• Ақпарат
  • 05 Қараша, 2009

Қазақтың жоқшысы

www.anatili.kazgazeta.kzҚазағына Құрманғазысын қайта қауыштырған Ахметтей арда азаматын құрметтеп, рухына тағзым етуді халқы жадынан шығарған емес.  Жақында ғана Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың ауласында қазақ музыка мәдениетінің марқасқасы атанған Ахаңа бюст орнатылды. Бұл салтанатты шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов бастаған ұлт зиялылары, бірқатар өнер қайраткерлері қатысып, оның қазақ музыкасына әкелген толағай табысы мен мол мұрасы хақында сөз қозғады. Ұлы ұстаздың қызы биология ғылымдарының докторы Ажар Жұбанова Ахметтің ауыл-ауылды аралап, талантты жастарды іздеп, тауып кейін соларға арнап осы мектепті аштырғанын айта келіп, бүгінде ел ағасының еселі еңбегі еленіп, елінің құрметіне бөленгеніне шексіз ризалығын білдірді. Өрісті елдің өнерлі өрендерін өнер көгіне ұшыратын бұл мектеп қазақ музыка өнеріне елеулі үлес қосып келеді. 40 жыл бұрын кірпіші қаланған қара шаңырақтың тарихына жүгінсек, осынау білім әрі өнер мектебінінің ашылуына халық әртісі, профессор, композитор, академик Жұбановтің еңбегі зор болған екен.

Бір бұл мектеп қана емес, қазақтың музыка өнерінде Ахмет Жұбановтай айқын қолтаңбасын қалдырған адам некен саяқ. Ахаңның бүкіл саналы ғұмыры өз елінің музыка мәдениетін қалыптастыру және оны көркейту жолындағы қажырлы қайрат, еселі еңбекпен өтті. Ленинград консерваториясының студенті атанып, танымал музыкатанушылардың, филологтардың, этнографтардың дәрістерін тыңдаған ол Өнер академиясының аспирантурасына түседі. Кейін Алматыда музыкалық драма техникумының ашылуына орай А.Жұбановты оқу бөлімінің бастығы қызметіне шақырады. Бұл кезде Ахмет тек қазақ музыкалық фольклорын ғана емес, өзінің ең бірінші музыкалық–теориялық еңбегі "Музыка әліппесін" жаза бастаған еді. Техникумда Ахаң қазақ музыкасы тарихындағы бірінші ғылыми шаңырақ – халық музыкасын үйрету кабинетін, халық аспаптарын жетілдіруші музыкалық шеберханасын ашады, дәстүрлі қазақ музыкасының Европамен, орыстың музыка мәдениетімен жақындасуы, өзара ықпалдасуының басы осылай басталған еді. Бір өзі ұлттық өнердің түрлі бағыттарына батыл қадам жасады. Олардың қатарында музыкалық фольклористика, қазақ музыкатану ілімі, Қазақстан композиторлар одағы, кәсіптік музыкалық білім беру салалары бар. А.Жұбанов қазақ мәдениетіне музыкаландырудың тың формасын таныстырды. Өзі музыкалық-драмалық театрдың 11 домбырашы-студентінен ұйымдастырып, негізін қалаған ансамбль, кейін қазақ халық аспаптар оркестрі атанды. Ол бүгінде атақты Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі деген атқа ие. Сонымен қатар Ахаң бірқатар музыкалық туындылардың авторы, өңдеушісі және дирижері, оларды үйретуші, таратушы, насихаттаушысы да өзі болды. Оған қоса халық шығармашылығынан мыңнан астам ән мен күй жазып алып нотаға түсірді. Халық композиторлары туралы ел аузынан жинаған деректер мен мәліметтері бірқатар ғылыми мақалалар мен шығармаларға арқау болды. Ол түрлі жанрда музыкалық шығармаларды: аспаптық, вокалдық шығармаларды, хорлар мен музыкалық-драмалық шығармаларды (опера, драмалық спектакльдер мен кинофильмдерге жазылған музыкаларды) өмірге әкелді. А.Жұбановтың "Ария", "Романс", "Көктем" сияқты аспаптық шығармалары скрипкада, қобызда, виолончел және басқа да аспаптарда орындалады. Көптеген музыканттардың, әсіресе, жас пианистердің репертуарында міндетті түрде “Тәжік биі”, “Қазақ биі” шығармалары болады. А. Жұбановтың өнерсүйер қауым сүйіп тыңдайтын "Қарлығаш", "Ақ көгершін", "Ұмытпа", "Ақ Шолпан" сияқты вокалды туындылары өзінің тыңдарманын ерекше ұлттық нақышымен, шынайылығымен, тазалығымен баурап алады. Оркестрге арналған шығармаларының ішіндегі қазақтың халық аспаптар оркестріне арнап жазған "Абай" сиютасы өз алдына шоқтығы биік шығарма. Ахаңның композитор ретінде бағындырған биіктерінің бірі – опера жанры. Оның Л. Хамидимен бірігіп жазған "Абай" операсы – қазақ жазба әдебиетінің атасы Абайдың тереңдігі мен ұлылығын асқақтататын туынды. Ұлтының ұлы перзенті Абай бейнесі осынау опералық шығармада табиғи да терең мазмұнға ие.

Ал композитордың "Құрманғазы" радио-операсы – операның жаңа бір жанрлық түрінің көрінісі. Өкініштісі сол, Ахаң арманын ақырына дейін орындай алмай кетті. Бұл операның соңғы нүктесін қойған және аспаптық, концерттік һәм сахналық нұсқасын жазған оның қызы – танымал композитор Ғазиза Ахметқызы Жұбанова еді.

Қазақ ССР-інің халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Ахмет Жұбанов музыкатану саласына сара жол салды. Ол өз бағытын ғана емес, Қазақстан музыкатану ғылымының да болашақтағы даму бағытын айқындап берді. Музыкатанушы А. Жұбанов зерттеулерінің басты тақырыбы – ХІХ ғасырдағы халық композиторы, күйші, күй өнерінің атасы Құрманғазы. Ахмет Жұбанов Құрманғазы туралы монографиялық еңбек (1936) пен бірнеше мақала жазып, Құрманғазы күйлерінің жинағын шығарған. Әсіресе, оқырманына жете таныс “Ғасырлар пернесі” атты еңбектегі Құрманғазы туралы очерктің орны ерекше.

Иә, қазақ музыкатану ғылымының атасы атанған Ахмет Жұбанов атындағы мектептің бүгінгі қадам алысы көңілге қуаныш ұялатады. Ширек ғасырға таяу тарихында 1000-ға жуық музыка саласының мамандарын дайындаған мектеп-интернат түлектерінің талайы өзге елдердерде тәуелсіз еліміздің туын көтеріп жүр. Олардың арасында 500-ден астам түлек бүгінде еліміздегі музыка мектептерінде, колледждерде және жоғары оқу орындарында ұстаздық етуде. Ал бірқатар жастар шетелдерде білімін жетілдіріп, сол елдердің симфониялық оркестрлерінде шығармашылықтарын шыңдап жүрген көрінеді. 500-ге жуық халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары да осы мектептің түлектері. Ал бүгін көптен күткен армандарына қол жеткізіп, қуанышқа кенелген мектеп ұжымы: «Енді жыл сайын мектеп табалдырығын маңғаздана аттайтын кішкентай шәкірттерді мектеп ауласынан өнердегі өз аталары мейірлене қарсы алатын болады», - дейді.

4633 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы