• Мәдениет
  • 12 Маусым, 2009

«Зәмзәм үнді Зәмзәгүл»

Театрда драма әртісі болу үлкен шеберлікті, жауапкершілікті талап етеді. Мәселен кинода әртіс сомдайтын кейіпкерінің ішкі жан дүниесін, толғанысын, мінез-құлқын дұрыс жеткізе алмаса, қайта ойнауына мүмкіндік беріледі. Ал көрермені қасқайып көз алдында отырған сахнада әрбір қимылың анық көрініп, сөйлер сөзіңдегі мүдірісің тыңдаушыға жетіп тұрғанда, образға кіріп оны аяғына дейін абыроймен алып шығу үлкен еңбекті, шеберлікті, суреткерлікті, батылдықты қажет етеді. Әрине, оның машақаты мен бейнеті тек театр әртісіне ғана аян. Еліміздің театр мінберінде өз қолтаңбасы бар, есімі ұмытылмас өмірден өткен және көзі тірі өнер саңлақтары жеткілікті. Олар кешегі – Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Сабира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Бикен Римова, Мүлік Сүртібаев т.б. Ал олардан кейінгі буын – Асанәлі Әшімов, Фарида Шәріпова, Нұрмұхан Жантөрин, Нүкетай Мышпаева, Әнуар Молдабековтармен қатар өнерге жарқ етіп келген, театр, кино саласында әйел бейнесін сомдаған, иісі қазақтың жанына етене жақын М. Әуезов атындағы қазақ драма театрының әртісі Зәмзәгүл Шәріпова. Ол міне 60 жыл бойы театр сахнасынан түспей, жүзден астам түрлі рөлдерді сомдап келеді. Зұлмат заман ұрпағы Ол Жамбыл жыры тербеген, Жамбыл үні кернеген киелі топырақта ашаршылық жайлаған 1931 жылдың жазында дүниеге келіпті. Жарық дүниеге көзін ашар-ашпастан анасынан айырылады. Содан бері бұл кісінің көкірегінде Анаға деген үлкен сағыныш ұялаған екен. Сол себепті де өз балаларына бүкіл аналық мейірімін беруге тырысты. Қазақ халқы үшін қиын-қыстау кезеңде өмір есігін ашып, өмір сыйлаған анасынан айрылғандықтан да ол бала болып асыр салып ойнамады. Ерте есейді. Ананың аялы алақанын сезбей, ата-ана мейіріміне шөлі қанбай өткен балалық шағы сұрапыл соғыспен қатар келді. Иә, ол зұлмат заман ұрпағы. «Құрмет белгісі», « Халықтар Достығы», «Отан» ордендерінің иегері, халық әртісі Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы балалық шағы жөнінде былай дейді: –Үлкен атам бай болған кісі деседі. Кейін Кеңес өкіметнің кезінде қудалауға ұшыраған. Анам қайтыс болғаннан кейін әкем үш баласы бар жесір әйелге үйленді. Ол үйде жағдайым болмайтынын сезген соң Құрманалы ағам (әкемнің інісі) мені асырап алыпты. Іле-шала байдың тұқымы деп оны да ұстап әкеткен. Сол кеткеннен оралмады. Әкемнің Боранқұл, Жанысқұл дейтін тағы да екі інісі бар еді. Енді мені Боранқұл ағам қолына алды. Сөйтіп жүргенде соғыс басталды. Боранқұл ағам да, Жанысқұл ағам да майданға кетті. Сол кеткеннен олар қайтып оралмады. Ендігі менің асыраушым– интернат болды. Мен интернаттың қызымын. Сондықтан анасы бар қыздар білетін көп нәрсені білмей өстім. 7 сыныпты Ұзынағаштың мектеп-интернатында бітірдім. Онан бері зырылдап жылдар жылжып жатыр... Өткен күндерде бастан кешкен көп жайлар бұлдыр тартып, көмескіленіп, кей тұстары өшірілген жазудай болып естен шығып қалыпты. Бір ұмытпайтыным– интернаттың қара наны. Күніне екі жүз грамм нан берді. Әлгі нанның қаралығы сондай– тура көмірдің түсіндей, осы күнге дейін дәл сондай қара нанды неден істейді екен деп ойлайтыным бар... Арман қуған жылдар –Жеті жылдықты бітіріп, мүмкіндігі барлар аудан орталығында оқуын жалғастыруды ойлап жүргенде менің есіл-дертім Алматы болды. Осы бір арман жетелеп келіп, байланыс техникумынан бір-ақ шықтық. Өнер институтына түскім келді, бірақ қабылдау уақыты өтіп кетіпті. Бір күні киноактерлер дайындайтын оқу орны туралы естідім. Қасымда ағайындас құрбым бар. Салып ұрып сонда келдік. Атағы дардай мұғалімдер қарсы алды бізді. Жетекшілерінің бірі – Асқар Тоқпанов болып шықты. Сұрастыра келе, біздің он жылдықты бітірмегеніміз, жасымыз толмағаны кедергі болды. Ол кезде 13-14 шамасындамын. Мен етім тірі, пысықтау едім, кетпей қиылып тұрып алдым. Көңілімді қимай, мені қайта шақырды. Мен бар өнерімді салып, ән де айттым, өлең де оқыдым. Өзім жаттап алған шығармадан үзінді де келтірдім. Әйтеуір аузымда тыным жоқ. Тоқтамадым. Қысқасы, сол күні мен киноактерлер курсына қабылдандым. Сонымен киноактриса деген диплом алып шықтым да, киностудияға қалдырды. Дубляж жасағанымыз болмаса, жыл бойы кино түспеді. Барып-келіп жүрдік. Күлпан Ахметованың күйеуі Сатыбалдин деген ақын «сенің даусың әдемі, филармонияға түсіп оқып алсаңшы» деп үгіттеген соң, Бақытжан Байқадамовтың хорында тағы бір жылым өтті. Жеке ән айтып, концерттер де жүргізбедім. Осылай жүргенде радиодан диктор болуға ұсыныс түсті де, сонда орналастым–дейді ол кісі. Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы қазақ радиосында бақандай бес жыл диктор болып жұмыс істеді. Қазақ радиосының алтын қорында бұл кісінің қайталанбас үнімен жазылған небір тамаша туындылар сақтаулы тұр. Сонымен қатар, көпшілікті ана тіліміздің табиғи құнарына қаныққан кәусар бұлақтың сылдырындай, күміс қоңырау сыңғырындай сыңғырлаған қоңыр даусымен тәнті етіп, радиоспектаклдерді қойып, көркем сөз оқып, талайларды таңдай қақтыра тамсандырды. Тіпті Ғ. Мүсірепов оны көргенде «Менің насихатшым келе жатыр» дейді екен. Алайда, оның жаны сахнаны аңсаушы еді. Радиодағы жылдар Зәмзәгүл Нүсіпбайқызының өнердегі жолын ашып берді. Бірде осы қара шаңыраққа Рахия Қойшыбаева келіп, жап-жас қыздың өнерге деген зор құштарлығын, қабілетін аңғарып, «сен театрда жұмыс істеуің керек» деп өз қолымен жетектеп Әуезов атындағы театрға алып келді. Театр төрінде Бастапқыда оған рөл берген ешкім болмады. 1953 жылдан бастап жеке рөлдерге ие бола бастады. Көптен армандаған театрға жұмысқа тұру әртіс үшін зор бақыт, үлкен қуаныш еді. Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы алғаш рет орыс тіліндегі Яков Штейннің «Порт Артур» спектаклінде жапон қызы Куань-Санды ойнайды. Одан соң А. Островскийдің «Шындық жақсы, бақыт одан да қымбат» пьесасы бойынша қойылған спектакльдегі Полексена бейнесін, Ә. Әбішевтің «Күншілдік» қойылымында тағдыры қиындау Назгүл есімді жас келіншектің бейнесін шебер ойнап шығады. Көрермендер Зәмзәгүл апай жасаған бейнені қошаметпен қол соғып қарсы алды. Осы спектакльді тамашалаған қазақ халқының біртуар жазушысы М. Әуезов жас әртіске риза болып, «Зәмзәгүлдің зәмзәм үні – зәмзәм су» деген екен. Заманымыздың заңғар жазушысы, ұлттық драма діңгегі М. Әуезовтің осы бір жылы лебізі бүгінде осы әртістің образын ашатын тіркеске айналып кеткендей. Ол театрға жұмысқа тұрған соң бір жылдан кейін, яғни 1954 жылы Ш. Аймановтың «Дала қызы» фильміне түседі. Бұрын қорлықты көріп, зорлық-зомбылықты басынан кешірген, тек кеңес өкіметі тұсында білім алып, дәрігер болып, халық үшін, туған жер үшін адал еңбек еткен Нұржамалдың адамгершілік қасиеттерін әртіс шындық тұрғыдан нанымды етіп бейнеледі. Бұл киноактриса ретінде түскен алғашқы жұмысы еді. Осы рөлден кейін басқа да көптеген көркемсуретті фильмдерде әртүрлі образдарды сомдады. Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы сахнада өз-өзін ұмытып, образға тез еніп, кейіпкер болмысында өмір кешіп, бірде жылайды, бірде күледі, бірде күңіренеді, бірде шаттанады, бірде жынданады. Бар болмысымен сахнада бүкіл күйкі-тірлікті ұмытып, өзін сомдайтын образға беріліп, оның табиғатын аша білу–әрине кез-келген әртістің қолынан келе бермейтін қасиет. Мәселен осыдан бірнеше жыл бұрын ол «Ана-Жер-Анадағы» спектаклінде Жер-ана рөлін ойнау барысында өз-өзін ұмытып, образға берілгені соншалық «Сен кеше кім едің, Толғанай» деп аңырайтын сәтте сәкінің үстінде тұрғанын ұмытып, алға ұмтылып бара жатып, оңбай құлаған екен. Антракт кезінде «жедел жәрдем» шақырыпты. Сүйегі сынбағанмен сол қолы әлі күнге ауыратын көрінеді. Белгілі режиссер, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының директоры Е. Обаев былай дейді: «Алғаш осы қара шаңыраққа жас режиссер ретінде келгенде, менің қолыма «Жаяу Мұса» деген пьесаны ұстатты. Осы пьесаны қояр кезде Зәмзәгүлмен кездестім. Ол кісі Жаяу Мұсаның Сапар есімді сүйген қызын ойнады. Бұл қойылымға ән салатын әртіс қажет еді. Ал Зәмзәгүл әнді жақсы айтады. Міне сол «Жаяу Мұсадан» басталған шығармашылық сапарымыз 40 жылдан асты. Сол себепті де бұл кісінің шығармашылығын, барлық ролін жақсы білемін. Оның Ақтотысы, Қаракөзі, Джульеттасы, Айманы қазақ өнеріне қосқан үлкен үлесі. Зәмзәгүл классикалық шығармалардың бәрін ойнады. Оған бұл актерлік шеберлігінің биіктігі себеп болды. Содан соң бұл кісіге Алла тағала сахнаға қажет үлкен көркемдік берген. Келбеті, жан дүниесі үйлескен әртіс. Оның тағы бір қасиеті, интелеккті жоғары әрі романтик адам. Шолпан, Хадиша апайлардың өкшесін басты. Бірақ Зәмзәгүлдің оларға қарағанда өзгеше сарыны болды. Яғни оның нәзіктігі, сыпайылығы, сахнада қазақ қызының әлемін аша білуі, ұяңдығы, көрегендігі, көп сөз айтпай-ақ көзімен көп нәрсені таныта білуі –осы әртіске тән қасиет. Әрине, мұндай өнер адамы көп кездесе бермейді. Сол уақыттағы әйел әріптестері ішінде суырылып шыққан лирикалық әртіс болды». Өмір. Тағдыр Өмір жолы бұралаң. Әділеттілік пен әділетсіздік, жақсылық пен зұлымдық шайқасқан мына жалған дүниеде адам басынан небір сынды өткізетіні де ақиқат. Зәмзәгүл Нүсіпбайқызының да өнердегі, өмірдегі жолы тақтайдай түзу болған жоқ. Өнерде де, жеке жанұялық өмірінде де талай қиыншылықты басынан өткерді. Әсіресе әртіс үшін төрт баланы өсіріп, адам қатарына қосу оңай болған жоқ. –Мәскеуде өткен Қазақстан өнерінің декадасына барған болатынбыз. Үлкен театрдың сахнасында өнер көрсететін болдық деп көңіліміз алып-ұшып, толқып жүрген кезіміз. Алғашқы құрамдағы әртістер «Ақтоқтыны» сәтті ойнап шықты. Ертеңіне біздің кезегіміз келді. Спектакль басталар уақытта арнайы әртістер дайындалатын бөлмеге кірсем, әлгі бірінші құрамда ойнайтын апамыз Ақтоқтының киімдерін үстіне киіп алыпты. «Бүгін де өзім ойнаймын» дейді. Ой сондағы қорланғаным-ай! Жап-жаспын, Одақ көрермендеріне өз өнерімді көрсетсем деймін. Көз жасымды көл қылып, режиссерге бардым. Жүгіріп осылай да осылай ана кісі киімдердің бәрін өзі киіп алыпты, басқа киім жоқ деймін ғой баяғы. Қалайша деп ол кісі таң қалды. «Қазір сен осында тұра тұр, мен өзім сөйлесіп көрейін» деді. Асыға басып бөлмеге кіріп кетті. Не сөйлескендерін білмеймін, біраздан соң қайтып шығып, «амал қанша ол кісі көнетін емес, халық әртісі ғой, мұныңыз қалай деп қаттырақ айта алмадым» деді. Сондағы қапаланғанымды тілмен айтып жеткізу қиын. Бақытсыздық деген осы болар деп ойладым. Сол кезде өзімізден жасы үлкен апаларымыздан жүрекке қатты тиетін бір ауыз сөз естідім. Театрдағы жиналыстың бірінде, сол кісілердің біреуі қатты шамданып, «көзі жақсы екен, деп көшеден келген кім көрінгенге басты рөлді бере салуға болмайды»,–деді. Міне, қарағым, осындайда қиын күндер өткен бұл апаңның басынан...– деп есіне алады сол күнді Зәмзәгүл апай. Қаракөз Әртістің өміріне елеулі із қалдырған ерекше бейне – Қаракөз. Осы бейнені бір өзі ғана он алты жыл бойы ойнады. Бұл спектакльде Қаракөздің өзі зарлағандай, «Ұлына бұғау, қызына тұсау» болған заманның кейіпкері – жұдырықтай жүрегі асыл сезімге толы, аяулы да ақылды, нәзік сұлудың өзі құлай сүйген Сырымға деген үлкен сүйіспеншілігі, сол асыл сезім жолындағы күресі, қатал тағдыры сүреттеледі. Бұл трагедиялық спектакльдегі озбыр дәуірдің бұғауында тұншыққан жап-жас қыздың зар заманға айтқан лағнеті мен өксігін естігенде қабырғасы қайыспаған адам жоқ шығар Осы бір рөлді қазақ әдебиетінің дара тұлғасы, халық мақтанышы М. Әуезов Зәмзәгүл Нүсіпбайқызына сеніп тапсырған екен. –Құрманбек Жандарбеков «Қаракөзді» қоятын болды. Қаракөз рөліне бірненше адам таңдалды. Біреуі–мен. Пьесаның оқылуына Мұханның өзі келді. Бәрімізге оқытты. Біткеннен кейін олар өзара талдайды, бізді сыртқа шығарып жіберді. Осындай бір сәтте Рахия апай «Әй, сен Әуезовке қатты ұнадың, қара да тұр, Қаракөз боласың» деді мені құшақтап. Алайда белгісіз себептермен спектакль қойылмай қалды. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін, бұл спектакль А. Л. Мадиевскийдің режиссурасымен 1963 жылы сахнаға шықты. Рахия апай Мөржанды ойнады, Мұқаң жоқ еді бұл кезде... Менің өкінішім сол ғой. Мұқаң менің Қаракөзімді көрмеді ғой,–дейді ол. Пьесада Қаракөздің ғашығы Сырымды Н. Жантөрин, Ш. Мусин, Ә. Боранбаев ойнады. Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы ғашық Қаракөз бейнесін қалай әсерлі де әдемі берсе, бұл дарын иелері де сүйгеніне адал Сырымның образын керемет аша білді. 1966 жылы осы рөлі және өнер саласындағы шеберлігі үшін Қазақстан үкіметінің қаулысымен Зәмзәгүл Шәріповаға Қазақстан Республикасының халық әртісі мәртебелі атағы берілді. Осы Қаракөз спектакліне қалай дайындалғанын сұрағанымызда, ол былай деп жауап берген еді: –Қаракөзім жынданып кетеді емес пе, тура соған ұқсас бір бейне – «Қамар сұлудағы» Нұрымның анасы. Өмірден қорлықты көріп, жынданып кеткен белі бүкірейген ғаріп ана бейнесі. Бұл жетпіске келіп театр сахнасынан кете бастағандағы рөлдерімнің бірі. А. Л. Мадиевский мықты режиссер еді. Спектакльді алты ай дайындадық. Қазір болса, бір айда спектакль шығады. Сонда мен образға кіріп, сахнада әсерлі беру үшін жындыханаға барып, ауру адамдармен сөйлесіп, олардың психологиясын көп зерттедім. Жалпы бұл рөл маған көп қуаныш әкелді. «Қаракөз» спектакліндегі Қаракөз бейнесі жөнінде белгілі сыншы Ә. Сығай «Актер әлемі» аты кітабында былай дейді: «Зәмзәгүл-Қаракөзден ұлы М. Әуезов суреттеген мінездердің, бояулардың біразын көруге болады. Соның ішінде Зәмзәгүлдің кейіпкер жанын тамаша ұғынған бір сәті деп Қаракөздің есінен шатасқан шағын жеткізер тұстағы шеберлігін айтуға болады. Көп Қаракөзді көріп жүрміз, солардың көбі жалғандыққа ұрыныңқырап, шектен тыс ерсі әрекеттерге жол беріңкіреп не істесе де сахналық өлшемінен ауытқыңқырап, «у ішсең сарқып іш» деген сыңаймен мүлдем бас-көзсіз тентекті ойнап кетеді. Салқынқандылық пен қызбалықты айыра білген дұрыс. Қаракөздің жынданған сәті ерекше сезімталдықпен ойналуы тиіс. Өйткені, ол қазақ қыздарының тәрбиелік төркінінен, мінез ерекшелігінен, әдет-ғұрыпты ұстанудағы орта дәуір замана ықпалынан туындаған таңба ретінде көрінуі тиіс. Әр халықтың, әр кезеңнің өз психологиясы, өз мінез –құлқы бар десек, соның ішінде қыздарымыздың жынданған сәтінің өзі сол ұлттық тұрмыстың белгілерімен үндесіп жатуы заңды. Зәмзәгүл ойынында осы мезеттер көрерменге ойлы әсер тастайды. Демек әртіс кейіпкер парасатын арзандатып жібермеуге барын салған. Әрине, Қаракөзді әр әртіс өзінше көріп, өзінше тоқиды. Ол уақыт талабынан туатын құбылыс. Сонда да Зәмзәгүл ойнаған Қаракөз келбеті өз бояу бедерімен өзгеше беделге ие болған кейіпкер». Біздің Әшірбек аға Сығайға алып-қосарымыз жоқ... Мира Майшығұлова

3382 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы