҢ БЕ? Дүниеге келдің бе? – Көзіңді жөн ашқаның. Келер бәрін көргің де: Өзен, көлін, аспанын. Дүниеге келдің бе? – Аяқты жөн басқаның. Керек белес-белдің де Асуынан асқаның. Дүниеге келдің бе? – Балалықты тастағын. Жырлайтын бол сен күнде Махаббаттың дастанын. Дүниеге келдің бе? – Тұра тұрсын бас қамың. Жайын ойлап елдің де, Жөн ұрпақты шашқаның. Дүниеге келдің бе? – Қиындықтан қашпағын. Белді буып сен мүлде, Тың істерді бастағын. Дүниеге келдің бе? – Жалын атып жас жаның. Сырын ұғып желдің де, Жөн жаңалық ашқаның. Дүниеге келдің бе? – Өткізбегін босқа күн. Айтпасын жұрт сөнді деп, Өшпейтін із тастағын. Дүниеге келдің бе? – Келмес, сірә, өлгің де, Өмір деген қас қағым. Бәріне асық сен күнде, Бір өлімнен басқаның. БІР АРМАН Бұл өмірге, Гүл өмірге келіп ем, Есігінен ерке басып еніп ем. Көп жасадым, Көп асадым демеймін, Тиесілі несібемді теріп ем. Қызығы да, Қызуы да мол таңда, Уа, достар, жүрдім шалқып ортаңда. Көпті көрдім, Көпті бердім демеймін, Өрнектедім өзіндік бір қолтаңба. Үйлендім де, Үйге ендім де, жайландым, Бұлқына алмас бір қазыққа байландым. Мәз бе, жоқ па? Аз да көп те демеймін, Ошақ қасы, Отбасында айналдым. Жетіліп бір, Бекініп бір отырып, Жырларымды жазбақ едім от үріп... Аз-ақ жандым, Азаптандым демеймін, Маздай алмай, күйіп барам тотығып. Көңілімде, Өмірімде мың арман, Бас айналып, көзім тұнды мұнардан. Көре алмадым, Ере алмадым демеймін, Іште кетіп бара жатыр бір арман: Жырларым да, Сырларым да қалар-ау, Жарамдысын жұрт іріктеп алар-ау. Өлдім-өштім, Соңғы көшпін демеймін, Адам болып шығар ма екен бала анау?!

5207 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9534

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7546

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5292

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4671

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4635

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4592

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4330

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4323

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы