• Ақпарат
  • 05 Мамыр, 2009

БТА банкі барлық міндеттемелерін орындайды

24 сәуірде БТА банкі қарыздарды басқаруда кредиторлармен келісілген бағдарлама қабылданғанға дейін төлемдерді тоқтататыны туралы мәлімдеме таратты. Банктің басқарма төрағасы Әнуар Сәйденовтың пікірінше, бұл қазіргі қалыптасқан жағдайдағы жалғыз оң шешім болып табылады. «Сыртқы кредиторларымыздың бірі қарызды мерзімінен бұрын төлеуді талап етті. Бұл несие бойынша соңғы төлемді 2017 жылы төлеуіміз керек. Алайда, біз қарыздарды несие алған кездегі қол қойылған құжаттарға сәйкес қайтарамыз. Ал мерзімінен бұрын төлеу туралы талаптарды орындай алмаймыз» деді Әнуар Сәйденов. Оның айтуынша, банктің бүгінгі таңдағы қарызының көлемі 13 млрд. АҚШ долларына жуық. Яғни, ешқандай да жеделдікпен қайтаруға мүмкін емес сома. Банк басшылығы мәжбүрлі шешімнің басқа кредиторлар тарапынан қарызын тез төлеу туралы талап болмайтынына кепілдік беретініне сенімді. Бұл жерде тығырықтан алып шығатын жол – барлық кредиторлармен бір үстелдің басында бас қосып, бірлесіп шешім шығару. Банк басшылығы өзінің шешімі жөнінде кредиторларын құлақтандырыпты. Ендігі кезекте олардың жауабын күтуде. Ең бастысы, банктің топ-менеджерлері қалыпты жұмыс процесі бұзылмайтынын айтып отыр. Онымен қоса, банк активтерінің өтімділігі сақталуда. Салымшылар мен клиенттер алдындағы барлық міндеттемелер толық орындалады. «Бұл бірнеше елдердің банктерінің тарихында болған қалыпты шешім» дейді топ-менеджерлер. БТА банкі - Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасына белсенді қатысушылардың бірі. Мәселен, банктің Маңғыстау облысындағы филиалы шағын және орта бизнесті қолдауға мемлекет бөлген қаржының 90 пайызға жуығын игергені мәлім. Ол қазіргі кезде 52 мыңнан астам ШОБ субъектілеріне, соның ішінде Маңғыстау облысы бойынша 2,2 мыңнан астам кәсіпкерлерге қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша БТА банкте 1,9 млрд. теңгені құрайтын 466 өтініш қаралуда. Банктің еліміздің аумағында ең ірі филиалдар желісі (22 филиал және 279 бөлімше), сондай-ақ кеңейтілген банкоматтар желісі (787) мен өздігінен қызмет көрсететін терминалдары (160) бар. БТА тобы ТМД аумағында банкі желісін құруда көшбасшылардың бірі. Соның дәлелі – биылғы жылдың 15-ші сәуірінде сауданы қаржыландыру саласындағы екі беделді басылым – Trade Finanse және Global Trade Review-тің ұсынуымен БТА банкінің екі бірдей мәмілесі «Best Deals of 2008» («Үздік мәміле – 2008») және «Deal of the Year 2008» («Жыл мәмілесі - 2008») марапаттарына лайық деп танылды. Яғни, банк дүние жүзі бойынша аталған журналдар тағайындаған 98 награданың 4-уін иеленді.

3335 рет

көрсетілді

30

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы