• Әдебиет
  • 28 Ақпан, 2013

Шиен, Суықтөбе және кино

Қазақстан киносының майталман режиссері, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер Қанымбек Қасымбеков биыл 70 жасқа толып отыр. Қоғам қайраткері, киноактер Нұрлыбай Есімғалиев үзеңгілес досы, шығармашылықтары біте қайнасқан өнердегі ағасы жөнінде сыр шертеді. Зулатып келеміз, мамыр айының жайма-шуақ әдемі бір уақыты. Алматы-Бішкек тасжолынан кері бұрылып, тау жаққа беттедік. Бағытымыз Шиен ауылы, жол да кедір-бұдыр бола бас­тады, машинаның жылдамдығы бұрынғы қарқынынан төмендеді. «Жәй жүр, машинаны құртасың» дейді Қанекең! Қанымбек Қасымбеков осы. Қазақ киносының ілуде бір ешкімге ұқсамаған, қазақша айтқанда, бойы бір қа­­рыс, арыстан жүректі, ұшқыр ойлы «қазағым, ұлтым, кином» дегенде арқаланып кететін, шіркін азамат – Кано!.. Қоғам қайраткері, киноактер Нұрлыбай ЕсімғалиевАлатаудың бөктеріндегі Суықтөбе де бізбен жарысып келе жатқандай. Қалыспайды. Біз жақындаған сайын Суықтөбе шалқалап, асқақтана түседі. Әр кез осылай. Бір жол, барамыз, келеміз. Ауылда аунап-қунап қайтамыз. – Енді жылдамырақ жүрсейші, неге баяулап қалдың, – деп маған ұр­сып қояды. Мен үндемеймін, күлем де қоямын. Білем, туған жеріне асығып келеді. Араға 5-6 жыл салып, өліп-талып, біреуді әке-көке деп, алысып-жұлысып жүріп, қолына түсірген қойылымын (киноны айтам) осы ауылына келіп түсіреді. Мен өзім дала қазағы болсам да, Қанекеңнің арқасында осы ауылда көп киноға түстім. Табиғаты көркем жер, туған ауылымдай болып кетті... Қанекең әңгіме бастайды: «Баяғыда, жарықтық Қарасай батыр қарақасқа тұлпарымен осы Суықтөбенің басына шығып «Жау жоқ па екен?» деп, жан-жағына қарап төменге түссе, үзеңгілес дос­тары «Қареке! Апырм-ай, таудың басына қалай шығып кеттіңіз?» депті. Сонда Қарасай батыр: «Бұл да тау ма екен, төбе ғой тәйірі» деген екен деп барып тоқтады Қанекең! Бабасын мақтан тұтады! Халқын, оның жүріп өткен жолын, салтын, дәстүрін, әдет-ғұрпын, терең мәдениетін қаз-қалпында түсірген киноларын да қалт жібермей экранда қалдыруға бар жанын салып жүретін де осы Қанекең! Алдыңғы толқын ағаларынан екі адам­ды айрықша жақсы көріп, сол кісі­лерге табынып «Менің Сұлтан ағам, Абдолла ағам» деп, Сұлтан Ахмет Қожықов пен Абдолла Қарсақбаевтың шығар­машылық таланттарына ғашық болып жүретін. Кезінде талай дәмдес болып, бірге жүрген ағаларын еске алып, туғанындай сағынып отырар еді... Қане­кеңнің кезінде Одақ көлемінде пікірлес достары өте көп болатын. Солардың бірегейлері, атақтысы Михалков – Кончаловский Андрон, оның інісі Никита, олардың үйінде құдды бір тұңғыштарындай сайран салып жүре беретін... Әрине, кезінде (1970 ж.) Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын бітіргеннен кейін болар, шетелде де достары көп еді. ВГИК-те 50 пайызға жақын шетелдіктер оқыды. Ол бір алтын уақыт. ВГИК-те атақты кино шебері Павель Чухрайдан тәлім алған ынталы жас «Қазақфильмге» келе салып, С.Нарымбетовтің сценарийімен «Шоқ пен Шер» көркем фильмін түсіріп, ол фильмі – Монте-Карлода «күміс Нимфа» жүлдесін жеңіп алып, бұрын-соңды Қазақстанда болмаған дәрежеге жетті емес пе?!. Сонда ғой ұстазы П.Чухрайдың айтатыны: «Твой успех – тебе не простят» деп. Айтқанындай ұстазының әулиелігі дәл келеді, оңай болған жоқ. Бас айналдырардай бақ үйіліп-төгілгендей еді... Сол кездегі еліміздің бірінші басшысы Д.А.Қонаевтың қамқорлығымен астанамыз Алматының ең бетке ұстар көшесі Фурмановтың бойынан «бойдақ жігіт» Қанымбекке үш бөлмелі үй, Қа­зақстанның Ленин комсомолы сый­лығы қоса берілді. Ол кезде осындай дәрежеге жету көрген түспен бірдей болатын. Сол зулатумен келіп, Шиен ауылы­ның шетіне де іліктік. – Сен енді ана орталық магазиннің алдына тоқта, – деді. Тоқтадым. Керек-жарағымызды... алдық. Ауылды аралап келіп, Қанекеңнің ауылдағы үйіне де жеттік. Жарықтық, Рахия апа! Жатқан жерің жарық болсын, қой аузынан шөп алмайтын, қасиеті мол, алтын адам еді. Қанымбек анасының атын атап айтады. «Рахия, шай қой, біз келдік» деп барып апасын құшақтар еді. Әкесі Қасымбек зор денелі, қайратты, сол өңірдің бес саусағынан өнері тамған шебер, атақты балуан, көрікші-ұста болған. Біз көрмедік, ертерек дүниеден өткен. Сондай кісіден, шынашақтай жалғыз ұл, Қанымбек туған! Осыдан төрт жыл бұрын ауырып жатып қалды, бұл қалай болды, мен қазбалап жазбай-ақ қояйын. Жазылады ғой, тұрып кетеді ғой деген үміт әлі де алға жетелейді. Бірақ ол менің арманым ғана... Мұндайда кешегі өткен ата-баба­мыздың ежелгі салт-дәстүрі, бар болмысы осы Қанекеңдермен бірге кете ме деген үрей де жаныңа маза бермейді екен. Ол елу жылдық шығармашылық еңбегінде бар болғаны оншақты көркем фильм түсіріпті. Ол аз ба, көп пе, оны енді бір Алла біледі. Қолына түскен кітап-журналдардан қазақ ұлтының мінез-құлқын, ұлттық бояуын іздеп шарқ ұрып жүргенін талай көреміз. Бір ұнап қалған проза болса, сол авторды тауып, «осыған киносценарий жазып берші» деп өтінеді. Әдетте жақсы жазушыларымыз сценарий жазуды білмейді, ал әңгімесі тым тәуір дүние. Міне, Қанымбек соған қызығады, кейін түсіру кезінде қатты қиналып жүрген кездері көп болды. Жалпы, қазақ киносы пайда болғалы – киносценарийге мұқтаж болып келеді. Соның қасқа жолы табылмай-ақ қойды. Қанымбек ұнатқан авторлар: Қалдарбек Найманбаев, Баққожа Мұқай, Сайын Мұратбеков, Оралхан Бөкей, Ескен Елубаев, Жұмабай Шаштайұлы, Тынымбай Нұрмағамбетов және т.б. Осындай заман суреткерлеріне сүйенсем дейтін... Сонау «Шоқ пен Шер»-ден бастап, «Ән сабағынан төрт», «Қызыл отау», «Ұшып кет, тырнашым», «Қоштасқым келмейді», «Жамбылдың жастық шағы», «Саған күшік керек пе?» фильмдерін түсіруді тағдыр оған бұйыртты. Уыстан шығып кеткендері қаншама... Ал сол фильмдерді түсіруге қалай қол жеткізді, ол «мылтықсыз майдан» жылдары еді ғой... Менің шын досым, жас жағынан ағам, үзеңгілесім, актер таңдауда мені ешкіммен тең келтірмей алып шығатын кезеңдерін қалай ұмытамын!.. Қанымбек ағамыздың кемеліне келіп, бауыры жазылып көсіле шауып, шығармашылығы енді қанат жайып шырқар кезеңіне енді аяқ басты-ау дегенде, ауырып жатып қалғаны қабырғамызға қатты батады... Бұл да, тағдырдың тауқыметінің бір белесі шығар, тіпті кәріліктің де ауылы алыс еді! Ұшқыр ойлы, арыстан жүректі, шынашақтай ағамыз Қанымбек биыл 70 жасқа толып отыр. Бұл Қанекең үшін өмірінің орта жолы ғана ғой. Аяулы досымның жүрегі солай деп соғады.

5238 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9206

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7310

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5049

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4434

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4398

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4359

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4094

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4086

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы