• Мәдениет
  • 12 Маусым, 2009

«МЕН СЕНІ СЕНДЕ ТҰРЫП САҒЫНАМЫН»

(Мұса Жанаділовтың «Мен келгенде Талғарда күз болатын» жинағын оқығаннан кейінгі ой) Тау үгілсе тас болар, Қарттар көшсе жас қалар. Көзін ашса тіршілік, Жалған өмір басталар. Шексіз әлем бұл қандай, Арбап жанды тұрғандай. Қанша ғұмыр кешсең де, Көзді ашып жұмғандай. ...Көрер күнің бір сәттік, Жүрер жолың бір аттам... Ауылда жатқан ақын Мұса Жанаділовтың бұл өлеңі соцреализмнің дәурені жүріп тұрған дәуірде жазылған. Қарапайым шығарманың астарында заманға деген наразылық, қарсылық жатыр. Өз кезеңіне тән емес, жүрек лүпілі азаматтық ұстаным жатыр. Соның өзі-ақ, ақынның шығармашылық жолда ерекше мақсат, көзқарас ұстанғанын көрсетеді. Әлбетте, мұндай сонылық пен ерекшеліктің прогрессивті ой-сананың назарына шалынбауы да мүмкін емес. Мұса Жанаділов айғайымен қоса дабырасы да мол отандық поэзияның қотанына алғаш қадам басқан 1962 жылы, сол кезде өзі де «аса ыңғайлылар» қатарына жата қоймайтын Мұқағали Мақатаев: «Өмірді шынайы жыр етуге талаптанған бұл жастың өлеңдерінен біртүрлі жылылық сезінем. Кәдімгі қаламы төселіп қалған ақындардай-ақ өзінің ұтымды ой, жып-жылы сөздерімен қуантады. Әрине, Мұсаның сәбилік жырларында ағаттық та жоқ емес, әйтседе «Қаракөл», «Атамекен», «Шатқалда» деген өлеңдерімен Мұса жыр сапарына еркін қадам басқан. Мұса жырлағалы отырған тақырыбын өзінің сезінуі арқылы өзінше ып-ықшамды ойлармен, теңеулермен жеткізе білуге ұмтылады» деп жазыпты. Мұқағали сынды поэзия тарланының екінің біріне мұншалықты асқақ пафостағы арнау жазуы да екіталай. Мұнан кейінгі жыр сапарында Мұса оны талай рет дәлелдеді де. Арман да, арман, арман-ай, Баянсыз мынау жалған-ай. Балалық тәтті күндердің, Бұлдырап артта қалғаны-ай. Ойларым шоқтай шашылды, Тыя алмай тұрмын жасымды. Әкемнің жұрты, ескі үй, Көзіме оттай басылды. Өзенге, көлге барғанбыз, Қармақты, ауды салғанбыз. Кемпір бопты шүйкедей, Бәрінен сұлу Маржан қыз. Жазылмай қалған жыр екен, Айтылмай қалған сыр екен. Әкемнің жұрты, ескі үй, Қалқайып әлі тұр екен?!... Сағынышта да ерекшелік болмақ. Алдыңғы кезеңдердің өнер туындыларында «Ностальгия по французский», «Ностальгия по русский» т.б. этносағыныштардың жаппай үрдісі болған. Қазақ өнерінде этносағыныштың үздік моделін жасап кеткен үлкен тұлға Төлеген Айбергенов болды. Ықтимал скептиктердің көңілін орнықтыру үшін дәл осы тұста «сағыныш» ұғымына не үшін «этно» анықтамасын қосып отырғанымызды, қосақтағанымызды түсіндіре кетуді жөн санап отырмыз. Француздық немесе испандық ностальгия кешкісін күрпілдетіп сиыр сауған, бауырсақ исі аңқыған қараша ауылға деген қазақша сағынышты мойындай алмайды. Мойындар еді – оны түсіне алмайды. Сондай-ақ, орысша сағыныштың озық үлгісі – Есенин поэзиясындағы «шаламас жұрттың ақ қайыңның безін кертіп, шырынын сорған» мәңгілік аңсап өтер өздеріне ғана тән жан рахатын басқа қауымның сезініп, ұғына қоюы да қиын. Демек, әр ұлыста (этнобірлікте) өзіне ғана тән аңсау түйсігі бары ақиқат. Мұса ақынның да өзіне, өз ұлтына тән аңсауы бар. Ойдың басында «сағынышта да ерекшелік болмақ» деп бастағанбыз. Шығармашылық өмірін ауылдық аудандарда бастап, әлі күнге дейін жалғастырып келе жатқан ақын өлеңдерін де, өзі Алматыда тұрып, Ақжайықты сағынатындармен салыстыруға болмайды. Басты ерекшелік те сонда. Мұса Жанаділов туған жеріне байланысты өлеңдерінде «Мен сені сенде тұрып сағынамын» деген өзіне ғана тән түйсік, сезіммен сағынады, аңсайды. Осы бір басқаларда көп кездеспейтін ақындық позиция оның «Мен келгенде Талғарда күз болатын» жинағының өн бойынан да көтеріңкі пафосымен айқын есіп тұр. Өнердің кереметі де сол ұлттық ерекшелігімен бағамдалмақ. Ең алдымен, Мұса Жанаділовты ұлттық мәтіндегі ақын деп тұжырымдауымыз ләзім. Оны алғаш аңғарған алдыңғы буын өкілдерінің арасында Мұқағали Мақатаевтың барын оқырман біледі. Сөз реті келгенде, жас талап інісіне ақ батасын берген тума дарындар қатарында Еркін Ібітанов барын да айта кету парыз. Ащының дәмін татпаған, Тәттінің дәмін білмейді. Қайырымы жоқ қатты адам, Өзгенің күнін күндейді. Ала алмаған өмірден, Бере алмайды адамға. Маңдай терің төгілген, Бақыт сыйлар әманда. Айналадағы өмір құбылыстарын зерттей жүріп, оның жұмбақты қалтарыстарына үңілуге талпыныс жасаған шығармашылық адамының ғана қаламынан туатын салиқалы тұжырым бұл. Жинаққа енгізілген өлеңдер Мұсаның өлең жазу техникасын айтарлықтай меңгергендігін көрсетеді. Сондықтан да ол айтайын деген ойын бұлдыратпай, күңгірттендірмей ашық айта алады. Сөздерді, сөйлем тіркестерін өз орнында қолданып, шеберлікпен пайдалана алады. Ірі ойды аз сөзбен білдіру, аз айтып көп ұғындыруға тырысу да жақсы талпыныс. Дегенмен, шабытқа тұсау салып, қысқа жазғанның жөні осы деп өзін-өзі тежей бергеннен де сақ болған дұрыс, – деп жазыпты Е.Ібітанов. Дәл осы жерде скептизицмге аргумент болар «Оу, о баста анау-мынау емес, Мұқағали Мақатаевтың өзі ақжолтай батасын беріп, сол 60-шы жылдардың тағы да бір жарқ етіп жанып, түрлі себептермен есімі көмескіленіп бара жатқан тағы да бір жарқын өкілі Еркін Ібітанов жақсы пікір айтқан ақынның өнер насихатынан соған сай оның құрметі мен марапатынан қағыс қалуы қалай өзі?» деген ойдың тууы да заңды деп ойлаймыз. Лирикке тән шеберліктің үлгісін сан мәрте көрсеткен дарынды ақын, алдымен, жарқын ақындарды мол берген, қазақ поэзиясының алтын дәуірі «60-шы жылдықтардың» өкшесін басып келген ақын. Өңкей жарық жұлдыздардың ішінде, әлбетте, бағы жанғанын ғана (Құдай өзі кешірсін, бәлкім, жеке насихатына назар аударғандардың ғана) таным айдынына еркін шығуы ықтимал. «60-шы жылдықтар» демекші, орыс поэзиясында өз «60-шы жылдықтарын» сан ғасырлық тарихы бар поэзия тарихынан оқшаулап, ерекше ілтипатпен сөз ететін дәстүр бар. Олардың арасында Рождественский, Евтушенко, Вознесенкиймен бірге «орыс еместерден» Булад Окуджава мен өзіміздің Олжас бары да белгілі. Оларға сол «60-шы жылдықтардың» екінші лебі де ілеседі. Ал орыстардың осы игі дәстүрін қазақ поэзиясында жалғастырса несі айып?! Әрі оған Төлегені, Мұқағалиы, Шәмілі, Жұмекені, Сағиы бар қазақ поэзиясының «60-шы жылдықтары» әбден лайықты деп топшылаймыз. Бізге салса, насихаты тапшы ақындардың бірі Мұса Жанаділовтың осынау топтың артынан ілесер үміткерлердің бірі болуға лайықты қаламгер. Ақынның мына бір өлеңінен де сол 60-шы жылдықтарға тән рух есіп тұр. Уақыт қашып барады, уақыт қашып, Ұстай алмай келемін асып-сасып. Көкейдегі көп ойды төгіп-төгіп, Алайыншы бір уақыт басып-басып. Тұрған кезде басымнан бақыт тасып, Бір жүрейін уақытпен қолтықтасып. Үңіліңдер жаныма үңіліңдер, Жан сырымды тастайын ашып-шашып. Өмір күрес, кетті ғой қалыптасып, Жүрегім бар, ол рас анық ғашық. Ғашықпын мен бәріне, бәріне де, Уақыт бірақ, барады алып қашып. Қорыта келгенде айтарымыз, ауылда жатқан дарынды ақын Мұса Жанаділов – жеке насихатынан шығармашылығын жоғары қойған ақын. Әдебиеттегі насихаттан да ада. Оның қуатты поэзиясы бізге осы мақаланы жазуға түрткі болды. Әрі оған ақынның сағынышқа толы өлеңдері толық татиды да... Өмірзақ МҰҚАЙ, ҚР Мәдениет қайраткері

4085 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы