• Әдебиет
  • 28 Наурыз, 2013

Жылдар жырлайды

Қалам-кәсіпке адалдық Алаш баласының заманнан заманға толқын-толқын ауысқан сөз ұстағандарының бәрі шаңды топырақты, ысты шаңырақты ауылдан ұшып, қанатын қатайтты. Әйтсе де сол ауылында қалып, шаңырақ-ұясын көгерткені некен-саяқ. Облыс орталығында тірлік кешіп, қаламын ұштағандарды халық батырындай көреміз. Ес білгелі ауылынан табан аудармаған, батыс қиырдағы Қанішкеннің (бұрынғы Ганюшкино, қазіргі Құрманғазы) өзі де, сөзі де тоқпақтай қара шалы, қаламгер-қайраткері бар. Ол – Рахмет аға Иманғалиев. Жарты ғасырдан астам облыстық газетке (бүгінгі «Атырау») Еділ-Жайық арасын ен жайлаған Құрманғазы мен Исатай аудандарының, көршілес Астрахань губерниясының қазағы қалың Харабали, Володар, Красный Яр райондарының меншікті тілшісі ретінде өз көрген-білгенін, жиған-түйгенін жазып тұрды. Осы мігірсіз еңбегі «Ұлы көштің ұрпақтары», «Өлмейтін өмір», «Аңызға айналған адам», «Шуақты шаңырақ», «Қыз-құдірет», «Сахара сардары», «Аруақ қолдасын, әлеумет» сынды журналист жазба-кітаптарына айналды. 1968 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Бәйшешек» атты жинаққа қанатқақты әңгімелері енсе, «Мың тарау», «Қарашаның суығы», «Жастық жоғалмайды», «Қолтаңба» сынды Алматының белді-белді баспалары қалап алған прозалық кітаптарындағы хикаят-әңгімелерінде құм мен қырда, дала мен теңізде қайшыласқан тағдырлар, Нарынның наркескендерінің үлгі-өнегесі мен бота-тайлақтарының шәлкем-шәліс тірліктері көркем өріледі. Құм суырған замана желі мына дүнияны алай да, бұлай да шыр айналдырып, дөңгелеткенімен, бір сүйініштісі, Рахаңның қаламын суытқан емес. Сексеннің сеңгіріне ол бес томдық «Нарын-шежіресі» мен прозалық таңдамалысы «Өмірдің өз айнасы бар»-ымен келіп отыр. «Ауылда туып, астанада... кітап шығарудың» рекордын жасаған қалам-кәсібіне адал, несібелі, шежіре жазушы-журналист ағамызға шабыт, шабыт және шабыт тілейміз. Тілектес іні-қарындас қаламдастар атынан Ғарифолла ӘНЕС, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Ақын ойы Қиял құсын жырға жемдеп ұшамын, Өлең – өзен кетті тасып, күші – ағын. Ой мұхитын жүзе берем, талмаймын, Жыр толқынын шабыттана құшамын. Қалықтаймын, шыңға шығып, қырды асам, Арманым не адамзатты жырласам. Ақынмын ба сақшысындай елімнің, Поэзия күзетінде тұрмасам. 1958. Жайлауда Отарын қозғап әріден, Асырған сәтте қырқадан. Баурап ап қоңыр әнімен, Қыз дауысы шықты шырқаған. Келеді екен кім алдан? Қарайды жігіт елеңдеп. Ғашығын әсте бұл маңнан Ойламап еді көрем деп. Жүрген жоқ бұлар жырақта, Үміті текке кетпепті. Отарын салып қыратқа, Шопан қыз бермен беттепті. Сағыныш дей ме, сүй дей ме, Қыз еркі қалай жорысын. Асығыс жігіт күйге ене, Тепекке басты торысын. Ләззат шоғы жанғандай, Жайылды құшақ ұзамай. Көңілде ерке наз бардай Сүйгізбей қойды қыз оңай. Сейіл ғып жайлау алқабын, Келеді қойлар берпе-бет. Алдында жігіт қалқаның Отыр ғой әлі өкпелеп. Құмары тұрса түк қанбай, Өзгені ғашық ойлар ма? Махаббат сырын ұққандай, Қосылып кетті қойлар да. 1961. Нөсерден соң Ерке қыз шын мойын бұрғандай, Күн бүгін тесіле қарапты. Жұмыр жер серілік құрғандай, Төсіне шоқ гүлдер қадапты. Көк күмбез аруға мекен ғой, Жеткізбей тұрғанын көл ұшын. Қара бұлт қызғаншақ екен ғой, «Қол созба құр бекер ол үшін». Дегендей еліртіп дауылын, Найзағай шатынап күйгелек. Ағытты нөсерін – дау ырым, Жер бетін осқылап, түйрелеп. Болса да тастамақ жарықсыз, Бұлт көші сетінеп, тартылды. Тыз етпе ашудай парықсыз, Долылық сел болып сарқылды. Күн бикеш қайтадан көрінді, Елжірей қарай ма, біртүрлі. Жер жігін бәрібір көңілді, Жымиып жалма-жан сүртінді. 1962. Жырламай қалай жүре алам Өлеңім менің – өнерім, Жасымнан сүйген досым ең. Әуенім асқақ, өр едім, Тағдырымды саған қосып ем. Сиқыр боп мені арбадың, Өзіңе ғана ғашық ем. Әлдилеп сені арманым, Көкірек сырын ашып ем. Болды деп тарпаң тағдырым, Мен кеттім кейін алыстап. Кеш ұқтым: сенсің бақ нұрым, Отырмын қалам тағы ұстап. Құрбылар қалжың етеді: «Жасыңа жетпей қартсың» деп. Мен жүрмін: «Сол да жетеді, Өнерім ғана артсын» деп. Достарым бірде қынжылды: «Кәдімгі қара шалсың» деп. Алданыш етем мен жырды, Көкірек ләззат алсын деп. Шабытым, алыс кетпеші, Сағынып қалам мен сені. Жанымды жүдеу етпеші, Көтеріп таста еңсені. Жабырқап кетсе көңілім, Толғатып өлең жұбанам. Сусындай берсін өмірім, Жырламай қалай жүре алам!? 1980. Ізгілік болсын тапқаным Мен тұйық жанмын ой өрген, Жанжалың деген жау маған. Біреулер бар ғой көнерген, Өз арын өзі даулаған. Не сұмдық сөзбен атқылау, Күтпеп ем мұны жалғанда. Түспесе екен ақ қылау, Әлдилеп жүрген арманға. Жасырын тұтқан пердені, Пәршелеп таста, жыр алмас. Мен де бір шыңмын жердегі, Жұлқылай берсін, жыға алмас. Ақ моншақ күлкім тыйылмас, Арайлап атсын ақ таңым. Өмірім, кәне, сыйыңды аш, Ізгілік болсын тапқаным. Ізгілік болсын тапқаным, Достарым солай тілейді. Сол тілектен бақ, жаным, Ләззат алып түлейді. 1990. Аңсау Дарқан көңіл, ғажайып дарқан көңіл, Дарқан көңіл бар жерде арқаң кеңір. Рақат-ау ондайда мынау тірлік, Тербеткендей болады шалқар өңір. Сонда аңсайды баяғы қылықтарды, Ұлттық нақыш томаға тұйықталды. «Тал шыбықтай бұралған» қыз бойынан Жарасымды көрініс ұмыт қалды. Қыздар қайда баяғы біздер көрген, Қос бұрымын құбылтып күнде өрген. Жанарлары мөлдіреп алаулайтын Шақтарында елжіреп көңіл бөлген. Қыздар қайда көйлегі көлбеңдеген, Ұялғаны сезілер көрген жерден. Сызылатын бар сырын ішке бүгіп, Жауап күтсе жігіті телмеңдеген. Шошынғандай жігіттік қағытпадан, Айта алмайтын бір сөзін бағыттаған. Қымсынатын қылығы ойын тежеп, Тамағының түймесін ағытпаған. Қыдырарда қыздар тез шығатын ба ед, Бәрін күтіп тапжылмай тұратын ек. Пәленшені сүйгенің рас па деп, Сары қызды жолшыбай жылатып ек. Ұялғаннан сары қыз пісіп кетті, Екі көзі қызарып ісіп кетті... «Елдің көркі – қыз» болған әдептілік, Сағым құсап есіме түсіп кетті. Бүгінгілер жүреді кіндік ашып, Қыз беделін қымсынбай солай шашып. Жиын тойда есірік емеурінмен Жігіттерге көрінген күн де «ғашық». Ой-хой, дарқан өмір-ай, құбылмалы, Біреулердің жетпейді-ау ұғынғаны. Аруларды аңсайды бүгінгі жұрт Ақындардың айшықты жырындағы. 1993. Ақжарма халқыма назданам Тағдыр бар мені ылғи жазғырған, Дұшпандар тұс-тұстан азғырған. Достардың шуақты көңілін Паналап кей-кейде жаз қылғам. Емеспін пендесі дарынды, Сонда да күншілдер табылды. Қызғаныш кеудесін күйдіріп, Дем жетпей тынысы тарылды. Кердеңдеп кеудеде жел есіп, Көрген жоқ өзара кеңесіп. Бәлкім, бақида бәріміз Қылармыз сүйек боп теңесіп. Күн келер серейтіп сұлатқан, Біреулер сөз айтар жұбатқан. Бір күндік тірлігім мың артық Берсе де орнымды жұмақтан. Өмірден жақсылық іздедім, Табам деп үмітті үзбедім. Әділдік жолында күрескен, Ақиқат орнатқан ізде едім. Әлде мен біреуден оздым ба? Әлде мен күйрек боп тоздым ба? Жігердің желкені желбіреп Жасымай жүруші ем аз мұңға. Әлде мен көп кітап жаздым ба? Кеудемнен сөз кенін қаздым ба? Байлыққа қызықпай, құнықпай, Қайырын тілегем аздың да. Шындықтың шырайын сақтадым, Сонда да жылы сөз таппадым, Халықтың мүддесін айтам деп Әлдекім пендеге жақпадым. Ей, заман, болма сен бұлыңғыр, Болсыншы қызың – гүл, ұлың – нұр. Жемқорлар жұта алмай жығылсын, Өткір айт, осыны ұғындыр! Тұнықпын, лай боп азбаған, Арым бар шуағы маздаған. Мөп-мөлдір сырымды ақтарып, Ақжарма халқыма назданам. 1997. Тағдырым, болдың ба күрделі? Тағдырым, болдың ба күрделі? Сынаққа салғандай бір мені. Аяқты алшаңдап баспадым, Көңілім күмбірлеп күлмеді. Кез болды қиналған, тосылған, Күншілдер күңкілдеп тосыннан. Арсыздар азғырса, арбалып, Жылылық аз болған досымнан. Тірсектеп қалмады бақталас, (Ондайлар сенімді ақтамас) Қызғаныш шоғына қақталып, Ғұмыры жақсыны жақтамас. Базары жастықтың тарқаған, Ауыр жүк түскен жоқ арқадан. Сала бер салмақты, тіршілік, Арбамды алқынбай тарта алам! 2000. Жырлайды жылдар Жырлайды жылдар, шалқиды, Өрнектеп ойды әрқилы. Даланың самал лебінен Анамның иісі аңқиды. Жырлайды жылдар, шалқиды, Толғанып көңіл балқиды. Әкемнен алған ұлағат Санама шуақ, ар құйды. Жырлаймын бала кезімнен, Сусындап кәусар сезімнен. Көп еді-ау сәттер қалжаурап, Таң алдында көз ілген. Жырлады жылдар тынбастан, Жазғандай мұқым мың дастан. Өлеңім қандай болды екен, Таптым ба ұйқас жымдасқан? Жазылмаса да мың дастан, Оянар сәттер мұңдасқан. Әйтеуір ләззат сезіммен Тазарсын көңіл кір басқан. 2003. Ей, адамдар... Ей, адамдар, бір-біріңді әре-сәре күндеме, Шолақ ойлап, шайпау сөзбен тілдеме. Сабыр сақта салиқалы түрің де, Салмақтылық жарасқан ғой пілге де. Ей, адамдар, қит еткенге бұлқан-талқан ашынба, Рас, рас, оғаш жайды бүркемелеп жасырма. Қанағатсыз қисыны жоқ істерге Ойланбастан омақасып бас ұрма! Ей, адамдар, ар-ұятты мөлдіретіп сақтаңдар, Аппақ жанға қара күйе жақпаңдар. Пәк көңілмен жан дүниең тазарсын, Әділдікті айқай салып жақтаңдар! Ей, адамдар, бір-біріңді атпаңдар, Жауыздықты күресінде таптаңдар. Қиянаттың қара түнек зауалын Бір Алланың құдіретінен тапқан бар. 2009. Қолымнан тастамадым қаламымды Сезілер кейде маған дала мұңды, Ақылың жетпей тұрса, сана мұңды. Әйтеуір шындық үшін шыр-пыр етіп, Қолымнан тастамадым қаламымды. Өмірдің болды талай соқпақтары, Тағдырым тарпаңдығын тоқтатпады. Өзімді сөз өнері өрге сүйреп, Олқыны жетпей тұрған жоқтатпады. Өсекті бақталас боп тасымадым, Қиянат көп көрсем де жасымадым. Келемін ақиқатты арқаланып, Мен қалай үн шығармай басыламын. Сезілер кейде маған дала мұңды, Ақылың жетпей тұрса, сана мұңды. Әйтеуір шындық үшін шыр-пыр етіп, Қолымнан тастамадым қаламымды. 2010. Көңілдегі көмбелер Жылдар өтіп зулайды, тоқтамайды, Пенде көңіл қалайша жоқтамайды. Қайда кеткен құрбылар, замандастар? Селдірепті сетінеп топ талайғы. Қайда кеткен баяғы зиялылар? Арманы бар, үміт пен қиялы бар. Салиқалы сөздерін сараптаса, Көңілдегі кіркілжің күй арылар. Түседі екен көңілге несіне кір, Жыр жазбадым шалқытып көсіле бір. Тауқыметін тауыса алмай тіршіліктің, Түк бітірмей өтпек пе есіл өмір. *** Керек емес қырда өскен қызғалдақ, Дәурен қайда өлең жазар қызға арнап. Жоғалды ғой алаулаған сезімдер, Кәрі дене жылынбайды мұздап қап. Қара көздер күлімдейтін «ағай» деп, Сөзге тартып «жағдайыңыз қалай?» деп. Жұпар иісін жұтқызуға жалындап, Сыңғыр-сыңғыр тіл қататын жанай кеп. Енді бүгін естіп жүрміз «Атаны», Сызылмайды, қатқылдау үн қатады. Кәрі көңіл құлазиды ондайда, Жаныңа сол кәдімгідей батады. Сол кәрілік енді бізге келген бе? Дүлдүл дәурен тым алыстай берген бе? Шабыт, шіркін, қанжығадан қалмай жүр, Қара сөзді көсіп-көсіп тергенде. Аңсадым ба жастық шақты жалынды, Жүдеу ойлар кейде мұңға малынды. Бірақ-бірақ тіршілікке тіреу боп, Шүкір деген дәтке қуат табылды. Қарап тұрсаң қара жер де тозады, (Пенделер де дүниеден озады). Адал жанның рухтары махшарда, Маздап тұрар қауіпті емес тозағы. Ой-санаға қалыптасты кемелдік, Парасаттың пайымына кенелдік. Ғұламалық болмаса да, кәдімгі Ақсақалдық пайда болды тереңдік. 2012. Сексен деген... Елеулі жасым келді сексен деген, Бұл да бір арман еді жетсем деген. Айбындап асқар таудан аспасам да, Тынымсыз жорықтадым тепсеңменен. Қара жер қопармадым кетпенменен, (Қол үзбей сөз азабын шеккен күйден). Сұрасаң ататекті жасырмайын, Абыздың баласы едім шекпен киген. Күнім жоқ мұңға батып кемсеңдеген, Мақтауды көп естідім «тек сен» деген. Шақырды ағаларым Алматыға, Өнерің өрге басар келсең деген. Халқыма қазынамды берсем дегем, Жауһарын асыл сөздің терсем дегем. Құшағы Алматының алыс қалып, Ауылда мұқалмады тершең денем. Жас екен ойға қалар сексен деген, Арманым осы екен ғой жетсем деген. Мың шүкір, жиырма кітап ізім жатыр, Жемісі жортақтаудың тепсеңменен. Рахмет Иманғалиев Атырау облысы

4762 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8767

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7062

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4806

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4192

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4154

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4115

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3845

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3845

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы