• Мәдениет
  • 26 Қараша, 2009

Ақжайықтың ажары

www.anatili.kazgazeta.kz«Алтын керегелі, айна терезелі» театр. Бұл театрды жергілікті жұрт осылай атайды. Ақжайықтың ажарын ашқан айшықты бұл ақ орда - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры. Аймаққа ат арытып жеткен ғана емес, ат шалдырып өте шыққан мейман да бұл шаңыраққа аялдамай кете алмасы анық. Өйткені аталған өңірдегі бұл өнер ордасының өмірі өзгелерден өзгеше. Қала берді, тамыр бүлкілі де, жүрек соғысы да бөлек. Осы сапарымыздың барысында біз де арнайы бас сұқтық.

Кіріп келгенде тас кабырғаға қашап жазып қойған Күлтегін бабамыздың сөздері көзге түседі. Мұны кезінде облыс басшысы болған Қ.Көшербаев әдейі жазғызған деседі. Одан әрі ерекше сән-салтанатқа ие театрдың сырты ғана емес, іші де кірсе шыққысыз екенін бірден байқайсыз. Әсірелесек, шыбын тайып құлардай. Одан қалса кассир Анжела да өз театрының патриоты дерсіз. Театрдың 100-ден астам қойылымын жатқа соғатынын айтпағанда сиқырлы сөзінің арқасында сізді спектакльден бір-ақ шығарады. Осынау күллі көрік пен кербездікке көз тіге жүріп, біз де Г.Хугаевтің «Қиқарлар» комедиясын көрдік. Көңілімізден шықты. Шағын театр шедевр жасамағанымен тәп-тәуір туындыны ұсына алды. Комедияның кейіпкерлері аңғал Андро мен сырбаз Сандроның әрекетіне езу тартасыз. Езу тартасыз да еріксіз бұл театрдың тарихы мен тылсымына үңіле түсесіз...

Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры - жас театр. Бұл театр - өлгенді тірілтіп, өшкенді жандырған театр. Өйткені өз жерінде отырып 60 жылдай өзге ұлт театрына телміріп келген жергілікті қазақ ұлты үшін 1993 жылы шымылдығын шиыра ашқан бұл театрдың орны ерек.

Орал қаласындағы қазақ театрының тарихы 1934 жылдан басталған еді. Абайдың атын иеленген облыстық қазақ музыкалық комедия театрында (сол кездегі атауы) қазақтың тұңғыш кәсіпқой театр режиссері Жұмат Шанин мен оның жары Ж.Шанина, ақын Қ.Аманжоловтар қызмет еткен. Отыз жетінің орағына іліккен Жұмат Шанинге «Театр ғимаратын өртеген, антикеңестік пиғылдағы қойылымдарды репертуарға енгізген» деген айып таққан. Басты айып «Хан Кене», С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар», І.Жансүгіровтің «Исатай мен Махамбет», М.Әуезовтің «Айман-Шолпаны» қойылымдарына артылыпты. Осындай жазықсыз жазаға ұшыраған Жұмат аға атылып, театрдың сол күнгі әртістері айдалып кетті. Бұдан кейін театр тағдыры белгілі. Тар жол, тайғақ кешіп кете барады...

Ал бүгінгі театр кешегі театрдың жалғасы емес, жаңарған, жаңғырған театр. «Көне театрдың дәстүрлі жолы, сабақты инесі бүгінге жеткен жоқ. Бірақ отызыншы жылдарда қазақ театры өнерін өз қолымен жасаған аға буынның тарихын түгендеу – біздің міндетіміз» дейді театр ұжымы.

Он шақты жылдың ішінде жаңа театр жүздеген қойылым қойып, талай театр фестивальдерінде топ жарып үлгерді. Театрдың табысты қадамы 1998 жылы Таразда өткен фестивальде бас жүлде алуынан басталды. Олардан бөлек өнер ұжымы алыстағы араб еліне, халықаралық Каирде өткен эксперименталдық театрлар фестиваліне еліміздің атынан да қатысып қайтты. Сондай-ақ, көршілес Ресейдегі қазақтар арасына да барып арқа-жарқа болып қайтатын да осы театр.

Өнер ұжымында 40-тай қызметкер бар. Жас театр болғандықтан шығар, дені жастар. Олар туралы театр директоры Құжырғали Төлеуішов: «Өнер жасау, ол өнерді халқыңның кәдесіне жарату үшін сахнаның тақтайын теріңмен, қажет болса көзіңнің жасымен жуу біреулер ойлағандай оңай жұмыс емес. Жұдырықтай жұмылған жастар киелі сахна үшін қызмет етіп келеді. Сахнаға 30-40 адам шықса да солай, 2-3 адам шықса да солай. Себебі өнердің үлкені мен кішісі, маңыздысы мен маңызсызы жоқ. Өнердің өлшемі бір, ол - өнер», - дейді ағынан жарыла.

2002 жылы театр жеке отауын тікті. Қазіргі көздің жауын алар театрдың жаңа ғимаратының лентасын Елбасы мен кеше ғана өмірден өткен Ә.Мәмбетовтей Халық қаһарманы қиыпты. Сол Мәмбетовтай марқасқа тұлға: «Мен Қазақстанда мұндай сәулетті театр көргенім жоқ» деп тамсанған екен...

Шағын театр ширығып келеді. Талай тарландарын танытып жатыр. Өзіндік үрдісін, бет-бейнесін қалыптастырып та үлгерді. «Құрманғазы», «Махамбет», «Сырым батыр» қойылымдарымен өз маусымдарын ашу үрдісі де осы театрға тиісілі. Одан бөлек жыл сайын 5-6 премьера ұсынады. Биылғы маусымның репертуарында Д.Исабековтің «Әпке», А.Володиннің «Қос жебе» атты қойылымдары бар.

Келіңіз, ертегіге еніңіз!

Соңғы жылдары бұл театрдың ішінен балалар театры ашылды. Өнер ордасының өз күшімен ашылып отырған бұл театрды «кішігірім ТЮЗ» деп атаса да болады. Өз залын жасақтап, тамаша туындыларымен өз көрерменін тапқан бұл шағын шаңырақтың шаттығы шаш етектен. Бұл кереметке көз жеткізгіңіз келе ме? Көріңіз! Хан сарайындай театр ішіндегі балалар теарына апарар жолды құдды ертегі әлеміне апарар жол дерсіз!.. Сізді жолыңыздан бес қаруын асынған батырлар күтіп алып, алуан аңдар сапарыңызға серіктес болады. Қазынаны күзеткен сақшылар мен сарбаздар да сізге иіліп ілтипат көрсетеді. Бөренелерден секіріп өтіп, саңырауқұлақ терген Қызыл телпекше айналаңызға елітіп келе жатып, ересек басыңызбен ертегі әлеміне қалай еніп кеткеніңізді өзіңіз де байқамай қаласыз. Мұның бәрі театр ұжымының төл идеясы. «Балдырғандарды ертегі әлеміне ертіп қана емес, елітіп әкелуіміз керек. «Берсең бала бер» дейді біздің халық. Бәрі балалар үшін ғой», - дейді театр директоры Қ.Төлеуішов.

Бір қызығы, бұл театрдың туған күні тәуелсіздік күні мерекесімен тұспа тұс. Тура он жеті жыл бұрын 16 желтоқсан күні шымылдығын ашқан театр жылдан жылға түрленіп келеді.

Иә, көктемін басқадан бұрын күтетін бәйшешектей батыс жақта бір театр жыл сайын бүр жарады. Тек ұзағынан сүйіндірсін деп тілейік.

Динара ІЗТІЛЕУ

Алматы-Орал-Алматы

5981 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы