• Ақпарат
  • 26 Қараша, 2009

«Қазақфильмнің» болашағы әлі алда...

www.anatili.kazgazeta.kzАпта басында Алматыдағы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс барысымен арнайы келіп, ондағы сандық жаңашаландыру концепциясымен танысты.

Жиын беташарын ашқан «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев сөзін киностудия кешеніндегі техникалық жаңғырту жобасы барысынан бастап, соңғы үлгідегі сандық технологияларды тізіп өтті. Сондай-ақ, компьютерлік графика аппараты, DOLBY жүйесіндегі фонограммалар көшірмесі студиясы, қосалқы дыбыстандыру студиялары хақында да біраз ой қозғай келіп: – Биылғы жарты жылдықта Голливудта киноөндірісінің дамуы 53 пайызға, Ресейде 33 пайызға төмендеді. Біз, керісінше, осы сәтті пайдаланып, кино нарықтың 10-15 пайызын жаулап алмақпыз. Осы жыл біз үшін өте табысты жыл болды десек, қателеспейміз. Бір жылдың ішінде 40-қа жуық туынды түсірілді. Бұл - соңғы 18 жылда болмаған жағдай. Атап айтар болсақ, он толықметражды көркемфильм, оннан аса деректі фильм, «Қазақ елі» деп аталатын 20 сериялы жастар мен балаларға арналған анимациялық фильм, сондай-ақ фестивальдерге лайық картиналармен қоржынымыз толып отыр, –деді. . Ал алыстағы қандасымыз, әлемнің үздік 5 режиссерінің қатарына кірген даңқты қазақ Тимур Бекмамбетов өз тарапынан өзінің отандастарымен қауышып отырғандығына, ендігіде туған елінің игілігіне жұмыс істейтіндігіне аса қуанышты екендігін айтты. – Мен, – деді толқып кеткен кино майталманы, – сіздермен жүздесіп отырғаныма дән разымын. Атағына сырттай қанық Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлымен де бірінші кездесуім. Бұйыртса, біз Қазақфильммен тізе қосып, қазақ даласының кереметтерін көрсететін «Алтын жауынгер» фильмін бірлесіп түсірмекпіз. Оны Қазақстанға жағымды имидж болады деп ойлаймын. . Мұнан соң, Елбасының назарына аяқталған, және түсірілімі әлі де жалғасып жатқан «Алтын жауынгер», «Ата жұрт», «Махаббаттың тәлкегі», «Қисынсыз махаббат», «Бәйтерек», «Рывок», «Арман қала», «Астана, махаббатым менің» сынды бірнеше фильмдердің үзінділері тартылды. .” . Өз кезегінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та әңгімесін «Президенттің істейтін шаруасы көп» деп бастап, толып жатқан неше түрлі салаға көңіл бөліп отыруы керектігіне айрықша тоқталды. Әсіресе, Дүниежүзілік дағдарысқа қарамастан «Қазақфильмге» 4 млрд. теңге қаржы бөлінгенін атап өтті. Дағдарыстың ауқымы өте үлкен. Бірде-бір мемлекетті шарпымай өткен жоқ. Оның ішінде, банкрот болған мемлекеттер де бар. АҚШ-тың өзінде жүзден артық банк тоқырауға ұшырады. Көршілеріміздің экономикасы 20-дан 30 пайызға төмендеп жатыр. Дүниежүзінде 230 миллион халық кедейшілікте, ашаршылықта, жұмыссыздықта өмір сүруде. Айта берсе, жағдай көп. Бірақ Қазақстан мұны байқаған жоқ. Себебі біз осы жылдардың ішінде тәуелсіздікті орнатамыз деп тиісті қор жинадық. Қиын-қыстау кездерде алып шығатын өзімізге жағдай жасадық. Соның арқасында біршама қиындықтарды жеңіп келе жатырмыз. Кеңес өкіметі күйреген кезде, тек қана экономика мен мемлекет құрумен шұғылданып жүріп, мәдениетке қаражат таба алмадық. Сондықтан мен мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын енгізіп, оған осы уақытқа дейін 10 миллиард теңгеден артық ақша бөлініп, дүниежүзінің барлық мемлекеттерінен 5 мың жәдігерімізді тауып, Қазақстанның тарихын түгелдеп жатырмыз, – деді Мемлекет басшысы. . Жалпы, Елбасының айтуынша, Тамыры тереңге кеткен тарихымыз бар. Бірақ қазақ өз тарихын әлі күнге дейін біле бермейді. Оның барлығын тереңінен білмесек, болашағымыз да бұлыңғыр болады. Ол сондай-ақ: – Тарихты айтып отырған себебім, тарихи үлкен лента болса екен деп ойлап, неше жыл жұмыс істедім. Сценарийін жаза алмай, анаған да, мынаған да тапсырдым. Білгіштеріміздің барлығы жазды. Түбінде «Көшпенділерді» түсірдік. Бірақ түк шықпады деп айтуға болмайды. Биыл «Қазақфильмге» 4 млрд теңге ақша бөлініп отыр. Соның арқасында қондырғылардың барлығын сатып алдыңыздар. Менің білуімше, енді барлығы жеткілікті. Еш мемлекетке апарып, өңдеудің керегі жоқ, ешкімге жалынудың керегі жоқ, барлық жұмыс осы арада шешілетін болды. Бұл - бірінші мәселе. Екіншіден, сіздердің жасап жатқан киноларыңызды көргенде, таныс актерлерді, режиссерлерді көргенде, мен шынымен де қуандым. Себебі бұл дүниежүзі жасап жатқан нәрсе ғой, ешкімнен кем болмай, үйренуге болады. Біз кімнен кем болуымыз керек?! Сондықтан «Қазақфильмнің» болашағы алда деп ойлаймын. Елді көп қуанышқа бөлейсіздер деп сіздерге сенемін, –деп отандық киноиндустрия өкілдерін жемісті еңбек етуге шақырды. . . Рас, Биылғы жылы құрал-жабдықтар, кадрлар бар. Енді, Елбасы айтқандай, «жақсы кино көргіміз келеді». Бізді әлем мойындады. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға, 2011 жылы  Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етеміз.  Ел өмірінде осындай маңызды шаралар атқарылып жатыр. Енді, бұған дейінгі мәселелерінің бәрін қаржы тапшылығы мен құралдар жеткіліксіздігіне артып келген қазақ киносының қордасы мен ордасы, «шаба алмаса» «Қазақфильмге» «серт» болғалы тұр дегіміз келеді.

Мансұр Мамырайхан

3235 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы