• Мәдениет
  • 22 Ақпан, 2009

МЕНІҢ СМАЙЫЛОВЫМ ЖЫР ЖАЗАДЫ

Сексенінші жылдардың ортасында журналистика факультетінің жатақханасында ақындар айтысы өтеді. Екінші курста оқитын Табыл Досымов өзінен жоғары оқитын Қуат Қайранбаевпен айтысады. Қуаттың курсында оқымыстылар көп. Табылдың курсы да ешкімнен сорлы емес. Қуат Амантай Шәріп, Жарылқап Қалыбай сияқты оқу үздіктерін, Срайыл Смайылов сияқты комсомол хатшысын  мақтай келіп, «Курсыңның бір ай бойы жазғандарын, бір күнде жазар Жолдас ағаларың» деп бір қайырады. Ол шынында да студент кезінен жазғыш атанған Жолдасбек Дуанабайдың  баспасөздің бетін бермей тұрған кезі еді. Айтысқа, оның үстіне бақас сөзге аса епті Табыл да дес бермей, «Біздің Анар коммунист, елге үлгілі, Шығып кетті оқудан сіздің Анар» деп сөз ойнатып отырады. Табылдың Анары — кейін «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметін атқарған қарымды журналист Анар Аспан болатын. Осы айтыстың үстінде Әбубәкір Смайыловтың курстасы — Табыл Срайыл Смайыловтың курстасы — Қуатқа кейін сол кездің студенттері түгел жаттап алған мынадай бір шумақ өлеңін айтты:

 

Екеуі де кәдімгі қыр қазағы,

Фамилиялас болса да бір ғажабы:

Сенің Смайыловың рапорт жазып,

Менің Смайыловым жыр жазады!

 

Сол жігіттер:

 

Табыл Досымов студент кезінен-ақ талантты бард ақын, композитор ретінде көпке танымал болды. Жастар да, жасамыстар да оның әндерін қатты қадірлейді. Қазақтың белгілі әншілерінің репертуарынан Табылдың әндері түскен емес. Қазір Атырау облысы Индер аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейді.

 

Қуат Қайранбаев белгілі жазба ақын болды. Қазір Алматы облыстық «Жетісу» газетінде қызмет істейді.

 

Срайыл Смайыл комсомолда көп тұрақтаған жоқ. Есесіне бірнеше шәкірт тәрбиелеген қарымды журналист болды. Қазір «Анадолы» ақпарат агенттігінің Қазақстандағы тілшісі, КТК телеарнасының қазақ тіліндегі бағдарламаларының басшысы болып қызмет істейді.

 

Әбубәкір Смайылов — қазақтың талантты ақыны. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Ұзақ жыл бойы еліміздің Қорғаныс министрінің баспасөз қызметінің жетекшісі болып қызмет істеді. Әскери шені — полковник.

 

Ғалым Төртқарин

 

3644 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы