• Әдебиет
  • 07 Наурыз, 2013

Бимария – Биапа...

Бұл кісімен ойда-жоқта кездестік. Бір рет емес, төрт-бес рет дидарласуға тура келді. Жетпіс жасқа жақындады дегенге ауыз бармайды. Алпыстың о жақ, бұ жағында болып қалар деп тон пішесің. Үстін таза ұстайды екен. Басындағы орамалы да, киген киімі де кіршіксіз. Жай әйелдердің бірі емес кезінде қызмет істегені, зиялы ортада өсіп-жетілгені көзге ұрып тұр. Қателеспеген екенбіз, ауылды айтпағанда, аудандық мекемелерде бас есепшілік қызметтің тізгінін ұстапты. Әңгімеге де аса араласа қоймайды. Сөйлегеннен гөрі тыңдағанды ұнататын секілді. Сөз реті келгенде ғана салмақты қалпында әңгімесін бастайды. Жақында ғана қажылық сапардан оралыпты. Осы жөнінде аз-кем әңгіме қозғады. – Арафатқа барып, намаз оқып, дұғалар жасадым. Қасиетті Қағбаны айналып мінәжат еттім. Сафа мен Мәруа төбелерінің арасында сағи жасадық. Меккеге барып әл-Харам мешітінде намаз оқу, тәлбия айту әр мұсылманның арманы ғой. Алла маған осы бақытты нәсіп етті. Осы сапардан жан дүниеме шуақ құйылғандай әсерде оралдым. Елімізге, жерімізге амандық тіледім. «Асыл жарымның жатқан жері жарық болғай!» деп тіледім. Енді Құдай қосқан қосағым үшін тағы бір қажылық парызды өтеп, сол сапардың барлық сауабын аяулы жарымның атынан бағыштасам деймін. Отырғандар Бимария апаның сөзін ықылас қоя тыңдады. Әсіресе, соңғы айтқандары көңіл толқытарлықтай еді. Бәріне де кейін қанығып жатырмыз. Апамыздың күйеуі Әкімбай Әубәкірұлы осыдан он үш жыл бұрын өмірден өтіпті. Ол кісі Сыр бойындағы Сырдария ауданында партия, комсомол салаларында қызмет атқарған. Соңғы жылдары ұстаздық қызметіне оралып, мектепте жұмыс істеген. Жүрек қалауымен қосылғандықтан болар ерлі-зайыптылар былайғы жұрт сүйсініп, қызығарлықтай бақытты ғұмыр кешкен. «Осыны Құдай маған бере салған, өзімнің анамнан аумайды» деп, Әкімбай ағамыз зайыбын көтермелеп отырады екен. Бимария болса өмірінде ерінен бір ауыр сөз де естімепті. «Бұл, сірә, Әкімбектің адамдық биігі, қосағына деген адалдығынан болар. Ері ең алдымен әйелін «балаларымның анасы» деп сыйлау керек екенін мен өз жарым арқылы түсіндім» дейді апамыз. Бимария апамыздың мына әңгімесі де көңілді толқытып жіберді. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін ауылдағы үйде бір өзі қалады. Бұл үй оған ерекше ыстық еді. Әкімбай екеуінің балаларымен бірге тұрып, отбасылық шуақты күндерді бірге өткізген қасиетті шаңырақ қой. Оның үстіне күйеуінің зираты да осы жерде. Ол жаққа жеті сайын бармаса көңілі көншімейді. Осылардың бәрін тастап қалай кетеді? Мұны Әкімбай кешіре ме екен? Осындай ойдың әсерінен өзгелердің ақыл-кеңесіне құлақ сала бермейтін. Алайда Алматыда қызмет істейтін балалары көнбеді. Ақыры дегендеріне көндірді. Бірақ олардікін де жөн санады. Жасы болса ұлғайып келеді. Балалары анда, бұл мұнда. Қастарына барғаны жөн шығар. Немерелерін де сағынды. Содан көптен пісуі жетіп, айта алмай жүрген сырын ұлы Асқарға ақтарды. «Мына отырған үйді сатпай, мешіт қылып, халықтың игілігіне берсек қайтеді?» деп еді, Асқардың ойы тіпті мұның көздегенінен де асып түсті. «Үйді Оңалай ағайға берейік. Әкеміздің орны ғой. Келіп тұруымызға жақсы. Мешітке келетін болсақ, оны өзім-ақ салып беремін» деп қарап тұр... Оңалай деп отырғаны Әкімбайдың туған інісі. Мына сөзді естіп көңілі марқайып қалды. Әкімбай екеуінің саналы да ойлы ұрпақ өсіргеніне бұл жолы да іштей шаттанды. Асқар сөзінде тұрды. Көп ұзамай Қызыл­жарма ауылында алыстан көз тартарлық зәулім де сәнді имандылық үйі бой көтерді. Бұл туралы жергілікті басылымдарда жазылып, теледидарда көрсетілді.Мешітке Алдажар жәме есімі берілді. Бұл мұсылман әлеміне танымал атақты Марал ишанның немересі. Алдекең елге сыйлы әрі қадірлі адам болыпты. Байлықтан да кенде болмаған, жомарттығы да кем болмаған. Әсіресе кедей-кепшікке барынша қарасып тұрған. Ұрпақ дегеннен шығады, Бимария апа бес баланы өмірге әкелді. Бесеуінің де жоғары білімі бар. Бесеуі де отау құрды. Әрқайсысы аналарына тілдері балдай тәтті немере-жиендер сыйлады. Олар да ата-аналары секілді жүрген орталарында абыройлы. Анаға бұдан артық қандай қуаныш керек! Айтпақшы, өткен жылы Бимария апа тағы да қажылық сапарға барып қайтты. Өзі алдын ала айтқанындай, қажылықты марқұм күйеуінің атынан өтеді. «Өте жеңіл болды. Бәлкім, оның рухы көмекке келді ме екен қиналыс сезінбедім» дейді. Бимария апаны көріп, оның өміріне қаныққан кезде, сірә, нағыз қазақ әйелі осы кісідей болар деп ой түйесіз. Әйел ретіндегі байсалды мінезі, өзін-өзі ұстауы, жылы сөздері көңілге шуақ құяды. Ол ардақты, абзал ана деген мәртебелі атқа да лайық. Өмірге ұрпақ әкеліп, олардың бәрін жанындағы жарымен бірге сырт қауым сүйсінерліктей тәрбиелей білді. «Асыл жар осылай-ақ болсын» деп тағы бір қасиетіне ризалық білдірер едің. Күйеуіне деген ықыласы ерекше. Ерін піріндей сыйлап, құрметтейтін әйелге Алланың өзі шапағат-нұрын төгер. «Жұрт сенер, сенбес мен күйеуімнің айлығын да сұрамайтынмын. Қолыма ұстатса аламын, болмаса реніш те жоқ. Ер азамат қой. Жора-жолдастары бар. Қажетіне жаратар деп оған қатты сенетінмін» дегені де жарына, азаматқа деген ақжарма пейілін аңғартса керек. Айта кеткеніміз жөн болар, апамыздың өзі жай жерден шықпаған. Әкесі Қалжан қажырлы еңбегінің арқасында колхоз төрағасына дейін көтерілген. Кешегі ел басына ауыр күн туған қырқыншы жылдары қолына қару алып, дұшпанға қарсы аянбай күрескен майдангер. Ақырында сол соғыс салған жараның салдарынан өмірден озды. Шешесі Ұмытхан жарық дүниеге он үш перзент әкелген батыр ана. Жарықтық, демалыс дегенді білмей босана салысымен, жұмысқа шығып кете береді екен. Ондағы мақсаты шаруашылық басшысы болып қызмет ететін күйеуінің атына сөз келтірмеу болса керек. Реті келгенде мына бір жайтты да тілге тиек ете кетейік. Бимарияның туған апасы Үржан елге белгілі Мұстафа Шоқайдың ағасы Нұртазаның баласына тұрмысқа шығады. Ол уақыт Мұстафаны «жау», «сатқын» санайтын кез. Содан да апасының отбасына өмір сүру оңай болмайды. Ақырында елден жыраққа қоныс аударады. Үржаннан кейін төрт қыз өмірге келеді. Алайда төртеуі де ерте дүние салады. Ал Бимария өмірге келгенде отбасы болып қатты қуанады. Бимариядан соң қатарға төрт ұл, үш қыз қосылған. Балалардың ересектеуі болған соң Бимария оларға айрықша қамқор болады. Өзі де, бауырлары да жас кездерінен-ақ еңбекке араласып, адал төгілген маңдай тердің қадірін біліп өседі. Туған-туысқа, құда-құдағиларына, төңірегіне сыйлы әрі қадірменді Бимария апамыздың тағы бір қосымша аты бар. «Ол біздің Биапа ғой» дейді ол кісінің адамгершілігіне, адалдығына, жүрегінің тазалығына қанық таныстары. Несі бар, өте орынды-ақ. Жақсы адамға деген ниет-ілтипатты білдіруде халықтың қателеспейтіні белгілі. Нұрперзент Домбай

3354 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9243

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7334

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5074

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4458

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4422

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4383

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4118

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4110

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы