• Әдебиет
  • 20 Наурыз, 2013

«Кісі болса, Бөлтіріктей болсын...»

Біздің тарихи жәдігерлерімізге қатысты мұқияттылығымыз, өтіп кеткен иманды бабаларымыздың мұраларына деген құрметіміз, айналып келгенде, өз ұлттық жадымызға, адамшылық болмысымызға өзіміздің жасап отырған қамқорлығымыздай көрінеді маған. Әлі есімде, менің бала кезімде ауылдас Сымайыл деген бір қария біздің үйдің балаларымен ерекше амандасатын еді. Бес-алты жасар кезім. Ес біліп қалғанмын дегендей... Ол кісі бізді көрген сайын: – Уай, ассалаумағалейкүм, Бөлтірік шешеннің ұрпағы! – деп өте жарқын түрде сәлемдесіп жататын. Бірі он төрттегі, екіншісі он бірдегі естияр қос ағам әр жолы күлімсірей барып: – Уағалейкүмассалам, ата! – деп қос қолдарын ұсынып, амандасушы еді. Әкем жарықтықтың біржолата көңілі өсіп қалатын. Мен болсам, не деп жауап қайтарарымды білмей, әлгі кісінің жүзіне аңыра қарап қалушы ем. Бір күні әкемнен: – Анау ата бізбен неге олай амандасады? – деп сұрағаным бар. – Е – е – е, балам, біздің ыстыдан Бөлтірік шешен Әлменұлы деген кісі өткен. Ол кісі әрі батыр, әрі әділ би болған екен. Әлгі аталарың Бөлтірік бабамыздың біраз шешендік әңгімелерін біледі. Сол кісіні сыйлағандықтан бізбен өстіп амандасып жатқандары ғой, – деді әкем басымнан сипай. – Бұл атаның аты кім? – Біздің ауылда «Сымайыл» деген екі қария бар. Соларды бір-бірімен шатастырмас үшін мына кісіні ауыл­дастарымыз «жалайыр Сымайыл» дейді. Қызым, сен бұдан былай ол кісілерге амандасып жүр. Бақа-а-андай бес жастасың. Енді үлкен болдың, – деді әкем менің еркелігімді баса. Содан былай «сәлеметсіз» десем де, әйтеуір сәлемдеріне батылсыздау ­жауап қайтарушы едім. Соған риза болған Сымайыл ата менің қолымды алып тұрып, әбден батасын жаудыратын. Сөйтетін де: – Баяғыда «пәлен» деген екі ел арасында жанжал туа жаздаған кезде сендердің Бөлтірік бабаларың даудың басын екі-ақ ауыз сөзбен былай деп шешкен екен, – деп табанда бір шежіре әңгімені «төге» салушы еді. Өкінішке қарай, сол бір әңгімелерді санама құя қоятындай ол жылдары зердем әлі жетіле қоймағаны анық. Еміс-еміс бір оқиғалар ғана санамда көлбеңдейді. Сымайыл атаның құрдастары Кеңес өкіметі орнағаннан 10-15 жыл бұрын дүниеге келіп, қос қоғамның да дәмін татқан, сонау «Мекалай» заманында медреселерден алған білімдері жүздерінен шуақ боп төгіліп тұратын, көкіректері қаттаулы шежіредей дана қариялар еді ғой. Мектеп пен университетті бітіріп, республикалық газетке жұмысқа тұрған соң: «қолыма қалам алдым, енді сол кісілермен сөйлесіп қалайыншы» дегенімше, өкінішке қарай, ол кісілердің қатары сиреп-ақ қалған болатын. Әсіресе Сымайыл ата сияқты шебер әңгімешілері... Ол кісілердің сөз саптауларынан бастап, бүкіл іс-әрекет, дағдылары бөлекше еді ғой. Әңгімелері барысында «уай», «пәлі», «дегеніңе болайын», «пау, шіркін», «беу, дүние-ай», «әттесі-ай» («әттеген-ай» дегендері – Н.Ү.), «өйдәйт дерсің», «тұрпатыңа болайы-ы-ын» тектес қыстырма, қаратпа сөздерді көп қолданысатын. Шежіреден сыр тарқатқандағы дауыс ырғақтарының өзі қандай сазды еді, десеңізші! Одан кейінгі қариялар Кеңес өкіметі кезінде дүниеге келген менің әкемнің тұстастары болатын. – Сол қариялардың айтқандарынан есіңізде қалғандары бар ма? – деп әкемді әңгімеге шақырушы едім. – Ә – ә – ә, балам. Мені де ұмыт­шақтық деген ауру айналдырды ғой әбден. Отан соғысында минаның талқандауынан жаным аман қалып, бейбіт кезде бес рет «нәркөз» алып, отадан өтіппін. Оңай дейсің бе? – деп кешірім сұрағандай сөзін бір орағытып өтіп, Үшбай Үркімбайұлы жадында қалғандарын баяндап беруші еді маған. Би-болыстардың ардақты сөздерін республикалық басылымдарға жария­лау Кеңес өкіметі кезінде қиынның қиыны болатын. Сөйтіп жүргенде, ғасырлар бойы аңсай күткен Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, бабаларымыздың сөздерін іздеп, жан-жағымызға қарап, қармана бастаған едік. Сөйтсе-е-ек, Сымайыл аталардың шерткен баяғы тәлімді әңгімелерінің, лайықты айтушысы болмағандықтан, нәрі мен бояуы, кейбір тұстарда тіпті өңі де өзгеріп кетіп, тек жұқаналары ғана қалған екен. Өкінішті-ақ, әрине. Дегенмен, көңіл мұрағатымыздағы сол әңгімелердің өзін ақтарыстыра жүріп, қағаз бетіне түсіруге тырыстық. Мерзімдік басылымдарға жарияладық. Солардың кейбірі 1993 жылы жарық көрген Бөлтірік Әлменұлы «Шешендік сөздер» атты жинаққа (филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаевтің құрастыруымен) енген болатын. Сол жинақтың шығуына атсалысқан азаматтардың барлығына да Алланың нұры жауғай. Міне, енді аталған жинақты арада жиыр­ма жылдай уақыт өткенде қолыма алып, қайта оқып отырмын. ­Сымайыл аталардың со-на-а-ау жылдарғы шерткен сырларымен салыстырғанда мұндағы әңгімелер солғын, әрине. Бірақ осының өзіне «тәубе» дейміз. Себебі кеңестік қоғамның қызыл идео­логиясымен тілін «сындырған» ел ішіндегі қариялар бұдан гөрі қалай көркемдеп айта алар еді десеңізші бізге. Шежіре­ – мұрағаттарымыздың сақталуының мұндай көрінісі, өкініш­ке қарай, еліміздің барлық түкпір­леріне тән жағдай еді. Қайта, қазағы қалың отырған өңірлерде шежіре әңгі­мелердің жұқанасы болса да сақ­талып қалған екен. Ал «тың игеру» деген тажал саясатпен құйқалы өңір­лерімізді әдейілеп, негізінен орыстілді ұлт өкілдерімен толтырған қызыл Кремль ол аймақтардағы небір асыл ше­жірелерімізді халық санасынан ай­тарлықтай өшіріп-ақ жібергені белгілі. Қош, сонымен... Алты Алаштың басқа да айтулы шешен, билері сияқты Бөлтірік бабамыз да алдына «тартылған» дауды, бір Аллаға сыйы­нып, мейлінше бітімгершілікпен шешіп отыруға тырысқан екен. Оған әлгі дау кезінде шеберлікпен айта алған әрбір кесімді сөздері куә. Екіншіден, ол кісілер дауласушы жақтардың байлығына, беделіне қарамаған. «Ақырет күні бір Алланың алдында жауап бергенде жағдайымыз нешік болады?» деп қорқа отырып, терең иманмен үкім айтуға тырысқан екен. Солардың жадымызда қалған кейбіріне ғана тоқталсақ. Ата кәсіптері боп кеткен тары егумен айналысатын құм ішіндегі диқан ауыл бір жылы өнімді молынан алса керек. Оның үстіне шикі тарыны «ақтап-сөктеп» дастарқанға әзір етіп қоятын еңбектері тағы бар. Ондай дайын өнімді «ақталған тары» дейді диқандар қауымы. Қуырылған тарыны келіге салып түйіп, оның кеуегін ұшыру деген қып-қызыл еңбек, қыруар жұмыс қой білген жанға. Күздің сондай бір берекелі күндерінде базардың қыр-сырын білместен, ауызын ашқан әлгі аңқау диқандардың тарыларын бір саудагер келіп арзымайтын ­тиын-тебенге сатып алып, қала базарына апарып, шаш-етектен пайдаға батып жүреді екен. Ауыл азаматтары әрі сөйлесіп көреді, бері саудаласып байқайды. Саудагердің райынан қайтар түрі жоқ. Себебі бүгінгі біздің тілімізбен айтқанда, тары сатып алуда оған «конкуренция» болмаған екен. Алыпсатарыңыз сөйтіп, диқандардың «қанын» теспей сорады ғой әлгі жерде. Әр жолы келген сайын әңгіме осы. Содан ауыл тұрғындары: – Қой, мәселені бұлай соза беруге болмас. Мұның жайын бір тапса, ыстыдан шыққан Бөлтірік шешен табар, – десіп шешенге адам жіберген екен. Ол кісі әлгі тарылы ауылға келеді де: – Менің келіп жатқанымды аса дабыра қылмаңдар. Қаптарыңа тарының өзін емес, ылғи кебегін толтырып, арасына тас салыңдар да бетіне ғана тары толтырып қойыңдар. Оның әуселесін мен содан кейін көрейін, – деп алыпсатардың келесі келуін күтіп жата береді. Бір күндері арбасын даңғырлатып баяғы саудагер шауып келсін. Диқандар әрлі-берлі «саудаласып» болмаған соң тағы да болмашы қаржыға қаптарын тиеп жібереді. Арада бір күн өткенде беті доларып, ашу-ызадан жарылардай боп әлгі саудагер қайта шауып келген екен. Арбасы тола баяғы қаптар. – Мен сендерді базармен жал­ғастырып, тарыларыңды өткізіп беріп, аяп жүрсем, сендер мені алдап соққыларың келген екен, ә, – деп әкіреңдеп болар емес. Сол кезде киіз үйлердің бірінен Бөлтірік шешен шыға келеді. – Мен саған қызыл сөзімді шығындап, қайран тілімді қор қылмай-ақ қояйын. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: бұл бейбақтар сені алдаған жоқ. Жүз рет сан соқтырып кеткен арамза әрекеттеріңнің біреуін ғана өзіңе қайтарып отыр. Онда да алдағанның қандай болатынын саған сездірейін деп... Енеңді ұрайын, жаман сарт, сол алаяқ әрекеттеріңнің бір жолғысының қайтарымына бола, күшәла жеген күшік құсап, шыжбалаңдап жетіп кепсің. Сені біздің алдымызға Құдайдың өзі айдап келген шығар. Тап қазір мына момын халықтың бұған дейін өзің жеп келген ақшаларын қайтармасаң, бұл істі мен билер сотына салғызам. Арбаңды базардағы «ләпкеңмен» қоса төңкертем, – деп Бөлтірік батыр кесімді үкімін айтқаннан кейін, ол кісінің батырлығынан да, дүйім дуан алдындағы беделінен де қаймыққан сау­дагер қалтасындағы барын диқандарға санап беріп, қалған қарыздарын кейін әкеп беретін болып, әрең құтылған екен. Бабамыз бұл істі аяқсыз қалдыр­мастан, беделін салып, ояздық сауда ісі өкілдеріне арнайы қайырылып, делдалдардың апандай боп ашылып кеткен арандарын «жапқызған» көрінеді. Оның үстіне, құмды өңірлерде осындай тарылы ауылдардың бар екендігін білген басқа да делдалдар бір-бірімен жарыса барып, диқандардың өнімдерін әділ бағасына сатып ала бастайды. Тағы бір әңгіме... Бір ауылдың әжептәуір дәулетті кісісі мен көрші ауылдың кедей жігіті арасында дау туады. Ол кездегі «кедей» деген шаңырақтың өзінде бір-екі жылқы, жиырма шақты ұсақ мал және сауын сиыры болады екен. Әлгі кедейдің бір тайына көрші ауылдың байы: – Менің құлын күнінде жоғалтқан малым. Сол кезде-ақ жорға шығайын деп тұрғанын білгенмін. Бүгін танып отырмын. Енді берсең – қолыңмен, бермесең – сот жолымен аламын, – деп дес берер емес. Сол кездегі қазы бұдан бұрын да бірлі-жарым парақорлық ісімен белгілі боп қалған жан екен. Алғашқы жүгіністе-ақ байдың сөзін сөйлеп, істі бұра тартады. Малынан нақақтан айырылатынына көзі жеткен әлгі жігіт содан кейін, Алланың қолдауымен, Бөлтірік шешенге барып, жолыққан екен. – Малыңның айрықша белгісі бар ма? – деген сауалға: Таңдайында бармақтың басындай меңі бар, – дейді кедей жігіт. Содан Бөлтірік шешен өзен жағасына барып, бір уыс қайрақ тастарды жинайды да, шағындау ғана дорбаға салып алады. Бабамыз дауласушы екі жақтан бұрын келіп, әлгі дорбаны қазының қойнына салып жіберген екен. Содан істі қарау қайта басталады. Сөзге араласып отырған бабамыз: – Жоғалтқан құлыныңның ерекше белгісі бар ма еді? Жүйрік танығыш болсаң айтшы, – деп сауал тастағанда: – Ондай белгісін байқамаппын, – деп шынын айтады бай. – Ал мен айтар болсам.., таңдайында меңі бар, – деп шырылдаған екен сонда кедей жігіт. Тысқа шығысып, жүйрік тайдың аузын ашып қараса, расында кедей жігіт айтқандай белгі бар екен. Сонда шешен бабамыз: – Бар дүниені шашпа, жоқ дүниені қума. Шашқан – шет болар, қуған – ит болар! – деп ақылын айтып, арқасынан қағып, байды жөніне жіберген екен. Бұл жерде Бөлтірік бабамыздың «шет болар» дегені Жаратқанның бұйрығына «қарсылық болар» дегенді білдірсе керек. Алла берген нәсібені пендесі ысырап етіп, шашып ұстаса, ол лағнет атқыр шайтанды қуантатын іс болатындығы Қасиетті Құранда баса айтылған ғой. Ал «жоқ дүниені қума» дегені «біреудің қолындағы малын ашкөздікпен тартып алмаққа әрекет етпе! – дегені еді, десетін қариялар. «Қуған – ит болар» дегені – нағыз мұсылман кісі аса Жомарт Иеміздің берген нәсібелеріне қанағат етіп, өзгенің қолындағыға көз алартпауы керек. Дүние иман иесінің жүрегінде емес, қолында тұруы тиіс. Байлықтың соңына түсіп, оны жүрегіне енгізіп алса, «қу дүниені қуамын» деп жүріп, алтын уақытын босқа өткізсе, нағыз ит өмір сонда болмақ. Бұл да Шариғат шарттарындағы басты қағидалардың бірі. Мінеки, Бөлтірік би екі-ақ ауыз сөзбен қаншама иманды да терең ойларға меңзей білген десеңізші! ...Бұрынғыдай емес, бұл жолы бүйірін бір дорба «күміс теңге» «қыздырып» отырған әлгі қазы іс барысында Бөлтірік бидің сөз ыңғайына қарай жығылып, дауды кедей жігіттің пайдасына шешіп берген екен. Әлқисса, қазы кісі «параға» алған күмістерін тезірек санап алмақ ниетпен дереу оңашалана беріп, әлгі дорбаны ашып қалмайма. Сөй-й-тсе-е-е, іші толған қайрақ тас дейді. Содан, жаны жай таппастан дереу Әлменұлына барады. – Уау, Бөлтеке, бұ не қылған іс болды. Бағанағы «күміс» деп берген бір дорбаң толған тас қой? – деген қазыға: – Мен бергенде олар «күміс» еді. Небір даулы істерді алған параңызға қарай бұра тартып шешкеніңізде жаны күйген бір бейбақ: «Алғаның ас болмай, тас болғыр-ай!» деген шығар. Негізі «зұлымдыққа ұшыраған жанның дұғасы – қабыл» дейді ғой. Сондай жапа шеккен бір бейшараның қарғысы қабыл боп кеткен шығар, – деген екен. Қазы байғұстың не айтарын білмей, ұнжырғасы түсіп кетсе керек. – Сіз бұдан былайғы дауларды адалынан шешіңіз. Болмаса, бар дүние-мүлкіңіздің тасқа айналып кетуі де ғажап емес, – деп қорқытып қойған екен. Расында, көп ұзамай, әлгі қазы қызметінен түсіп, орнына әділ қазы сайланған көрінеді. Айта берсе, Бөлтірік бабамыздың мұндай терең мәмілегерлікке толы шешімдері толып жатыр. Біз бұл жолы Бөлтірік батырдың, бір Аллаға сыйына отырып, таза шешендік өнерінің күшімен шешкен дау қорытындыларына тоқталуға жүрексініп отырмыз. Себебі сол бір сөз мәйегіне толы билік сөздерді өрнегін келтіре айта алмасымызды шамалау­дамыз. Сондықтан ең дұрысы ол кісінің, жоғарыда баяндағанымыздай, кейбір даулы істердің әділ шешілуіне өткірлеу әзіл-сықақтары мен тапқыр әдіс-тәсілдерін қатар қолдана отырып, ықпал жасағанын ғана тілге тиек еткенді жөн көрдік. Ол кісі әлсіздің күштіде кетіп бара жатқан ақысын осылайша терең иман, ерекше шеберлікпен қайтарып отырған екен. Бұл іс-әрекеттердің барлығы да қазақ жерінде бір кездері салтанат құрған «дала демократиясының» бұлтартпас дәлелдері! Сондықтан болар, қазақтың тағы бір дара тұлғалы перзенті Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің: «Құдай рахмет қылсын Бөлтірік биге! Кісі болса, сондай болсын!» деп ағынан жарыла пікірін білдіріп, дұға жасағаны. Әлменұлының ел аузында сақталып қалған нақыл сөздері де баршылық. Олардың көпшілігі шешен бабаның белгілі бір дауларға шешім айтқан тұстарында дүниеге келген екен. «Шешендік сөздер» жинағынан мысал келтірсек... Бай болмаған бай болса, Жайламаған саз қоймас. Би болмаған би болса, Басын шалмаған сөз қоймас. Саз қадірін білмесе, Байдан байлық көшеді. Сөз қадірін білмесе, Биден билік көшеді, – деген екен Бөлтірік бабамыз. Ал енді осы үзіндідегі ойлар бүгінгі ғана емес, келер ұрпақтарымызға да үлгі-өнеге емес деп кім айта алар?! Қалтасына болмашы тиын-тебен түсе қалса да, астына несиеге алған «мәшине» біте қалса да кеудесіне «нан пісіп», талтаңдай басып, біржолата демала алмай қалатын замандастарымыз баршылық емес пе бүгінде?! Сондайларға қарата айтылғандай ғой дана бидің осынау нақылдары. Ақылы жоқты аға тұтпа, Қасиеті жоқты қадір тұтпа. Ақылы жоқты аға тұтсаң, Кішілігіңді кемшіліктей көрер. Қасиеті жоқты қадір тұтсаң, Кісілігіңді ерсіліктей көрер. Шешеннің осы сөздері де нақ бүгінгі күннің сипаттамасындай әсер қалдыруда бізге. Айтса айтқандай, бір Алланың разылығына ұмтыла жүріп, өзін қарапайым ұстаған кісіні, дәл бүгінгі күндері, ақылы жетпеген кейбіреулердің барынша басынғысы келетіні де бар. Ондайлар, әдетте, өзінен қара күшімен немесе байлығы, билігімен асып түскендердің алдында құрдай жорғалап, былайғы жұртты көзіне ілмеуге тырысады емес пе?! Тек көкірегінде имандылық дәні бар жандар ғана үнемі қалыбын сақтауға тырысады. Бөлтірік Әлменұлы өзі билік айтқан тағы бір жолы: Басының көптігін Құдайын ұмытқан мақтан қылады, Малының көптігін иманын жоғалтқан мақтан қылады. Құдайыңды ұмытпа, иманыңды жоғалтпа! – деген екен. Расында, аспан мен жердің және олардың арасындағы барлық мүлік атаулының Иесі аса Жомарт Алла пендесіне бала мен байлықты сынамақ үшін береді емес пе?! Себебі Алла бұл жалғанның байлығы мен қызығын сүйген құлына да, сүймеген құлына да береді. Ал иманды тек қана сүйген құлына сыйлайды. Шариғат заңдары осылай дейді. Ендеше, дана бабаларымыз кейінгі ұрпақтарының бір Алланың сүйген құлдары ретінде ғана сол байлыққа ие болуларын дұға жасап тілеген ғой! Әңгімемізді жыраулар поэзия­сының соңғы сарқыты, ақын, әнші, композитор Кенен ата Әзірбаевтың мынандай пікірімен аяқтағанды жөн санаудамыз. «Бөлтірік – Ысты елінен шыққан ақын, шешен әрі батыр. Өз қатарында ешкімнен жеңілмеген, «Жеті жарғы» атанған кісі. Жеті тосқауылдан сүрінбей өтетін тұлпарды осылай бағалайтын (ол кезде). Бөлтірік – орта бойлы, ашаң жүзді, селдір сақалды, жедел жүрісті, өткір көзді, сөзді табан астында тауып айтатын, тапқыр болған. Оның батырлығы, ақындығы, шешендігі жөнінде ел арасында аңыз аз емес». Кім білсін, расында, шешен жайлы ел арасында осыған дейін беймәлім боп, сақталып келген небір соны аңыз-әңгімелердің жаңа легі бұдан былай табылып қалар. Табылмаған күнде де, қолымызда сақталып отырған, осынау жәдігер сөздерінен тиісті тәлім ала білсек, қанеки! Нұрлытай ҮРКІМБАЙ

4006 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8763

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7060

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4804

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4190

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4152

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4113

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3843

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3843

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы