• Әдебиет
  • 14 Ақпан, 2013

Алтай балладасы

Қазіргі тәуелсіз қазақ әдебиетінде Асқар Алтай – өз бағытын айқындап, стилін танытқан жазушы. Оның шығармаларынан кезінде З.Қабдолов жазушыдан талап ететін сегіз қасиетті толық көруге болады. Оның «Қара бура» повесі, «Қараштың қарасы» әңгімесі қазақ басынан өткерген небір тарихи оқиғалардан сыр шертеді. Асқар Алтай шығармаларындағы бір ерекшелік – шығарма ішіне тағы бір шығармаға сюжет боларлық бір оқиғаны сыйғызып жіберуі. Мұндай тәсіл көбіне О.Бөкей шығармаларына тән болатын. «Қара бурадағы» ботасын іздеген ақ түйе туралы аңыз, «Қараштың қарасындағы» Қараш батыр туралы әңгіме мен «Ереуілтөбе» жайындағы тарихи оқиғалар шығарма құрылысына нұқсан келтірмей, негізгі оқиғамен жымын білдірмей кірігіп кеткен. Асқар Алтай көбіне қазақ елінің өткенін безбендеп, елдігін танытатындай тақырыпта жазады. Оның «Көзжендет» әңгімесінің өзі жазушылық шеберлік туралы көп мәлімет береді. Біреуге істеген қастандығың, тіпті аңға жасаған қатыгездігің өз алдыңнан шығады деген философиялық түйін жасайды. Талай аң-жануарды көзсіз қалдырған «көзжендет» сауысқанның иесінің немересі көзсіз туады. Әңгіме соңы адамға ой салады. Асқар Алтайдың «Алтай балладасы» (Алтайдың алқызыл модағайы) романы сыншылар тарапынан жақсы бағаға ие болды. Роман туралы ақын Сәкен Иманасов кезінде былай деген еді: «Бұл бір шынында табиғаты бөлектеу біткен, танымдық тереңдігі көркемдігінен кем түспейтін кесек шығарма екен. «Алтайдың алқызыл модағайының» авторы алдымен не жазатынын жақсы зерттеп біліп алған. Аңызбен астасқан шығармадағы аңшы мен аю, тіршілік пен тұрмыс шынайылығы, жазушы шеберлігі кім-кімді де селт еткізеді. Асқардың аюы аюша ойлайды, аюша әрекет етеді», түйесі – түйе, жылқысы – жылқы, сөйте тұра солардың әрекетіне имандай ұйып сенесің, иланасың. Нанымсыз, жалаң сөйлеу деген атымен жоқ. Романның өзі баяндау бағытында жазылғанымен, оқырманды жалықтырмай тартады да отырады. Бүгінгі қолданыстан шығып қалған «модағай, қаптағай, дең, шеріп» сияқ­ты тағы басқа көне ұғым атауларын осы кітап арқылы білгенімді намыс көрмеймін». Ал Жанғара Дәдебаев романның танымдық тереңдігінен көркемдік кеңістігін жоғары қояды. Асқар Алтай романының көр­кемдігі мен танымдығы қандай екенін шығарманы идеялық-көркемдік жа­ғынан талдау барысында көз жеткізетін боламыз. Романда аңшы Ұлар, Бұлабике, Айқоңыр аю бейнелері бас­тан-аяқ бір-бірімен өріліп отырады. Шығарма басында Ұлар Бұлабикені Айқоңырдан тірідей құтқарса, шығарма соңында қыздың өлі денесін аюдың қорлауынан арашалайды. Ұларды ұнатып, ұзатылайын деп отырған жерінен оң жақта бала тапқаны үшін Бұлабике у беріліп өлтіріледі. Қыздың денесін аюдан құтқарам деп Ұлар мерт болады. Ұлардың қолынан Айқоңыр да тірі қалмайды. Шығарма соңы осылай үшеуінің өлімімен аяқталады. Бұдан басқа шығармадағы Алтай тауының құнарлы өлкесі, ағашы, суы, басқа да тіршілік заңына қанық боламыз. Ұлар өр Алтайда өзі би, өзі қожа болып еркін жүрген адам. Үстіндегі киі­мінің бәрі сол Алтайдың аңдарының терісінен. Мысалы: «Аю терілі жамылғысы ту сыртында түңіліктей жалпылдап, бөрі майымен майланған бұғы тері табанды шаңғысы шарықтай зырлап, Ұлар еңіске қарай құмайша құлдилады», «Қасқыр байпақтан су өтпесе де, қар ызғары білінді», «Аюжақы көкірегіндегі қайыс ілгекті ағытты». Ұлар – саяқ тіршілік иесі. Өйткені ес білгелі көргені Алтай табиғаты. Табиғат бесігінде тербеліп өскендей. Сондықтан да «Жалғыздыққа жасынан үйренбеген адам болса, баяғыда-ақ мынау мұздай қатып-семіп жатқан иен дүниеден айран-асыр болып, ақылынан адасып өлер еді. Шыр етіп жерге түсіп, кіндігі кесілгенде дүниеге жалғыз келгенін сезінгендей, бұл жалғыздықтан қорыққан емес. Жалғыздық жанына жаққан. Жалғыз-жарым тірліктің құлы бұл. Ұлар жолы – жалғыз ғұмыр кешу. Бар мұраты – мұңлы болса да ерікті өмір». Асқар Алтай кейіпкерінің ерек­шелігі де осында – жалғыздығында. Мопассанның «Жалғыздық» деп аталатын новелласында айтылғандай, адамдар мен жұлдыздардың арасы алыс емес, адам мен адамның арасы алыс. Әр адам ғашығының қасында отырса да, өзін жалғыз сезінеді дейді ол жазушы. Асқар сол жалғыздық мәселесін жалғастырушы. Тіпті отбасы болса да өзін жалғыз сезінетін кейіпкерлер болады. Мысалы, Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романындағы Жәдігер сондай жан. Ұлар аюды жалғыз өзі аулай береді. Алтайлықтардың аю аулаудағы қалып­тасқан дәстүрімен таныс боламыз: «Қып-қызыл терісі жылмағайлана жүгірген аю жақындай бере өгіздей өкіріп, жебеше атылды. Төрт аяқтап атылған хайуан тік тұрған аңшыға міне түскенде, Ұлар күтпеген де еді. Аю екпінімен ол шалқалай жығылған. Бұл бір аса қатерлі, жай түскендей күтпеген сәт еді. Жас та болса, аю алып әдістенген Ұлар мұндай шабуылды кездестірмеген. Аю атаулы жауына екі аяқпен тік тұрып, екі қолымен ұра жығады деп қана ойлайтын. Өзін ақылсыз хайуанға алдай құшақтата беріп, иығынан жамылған бос ілгешекті тері жамылғыны қолына уыстата, құшағына тастай беріп, аса бір шапшаң да ептілікпен тізерлей еңкейіп, бір бүйірден қандалған селебемен жып етіп шығып кететін. Бұл – Алтайлықтар қолданып келе жатқан кәнігі әдіс. Қауіпсіз де сенімді. Жамылғыны құшақтаған жыртқыш еңсеріліп қала беретін». Сонымен қатар аю аулаудың көне әдісі де көрсетіледі. Ілуде бір қолданатын ежелгі аңшылық, көпшілікке қол еместігін ескертеді. Бұл әдіс бойынша үңгірде ұйықтап жатқан аюды түртіп оятып алады. Аю ақырып үңгір аузынан басын шығара бергенде тамағынан бауыздап басын кесіп алады. Денесі үңгірде қалады. Ол үшін алдын ала үңгір аузы ағаштармен шегенделеді. Бұл көрініс Ұлардың жүрегін айнытып, аю аулаудан бетін қайтарады. Нағашысы Шадан Ұларды аю қолынан мерт болып жүрмесін деп әдейі осы әдісті көрсетеді. Аю атаулыға жоламайтын етпек болады. Жазушы аю тіршілігін бүге-шігесіне дейін суреттеп, даралап көрсетеді. Малға шабардағы оның әккілігі былай беріледі: «Бірақ аю атаулының қысаң жерде жол табар, қауіпті жерде азу салар сұм айла-амалы еш жыртқыштан артық түспесе, кем соқпасы анық-тын. Осы өңірдің қасқырындай қорқау, барысындай бұла, түлкісіндей тақыс екендігін былай қойғанда, адамын да, аңын да алдап соғар сезімтал сұңғылалығы бір басына жетерлік. Тоқтаған сәтте тынысын тартып ала қойып, екі аяқтай тік тұрып, қаракөлеңке қарағай арасында тастай қатып, жоғарғы жағын жай қиып, төменгі молағы ғана қалған қысқа қарағайдай қарауыта қалып, ұрлана басып жақындап келе жатты». Біз аюды тек алып күш иесі деп қана түсініп жүрсек, денесінің қорбаңдығына қарамай, басқа жыртқыштардың қасиеттерін бойына жиғандығына көз жеткіземіз. Әсіресе аюдың тік тұрғандағы бойы қысқа қарағайдай болатыны әсерлі шыққан. Жазушының тілді ұтымды қолданатыны байқалады. Қыран қарағайлар туралы мәлімет шығарманың танымдық жағын дә­лелдейді. «Қыран қарағайлар қарт Алтаймен бірге жасасып келе жатқан ағаштар ғой. «Қыран қарағай» деп ел-жұрт та тегін атамаған. Жасы жүздеген жылдарды ілестірген қарағайдың мұндай тектері тіпті мың жыл өмір сүреді дейді жұрт. Бұл қарағайлардың қара жерді қақ айырған табандарының аумағы қос қанат киіз үйдің орнындай еді. Он-он бес елі қалың қожыр қабықты, желімдей жабысқақ ащы шайырлы қыран қарағайға құрт-құмырсқа да жоламайтын. Жасының ұзақтығы да содан болса керек. Көне заманнан көз боп келе жат­қан қыран қарағайлардың құдіреті жалғыз ол ғана емес, қорыған аң мен қонақтаған құс, қорғалаған мал мен паналаған пенде атаулыға жазда қара жаңбырлы бұршақтан, қыста қарлы боранды суықтан сая болатын. Діңін дөңгелене қоршап тұратын құшақ-құшақ жуан бұтақтарының астына күн көзі түспейтін, жел өті өтпейтін. Қыран қарағайдың түбі сондықтан да қысы-жазы қос қабат киіз жапқан киіз үйдей жылы». Ұлар қыста осы қарағайдың түбінде қос жасап, ішінде от жағып, қар суына бұлан етін пісіріп жеп, көйлекшең ұйықтап шығады. Қазақ жерінде осындай табиғаттың кереметтері бар екеніне таңғалып, оқырманды онымен таныстырған жазушыға риза боласың. Жазушы тілінің байлығы, образды сөздердің молдығы соншалық, көз сүрінеді. Мысалы: «Ал жалғыз ұл бұдан да не қайыр: күн байыта батырып, түн оздыра атырып жүргені». Бұрыннан айтылып жүрген «таң­ның атысы, күннің батысы» деген қолданысты жаңаша сөз саптаумен берген. «Шарбы бұлтты шанши төгілген ай сәулесі де нәрсіз». Арасы ашық селдір бұлтты «шарбы» сөзімен алмастырғаны бейнелі болып шыққан, көз алдымызға малдың қарнындағы шарбы майы елестей қалады. Ай сәулесінің бұлт арасынан өтіп барып жерге түскені «шанши» сөзімен дәл шыққан. Ай сәулесінің нәрсіз болатыны бұлттың болғанына байланысты, аспан ашық болса, ай сәулесі толық түседі. Жазушы осындай өзгешеліктерді қалт жібермеген. «Қара қазанның аюдың тырнағындай қиық айы туғанша, қара суығы ұрғанша». Аюлы Алтайдың айының өзі аюдың тырнағына ұқсап қалған екен. Соны теңеу деп айтуға болады. «Өзі де өлеңді жердің өгізіндей етжеңді, еңгезердей неме екен, Ұлардай сүйекті тау қазағы иығынан зорға келді». Біз «өлеңді жерде өгіз семірер, өлімді жерде молда семірер» деген мақалды білетін едік, мына теңеу сол мақалдың өзгерген түрі екен. «Тілмаш аңшының аузынан шыққан сөзін шыбын-шіркей қаққан көлбақаша іліп алып, оқалы киімді мығым орысқа қаз-қалпынша жеткізді». Бұл теңеу де жазушының қиял байлығын көрсетеді. «Тіпті киіз туырлықты қалың қалмақпен де Қаба мен Құба бойында қатар көшіп-қонып, қалың берісіп, құдандалы өмір сүріпті. Кейін келе туыс екі елдің арасына су жүгіріп, ірге іріп, туырлық туралып, жебе ұшып, берен сөгіліпті. Таудан түскен тасқындай, қиядан түскен көшкіндей қиын кезең келіпті». Жазушы қалмақ пен қазақ арасының ашылғанын бір сөзбен айта салмай, қандай оқиғалар болғанын ұғындыратындай бейнелі сөздермен жеткізеді. Жазушының сөзге шешендігі аңғарылады. Бұлабикенің оң жақта балалы бол­ғанына байланысты романдағы бір кейіпкер былай түйін жасайды: «Ел ішінде мұндай жағдай ілуде бір кездеседі. Біздің халық қатал ғой, ондайларды ат құйрығына байлап та, үстінен табын қой айдап та жазаға кескен. Өлімге қиған! Кейінгіге тыю қылған емес пе...». Бұл айтылған нәрселер шариғат бойынша сай келеді, Бұлабикеге де байқатпай у береді. Бұл мысалдар шығарманың тәрбиелік-тәлімдік мәнін айқындай түседі. Қорыта айтқанда, Асқар Алтайдың «Алтай балладасы» романының таным­дық көкжиегінің кең екендігіне, көркемдік деңгейінің жоғары екеніне көз жеткіземіз. Ердің жасы елуге абыроймен аяқ басқан жазушыға қазақ әдебиетінің Асқар Алтайы бола бер демекпіз. Раушан МУТАЛИЕВА, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті

11162 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8763

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7060

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4804

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4190

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4152

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4113

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3843

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3843

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы