• Мәдениет
  • 19 Қараша, 2009

Жырдан жаратылған

Бұл күнде елімізде қазақтың айтулы ақыны, драматург, сыншы, театр зерттеушісі, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Әбділда Тәжібаевтың туғанына 100 жыл толуына байланысты мерейтойлық шаралар өтіп жатыр. Сондай шаралардың бірі – Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырған дөңгелек үстел.

Ақын мерейтойына аталған кітапхана ұжымының жақсы дайындықпен келгені байқалады. Әсіресе, Ә.Тәжібаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі жәдігерлерінің құндылығымен, мазмұндылығымен көз тартады.

«Қазпошта» АҚ әдебиетіміздің абыройы мен айбары саналған абыз ақынның 100 жылдығына орай естелік пошта маркасын шығарыпты. Дөңгелек үстел алдында осы бағалы дүниенің тұсаукесері өтті. Онда сөз сөйлегендердің ішінде Әбекеңнің ұлы Рүстем Тәжібаев та болды.

Дөңгелек үстелді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин жүргізіп отырды. Сөз алған ақын-жазушылар Қадыр Мырза Әли, Оразбек Сәрсенбаев, Марфуға Айтқожина, белгілі сәулетші Шота Уәлиханов, театр сыншысы Бағыбек Құндақбаев және басқалар мерейтой иесі жөнінде жылы лебіздерін білдірді. Әсіресе, олар ақынның адами, азаматтық қасиеттері жайлы кеңірек әңгімеледі.

– Батыл, тәуекелшіл еді. Талай сапарлас болдық. Бұл туралы естеліктерімде жазғанмын, – деді Қадыр Мырза Әли.

– Әбділда ағаның өзін көрмей тұрып алдымен өлеңдерімен таныстым. Кейін тығыз қарым-қатынаста болдық. Әкем сияқты жақсы көріп кеттім. Мейлінше кішіпейіл, қарапайым болатын.

Бұл ақын М.Айтқожинаның сөзі.

Әбділда ақынның 100 жылдығына байланысты Қызылордада «Сырдария» сериясымен бес томдық шығармалар жинағы жарық көрсе, Алматыда үш томдығы оқырмандар қолына тиді. Осы туралы «Ана тілі» баспасының директоры Жақау Дәуренбеков айтып берді.

Дөңгелек үстел басындағы әңгіме кешке Абай атындағы опера және балет театрында жалғасты. Ақындар Нұрлан Оразалин, Тұманбай Молдағалиев, академик Серік Қирабаев, Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Мәулен Мұқашевтің сөздерінде мерейтой иесінің дарындылығы, талантының сан қырлылығы жан-жақты айтылды. Ақын Шөмішбай Сариев ұстазына арнаған өлеңін оқыды. Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының бастығы Берік Жүсіпов ақын тойының алдағы 20-21 қарашада Сыр өңірінде жалғасатынын айтып, жұртшылықты бір серпілтті.

Салтанатты кештің шырайын одан әрі театрландырылған қойылымдар, деректі фильмнен үзінділер, Сыр елінен арнайы шақырылған жырау-термешілер өнері, Құрманғазы атындағы атақты домбырашылар оркестрінің құйқылжыта орындаған күйлері келтірді.

Қазақта ақын көп. Алайда, Бауыржан Момышұлы сүйсінгендей «...қазіргі ақындар бір төбе де, Әбділда бір төбе». Әбділда Тәжібаев қалам тербемеген әдебиет жанры кемде-кем. Тіпті, жоқ десе де болғандай. Қаламгер қолынан талай драмалық, прозалық шығармалар, сын мақалалар, зерттеулер дүниеге келді. Бірақ, ел оны ең алдымен ақын ретінде бағалады, ақын ретінде таныды. Серік Қирабаев дұрыс айтады. Әбділда өлеңнен құйылған ақын еді.

Біз Әбділда Тәжібаевтың ғажайып шығармашылығын әлі терең танып, білген жоқпыз. Ол үшін ақын жырларын тағы да оқып шығуымыз керек. Оқи беруіміз керек. Сонда нағыз ақынның, нағыз өлеңнің қандай болатынына көз жетеді.

Нұрперзент Домбай

3472 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы