• Әдебиет
  • 07 Наурыз, 2013

«Қыздар мектебінің» ғибраты

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде бірқатар маңызды танымдық, тәрбиелік шаралар өтіп жатады. Өткен оқу жылының басында университетімізде Ақұштап Бақтыгереева атындағы «Ақындар мектебі» дәрісханасы ашылған болатын. Ақындар мектебі дәрісханасының ашылуы рухани өміріміздің  жүректе жарқын із қалдырар әдемі бір көрінісінің куәсі болды десек артық айтқандық емес. Ақұштап Бақтыгереева тол­ғаныс­тарындағы «Ана болу – әдебиеттің мәңгі тақырыбы» немесе «Ел басқарам, ұлтыма қызмет етем деп ұмтылатын ұл тумасақ, ұлтымыздың өлгені» деп келетін тіркестер ұлтын шын сүйген тұлғаның мазмұнды ойларға толы маржан сөздерінің қатарын толықтырса керек. Ал биылғы оқу жылында ақын апамыз тек ақындар емес, оқу орнындағы қаракөз қыздарымыздың басын «Қыздар мектебінде» қосты. Педагогика ғылымдарының кандидаты Түймеш Малбағарқызы басқаратын тәрбие мектебі мен университетіміздегі «Ар-намыс кодексіне» – «Қазақ қызы» деген бір кодекс тармағы қосылғандай. Қыздар мектебінен тәлім алып, білім ордасында тұлға болып қалыптасып, бүгінгі қазақ аруы, ертеңгі жар, аяулы ана, ардақты әже атануда ең алдымен тәлім мен тәрбие қажет. Ақұштап Бақтыгереева жүргізетін қыздар мектебінің де осы мақсат үдесінен шығатыны айқын. Қаракөз қыздарымыз қазақ қызы деген атқа лайық болып, тәлімді, тәрбиелі, ибалы да инабаттылығын әркез сақтап жүрсе екен дейді ақын апамыз. Қыз тәрбиесі, бұл – ұрпақ тәрбиесі. Осы жауапкершілікті үнемі сезініп жүруге тиіс екендерін ұғындыру қыздар мектебінің басты ұстанымы. Ақұштап апамыз «Қыздар мекте­біндегі» алғашқы дәрісінде «Қыз­дары мықты болмай, қоғам мықты болмайды» деген ойын тереңнен өрбітті: «Ең басты мақсатым – қазақ қыздарының тәрбиесіне көбірек көңіл бөлу. Қазақ қыздарына ұлттық тәрбиеден дәріс беру. Қаламыздағы оқу ордаларында осы мақсатпен дәріс оқыдым. Біздің мемлекеттік бағдарламада ондай сабақ жоқ. Ал мен қазақ қыздарының ұлттық тәрбиесіне байланысты дәрісті қайдан алам? Лиро-эпос жырларымыздан, дастандарымыздан, Құртқа, Ұлпандардан алам. Қыз Жібек, Баяндардан, Тұмарлардан, кешегі Әлия мен Мәншүктен әкеліп, бүгінгі еліміздің мақтаны болып жүрген қыздармен жалғастырып, дәріс оқимын. Қазір өсіп келе жатқан ұрпақ өзінің ұлтының ертеңгі болашағы екенін білсін деймін. Өзім де үш қыз өсірген анамын. Қыздары мықты болмай, қоғам мықты болмайды деген ойдамын. Қыздары парасатты, анасы ақылды болмаса, қоғам әлсірейді деген ойдамын. Ұлы ұлттың парасатты жүрегі – ана болу деген үлкен өнер, үлкен тәрбие. Бізге осындай ана қажет! Қайратым, қуатым барда ақындық тіліммен, өлеңіммен айтайын, ананы сүюді, ананы сыйлауды үйретейін деп жүрмін. Ана болу деген үлкен жігерлілікті қажет ететін ауыр жұмыс деп түсіндіремін». Ақұштап Бақтыгерееваның «Қыз­дар мектебінде» оқылған дәріс­терінен: Қазақ болу үшін жүзге, руға бөліну шарт емес. Тегімізді білсек, тілімізді ұмытпасақ, қазақ болып жаратылғанымызға өкінбесек болды да. Басты мәселе – ұлттық рухта. Рух биік болуы үшін, аналар сәбилерін қазақша әлдилеп, бесік жырын айтсын. Қыз бала тәрбиесі ұлтының тәрбие­сімен тікелей байланысты. Қазақ әйелінің қандай болғаны, жалпы, ұлтымыздың келбеті. Мысалы, әйелі салақ, олақ үйдің көркі болмайтыны сияқты, әйелі, қыздары дұрыс болмайтын болса, ұлттың да көркі болмайды, меніңше. Ұлды да, қызды да тәрбиелейтін, жалпы қоғамды ұстайтын, ол – ана. Уақыт өзгереді, келесі ғасырдың адамы да, көзқарасы да бөлек болады. Дүниенің дөңгеленгені сияқты, адам қоғамды бір орында ұстап тұра алмайды. Мысалы, ғасыр бөлек болса бола берсін, әр гүлдің өзінің топырағында өсетін тамыры болуы керек. Әр ағаштың өз топырағынан алатын нәрі болуы керек. «Мына ғасыр бөлек екен» деп тамырсыз гүл сияқты солып өте шығуға болмайды. Сондықтан бәрібір әжелер тамырынан, ғасырлар қойнауынан, өзіңнің қаныңнан тәрбиенің негізін алып, сол жолда жүрсең, өмірің бекер өтпейді. Қазақ баласының ұлттық тәрбиесін ұмытуға болмайды. Біз қай қоғамда өмір сүрсек те, басқа ұлт өзінің түрімен, тілімен танылып тұрса, кең даланың ұрпағы да өзінше танылуға тиісті. Біз қазақ даласының  өзіндік дәстүрін сақтауымыз керек. Басқа жерге барғанда «Мынау қазақ қызы» деп ерекшеленіп тұрса, қандай жақсы. Қазақ қызы деген өзгеге ұқсамайтын дала мінезімен ерекшеленуі керек. Одан парасат пен ақыл үйренсе артық па екен? Бүкіл далаға, ұлтқа ана болатын қыз тәрбиесі оп-оңай қарайтын нәрсе емес. Біздің қазіргі қыздарға ұлттық тәрбие ерекше қажет кезең. Ол алдымен ұлттық намыстан бастау алады. Жас ұрпаққа сапалы біліммен бірге саналы тәрбие беру қай кезде де өзектілігін жоғалтқан емес. Қазір де солай. Арғы ата-бабаларымыз жас өренді елін, жерін сүюге үндеп, ұлттық салт-дәстүрмен сусындатуды мұрат тұтқан-ды. Сол рухани үндеу бүгінгі күнге жеткізді. Жаңа ғасырлардың белесінде өзінің 20 жылдық тарихына табан тіреген Қазақ елінің патриоттардың мекеніне айналуы өзгеге үлгі, өзімізге медеу. Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясында жаңа қазақстандық патрио­тизм туралы айтылған болатын. Ұлт Көшбасшысы Н.На­зар­баевтың «...­патриот, ол – Қа­зақстанды шын сүйетін, ұлт­тық құндылықтар­ды қастер­лей­тін, бойында адал­дық, ар-на­мыс, ізгілік қасиет­тері бар, халқының дәстүрі мен Отанына деген сүйіспеншілігі мол адам» деген сөзін бүгінгі жастар естен шығармауы керек. Бойында намыс оты ойнаған, ұлт тәрбиесін сіңірген, иманды да инабатты, тәрбиелі, ана тілін ардақтаған қазақтың текті қыздары ғана ұлттық құндылықтарды қастерлеп, адалдық, ар-намыс, ізгілік қасиеттерді бойына жинақтары сөзсіз. Рита СҰЛТАНҒАЛИЕВА, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, баспасөз хатшысы

19985 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9153

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7283

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5023

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4407

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4372

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4332

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4067

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4059

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы