• Ақпарат
  • 05 Мамыр, 2009

Елордада еңсерер шаруа аз емес

Астанада кәсіпкерлікті дамытуға зор мән беріліп отыр. Себебі, азық-түлік тауарларының 60 пайызы аталмыш сала арқылы қамдалуда. Биылғы жылдың 1 ақпанындағы мәлімет бойынша, қалада 67 100 шағын бизнес нысаны есепке алынған. Сала 103,7 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Бағдарламаға сай елордаға 22,6 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Қазір оның 7,4 миллиарды игерілді. «Іске асырып отырған шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламаны тоқтатуға болмайды. Алайда бизнес-қауымдастықтың да пікірімен санасқан жөн. Мүмкін, Үкіметтің мүмкіншіліктері аясында қаржыландырудың жаңа бағдарламасын жасақтау қажет болар» дейді Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов. Осы орайда, «Альянс» банкі Астана қаласы филиалына «Даму» қоры 4 миллиардқа жуық қаржы бөліпті. Олар несиені екі шартпен береді. Біріншісі – жеті жылдық, екіншісі – екі жылдық. Екеуінің де үстеме ақысы 12,5 пайыз. Ескерте кететін жай, несиені жұмыспен айналысқанына кем дегенде 12 ай толған кәсіпкерге ғана беру көзделген. Жаңадан бизнес ашқысы келетін азаматтарға нақты төлем қабілеті анықталмағандықтан қаржы берілмейді. «Каспий банкіден» ешқандай кепілдіксіз 1,5 миллион теңгеге дейін 23 пайыз жылдық үстемемен 3 жылға дейін несие алуға болады. Тек ғана СТН, ӘЖК және жеке куәлігін әкелсеңіз жетіп жатыр. Бөлінген қаржыны игеруде «Цеснабанк» АҚ көш бастап келеді. «Даму» мемлекеттік қорынан бұл банк бизнес құрылымдарын қаржыландыру үшін 3,3 миллиард теңге алған. Қазіргі таңда «Цеснабанк» 1,8 миллиард теңгелік міндеттемесін 68,7 пайызға орындаған. Астанадағы қуатты желісі, несие беру тәжірибесі жеткілікті, жұмысы нақты жүйеге түскен «Казкоммерцбанк» АҚ өзіне жүктелген міндетін нашар атқарып отыр. Бүгінгі күнге дейін аталған банк өздеріне бөлінген қаражаттың бар жоғы 9 жоба бойынша 150 миллионын ғана игерген. «Нұрбанк» АҚ-ның жағдайы да ауыз толтырып айтарлықтай мәз емес. Десек те, осы қаржылық құрылым сәуір айының соңына дейін 800 миллион теңгені игеруге уәде етіп отыр. Жалпы, елордадағы ІІ деңгейлі банктер 127 шағын және орта кәсіпкерлік ұйымдарымен келісім-шарт жасасқан. Солардың 62-сіне қаражат аударылып та үлгерген. Сәуірдің орта шеніне дейін игерілген соманың мөлшері 2 миллиард теңгеге тең. Дегенмен жақында ғана елордада өткен екінші деңгейлі банктердің ашық есік күндерінде тұтынушылар несие алу кезінде бірқатар кедергілермен бетпе-бет келетіні анықталған. Мамандардың айтуынша, пайдалану сипатын өзгерту кезіндегі кедергілерді жою үшін заңдық талаптарға өзгеріс енгізілсе, құжат жинау жұмысын екі еседен, бес есеге дейін азайтуға болады. Оның үстіне бұл бағытағы іс толық қанағаттанарлық қалыпқа келген жоқ. Қаладағы екінші деңгейлі банктердің алдында жалпы сомасы 12,1 миллиардты құрайтын 154 жобадан түскен өтініштері мұқият қаралса екен. Егер шағын және орта бизнес өкілдеріне екінші тоқсанда берілген қаржы 15 миллиардқа жетсе, бірінші жарты жылдықтағы Астана кәсіпкерлігін қолдаудың межесі 40 миллиардты бүтіндейді. Бейбітгүл ИСАЕВА, Астана Оралыңның барында... «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының аймақтық бөлімшесінің өкілі Эльмира Қабыланбаеваның айтуынша, кәсіпкерлікке қаржы бөлу үдерісі бұдан бір жыл бұрын басталған. Қор өткен жылы Тұрақтандыру бағдарламасы бойынша несие бөлудің бірінші және екінші траншын аяқтаған. Бірінші кезеңде БҚО бойынша 1,8 млрд. теңгені құрайтын 120 жоба, екінші кезеңде 4,4 млрд. теңге көлеміндегі 94 жоба қаржыландырылған. Қазір Батыс Қазақстан облысы бойынша бөлінген қаржыны игеру үлесі 3,8 пайызды құрайды. Банктерге алпысқа жуық кәсіп иелері жолығып, оның 58-іне 1,8 миллиард теңге көлемінде қызмет көрсетілген. Несие алушылардың дені – сауда-саттық саласындағы кәсіпкерлер. Бөлінген қаржыны игерудің ең үлкен көрсеткіші «БТА» банкіне тиесілі. Осы кезеңге дейін банк 47 жобаны қаржыландырып, көш бастап келеді. Облыс орталығында төрт банктің – «Халық», «Казком», «БТА», «Альянстың» жанынан халыққа қызмет көрсету орталықтарының жедел тобы құрылған. Несиені қайта қаржыландыру барысында салымшыдан тек екі құжат - өтініш пен салық комитетінің анықтамасы ғана талап етіледі. Салық орнының анықтамасы бұрынғыдай бес емес, үш күннің ішінде беріледі. Банк менеджерлерінің айтуынша, қаржы бар, бірақ кәсіпкерлер несие алуға бұрынғыдай лек-легімен келіп жатқан жоқ. Көбі қайта қаржыландыру үшін банк қызметіне жүгінеді. Қаралған 58 жобаның 43-і қайта қаржыландыру үлесіне тиесілі екендігі де сөзімізге дәлел. Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ, Орал Тоңып секіргендер көп Әділін айту керек, қаржылық дағдарыстың қара бұлтының үйіріліп келе жатқандығы туралы бұқаралық-ақпарат құралдары осыдан 3-4 жыл бұрын жалпақ әлемге жар салған болатын. Амал не, билік басындағылардың «Жағдай толық бақылауда. Ешқандай дағдарыс экономикамызға да, халықтың тұрмыстық жағдайларына да кері әсерін тигізе алмайды» деген желбуаз уәделеріне имандай ұйыған қалың көпшілік айналып келгенде өз аңғалдығының құрбандығына айналды. Әсіресе, кезінде банктерден доллармен несие алған табысы аз отбасыларының, шағын және орта бизнес өкілдерінің де жағдайы қиындатып жіберді. «Қаншама дайындалдым дегеннің өзінде қаржылық дағдарыс жұмысымызға кері әсерін тигізе бастады. Жұмыссыздардың саны көбейіп, халықтың қолындағы ақша азайғаны көзге ұрып тұр. Қазір банктен несие алу да үлкен тәуекелділікті талап етеді. Біріншіден – қайтару пайызы жоғары. Екіншіден – керегі- керексізі бар қаншама құжат жинақтауың керек. Үшіншіден – кепілдікке қоятын үй-жайыңды өте өмен бағалайды. Төртіншіден – бұл дағдарыстың әлі қаншаға созылатынын ешкім білмейді», – дейді аймақтағы кәсіпкерлер. Шынында да несиелерін төлей алмай, бастаған ісі құрдымға кетіп банкрот болып қалған мекемелер аз емес. Сондықтан еткен еңбегі, төккен тері зая кетіп, сан соғып қалған жандардың жүйкесін дағдарыс титықтатып бітті. Осы орайда шағын және орта бизнестің тұралауы жұмыссыздар санын көбейтетіні де анық. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» дегендей, енді бір «еті тірі жігіттер» дағдарыстың алдында банктегі таныстары арқылы бүкіл үй-жайын, дүние-мүлкін кепілдікке қойып өте көп мөлшерде теңгемен қарыз алыпты. Бар ақшасын доллларға ауыстырып, бір айдан кейін теңгенің құнсыздану кезінде барлық қарызын жауып, миллиондаған пайда тапқан. Мінеки, қаржылық дағдарыстың күнгейі мен көлеңкесі. Біреулері ебін тауып екі асаса, екіншісі қарыздың ми батпағына батып барады. БОРАН ҒАЛИ ҚҰЛЖАН, Атырау облысы Үлкен пышақ ұялғаннан өтер «Даму» кәсіпкерлікті қолдау» қорының бөлінген қаржысын игеруде Алматы көш бастап келеді. Дегенмен «Үлкен пышақ ұялғаннан өтеді» дегендей еліміздің ең ірі қаласындағы кәсіпкерлікті қолдаудың сиқы да әйтеуір жоқтан бардың көрінісіндей. Бұған сәуір айының ортасына дейін шағын және орта бизнес субьектілеріне бөлінген қаражаттың Алматы қаласында 28,6 пайызы ғана игерілгені дәлел. Алматыда өткен алқалы жиында «Республикада шағын және орта бизнес субьектілеріне бөлінген қаражаттың 31,7 пайызы игерілген. Ал Алматы қаласы өзіне берілген 46,5 миллиард теңгенің 28,6 пайызын ғана игеріп отыр. Онда – «Kaspi bank», «Цесна банк», «Альянс банк» пен «АстанаҚаржы» банкінің үлесі өте төмен.», деген болатын Премьер-Министрдің орынбасары Серік Ахметов. Бүгінде қала бойынша 115 жоба «Даму» қоры арқылы сомасы 13.3 млрд.теңгенің қаржысын алып үлгерді. Әкімшілік кедергіні төмендету бойынша мемлекеттің тапсырмасын қала кәсіпкерлері барынша қолдап, жұмысты қарқынды жалғастыруда. Салық мөлшерін айтарлықтай төмендеткен жаңа салық Кодексінің қолданысқа енгені кәсіпкерлерге сәл болса да демеу болды. НДС мөлшері 12%-ға дейін төмендесе, әлеуметтік салыққа бірыңғай 11%-дық мөлшер енгізілді. Мұның барлығы да шағын және орта бизнесті дамытуға кәсіпкерлерді ынталандыру болып табылады. Дегенмен атқарылған жұмыстарға қарамастан шағын және орта бизнестің алдында мәселелер аз емес. Олар ағымдағы жылдың соңына дейін шағын және орта бизнес субъектілерін тексеру жөніндегі қолданыстағы мораторийді жалғастыру туралы ұсыныс жасауда. Сонымен қатар Алматыда заң жалған кәсіпкерлікпен айналысты деп тапқандармен келісімшарт жасасып, зардап шеккен адал кәсіпкерлердің жайы да шешімін таппай отыр. Кәсіпкерлер банк қызметкерлерінің қызметіне де көңіл толмайтындықтарын жиі жеткізіп келеді. Жанар Елдосқызы, Алматы

2688 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы