• Ақпарат
  • 23 Мамыр, 2009

ТІЛ БОЛАШАҒЫ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

Жуырда Атырау облыстық әкімдігінде облыс әкімі Бергей Рысқалиев, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Ербол Шаймерден, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Жұмабек Кенжалин, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибраим, сондай-ақ қала мен аудан әкімдері, жергілікті және аумақтық департамент, басқарма басшылары, ірі кәсіпорындардың, шетелдік компаниялардың, сауда орталықтарының, банк филиалдарының, халыққа қызмет көрсету мекемелерінің басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысқан мемлекеттік тіл саясатына арналған «Тіл болашағы – ұлт болашағы» атты облыс активі өткізілді.Бұл алқалы басқосуда облыс әкімі Бергей Сәулебайұлы төрағалық етіп, жиналғандар алдында сөз сөйледі. Ол тілге қатысты мәселелерге жан-жақты тоқталып, тиісті органдарға, ведомстволар басшыларына нақты тапсырма берді. Бүгінгі таңда мұнайлы Атырау өңірінің, облыс орталығының бет-бейнесі өзгерген. Онда осы заманғы өндіріс дамып, әлеуметтік база нығая түсуде. Қазақстанның болашағына, елдегі тұрақтылыққа, бизнестің қайтарымдылығына сенген капитал облысқа инвестиция салып отыр. Талай ірі жобалар қолға алынған. Дағдарысқа қарамастан облыста құрылыс салу, газ, су желілерін тарту, электр жүйесін жүргізу, әлеуметтік салада халық денсаулығын сақтау мен білім беру, тұрғындарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселелері жоспарлы түрде жүзеге асуда. Әсіресе соңғы жылдары қала келбеті адам танымастай болып өзгерді, көп қатарлы сәнді құрылыстар, жаңа көпірлер салынып, мұнайлы астана атына заты лайық қала атанды. Біз жоғарыда айтқан тіл мәселесін арналған басқосуға барған сапарымызда талай жақсы істердің куәсі болдық, қала, ауыл тұрғындарымен әңгімелестік, жұрттың көңіл-күйі көтеріңкі, облыс әкіміне айтылған жылы пікірлерді де жиі естідік. Ұлы Жеңістің 64 жылдығы мерекесіне орай облыстағы соғыс ардагерлері үлкен қуанышқа кенелді, «Медицина» акционерлік қоғамы ашқан дәріханадан енді ардагерлер қажетті дәрі-дәрмекті рецепт бойынша тегін алатын болыпты. Жаһандық дағдарыс ызғарын облыс тұрғындарына тигізбеу барысында атқарылып жатқан игі істер көңіл қуантты. Атырау қалың қазақ орналасқан өңір екендігі белгілі. Тіпті кешегі кеңес дәуірі кезінде де байырғы тұрғындар саны басым болатын, орыстардың көбі қазақша еркін сөйлейтін еді. Бірде сексенінші жылдардың орта тұсында Ұлы Отан соғысының ардагері, «Даңқ» ордендерінің иегері Шамин атты ардагерден сұхбат алуға бардым. Үйінің есігін ашқан еңгезердей ардагерге орысша сәлемдескенімде, «Айналайын, амансың ба? Кәні, төрлет» деп тура қазақтың өзіндей болып қонақжайлылық танытып, құрақ ұшқанына таңғалғанмын. Бірақ сол заманда ана тілімізге қатысты проблема болмады деген ұғым тумайды. Ол кезде іс қағаздары орысша жазылып, жергілікті тұрғындар саны қаншалықты басым болса да жиналыстар орыс тілінде өтетін. Осы орайда есіме бір өзім куә болған жәйт оралып отыр, 1984 жылы 5 мамыр баспасөз күнінде облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің редакторы Құмар Кенжеғалиұлы қазақша баяндама жасады, мен ол кезде осы басылымда жұмыс істейтін едім. Журналистердің тоқсан пайызына жуығы қазақ болғандықтын біз оған разы болып қалдық, бірақ басқа ұлт өкілінің бірі «біз түсінбейміз» деп қазақша сөйлегенге қатты шамданғаны бар еді. Ширек ғасыр ішінде заман өзгерді, дәлірек айтсақ, заман түзелді, еліміз тәуелсіздік алып, қазақ тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Бірақ тек тіл мемлекеттік мәртебе алумен іс бітпейді екен, тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл үйрету, іс-қағаздарын ана тілімізде жүргізу және тағы басқа қадау-қадау проблемалар алдан шықты. Мұндай ұлы жорықтың басталғанына да жиырма жылға жуық уақыт өтті. Көңіл-күй ауанына берілген сөзден нақты іске көшу елімізде соңғы жылдары батыл қолға алынды, осы орайда Атырау облысында не істелді, нәтиже қандай деген сауалға әкімдікте өткізілген «Тіл болашағы – ұлт болашағы» атты облыс активінің басқосуынан жауап таптық. «Бүгінгі кездесу ұлттың тамыры, барша қазақстандықтарды топтастырушы күш – тілге арналып отыр, - деді облыс әкімі Бергей Рысқалиев. - Бізді ғасырдан ғасырға, заманнан заманға аман жеткізген барымыз да, нарымыз да – осы тіл. Тіл саясаты – қазіргі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Мемлекеттік тіл – бұл Отан бастау алатын Ту, Елтаңба, Әнұран секілді дәл сондай нышан және ол елдің барша азаматтарын біріктіруі тиіс» деді. Тіл - қазіргі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі. Мемлекеттік мәртебе алғалы оған деген қамқорлық, қолдау күн санап күшейіп келеді. Бұл – Президенттің басты тапсырмаларының бірі. Қазақ тілін кең қолдануды, оның халыққа қызмет етуін, өз тұғырына көтерілуін облыс басшысы ретінде міндет етіп қойғанмын. Сол бағыт өзгерген жоқ.» Сөз орайында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті ай сайын жүргізетін мониторинг бойынша Атырау облысындағы тілдік ахуал алдыңғы орында екенін айта кетелік. Мұнда екі жыл ішінде екі рет республикалық семинар өткізілгені тілге назар деңгейінің жоғары екенін білдіреді. Атырау облысы 2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап республикада алғашқылардың бірі болып мемлекеттік тілге көшкен облыс. Содан бері мемлекеттік тілді дамыту, оның қолдану өрісін кеңейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келе жатқаны облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Хабиболла Жұмабекұлы Қуанышқали баяндамасында жан-жақты айтылды. Енді соның кейбір тұстарын оқырман назарына ұсыналық: «Мемлекеттік тілдің Атырау жерінде қарқын алып, мемлекеттік органдарда кеңінен қолдана бастауы - соңғы 4 жыл. Осы жылдары қазақ тіліне деген көзқарас өзгерді. Елдің беті бері қарады. Қоғамдық пікір қалыптасты. Екі жылда Атырауда республикалық 2 семинар-кеңес өткізілді. Атыраудағы мемлекеттік тілге деген бетбұрыс неден басталды? Ең алдымен адам факторынан, мемлекеттік органдарға жетекшілік етіп отырған басшылардан, талап қоюдан, тәртіптен басталды. Облыс әкімінің шешімімен «Тілдер туралы заңнаманы және тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламаларының орындалуын бақылау жөніндегі Үйлестіру кеңесі» деп аталатын консультативтік-кеңесші орган құрылып, жұмыс істейді. Тек, 2007 жылдың өзінде 262 мекеменің (186-ы мемлекеттік органдар, 76-сы шаруашылық субъектілері), 2008 жылы 272 мекеме – кәсіпорындардың (191-мемлекеттік орган, 81 шаруашылық субъектісі), 5 білім беру ұйымдарының тілге қатысты жұмыстары тексеріліп, кемшіліктері айтылып, жағдайды түзетудің жолдары көрсетіліп берілді. Және бір ерекшелігі осы кезеңде ең ірі деген 43 объект облыстық прокуратураның, көлік прокуратурасының қызметкерлерімен, білікті заңгерлермен бірге тексерілді... Отандық кәсіпорындарды айтпағанда, облыстық прокуратурамен бірлесіп «Теңізшевройл», «Аджип ҚКО» компаниялары мен олардың мердігерлері, «Сазанқұрақ», «Шлюмберже», «Боантти», «Прикаспиан Петролиум Компани» сияқты 33 шетелдік біріккен кәсіпорындардың тілге қатысты жұмысы жан-жақты қаралып, ұсыныс-ескертпелер берілді... Тұрақты жүргізіліп отырған зерттеу, тексеру, мониторингтер өз нәтижесін беруде. Бұған дәлел – облыстың құжат айналымындағы көрсеткіштер. Мемлекеттік органдар облыстың өз ішінде құжаттарды мемлекеттік тілде жазатын болды. Аудандар 100 пайызға дерлік іс-қағаздарын қазақша жүргізеді. Облыстық басқару органдарының тілі – 90 пайыздан астам қазақша... Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтудің бір тетігі – тілге оқыту. Облыстағы «тіл» оқу-әдістемелік орталығы мемлекеттік тілге оқыту курстарын бастауыш, жалғастырушы, тереңдетілген топтарға жүргізіп келеді. Екі жылда мемлекеттік тіл курстарында 818 қызметкер оқып шықты. Оның 635-і мемлекеттік қызметшілер. 2008 жылы ағылшын тілі курстарында 140 адам оқып, оның 125-і мемлекеттік қызметкерлер болды. Орталық қазіргі заманғы технология, мультмедиялық кабинеттермен жабдықталған. Тіл үйренуге толық жағдай бар. Осы ретте тілге оқытуға байланысты бірер ұсыныс та бар. Активтің алдында тіл орталықтарының қызметтері зерттелді. Мемлекет тарапынан құрылған орталық біреу. Барлық жағдай жасалған. Бұдан басқа коммерциялық бағыттағы орталықтар көп-ақ. Бағдарламалары сан түрлі. Базалары жоқ. Пәтерде әр мұғалім өз бетінше оқытады, қолына қағаз береді. Басты талап - адам ақшасын төлесе болды. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің қамқорлығындағы, бақылауындағы жұмыс болғандықтан мемлекеттік тілді оқытуға бір жүйе, белгілі бір тәртіп, реттеу керек. Жалпы, мемлекеттік тілді оқып, үйренуге, әсіресе мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала қызметкерлері арасында сұраныс бар». Осы жиында жасалған баяндамада айтылған онамастикалық көрнекі ақпарат пен жарнама тілі жөніндегі мәселелер жиналғандар назарын аудартты. БАҚ-пен байланыстың жүйелі қолға алынғанынан мысалдар келтірілді. Сонымен қатар онамастика туралы заң жоқтығы, ал қолда бар нұсқаулықтар қазіргі заман талабына жауап бермейтіндігі де өз алдына мәселе. Облыс көлемінде қазақ тілінің оң ахуалы жергілікті тұрғындардың басым екендігінен айқын көрінеді. Демек тіл тұғыры берік, болашағы сенімді деп айтуға болады. Ана тілімізде сөйлейтіндер тұрғындардың 92 пайызын құрайды. 501623 адамның 458100-і қазақ, 3567 мемлекеттік қызметшінің 3465-і жергілікті ұлттан болса, ал 198 мектептің 133-і мемлекеттік тілде, 98 балабақшаның 75-і қазақша екен Осы мәліметтердің өзінен қазақ тілінің қуаты мен қолдану аясының зор мүмкіндігін көруге болады. Бірақ бұл тіл мәселесінде ешқандай проблема жоқ деген сөз емес. Бұл орайда облыс әкімі Б.С.Рысқалиев іске кедергі келтіріп отырған басты-басты мәселелерді, оның ішінде жоғарыдан түсетін орыс тілінде жазылған қатынас қағаздары мен хаттардың жиі келетіндігін атап көрсетті: - Министрліктерге қарасты аумақтық басқармалар жоғарыдан мәліметті орысша сұратып отыр дейді, осылайша іс қағазын түгел қазақша жүргізіп отырған облысты кері тартуда. Бұл дұрыс емес. Біз жиырма шақты жоғары органға хат жаздық. Облысқа хат-хабар қазақша келуі тиіс. Премьер-Министрдің тапсырмасы бар. Қазір Үкіметтің өзі бастап үлгі болып мемлекеттік тілге көшіп жатыр. Сондықтан жоғарыдай сылтауларға негіз жоқ. Талап ету керек. Осыны тексеретін құқық қорғау органдарының өздері хаттарын ресми тілде жіберіп, тіл заңдылығын бұзады. Ендігі жерде тек қана мемлекеттік тілдегі құжаттар ғана қабылданатын болады. Сіздер өздеріңіз бас болып, бұл мәселені қолға алуларыңыз керек. Облыс әкімі аппаратының басшысы А.А.Әбдіровке тапсырма: құжаттар мемлекеттік тілде әкелінсін, қазақшасы жоқ па, кері қайтарыңыздар. Тек әкімдік емес, барлық жергілікті басқармалардың құжат айналымына ай сайын мониторинг жасау тапсырылады. Облыс аумағында іс жүргізу мемлекеттік тілге көшірілгеніне 7 жыл өтті. Орындалуын талап етіңіздер. Сонымен қатар көптеген жердегі тіл – сол мекемедегі аудармашының қазақшасы. Талап қағаз жүзінде ғана. Басшысы жазып бергенді тек ежіктеп ғана оқып береді. Ол кімге керек? Өздері бастап қазақша сөйлемесе, үлгі көрсетпесе, талап етпесе, одан не пайда? Қызметкері ана тілімізді білмей ме, үйретсін, оқытсын. Әр басшы өз ниетімен тілге жұмыс жасауы керек. Халқының басым бөлігі жергілікті ұлттан тұратын Атырау үшін қазақ тілін әңгімелеу, бір қарағанда, басы артық нәрсе сияқты екендігін айтқан облыс әкімі мамандардың ана тілімізді білуіне баса назар аударды. Шетелден келгендер тіл үйренеміз деп үйірмелер ашып отырғанда, облыстың өзіндегі колледж, институт, университет бітіргендердің ішінде өз тілін білмейтіндер қаншама? Қалада, қоғамдық орындарда, қазақ мектептерінде үзіліске шыққанда өзара орысша сөйлеу дағдыға айналып бара жатқаны да алаңдататын жағдай. Оларға ескерту жасап жатқан бір адам жоқ, бұлай бола берсе, қазақ тілі кеңседе ғана қолданып, оның аясы тарыла беретіні ақиқат. Сондықтан да Әкім оқу орындарында қазақ тілінің талапқа сай өтуін ректорлардың қатаң бақылауға алуын тапсыруы тегін емес. Кеңестік дәуірде орыс тілін тек нашар ғана емес, жетік білмегендердің жауапты қызметке қабылдануы екіталай еді. Соның салдарынан небір мықты кадрлар шетқақпай көрді. Қай елдің тәжірибесін алып қарамаңыз, тіл үйрену күнделікті қажеттіліктен туындайды. Демек, оның тетіктерін іздестіру керек. Жалпақшешейлікке салынып, бүгін білмесе ертең үйренер деген кең қолтық болуды қоятын кез жеткен тәрізді. Қазақ тілінің жанашырлары көкейіндегі осы бір сауалды Бергей Сәулебайұлы дөп басты. «Ендігі жерде мемлекеттік қызметке алуда, еңбекке орналастыруда, мансап өсуде әр адамның тілдік ерекшелігі, білігі ескерілуі тиіс, - деді ол. – Жақсы инженер немесе технолог болу аз, мемлекеттің тілін, халқының қадір-қасиетін білуі керек. Мысалы, мемлекеттік қызметтегілердің дені 25-45 жастағы, көбісі қазақ азаматтар. Биыл қыркүйекте «Тіл туралы» Заңның қабылданғанына 20 жыл толады, әлі күнге 20 сөз үйренбегендер бар. Мемлекеттік тілді ауызекі сөйлеу дәрежесінде білу аз. Тілді жоғары деңгейде, сауатты жазу, жетік меңгеру шарт. Мемлекеттік қызметке орналасқанда білімін дәлелдеуі үшін ендігі жерде арнайы «Қазтест» бойынша сынақ тапсыратын болады. Сондықтан бұл сынақты қайта қарап, талаптары қатаң болуы керек. Мысалы, шетелдік компанияларға жұмысқа кіргенде оқу орталықтарынан ағылшын тілін оқып, қолына тиісті құжатын алып барып орналасады. Сол сияқты «Қазтесттің» сертификатынсыз енді мемлекеттік қызметке қабылданбауы керек. Орынбасарым Серік Аманғалиевқа осы бағытта Атырау облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік басқармасымен бірлесе отырып, «Қазтесттің» бірегей сертификатын дайындауды тапсырамын». Иә, ендігі жерде тіліміздің мемлекеттік мәртебесі бар деп жүре бермей, нақты іске көшетін, көпшілік болып туған тілді қолдайтын кез баяғыда келіп жетті. Өкінішке орай тіл мәселесі тек мемлекеттің, атқарушы органның міндеті деп қарайтындар аз емес. Әйтпесе әр азамат, әр мекеме, әр ұжым жоғарыдан нұсқауды күтпей, келетін тексеріске көзбояушы құжаттары дайындамай-ақ, шын ниетімен көп болып қолға алса алынбайтын қамал бар ма? Әлгінде әкім айтқандай, қоғамдық орындарда, көшеде, қазақ мектептерінде сабақтан тыс кезде орысша сайрайтындардың ата-аналары, ата-әжелері қазақша жақсы білетіні кәміл, бірақ олар неге немқұрайлылық танытып отыр? Әлде ондайлардың отбасында тәрбие беріп, баласына немесе немересіне ана тілімізде сөйле деуге дәрмені жетпей ме? Әлде баласына қазақ тілін тек мемлекет, атқарушы орган үйретеді деп ойлай ма? Халықпен жұмыс жасайтын коммуналдық мекемелер, қызмет көрсету орталықтары, телекоммуникация-байланыс жүйесі, «Қазпошта», банкілер, мекемелер мен ұйымдар, монополистер мемлекеттік тілге міндетті түрде көшуі туралы мәселе де бұл қосуда жайдан жай айтылмаса керек. Демек, бұл салалардағы тіл мәселесінде шешімін күтер тұстар бар деген сөз. Туған тіліміздің қадірін де, қасиетін де білмейтін кейбір қандастарымыз тартыншақтап жүргенде шетелден келгендер олардан басып озуда. Соңғы екі жылда Атыраудағы мемлекеттік органдарды айтпағанда, шетелдік бірлескен кәсіпорындардың мемлекеттік тілді қолдана бастауы осының дәлелі. «Аджип Қазақстан Норт Каспиан Оперйтинг Компани Н.В.» кәсіпорнының атқарушы директоры Умберто Каррараның тілге арналған осы басқосуда айтқан қазақ тіліне жасалып жатқан қамқорлығы да көпшілікке ой салғаны анық. «Теңізшевройл», «Аджип» компанияларында қазақ тіліне ерекше назар аударылып отырғаны көңіл қуантады. Қазір олардың мемлекеттік органдармен арадағы құжат айналымы қазақ тілінде бір жүйеге келіпті. Облыс әкімдігінің талабы бойынша Қарабатандағы жатақханалардың әр бөлмесіне облыстық газеттер таратылады. Енді теледидарда жергілікті арналарды қосу қолға алынған. Тағы басқа шаралар өз нәтижесін беруде десек, бұл екі жақты үйлесімділіктің белгісі. Аталған жобаларда жұмыс жасайтындардың 80 пайызы жергілікті азаматтар болғандықтан жиналыстарда қазақ тілі аударма деңгейінде қалмауына күш салынып отыр. Өзара қарым-қатынас пен ішкі құжат айналымында да біртіндеп мемлекеттік тілді қолдану мәселесі осы жиында көтерілді. Сонымен қатар активте жұмысшылардың көбі ауыл жастары болғандықтан еңбекке қатысты жеке, ұжымдық келісім-шарттарды, бүкіл құжаттарды мемлекеттік тілде ресімдеу, алдағы бір-екі жылда құжат айналымын мемлекеттік тілге көшіру міндеті алға қойылып, нақты тапсырма берілді. Бұл жиында қала көшелеріндегі ала-құла жарнамалар орналасуы, безендірілуі сынға алынды. Көшелердегі сауда, қызмет көрсету орындарының атауларын біркелкі етіп, халыққа түсінікті етіп жазу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Коммерциялық жарнамаларды оңды-солды орналастыра бермей, адами құндылықтарға, әлеуметтік тақырыптарға көңіл бөлу керектігі баса айтылды. Қала әкімдігіне аталған кемшіліктерді 1-шілдеге дейін түзеу міндеттелді. Осы орайда еліміздің көптеген ірі қалаларына тән мынадай мәселені облыс әкімінің қозғауы құптарлық: «Қаладағы қонақ үйлерге кірсеңіз, шетелге келгендей боласыз. Қызметкерлер мемлекеттік тілде сөйлеп білмейді. Білсе де сөйлегісі келмейді. Ол қонақ үйлерде жергілікті баспасөз атымен жоқ. Теледидар қазақстандық арналарды көрсетпейді. Сонда бұл қонақ үйлер қай мемлекетке жұмыс жасап жатыр? Қай елдің саясатын ұстанып отыр? Шет тілі мүлде керек емес деп ешкім айтпайды. Білу керек. Тек, орнымен. Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі екенін ешкім ұмытпауы керек. Және олар әр уақытта, айрықша көрініп тұруы керек... Ауылдық жерде де кемшілік бар. Көрнекілікке дұрыс көңіл бөлінбейді. Президенттің салиқалы, сарабдал саясаты қайда? Тәуелсіз еліміз, мемлекетіміз, жарқын болашақ, жүргізіп жатқан жұмыстар туралы үгіт-насихаттар қайда? Жоққа тән. Бүгінгі күннің елді елітер көрнекілігі көзге түсіп жарымайды. Елді еңбекке, бірлікке, достыққа шақыратын бабалар сөзі неге ілінбеске? Ол үшін де жоғарыдан бұйрық күтіп отырсыздар ма?» «Тілге, ұлтқа жаным ашиды» деп айтатындардың көптігі, алайда ар мен намысты оятып, тілді, дәстүрді құрметтеуге баулитын нақты іс тындырып жатқандардың сирек екендігі, үлкендердің үлгі көрсетуі мен кішілердің ізеті жетіспейтіндігі, жиналыс атаулыда патриотизм туралы ауыз жаппайтын ағайын нақты іске келгенде көрінбей қалатындығы беделді мінберден ашық айтылды. Тіл, ұлт, Отанды сүю деген тек өзгеге ақыл айту еместігі, жалпақ жұртты, ұлтты құрметтеу алдымен әркімнің өзі тұрған жерін, тарихын құрметтеуден, табиғатын сақтап, адамдарды ардақтаудан басталатыны, оны санаға сіңіру керектігі күн тәртібінен түспейтін мәселе екендігі көпке ой салары анық. Сонымен, облыс активі басқосуында тіл мәселесі туралы өзекті проблемалар көтерілді, оның шешімін табуы үшін нақты тапсырмалар берілді, келелі мәселелері арнайы бағдарламаға енгізілетін болды. Елбасы ұсынған «Үш тілдің бірлігі» тұғырнамасын басшылыққа ала отырып, өзге тілдерді кемсітпей, өз тіліміздің өрісін кеңейту, мәртебесін өсіру басты мақсат екеніне осы жиын тағы да көз жеткізе түсті. «Тіл болашағы – ұлт болашағы» деп аталған бұл алқалы жиын ана тіліміздің мәселесі тек мемлекеттің, атқарушы органның ғана мәселесі еместігін, әр азаматтың, әр ұжымның қасиетті міндеті, бүкіл халықтық іс екендігіне жұртшылықы назарын аударуымен құнды. Ендеше, ана тіліміздің мерейі үшін аянбау керек, ағайын! Өйткені, онда ұлт болашағы, ұрпақ тағдыры бар! Ербол ШАЙМЕРДЕН, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы: -Бүгіні активте облыста біраз жұмыстардың ретке келіп қалғандығын көріп отырмын. Жалпы әр адам тек тіл жанашыры ғана емес, қамқоршысы, қорғаушысы болуы тиіс. Сол бағытта қай деңгейдегі болсын, бірінші басшының тілге деген көзқарасы үлкен мәнге ие. Қай өңірде де тіл мәселесінің шешілуі жергілікті халықтың демографиялық құрылымы мен әр өңірдегі істің жолға қойылу деңгейіне де байланысты. Осы тұрғыдан алған кезде Атырау облысындағы басқарманың жұмысын оң бағалауға болады. Бірақ мемлекеттік қызметтегі қызметкерлердің іс қағаздарын жүргізу деңгейіне қарасақ көңіл толмайды. Көбіне аудармашының қызметіне сүйеніп кеткен. Жасыруға болмайды, министрліктерде мемлекеттік тілдің жағдайы әртүрлі. Олардың бәрі бірдей талап деңгейінен шығып жатқан жоқ. Соған сай іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшірген облыстарға орыс тілінде құжат-хат жіберу тоқтар емес. Біз өз тарапымыздан ол мәселені Үкімет басшысы алдына қойып отырмыз. Бір ескеретін жәйт, құжат қай тілде келсе де, оған мемлекеттік тілде жауап беруге қай құрылым да толық құқылы. Заңда да қайта қарайтын тұстар бар, жарнама саласында да тың көзқарастар қажет. Тілдің дамуына ең бірінші кедергі – жауапкершіліктің төмендігі деп білемін. Ниет оң болса, ана тіліміздің дамуына ештеңе кедергі бола алмайды. Бүгінгі актив жиыны да соның бір көрінісі іспетті. Облыс басшысы Бергей Сәулебайұлы өзі бас болып тілді қолдап, қорғап отырғаннан кейін бұл бағытта Атырау облысында жұмыс бұдан да қарқынды жүреді деп білемін. Жігерлілігі, табандылығы, талапшылдығы зор мұраттарға жетелейді деп сенемін. Тіл мәселесіне арнап осылай облыс активін өткізу басқа өңірлерге де өнеге боларлық іс, облыс әкімінің осы жұмысқа мемлекеттік көзқарасын білдіреді. Умберто Каррара – «Аджип Қазақстан Норт Каспиан Оперйтинг Компани Н.В.» кәсіпорнының атқарушы директоры: - «Аджип» компаниясы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінің тек компания шеңберінде ғана емес, бүкіл Қазақстанда кеңінен қолданылуына мүдделі. Компанияда мемлекеттік тілді дамыту бағытында арнайы жұмыс тобы құрылған. Компаниядағы барлық хабарламалар, маңдайша жазулары үш тілде дайындалып, әуелі қазақ тілінің тұруы қадағаланады. Қазіргі уақытта құжаттар, соның ішінде еңбек шарты да қазақ тілінде дайындалады. Компания өз қызметкерлеріне қазақ тілін үйрену курсын ашып, оқытуда. Ол тек администраторлар, аудармашылар, менеджерлер секілді қазақ тілін міндеті түрде білуі тиіс мамандар үшін ғана емес, қазақ тілін білгім, үйренгім келеді деген барлық қызметкерлер үшін есігі ашық. 2004 жылдан бері қазақ тілін үйренген адам саны бес жүзден асып отыр. Олар қазақ тілін үйренгендерін іс жүзінде дәлелдеп келеді - әр түрлі конкурстарға, сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленген мамандарымыз көп. Компания қазақ тілінің насихатталуына да өз үлесін қосып келе жатыр. Әртүрлі шараларға, қазақ тіліндегі оқулықтарға алуға, семинарларға демеушілік көрсетуде. «Аджип» компаниясы мемлекеттік тілдің қолданылу аясының кеңейіп, насихатталуына қашанда ынталы екендігін тағы да атап өткім келеді. Елена Кириллова, «Теңізшевройл» ЖШС қызметкері: - Маған бүгінгідей үлкен шарада өзім кішкентайымнан үйренген қазақ тілінде сөйлеуге мүмкіндік берілгеніне өте қуаныштымын. Мен осы Атыраудың перзентімін, әкем – болгар, анам –орыс, ал өзім қазақпын. Себебі менің тілім қазақ тілінде шықты, бала кезімнен қазақтардың арасында өстім, салт-дәстүрін үйрендім, қазақы ортада тәрбиелендім. Қаладағы Н.Крупская атындағы мектепте оқып жүргенімде қазақ тілінен олимпиадаға қатыстым. Бүгінде жұмыс орнымда, қабылдау бөлмесінде отырып қазақша жауап бергенімде көп адамдардың ризашылығына бөленемін, алғысын аламын. Шетелдік мамандармен қатар, жергілікті ұлт өкілдері де қызмет ететін біздің мекемеде де тіл орталығы жұмыс істейді, қызметкерлердің қазақ тілін оқып-үйренуіне мүмкіндік мол. Қазір менің әріптестерім, замандастарым арасында қазақ тілін үйренем деушілер көп, сол қуантады. Мен әрі қазақтың келінімін. Тағдырым қазақ тілімен де, ұлтымен де байланысты. Алдағы уақыттарда қазақ тілінің қолданылу аясы бүгінгіден әлдеқайда артатынына сенімім мол. Жұмабек КЕНЖАЛИН, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры – редакторлар кеңесінің төрағасы: - Өздеріңіз білетіндей, «Қазақ газеттері» АҚ құрылғалы бері оның құрамына 5-6 газет, 4-5 журнал кірді, соның ішінде «Ана тілі» газеті де бар. «Ана тілі» газеті өз беттерінде Атырау облысындағы іскерлік қызметтер турасында біраз материалдарды жарыққа шығарды, өңірге ерекше назар аударып отыр. Бүгінгі шараға да газеттің бас редакторын арнайы шақыру да тілектестіктің белгісі. Бірақ та осы ниет, тілектестік көзқарас нақты іспен қуатталуы тиіс деп білемін. Олай дейтін себебіміз, ұлттың рухын көтеріп жүрген, тіл мен ділге, дінімізге, қоғамның барлық саласына жанашырлық танытып келе жатқан осы басылымға жазылу Атырау облысында кенжелеп қалып отыр. Күні бүгінде облысқа 574 қана дана газет тарайды екен... Сіздерден сұрар өтінішіміз – газетке жазылуға қолдау білдіріп, 2-3 мың данаға дейін жеткізуді ұйымдастырсаңыздар. «Тіл тағдыры – ел тағдыры!» деп ұрандатып жатқанымызды іс-қимылмен дәлелдейік. Сол тілдің жоқшысының бірі де осы «Ана тілі» емес пе? Сондай-ақ тек қана бұл емес, басқа да қазақ газеттерінің таралуына бірден-бір атсалысуды қалар едік. Бұрынғы басылымдармен қатар қазір біз ел экономикасын насихаттауға арналған «Экономика» газетін, жастардың шығармашылығына арналған «Үркер» атты журналды шығарып жатырмыз. Сондықтан қазақ тілді газет-журналдарға оң көзқарас білдірсеңіздер екен. Олар да қазақ тілін дамытудың бір саласы деп түсінеміз. Н.СӘРСЕНОВА, Атырау облыстық мұғалімдер білімін арттыру және қайта даярлау институтының директоры: -Тіл құдіретін тану – ата-бабамыздан келе жатқан қасиет. Сонау көнеден бері ұрпақтан ұрпаққа беріліп, жалғасып келе жатқан қазақ тілінің құдіреті, Ұлы Абайдың өсиеттері. Сырымның шешендігі, Махамбеттің өткір жырлары бізге бүтіндігін сақтап келді. Біз де келер ұрпаққа ана тілінің дәруін сездіріп, құнарын сақтап беруге тиіспіз. Бүгінгі ақпараттық технология дамыған заманда балаларды көркем әдебиет оқуға дағдыландыру – ата-ана мен мұғалімдердің басты міндеттерінің бірі. Көркем тілден рух алмаған бала көрнекті істі жасауды да үйрене алмайды. Кітапханаларда самсап тұрған кітаптар, сан салалы оқулықтар да сол келер ұрпақ үшін. Сондықтан оқушы бойында тілдік сана мен психология қалыптастыруда ұстаздардың еңбегі ерен. Әйтсе де, өзге тілді құрметтей отырып, өз тіліңді ұмытпауды санаға сіңіру қажет. Самат ИБРАИМ

6901 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы