• Мәдениет
  • 17 Сәуір, 2009

«Тұншыққан сезімде» тұнған ой

ТеатрСәуірдің онында Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қырғыз драматургі Мар Байджиевтің «Тұншыққан сезім» («Дуэль») драмасы қойылды. Жұп-жұмыр дүние жанға жылы тиеді. Көрермен көзіне жас үйіреді. Сонау 70-ші жылдары Ыстықкөл жағасында өткен оқиға үш адамның жан қасіретін ғана емес, бүкіл адамзаттың күйінішін қозғағандай. Жарты ғасыр өтсе де ештеңе өзгермепті. Иә, біз байқамағанмен «адам өз идеалының құрбаны екен». Әрине бұл жерде қойылымды заманымен үндес сахналаған режиссер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Балтабай Сейітмамытұлының де өзіндік көзқарасы байқалып тұр.   «Қойылым мейірімге толы дүние. Менде жағымсыз кейіпкер жоқ. Қай спектакльде де адамдардың жан дүниесіне назар аударамын. Біз қазір бір-бірімізді түсінбейтін халге жеттік. Не деген өкінішті!» дейді дауысы қатқыл, жүрегі нәзік режиссер. Жоқтан бар жасау мүмкін емес. Бірақ кез келген драматургиялық туындының бағын байлайтын да, көрерменге даңғыл жол салатын да – режиссер. Ендеше бүгінде қырғыз қойылымы қазақ жерінде жаңаша қырымен танылып отыр. Аталған өзгеріс тақырыптан-ақ менмұндалағандай. Режиссер қойылымда махаббат үштігі арасындағы көзқарастар жекпе-жегінен гөрі, олардың өкініш-күйінішін, қателігін, ерлігін, тұншыққан сезімін көрсетуге тырысқан. Ескендір мен Нәзидің, Нәзи мен Әзиздің арасындағы махаббаттың соңғы бұлқынысы «өмір атты темір көгенмен нөмірленіп» қойғандай. Адалдықты аңсаған ақ жүректі аруды қалайда қолына түсіруді ойлаған Ескендір ештеңеден тайынған жоқ. Талай құйтырқұлыққа барды. Ақыры Нәзиді көңілдесі қылып, оны өмірдегі «бостандығына» балады. Сезімін тұншықтырып бақты. Ескендір бұл «бостандығының» бағасы оған қымбатқа түсерін сезбеген еді. Ал соңында кеш болды. Ал Әзиз ше? Мыңдаған адамдар үшін жанын қиып, жалғанда дәм тұзы таусылуға санаулы күндер қалған бейбақтың жан арпалысы, жүрек лүпілі, ақ параққа жас болып төгілген бейкүнә махаббаты ғаламның тынысына жаңа леп енгізгендей. Дегенмен, енді Нәзи мүлде басқаша ойлайды. Әлемде адалдықтың, мейірімділіктің туы ешқашан жығылмайтынына сенеді. Өзгелерді де сендіргісі келеді. Әзиздер арқылы талай Нәзилер ғана емес, қаншама Ескендірлер де өзгереді. Тұншыққан сезімнің соңғы демі Нәзи ғұмырының бағдаршамына айналады. «Өмірден түңілген кезде, адамдарға сенімің әлсіреген шақта мына хатты еске аларсың!». Бұл Нәзидің барша жұмыр басты пенделерге айтқаны. Өмірдің өзі – күрес, жекпе-жек. Сол күресте адалдықтың тасы бір мысқал болса да ауыр тарту үшін шыбын жанын құрбандыққа шалғандар жеңісі қашанда мәңгілік! Қойылымда Нәзиді – Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Жанар Мақашева, Әзизді – Жұлдызбек Жұманбай, Ескендірді – Жомарт Зейнәбіл сомдады. Дегенмен кейде Нәзи монологының шұбалаңқылығы, жас актрисаның дауыс ырғағындағы мүлт кетіп жатқан тұстар пьесаның алдағы уақытта ысыла түсуін қажетсінетінін айта кету керек. Себебі Нәзи образы қойылым идеясының айнасындай. Өмірдің өзі – театр. Ендеше өмірдің көзіне тура қарауды ұмытып кетпейік. Жанар Елдосқызы Құлақтандыру Сәуірдің 23-ші жұлдызында Ғалымдар үйінде (Құрманғазы көшесі, 29 үй) «Сағындық-ау даусыңды, қайран Жәнібек!..» атты еске алу кеші болады. Кешке Қайрат Байбосынов, Мейірхан Адамбеков (Қарағанды), Тұрсынғазы Рахимов (Семей), Секен Сыздықов, Ербол Сарин, Айтбек Нығызбаев (Астана), Сәуле Жанпейісова, Рамазан Стамғазиев, Дүйсенбек Өмірәлиев, Әділет Мұса, Ардақ Исатаева, Ерлан Рысқали және т.б. қатысады. Келем деушілерге есік ашық.

3382 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы