• Білім және ғылым
  • 05 Мамыр, 2009

Ұстаз

Ақ жүректен шыққан ақ бата 1970 жылдар. Көкірегіне білімнің қарлығашы ұя салған жас қыз Жамбыл облысының Жуалы ауданына келіп, қыр-сыры мол, қиын да жауапты ұстаз атты баспалдақтың алғашқы сатысына аяқ басады. Жас та болса білімімен мыңды жыға білген біртоға да салмақты, сабырлы да сырбаз, тіпті өткірлігі де жоқ емес осы қыздың болашағынан ұстаздары мектеп қабырғасынан-ақ зор үміт күткен еді. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген екен. Сондай қасиетті ұғымның жүгін көтеріп жүре алатынын сезген ұстаздары бұл қызды әу баста-ақ осы мамандықтың қыр-сырына баулиды. Ұстаз жүгі – ауыр жүк. Сол ауырлықты әп дегеннен-ақ еңсесін тіктеп, қасқая көтеретінін, болашақта шәкірт бойына ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіре білетін тәрбиеші, елінің алдында атақ-абыройға кенелетін беделді ұстаз болатынын көреген көз сол кездерде-ақ байқаған. Білікті ұстаздардан білім алған Аягүл солар секілді білімді ұстаз болуды алдына мақсат етіп қояды. Сол арманы жетелеп, Жамбылдағы педагогика институтының математика факультетін тәмамдайды. Алғашқы еңбек жолындағы тұсауын қарапайым мұғалімдіктен бастаған ол осы жолдың талай баспалдағын аттап, табан ақы, маңдай терінің арқасында білдей бір гимназияның директорына дейін көтерілді. Бұл орынға біреулердей көктен түсіп, келе қойған да жоқ. Өмір мектебінің, ұстаздық мектептің барлық сатысынан өтіп келді. Талай шәкіртті баулып, білім биігіне көтеріп, ұлағатты ұстаз атанды. Еңбегінің нәтижесінде 1988 жылы «Еңбек ардагері», 1995 жылы «Ы.Алтынсарин» медальдарымен марапатталып, «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» атақтарын алды. Бұл Қазақстанның тұңғыш «Еңбек ері» атағын алған Алматы қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназиясының директоры Аягүл Төреқызы Миразова еді. Ол – көпбалалы отбасының тұңғышы. Балғын да, балдай тәтті балалық шағы Жамбыл облысындағы айдын көл – Билікөлдің маңында өткен. Сондағы «Билікөл» орта мектебін тәмамдаған. Қарапайым ғана отбасынан шыққан Аягүлдің әкесі соғысқа қатысып, ІІ топтағы мүгедек боп оралған. Бірақ сөзге де, өз ісіне де пысық, айналасындағы дос-жаранын алалап бөлмейтін, еңбекқор кісі еді. Аягүлге де осы әкесінің еңбекқорлығы дарыған болар, шамасы. Ал анасы Зухра болса салмақты, сабырлы, әр нәрсенің байыбына барып қана сөйлейтін еді. Мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басарда: «Қызым, ұстаз болу үлкен абырой, әрі күрделі жол. Сенің сол жолдан адаспай жүретініңе сенімдімін», – деп бата берген де осы әкесі мен анасы еді. Сол сөздер бүгінде сүйікті жар, аяулы ана, асыл әже, өнегелі ұстаз болып отырған Аягүл Төреқызының есінен бір сәтке де кеткен емес. Өзінен кейін ерген бес іні мен бір сіңлінің жанашыры да, анасындай қамқоры да осы Аягүл болды. «Ұстаз жүгі – ауыр жүк» Мектептерде тәрбие ісінің, оқу ісінің меңгерушісі болған жылдарында да бала тәрбиесіндегі жауапкершілік пен өз ісіне деген адалдығы сезіліп жүрді. Оның беделді де, білікті басқарушы бола алатынын байқаған басшылар Аягүл Төреқызына 1991 жылы ашылған қазақ мектебіне директор болуға ұсыныс білдіреді. Бұл білім ордасы салынғанына бір ғасырға жуық уақыт болған, ескіріп тозған, сегіз жылдық орыс мектебінің ғимаратының орнына ашылған болатын. Белгілі өнер қайраткері Асқар Тоқпанов пен қоғам қайраткері Жүніс Ыбыраев талай табалдырықты тоздырып жүріп, талай зиялылардың есігін қағып жүріп ақыры осы шаңырақты қазақ мектебі етіп ашқызып еді. Сол күнді Аягүл Төреқызы былайша еске алады: «Сонау тәуелсіздігімізді енді ғана алып, оңымыз бен солымызды жаңа тани бастаған тұста ашылған бұл мектептің алғашқы күйін тіпті мүшкіл десе де болар еді. Өзі ескі интернаттың орнына ашылған. Алғашында бар-жоғы 300-ге жетпейтін оқушы оқыды. Мектепте жөні түзу не парта, не тақта болған жоқ. Күрделі жөндеуден де өткізілмеген, үшінші қабат толы темір төсек еді. Алғашында мемлекет тарапынан да мардымды көмек бола қоймады, себебі мектептің орнына ашылған мектепке ешнәрсе берілмейтін. Сонымен қоса ол кездегі елдің жағдайы да нашар еді ғой. Дегенмен мектептен балалар саны жылдан-жылға көбейіп, ата-аналардың да қызығушылығы арта түсті. Олар оң көзқарас танытып, мектебімізге шама-шарқы келгенше көмек көрсетті. Қазақ «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң жауыңа найзаң тисін» демей ме? Міне, ата-аналардың балалары үшін жасаған көмектерінің арқасында аяғымыздан тік тұрып кеттік». Мектептің материалдық-техникалық базасы да алдыңғы қатарда. Онда 39821 кітап қорынан тұратын кітапхана, 6 мультимедиалық кабинет, спорт залдары, футбол алаңы, жүзу бассейні, мәжіліс залдарымен жабдықталып, оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай да жасалған. Абай атамыздың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегеніндей, 40 жылға жуық ұстаздық қызметттің талай суығын да, ыстығын да сезініп, соған төзіп келе жатқан Аягүл Миразова ешқашан ізденуден жалыққан емес. «Болдым, толдым» деп көкірек керіп, тоқмейілсіген емес. Өз басшылығындағы мұғалімдерге «Мен бастықпын, сен қызметкерсің» деп бөліп-жарған да емес. Барлығымен әріптес ретінде, сырлас құрбы-құрдас ретінде сөйлеседі. Әрине, басшы екенін де бір сәт естен шығармайды. Білікті басшының білгірлігі, көрегендігі болар мектептегі барша ұстаздар қауымы әркезде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, ұйымшылдықпен жұмыс атқарып келеді. Мектептегі ұстаздардың басшыға деген құрметін әр сөз арасынан-ақ аңғаруға болады. Әр басшы өзіне алған кадрларды баптауы керек. Ал сол баптауыңа көнген, яғни сенің дұрысыңды дұрыс деп қабылдай білген мұғалімнен ғана бірнәрсе шығады. Керісінше сенің айтқаныңды ақыл деп санамай, өз дегенінен қайтпайтын бірбеткей ұстаз ертең балаға қандай тәрбие береді? Әрине, мен бәріне «менікі дұрыс, соны ғана тыңдаңдар» деп шарт қоймаймын. Кейбір жас кадрлардан да үйренер тұстар да болады. Ондай жайттарды көргенде олардың сол қасиеттерін бағалаймын. Талапшылмын, бірақ қатаң сөгіс беріп, қаралап та көрмеппін. Қайта сол талаптың өзін тең дәрежеде сөйлесе отырып, сырласа отырып қоямын. Біздің атақ-абыройға кенелгеніміз тек менің арқам емес. Ұжым мүшелерінің еңбекқорлығының, шығармашылыққа жақын болуының, ізденімпаздығының арқасы деп білемін. Мен олармен қай кезде де бірге жүремін. Олардың киім киісі, жүріс-тұрысы менің алақанымдағы іздердей сайрап жатыр. Көп басшылар біржақты болып келеді. Талап қояды, ал мұғалімнің жағдайынан мүлдем хабарсыз болады. Бұл дұрыс емес, – дейді Аягүл Миразова. Сырбаз да сұлу табиғаттан нәр алып өскен жанашыр жан сол сұлулықты әр адамның бойынан көргісі келетіндей. Әңгіме ауанын бір кезек отбасына бұрған Аягүл апайымыз: «Ұстазды текке адам жанының инженері деп атамаса керек? Ұстаз болу үшін отбасың сенің жұмысыңды түсінуі керек. Менің жанұямда отағасы да, балаларым да көмектесіп, қол ұшын беріп отырғаны болмаса, тосқауыл болған емес. Сондықтан да болар менің осындай биікке жеткенім. Мен өз басым қарапайым мұғалім болғаннан бастап, мақсатым жақсы ұстаз болып, шәкірттеріме жақсы білім беру болды. Сол қасиеттен әлі де арылғам жоқ. Мұны отбасым да дұрыс түсініп, оң көзқарас танытады», – деп ағынан жарылды. Отбасында да, ортасында да қажырлы ісімен еленіп жүрген «Еңбек ерінің» мектеп үшін жасаған еңбегі ерен. Ахмет Байтұрсынұлы «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді, басқа кемшілігі болса, мұғалімнің жақсылығы жабады, білдірмейді» депті. Мұғалім – мектептің айнасы. Дәлірек айтсақ, гимназия директоры көпшілікке білікті басшы екенін таныта білді. Қарапайым қазақ мектебінен жан-жақты профильді гимназияға дейін көтерілді. Қайбір жылдары Республикалық «Таңдаулы мектеп» конкурсының, «Алматы қаласының бәсекеге қабілетті 50 мектеп» байқауының бас жүлдесін, «Әйел басқаратын ең үздік мекеме» атағын, 2002 жылы мектеп кітапханасы «Кітапханашы-2002» қалалық сайысында бас жүлдені жеңіп алса, мектеп мұғалімдері де өз біліктілігі мен білімділігін қалалық, республикалық сайыстарда дәлелдеп жүр. Мысалы, 2005 жылы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Сәуле Сайдикеева Швецияда өткен сайыстың «Әлемдік жаңашыл ұстаз» номинациясын, 2008 жылы Тамара Хабиболлақызы «Сынып жетекшісі-2008», Гүлназ Облбекқызы «Алматы жыл мұғалімі – 2008» байқауының Гран-При жүлделерін иеленді. Тізе берсек мұнан да өзге жетістіктер жетіп артылады. Гимназияда 1992 жылдан бастап «Пилоттық мектеп» бағдарламасымен информатиканы оқыта бастады. 1998-2007 жылдар аралығында 56 шәкірт «Алтын белгі», 126 оқушы «Ерекше аттестат» алса, 35 түлек «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алуда. «Әжелер» клубы – тәрбие бастауы Ұлт болашағы – тәрбиеде. Жай емес, сапалы, саналы, жан-жақты тәрбиеде. Бүгінде тәрбие мәселесі ақсап тұр. Жастарымыз жағадан алып, төске шабуға дайын. Бұл кімнің кінәсі?.. Мұндайда «заманына қарай адамы» деп заманды кінәлаймыз. Ал сол заманды да, қоғамды да, қоршаған ортаны да қалыптастыратын адам, яғни өзіміз екенін кей сәттерде есімізден мүлдем шығарып аламыз. Ата-бабаларымыз қанды қырғында да бала тәрбиесіне, ұрпақ тәрбиесіне жете көңіл бөлген. Қай заманда да тәлім-тәрбиеге ерекше мән берген. «Қызың өссе ұлы жақсымен, ұлың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол», «Қызға қырық үйден тыйым», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп бекер айтпаған да болар. Осы сөздерден-ақ бала тәрбиесі ана құрсағынан, тал бесіктен, отбасынан басталатынын аңғару қиын емес. Баланың өнегелі әке мен абыройлы анадан алған тәлім-тәрбиесі – болашақтағы азығы. Неге бүгін сол тәрбиенің қадірі қашып, қасиеті кетіп барады? Себебі, қазіргі ата-ана күйбең тірліктің қамымен кетті. Баласын балабақшадағы тәрбиешіге немесе үйдегі бағушыға, қала берді мектептегі мұғалімге тапсыра салады. Ал атам қазақ «тәрбие тал бесіктен басталады» деген. Бұл жерде Мұхтар Әуезовтің: «Ел болам десең, бесігіңді түзе», – деген аталы сөзін айтпасқа болмайды. Ал бесік аналарымыздың, яғни бүгінгі қыздарымыздың қолында. Болашақта ұрпақ тәрбиелеп, бесік тербететін де сол қыздарымыз. Мағжан Жұмабаев: «Тәрбие кең мағынасымен алғанда, қандай да болса бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз. Ал енді адамзат туралы айтылғанда, адамның баласын, кәміл жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша, тиісті азық беріп, өсіру деген мағынада жүргізіледі. Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі, һәм құлық тәрбиесі. Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын. Бала аурулы, зағып болса, баладан емес, тәрбиешіден. Бала тар ойлы, ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі. Бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мақау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы» – дейді. №159 білім ордасының ұстаздары ұрпақ тәрбиесін, қыз тәрбиесін алдыңғы орынға қойып, ата-ананың сенімінен шығуға тырысуда. Оның бір айқын дәлелі ретінде мектеп жанынан ашылған – «Әжелер» клубы. Абайдай дана тәрбиелеген Зередей зерделі әжелердің ұрпақ тәрбиесінде рөлі өте жоғары. Терең тамырлы тарихымызға көз жүгіртсек, көргені мен түйгені мол, өрісі кең әжелеріміз қашанда саналы ұрпақ, кемеңгер келешек тәрбиелеген. Мақсат – әжелердің өнегелі өмірін үлгі ете отырып, балаларды өмірге үйрету, мектептегі қыз балаларды қазақтың ұлттық салт-дәстүріне баулу, туған жерін, елін, шаңыраған ардақтайтын тәрбиелі қыз, төзімді ана, қайратты жан болуға, әсіресе бұрымды қыздарымызды үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуге тәрбиелеу. Аталмыш клуб жетекшісі Құндыз Салқашқызы: «Қыз бала – болашақ ана. Сондықтан қыздарымызға ұлттық тәрбиемен сусындату әрбір ұстаздың міндеті. Бұрындары қыз баланың тәрбиесіне үйде әже, ана бағыт-бағдар беріп, үйретіп отыратын. Қазіргі нарық заманында аналар күнкөрістің қамымен жүріп, қыз тәрбиесі екінші орында қалды. Осы кезде қыздарымызға ақыл-кеңесімізбен, үлгілі өнерімізбен өнеге көрсете отырып, сұрақтарына жауап беріп, ата дәстүрді сақтау сынды асыл қасиеттерді бойларына сіңіруге барынша тырысамыз. Қыздарымыздың болашақ ана екенін қазірден бастап саналарына сіңіреміз. Ұлттық құндылықтар, қыз баланың жанұядағы орны, жеке бастың гигиенасы, ата тек жайында сөз қозғаймыз», – дейді. Ал директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шолпан Бақытжанқызы: «Ұлтыңды сақтаймын десең қызыңды тәрбиеле дейді дана халқымыз. Қыз баланың алдында қоғамның, елдің, бүкіл ұлттың жауапкершілігі тұрғанын жастайынан саналарына сіңіріп, әдеп пен сыпайылық, тазалық пен адамгершілік нәрімен сусындатып, ел көшін игілік пен өркендеуге бастайтын жан-жақты, білікті де білімді қыз бала тәрбиелеу мақсатында ата-аналар мен мектеп ұжымының ынтымақтастығы арқасында мектепте «Әжелер» клубы құрылды», – дейді. «Мұнан басқа өзін-өзі басқару «Азамат» ұйымының «Болашақ», «Жас ұлан», «Жас өркен» топтары құрылып, оқушылардың интеллектуальды білім деңгейін және тәрбиесін көтеріп, ұлтжандылық сезімін ояту, жауапкершілікке үйрету жолында жұмыс атқарып жатыр», – деп мектепте ұрпақ тәрбиесіне жете мән берілетінін айтты. «Қазіргі қатыгездіктің қоршауында қалған, соған бой ұрған ұрпақ тәуелсіздігіміздің лайықты мұрагері бола ала ма деген сұрақты ойлағанда жаның ауырады. Біз мемлекетімізді ертең қандай ұрпақ қолына тапсырамыз? Өз басын алып жүре алмайтындар Отанын сүйе ала ма? Мемлекеттің мұрагері бола ала ма? Бұл сөздердің педагогикалық жүгіне келер болсақ, ол болашақ Қазақстан азаматтарын қазақстандық патриотизм рухында, қазақстандық патриотизм санасында, қазақстандық паториотизм сезімінде тәрбиелеу міндетін көрсетеді. Бұл орайда мектептегі тәрбие үш бағытта жүреді. Бірінші, сабақ барысындағы тәрбие. Екінші, сабақтан алған адамгершілік құндылықтарын сабақтан тыс жұмыстарда бекітіп, кеңейтіп, тереңдетіп орнықтыру, тұрақтандыру. Үшінші, мектептен тыс ұйымдармен, ата-аналармен бірлесе отырып, жасұрпақ тәрбиесін жүргізу. Мұның бірін екіншісінен бөліп-жарып қарастыруға болмайды. Осы жерде бір шешімін таппай келе жатқан түйіткілдер туып отыр. Ұрпақ тәрбиесі мәселесінде біз әлі масылшылдық сана құрсауынан босана алмай келеміз. Яғни бала тәрбиесі үшін барлық жауапкершілік әлі де мектепке, мемлекетке аударылып отыр. Әрине, әр мектеп өз міндетін мемлекеттік нормалар бойынша орындап келеді және орындай бермек. Мәселе әрбір ата-ананың өз баласының тәрбиесі үшін өзі ғана жауапты екенін ұғынбай келе жатқандығында. Өз тамағын, өз киімін өзі табуы керек сияқты өз баласын оқытуды да, тәрбиелеуді де өзі атқару керек екенін мойындамай отыр. Мойындаса да соны орындау мәдениеті жетіспейді. «Мектеп жауапты» деп мектепке салмақ салады. Ал мұның шешімі біреу ғана – әрбір отбасында бала сәби шағынан бастап өзін-өзі меңгеруге тәрбие алуы керек. Оны рефлекция дейді. Яғни баланы ешқандай сыртқы теріс ықпалға берілмеуге үйрету керек. Әрине, біздің мектепте де өзіндік рефлекцияға, яғни өзін-өзі тәрбиелеуге үйрету жұмысы жүреді. Бірақ бір ғана мектеп күші жеткіліксіз. Қазақ халқы «Ұлдың ұяты – әкеде, қыздың ұяты – шешеде» деп есептеп, тәрбиені отбасының басты парызы санаған. Әр ата-ана өз баласына «ар», «ұят», «намыс» қасиеттерін сақтауға, қорғауға үйреткен. Кемеңгер Төле би бабамыздың «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі. Өзіне келер ұятын, өзі біліп тұрса игі» дегеніндей қазақ халқының асыл қасиеттерінің бүгінге жетуінің де басты себебі де дұрыс тәрбие болар», – деп толғайды Аягүл Миразова. Жұма – қазақ тілі күні Халқымыз ұстаздар қауымын қашанда ардақ тұтып, қадірлеген. Оның әр сөзін зердесіне түйіп, санасына сіңіруге тырысқан. Бала үшін мектептен алған білім өміріне азық болады. Аталмыш білім ұясында қазақ, ағылшын тілдері мен математика, тарих пәндері тереңдетіліп оқытылады. Бүгінде ұстаздар қауымы шетелдермен де байланыстарын нығайтуда. 1991 жылдан бері ағылшын және қазақ тілдерін жаңа инновациялық жүйемен оқыту бағдарламалары бойынша Туссон қаласымен тәжірибе алмасып келеді. Гимназия оқытушылары мен оқушылар жыл сайын Туссонға барып, ал туссондықтар болса аталмыш гимназияға келіп, қазақ тілін меңгеруде. Білім ордасында балалардың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру мақсатында көптеген іс-шаралар атқарылады. Қазақ мектебі бола тұра әр жұманы қазақ тілі күні деп, арнайы сайыстар жүргізіп отырады. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» емес пе? Жылдар бойы қанымызға сіңген әдеттен әп сәтте арылу оңай емес, әрине. Оның үстіне әрқайсысымызда қазаққа тән жайбасарлық та бар. Сондықтан да болар, бүгінгі жастардың орыс тіліне бейім келетіні. Бірақ біздің ата-аналардың көбісі орысша сөйлесе де, балаларының қазақ тілін меңгеріп, сол тілде білім алғанын қалағандықтан біздің мектепке беріп отыр. Біз де олардың сенімінен шығу, балалардың тілге деген қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі сайыстар ұйымдастырамыз. «Жас өркен» атты 2001 жылдан бері шығып келе жатқан гимназия газетіне оқушылардың шығармаларын жариялаймыз. Құдайға шүкір, қазір алға жылжу бар. Енді аз уақыт шыдасақ, өзіміздің шұрайлы да, бай тілімізге оралатынымызға сенімдімін», – дейді талай ортада орысша сөйлеуден бас тартып, өз тілінің жанашыры ретінде таныла білген ұстаз. «Қорыққан мен қуанған бірдей» «Ұстазсыз шәкірт тұл». Нағыз ұстаз бар қуаты мен білімін оқушыға сарқып бере алатын, онымен бірге қуана да, күйіне де алатын деңгейге жетуі керек. Өзінен білім алған әр шәкірт «мына ұстаздан сабақ алып едім» деп жүргенде ғана оның еңбегі ақталады. Бұл жерде Аягүл Төреқызының еңбегі ақталды. Оны тек шәкірттері ғана емес, бүкіл ел сыйлайды. Оның еңбегі еленбей қалған жоқ. Тарих беттеріне алтын әріптермен жазылды. Қазақстанның тұңғыш «Еңбек Ері» атағын алды. Елбасының өз қолынан сол марапатты алып тұрып, толқыған сәті әлі көз алдында. «Осы атақтың иегері мен боламын-ау деген ой өңім тұрмақ түсіме де кірген емес. Менен басқа да елімізге еңбегі сіңген ұстаздар қауымы жетерлік-ақ. Бірақ үміткерлер ішінен менің өмірбаяным, жүріп өткен жолым алдыңғы орынға шығып, осы марапатқа ие болғанымды тек соңғы сәттерде ғана білдім. Қорыққан мен қуанған бірдей болады екен. Алғаш Елбасының қолын алып, сәлем бергенімде қатты толқыдым. Ол кісінің менің өмірбаянымды бес саусағындай білетініне таңғалдым. Сол кезде өзіме бір батылдық пайда болды. Бұл атақтың тек маған ғана емес, бүкіл ұстаздар қауымына берілгенін, оны әр ұстаз көзінің қарашығындай сақтауы керек екенін, осы атаққа лайық қызмет етуі қажет екенін түсіндім», – дейді. Түйін: Қай қызметте жүрмесін теориялық білімін тәжірибеде ұштастыра отырып, бар қабілет-қарымын шәкірт тәрбиесіне сарп ете білген ұстаздың алдағы арманы тек қана саналы әрі жан-жақты шәкірт тәрбиелеу. Өмір атты теңізде, ізгілік атты кемемен жүзе білген ұстаз «әр шәкірт өз жұлдызының жарқырауына өзі жәрдем етуі қажет» деп есептейді. Оған дәлел де жоқ емес... Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ АЛМАТЫ

9676 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы