• Әдебиет
  • 07 Наурыз, 2013

Ел мақтаны – асыл арулар туралы

Ата-бабамыз әйелді ана деп құр­меттеген. Қазақтың әйелі алдымен береке-бірліктің, ынтымақтың, бақ пен ырыстың нышаны. Атам қазақ есте жоқ ескі заманнан бері қызына аса ерекше мейіріммен, ілтипатпен қараған. Оң жақта үкілеп, үлпілдетіп ұстап отыратын қызының ертең сүйген жар, асыл ана болатынын ескеріп, басқа үйдің табалдырығын аттағанда бейкүнә, періште қалпымен баруына қатты мән берген.Сөйте тұра, қызын бетінен қақпай, ерке қылып өсірген. Кішкентайынан ат құлағында ойнаған шабандоз, бес қаруын асынып жауға қаймықпай баратын батыр етіп баулып, өжет те жүректі болып өсуін қадағалаған. Тауып айтып, тұспалдап, жұмбақтап сөйлеу арқылы ауыздыға жол бермейтін шешен де ақылды етіп тәрбиелеген. Ауыз әдебиетіндегі Қарашаш бейнесі соның бір дәлелі. Жаңадан жарық көрген «Ақжайықтың асыл арулары – Заслуженные женщины Приуралья» атты кітап Ақжайық өңірінің бүгінгі асыл арулары туралы сыр шертеді. Атақты «Қыз Жібек» жырының әлқи­сасында мынадай жолдар бар: «...Сол уақытта Төлеген 12 жасқа келді, ешкімнің қызын жақтырмады, он алты жасқа келді, сонда бұл елге бір саудагер келіп сұрады: Бұл Базарбай екі ұлына неге қалың бермеді, деп соның жайын әркімнен сұрап-сұрап біліп, бір күні Төлегенге айтады: – Қыз жақтырмай жүрген болсаң, мен саған қызы жағатұғын елді айтайын. Алты арыс Шекті деген ел бар, Ақ Жайық деген өзеннің бойында болады. Сіз соған барыңыз, – дейді... Содан Төлеген Ақ Жайықты бойлап көшіп бара жатқан ұлы керуенді аралап келе жатып Қыз Жібекті көреді: Қыз Жібектің құрметі, Жиһаннан асқан сәулеті. Ләйлі-Мәжнүн болмаса, Өзгеден артық келбеті. Үш қызы бар қасыңдай-ай, Кебісінің өкшесі, Бұхардың гауһар тасындай. Ақ маңдайы жалтылдап, Танадай көзі жарқылдап, Алтын шашбау шашында. Қыз Жібектің шаштары Қоғалы көлдің құрағы. Көз сыйпатын қарасаң, Сегіз бейіш ішінде, Хорлардың жақын шырағы. Дүрі-гауһар сырғасын Көтере алмай тұр құлағы. Қыз Жібектің ақтығы Наурыздың ақша қарындай. Ақ бетінің қызылы Ақ тауықтың қанындай. Екі беттің ажары Жазғы түскен сағымдай. Білегінің шырайы Ай балтаның сабындай. Төсінде бар қос анар Нар бураның санындай. Оймақ ауыз, құмар көз, Іздеген ерге табылды-ай. Өткірлігін байқасаң, Ұсталар соққан кетпендей. Нұр тұқымын еккендей. Бірауыз сөз сөйлескен, Мұратына жеткендей. Тірісі түгіл, Жібектің Өлігіне адам қайырылып, Бетінен келіп өпкендей... Осынау ғажайып жырға арқау болған Қас сұлу Қыз Жібектің заманынан бері қарай тарихты оймен шолып шықсақ, айналайын Ақ Жайықтың бойында өсіп-өнген іргелі елдің қыздары айдай сұлу көркімен қоса, салиқалы ақыл-парасатымен де ерекшеленген. Есте жоқ, ескі заманнан бері қарай бағамдасақ, Батыс Қазақстан өңірінің асыл аруларының арасынан ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де мол кездеседі. Атақты Әбілқайыр ханның зайыбы, аса ақылды, көреген Бопай (Батима) ел басқару ісіне белсене араласып, шебер дипломат болуымен ерекшеленсе, Бөкей ханның екінші әйелі Отан ханым, әкеден ерте жетім қалған Жәңгірді ел басқару ісіне жастайынан тәрбиелейді. Ал Жәңгір ханның жары Фатима ханым еуропаша білім алып, тәрбиеленген, орыс, француз және неміс тілдерін еркін меңгерген, төрені де, қараны да бірдей сыйлай білген, аналық мейірімі көрікті жүзінен төгілген зиялы әйел болған. Реті келгенде айта кетейік, XIX ғасырдың 1857 жылы Орал қаласында Қазақстандағы қыз балаларға жалпы білім беруге арналған тұңғыш оқу орны Қыздар гимназиясы ашылды. 1883 жылы Орда қаласында жергілікті қыз балаларға арнаулы орта білім беру мақсатында қыздар училищесі жұмыс істей бастады. Осы оқу орнында қоғам қайраткері Алма Оразбаева мен инженер-металлург Мәдина Бегалиевалар білім алған. Жалынды революционер, дипломат Алма Оразбаева ғажап әнші болған, ол қазақ әнін жинаушы Затаевичке батысқазақтарының бірнеше халық әнін айтып берген. Ұлы Отан соғысы кезінде де Ақ Жайық өңірінің арулары майданда жүрек жұтқан ерлігімен, елде жанқиярлық еңбегімен ерекшеленеді. Кеңес Одағының Батырлары Мәншүк Мәметова мен Халық Қаһарманы Хиуаз Доспановалардың есімі аңызға айналған тұлғалар. Қазақтың өнеріне айрықша үлес қос­қан талантты тұлғалардың арасында Ақ Жайықтың қыздарының орны ала бөтен. Атақты «Жетім қыз» дастанының авторы Алмажан Азаматқызынан бастап, бүгінгі ақиық ақын Ақұштап Бақтыгереевалар қазақ поэзиясына өрнекті үлес қосқан қас дарындар. Ал күй анасы Дина Нұрпейісованың қазақ музыка өнеріндегі орнын айтып жеткізу мүмкін емес. Дәулескер күйші, халық композиторы Дина анамыз Қазақ музыкасының қорына қосылған ға­жап күйлерімен қатар, керемет орындау­шы­лық қабілетімен де әлемге таңдай қақтыр­ған ұлы адам. Жасы ұлғайған шағында 1939 жылы Мәскеуде өткен халық аспаптары орындаушыларының Бүкілодақтық байқауына қатысты. Оның жігерлі де екпінді, әсем де майда қоңыр күйлері қазақ музыкасының алтын қорына қосылған. Қазақ театр өнерінің майталмандары КСРО халық артисі Хадиша Бөкеева, КСРО халық артисі, опера әншісі Роза Жаманова, қазақ киносының «Қыз Жібегі» Меруерт Өтекешовалар қазақ өнерінің деңгейін әлемдік биікке көтеруге зор үлес қосқан дарындар. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облы­сының әйелдері өмірдің барлық саласына араласып еңбек етуде. Олардың алды құрметті демалысқа шығып, немере тәр­биелеген әже, апа, кейінгілері еселі еңбегімен елге танылып, құрметке бөленуде.

4777 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9173

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7294

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5033

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4418

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4382

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4343

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4078

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4069

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы